15 МАМЫР – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОТБАСЫ КҮНІ

Құрметті қазақстандықтар!

Сіздерді Халықаралық отбасы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Әрбіріміз үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Адам баласына берілетін тәрбиенің ең негізі осы отбасында қалыптасады. «Отан – қуат, отбасы – шуақ» дегендей, жанұя – мемлекеттің тірегі. Қоғамдағы әр отбасының босағасы берік, мерейі үстем болса, мемлекетіміз мықты болмақ.

Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» деп мақтан тұтар ұрпағымыз көп болғай!

Әр отбасының керегесі кең, төрт құбыласы тең, шаңырағы биік, босағасы берік болсын!

Жамбыл облысы ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ

Аналар күні тойланды

Бүгін Достық үйі – «Қоғамдық келісім» КММ ғимаратында Жамбыл облыстық Немістер қоғамы Аналар күніне орай «Muttertag» – «Бар жақсы саған, қымбаттым!»  атты мерекелік концерт өткізді.

Қазақ биінен басталған іс-шара «Инфинити» тобының биіне жалғасып, түрлі концерттік әндер мен билер, өлеңге толы шығармашылық кешке ұласты.

Мамыр айы — қуанышты мерекелердің легінен болса, оған Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген Аналар мейрамы қосылды. Мамырдың екінші жексенбісінде Қазақстандағыдай Германияда да құрметті аналар мен әжелерге арналған “Muttertag” мерекесі тойланады екен. Бүгінгі концерт дәл осы мерекеге арналды.

Күллі әлемде біз қасиеттеп атайтын сөздер бар. Сол жылы да шуақты сөздердің бірі — үш-ақ әріптен тұратын «ана» сөзі.

Осынау сөзде қаншама мейірімділік, қаншама жақсылық жатыр десеңізші?!

Аталған іс-шарада «Sterne»,  «Juwel» вокалдық топтарының әндері шырқалып, қатысушы балалардың аналарына арнап өздері шығарған өлеңдері де оқылды. Мәселен, «Meine Mama ich liebe dich» өлеңі.

Бұған қоса, «Herz Schmerz – Singende Herzen», «Рахмет өмір»,  «Анамның ескі үйі», «Қазақстан, сен өркендей бер»  өлеңдері тыңдалып, сондай-ақ, Татьяна Осипованың анасына арнаған өлеңі де жиналған жұртшылықтың назарына ұсынылды.

Аналар мейрамына арналған би мен ән, маржан сөздермен көмкерілген мерейге толы мерекелік концерт жоғары деңгейде өтті.

АШЫҚ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

Бүгін Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде 7 мамыр – “Отан қорғаушылар күні” мерекесіне орай «Таэквон-до WT» және «Ордабасы» командалық ойынынан ашық Республикалық турнир басталды.

Жарысқа отандық және Өзбекстаннан келген 10 команда қатысуда. Оның ішінде 5 команда Жамбыл облысының атынан жекпе-жекке түсуде.

Бәсеке тәртібіне сай ойын жас ерекшеліктеріне қарай 5 санатқа бөлініп жүргізіледі. Бүгінгі ойында спортшылар 4 санат бойынша сайысқа түсті. Тартысты ойын екі күн бойы жалғасатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, бұл ойынды жерлесіміз, ҚХА мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері Руслан Исмазов жасап, ұйымдастырып келеді.

«Ордабасы» командалық спорттық ойыны балалар мен жастарды отансүйгіштікке, мемлекетіміздің рәміздерін және ел намысын қорғауға, батылдық пен адалдыққа тәрбиелейді.

Турнир қорытындысы бойынша командалық жарыстың жүлделі орындары сайыс соңында анықталатын болады.

ТЫЛ АРДАГЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жауынгерлерді киім-кешекпен, азық-түлікпен, қару-жарақ сияқты қажетті заттармен қамтамасыз еткендердің қатарында әйелдердің бар екені айтпасақ та белгілі. Олар елде қалған қарттарына қарайласып, бала-шағаның қамын ойлап, майдандағы жақындарынан жырақ жүрсе де жеңіс туын желбіретуге зор үлес қосты.

