ТАТУЛЫҚ – ДОСТЫҚТЫҢ КИЕЛІ БЕЛГІСІ

Бүгін Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында

1 мамыр – «Қазақстан халқының бірлігі күні» қарсаңында «Татулық-достықтың киелі белгісі» атты дөңгелек үстел өтті.

Аталмыш іс-шараға М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева, «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бірлік – қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы» ҚБ төрайымы Леля Узденова, облыс әкімдігі ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ Көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева қатысты.

Жиын қонақтарына Мухабат Абдрахмановқызы, Леля Ахматқызы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы, этномәдени бірлестіктердің атқаратын жұмысы жайлы айтып, студенттерге қазақша өлеңдер оқып берді. Сондай-ақ, мекеме қызметкері Жазира Мейрамбекқызы келген қонақтарға жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы туралы түсіндіріп, бір шаңырақ астында көптеген құрылым бірігіп еңбек ететіндігін айтты.

Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сауалдарға жауап алып, естелік суретке түсті.

Тал егу – тәрбие бастауы

Ағымдағы жылдың 29 сәуір күні «Таза Қазақстан» акциясына орай  «Ассамблея бөбектері» жобасы аясында №18 «Еркежан» балабақшасының бүлдіршіндері  ҚХА төрағасының орынбасары Лугмар Буларовпен бірге бейбітшіліктің символы бәйтерек талын отырғызды.

1 мамыр – «Қазақстан халықтарының бірлігі күні» мерекесі қарсаңында өткен шараға  облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек  Ілебаев, облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары  Жалил Аббосов,   «Қазақстан Дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зайнуддин Махусеев те қатысып,  балабақша тәрбиеленушілеріне тал егу тәрбиенің бастауы екенін жеткізді.  Жас ұрпақты патриоттыққа баулуды көздеген жиында бүлдіршіндер бейбітшілік турасында тақпақ айтып, өнерін көрсетті.

Өз кезегінде қонақтар тарапынан балабақша ұжымына Ассамблея тарихынан сыр шертетін және Түркі халықтарының ертегісі топтастырылған қос кітап сыйға берілді.

АРДАГЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Бүгін Жамбыл облысы ҚХА ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Өнегелі ұрпақ» апталығына орай, Тараз қаласындағы тыл ардагері, ғасыр жасаған ана Улсоной Авалованың үйінде тал егу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Ардагердің ауласын тазалап, тал егуге Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, Тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов және облыстық «Ассамблея жастары» өкілдері барды.

1923 жылы дүниеге келген өзбек этносының өкілі Улсоной Авалова бүгінде 101 жасқа аяқ басты. Қос ғасырдың куәгері ауласына жастармен бірге дарақтар отырғызып, қонақтарға ақ батасын берді.

ГУЛАМ

Бірлік бар жерде жасампаздық салтанат құрып, өрлеуге жол ашылады. Мұны тереңнен тамыр тартатын тағылымды тарих әлдеқашан дәлелдеген. Бүгін Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында осынау құндылықтардың мән-маңызы туралы кеңінен баяндалды.

Алқалы жиында Президент ең алдымен, еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апаты салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мұның бәрі өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі екенін айтты. Бұл тұрғыда Жамбыл облысында да жүйелі жұмыстар жүзеге асты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде түрлі сын-қатерге қарамастан, еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайтынын нақты айтты. Президент атап көрсеткендей, аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Ендігі кезекте әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшуге басымдық беру қажет.

Байыпты басқосуда Ассамблеяның жұмысын жандандыруға бағытталған нақты міндеттер де белгіленді. Біұл тұрғыда бірегей құрылымның тынысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестірудің тиімділігі мол.

Сонымен қатар Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту, Ұйымның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу мәселесі де өзекті. Осы орайда Мемлекет басшысы Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеттерін жүктеді.

Бір сөзбен айтқанда алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. «Ырыс алды-ынтымақ» дегендей, татулық пен тұрақтылықтың тұғырын нығайта отырып, әлі талай белестерді бағындыратындығымыз сөзсіз.

 

Гулам Умаров, Жамбыл облысы ҚХА төрағасының орынбасары

 

АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру  бойынша   «Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында Т.Рысқұлов ауданының тұрғындарына ақпарттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Арнайы жұмыс тобының мүшелері облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев , «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілханов Құлан, Абай, Каменка, Жаңатұрмыс ауылының тұрғындарымен кездесті.

Жиында  жұмыс тобы Ұлттық құрылтайдың  үшінші отырысындағы басым бағыттарға тереңірек тоқталды.  Қоғамның қозғаушы күші – жастар арасындағы дін жайы  бүгінгі күннің басты мәселесіне айналғаны анық. Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болашақ  ұрпаққа беріліп жатқан тәрбиенің жеткіліксіздігі жастардың шалыс басуына әкеліп соғатынын айтқан болатын. Қазіргі күні кең таралған діни ағымдар мен діни ұйымдардың белсенді қызметтерінің нәтижесінде кейбір  жастарымыз жат ағымның жетегіне еріп отыр.

Қоғамды алаңдатқан күрмеулі мәселе төңірегінде жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беруді жұрт болып жұмылып, қолға алу қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ, топ мүшелері этносаралық арандатушылыққа жол бермей, тілдік, нәсілдік топқа жіктелуді болдырмаудың алдын алу жайын да тұрғындармен талқылады.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Оңай жолмен олжаға кенелуді көздеп,  лудомания дертіне шалдығушылар дерегі аудан тұрғындарын алаңдатып отыр.  Олар қоғам болып құрсау салуды көздейтін мәселе бойынша тиісті шаралар қабылдау қажет дейді. Тұрғындардың айтуынша,  инфрақұрылым жайы да кейбір  ауылдарда ақсап тұрған көрінеді. Одан өзге медициналық әлеуметтік сақтандыру, қоғамдық жұмыспен қамтылған зейнетке дейінгі жұмысшылардың еңбек өтілінің есептелмеуі, «Күміс жас» жобасымен  қамту, мал жайылымының жеткіліксіздігі секілді шешімін күткен мәселелер айтылды.

Тұрғындар тарапынан туындаған мәселелер жол  картасына енгізіліп, бақылауда ұсталатын болады.

ЕЛ ІШІ – ӨНЕР КЕНІШІ

Бүгін Достық үйінде «Ұлттық құндылықтар – ұлт қазынасы» атты облыстық қолөнер шеберлерінің көрмесі басталды.
«Қоғамдық келісім» КММ және «Жуалы ауданы білім бөлімінің №1 Балалар өнер мектебі» КММ бірлесе ұйымдастырған көрме үш күнге созылады. Ұлттық бимен түндігі түрілген салтанатты шарада Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаева өнер мектебінің жетістіктеріне тоқталып, жұмысына толағай табыс тіледі.«Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева «қол өнер – зор өнер» дей келе, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын көрменің берері мол екенін атап, аталған өнер