Сондай нәзік жандылардың бірі – тыл еңбеккері Алтаева Фарида Алтайқызы-КСРО, ҚР «Халықағару ісінің озық қызметкері», 94 жастағы зейнеткер ұстаз. Жамбыл облысы ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары , Жамбыл облыстық қан орталығының директоры, облыстық мәслихатының депутаты Гулам Умаров Мұхтарұлы және қан орталығы ұжымы Фарида Алтайқызын Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. Мектепті бітірісімен, 1947 жылы Семейдегі педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1951 жылы «Қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірді.

Училищеде еңбек ету барысында қанша алғыс, мақтау грамоталарына ие болған. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, 2 рет аудандық Кеңес- 1 рет қалалық Кеңеске депутат болған, Кеңес Одағы- және Қазақстанның «Білім беру ісінің үздігі» деген төсбелгісіне мараппаталды.

Сұм соғысты әлі күнге дейін санасынан өшірмеген әжеміз өткен күнге көз тастап, ескірмеген естеліктерімен бөлісті.

«Ел іргесі тыныш, бейбіт заманымыз мәңгілік болсын! Халқымыз аман болып, түрлі қиындықты еңсеріп, жақсы күндермен қауышып жүре берейік. Егемен еліміздің ертеңі жарқын, кемел келешегіміз жақсы күндермен жалғаса берсін. Ұрпағымыз ұлағатты, бақытты ғұмыр кешсін»,- деп ақ жаулықты әжеміз ақ батасын арнады.

 

Ерлігі – ұрпаққа өнеге

 

Биыл Ұлы Жеңіске – 79 жыл. Бұл күн – сұм соғыс деген атаумен тарих беттерінде таңбаланған батырларымыздың жанкешті ерлігінің жеңісі. Соғыстан кейінгі 79 жыл ішінде жыл сайын ардагерлеріміз азайып келеді.

Ағымдағы жылы айтулы мерекені елімізде 148 ардагер мен бұл күнге үлес қосқан тыл еңбеккерлері мен ақталған азаматтар және т.б 50012 азамат атап өтуде.

Бүгінде аймақта 8 майдангер батырларымыз бар.

Жыл сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне барынша әлеуметтік қолдау шаралары жүргізілуде. Биыл да бұл үрдістен жаңылмай өңірімізден шыққан батыр ардагерлерімізді құрметтеу шаралары өз жалғасын табуда.

Осынау мереке қарсаңында Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері мен жастары Ұлы Отан соғысының ардагерлері Григорий Нещеретнев, Муфтала Хамдиева және тыл ардагерлері Галина Губайдулина мен Любовь Накарякованың шаңырағына барып, атаулы мерекемен құттықтады.

Ұрыс даласында ерлік жасаған ерен еңбек иелері қашанда құрметке лайық! Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан ардагерлерге көр­сетілген қамқор­лық пен жеңілдік қатары арта түсуде. Айта кетейік, дәстүрлі түрде Қазақстанда ардагерлерге төленетін төлем мөлшері басқа елдермен салыстырғанда бірнеше есе жоғары.

Мәселен, биыл Қазақстандағы Жеңіс күніне біржолғы төлемнің мөлшері 3833 долларды құрап отыр.

Иә, жыл санап қатары сиреген қазыналарымыздың майдан шебіндегі ерлігі қымбат. Сондықтан, жеңісті келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жақындатқан майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің өшпес ерліктерін ұмытпауға тиіспіз!

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

ДӘСТҮРЛІ ДОДА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

Ағымдағы жылдың 6 мамыр күні  Жамбыл облысының  85 жылдығы қарсаңында Қордай ауданы Ауқатты ауылында 7 мамыр – «Отан қорғаушылар күні» мерекесіне орай этномәдени бірлестік өкілдері арасында кіші футболдан ашық турнир өтті.

Дәстүрлі турнирді облыс әкімдігі ІСБ «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырды. Биылғы жарысқа аталған ауданнан 6 құрама қатысты. Олардың сапында Шешен-Ингуш, Ұйғыр, Дүнген, Йинпан этномәдени орталығынан жасақталған спортшылар мен Орталықтар қауымдастығы және Қордай ауылының аяқдоп шеберлері бар.

Турнирдің әділ әрі ережеге сай өтуіне аудандық мектеп ұстаздары  Шәкәрім Әбдіқалықов пен Ерлан Сұрынбаев  төрелік етті. Спорттық сайыс қатысушыларына «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева, Қордай аудандық дене шынықтыру және  спорт бөлімінің басшысы Ғалым Әлімжанов, Ауқатты ауылдық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әділбай Семжанов сәттілік тілеп, турнирді ашық деп жариялады.  Бұдан соң, командалар алаңға шығып, ойынды бастап кетті. Достықты ту еткен додада әуесқой аяқдопшылар  тартысты ойын көрсетті.

Жарыс ережесіне сай Қордай ауылының құрамасы оқ бойы озық шығып, тұғыр төріне көтерілді. Ал Сортөбе ауылының  Дүнген этномәдени бірлестігінен құрылған «Биянху» командасы екінші орыннан көрініп, Йинпан Дүнген этномәдени бірлестігінің «Достық» командасы үшінші орынға жайғасты.

Шеберлігімен ерек көзге түскен ойыншылар да арнайы марапатқа ие болды. Айта кетсек, «Үздік қақпашы» номинациясы Хуров Закирге бұйырса, «Үздік ойыншы» аталымына Ғабит Бибарыс лайық деп танылды.

Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып,  ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болды.

 

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!

Бейбітшілік, тұрақтылық, достық, өзара түсіністік, бірлік – бұл құндылықтар әрқайсымызға қымбат.

Бұл мереке бізді бір шаңыраққа біріктіреді, бірлік пен ынтымаққа шақырады. Бейбітшілік пен тұрақтылық және ұлтаралық келісім – мемлекетіміздің ең басты негізі, рухани байлығы. Иә, қазақ – қашаннан бауырмал халық.

Әр кезеңде елімізден пана іздеп келген өзге ұлт өкілдерінің бәріне құшағын ашып, төрінен орын беріп, қандай қиын сәттердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеген елміз. Қаймағы бұзылмаған қазақ жері бүгін де көп ұлтты мемлекеттің бірі болып, әлемге бейбіт ел ретінде танылды.

«Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» дейді дана халқымыз. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерде ғана нәтижелі істердің болатыны белгілі. Біз елімізді бірлесіп жаңғыртуға атсалысып, болашаққа жоспар жасап, өз арманымызға қарай қадам басамыз, «Жаңа Қазақстанды» құрамыз.

Бұл әрбір қазақстандықтың еңбегі, біз бәріміз бірлікті, қазақстандық бірегейлікті нығайтуға, мәдениетті, салт-дәстүрді сақтауға өз үлесімізді қосамыз.

Баршаңызға бейбітшілік, келісім, жақсылық, денсаулық және бақыт тілеймін!

 

Айгүл Қабиева, Жамбыл облыстық «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Бұл — достық пен ынтымақтың мерекесі.
Біздің ең басты құндылығымыз – тәуелсіздік деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтағандай сол құндылықты қастерлеу баршамыздың қасиетті парызымыз.
Жылдар бойы алған асуларымыз бен жеткен жетістіктерімізде елімізде өмір сүретін барша ұлт өкілдерінің еншісі бар. Баршаларыңызға, әр отбасына, әр қазақстандыққа шынайы көңілмен бақыт-береке тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын
Қазақстан халқы өркен жайып, мемлекетіміз – молшылыққа, ал әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін! Біз ортақ еңбегімізбен, бірлескен ізденісімізбен, топтасқан болмысымызбен ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасын күн санап түлетіп, күн санап өркендете түсудеміз. Біз елімізбен бірге есейіп келеміз!

Махмуджон Давришев, Ахыска» Түрік этномәдени бірлестігі Жамбыл облыстық филиалы ҚБ төрағасы

Құрметті облыс тұрғындары!

Сіздерді еліміздің бірлігі мен татулығы жарасқан 1 мамыр – «Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесімен құттықтаймын!

Ынтымағы мен бірлігі жарасым тапқан елдің ырысы қашанда арта бермек.

Досқа адалдық, бауырласқа мейірбандық танытып бейбіт өміріміздің негізі қалануда.

Бірлігі бекем елдің іргесі мықты, болашағы нұрлы. Біздің тілегіміз бір, мақсатымыз айқын.

Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық біздің ең маңызды байлығымыз болғандықтан, бұл жетістікті бағалап, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбіріміздің міндетіміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақстанда тұратын барлық этнос шын мәнінде бір ұлт саналады» – деп атап өткен болатын.

Баршаңызды айтулы мерекемен құттықтай отырып, татулық пен бірлігіміз бекем болсын деп тілеймін. Алға қойған арман-мақсаттарға ауызбіршілікпен жете берейік!

Абдрахман Зайнутдинов, Тараз қалалық Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы

 

ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМ – БАСТЫ БАЙЛЫҚ

Бүгін Достық үйінде 1 мамыр – “Қазақстан халқының бірлігі күні” мерекесіне орай Жамбыл облысының әкімі, өңірлік ассамблеяның төрағасы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Жиынға ұлттық Құрылтай мүшесі, ҚХА төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, облыстық мәслихат депутаттары, “AMANAT”, “RESPUBLIKA”, “Ауыл” т.б. партия өкілдері, аймақтық қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер кеңесі және ҚХА құрылымдары – Аналар, Ақсақалдар кеңестері, “Ассамблея жастары” РҚБ және этномәдени бірлестік жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Облыс басшысы Ербол Шырақпайұлы қонақтарды айтулы мерекемен құттықтай отырып, өңірлік ҚХА-ның атқарған жұмыстарына тоқталды.

-Халқымызда «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген нақыл сөз бар. Ынтымағы жарасқан елдің ғана болашағы жарқын болары сөзсіз. Ауызбіршілік пен түсіністік, ортақ келісім болған жерде ел игілігі үшін нәтижелі іс болатыны анық. Бүгінде киелі Жамбыл жерін мекен еткен 87 этнос өкілдері ортақ Отанымыздың тыныштығы мен тұрақтылығына атсалысуда. Өңірде барлығы – 75 этномәдени бірлестік бар. Облыста тұратын әрбір этнос өкілдерінің ұлтына, тіліне, мәдениетіне, тарихына құрметпен қарау біздің басты міндетіміз, – деді.

Бұдан соң іс-шара марапаттау рәсіміне ұласты. Облыс әкімінің марапаттарымен — «Қазақстан Дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық ұйымының «Вынхуа» Жамбыл облысы бойынша филиалы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гейсыр Чешанло мен Воли Быйджангуйди, «Ахыска» Түріктер этномәдени орталығының өкілі Ватан Сулиев “Құрмет” грамотасымен, «Жастар ассамблеясы» РҚБ өкілдері – Альфия Мейрамбай, Әмина Мейірбек («Әулие-Ата» Қазақ мәдени орталығы), Ділмұрат Муралимов (Жамбыл облыстық Тәжіктер этномәдени бірлестігінің жастар қанатының жетекшісі), Ширина Шүкіралиева (Өзбек облыстық этномәдени орталығы) алғыс хаттармен марапатталды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы облыстағы этносаралық келісімнің нығаюына қосқан үлесі үшін және су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинап, жөнелтуге атсалысқан азаматтарды да марапаттады.

Сонымен бірге, алқалы жиында өңірлік ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан, «Ахыска» Түрік этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Жалил Аббосов, ҚХА «Ассамблея жастары» РҚБ төрайымы Хамида Турдыева және «Радонеж» Орыстар қауымдастығының өкілі, Байзақ ауданы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның мұғалімі Евгений Кравчук бірлік пен келісім тақырыбында баяндама жасады.

Тақырыптық баяндамадан соң аймақ басшысы Е.Қарашөкеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында жүктеген міндеттерді бірге жүзеге асыруға шақырды.

Жиын соңы естелік-фотосессиямен аяқталды.

Page 2 of 2
1 2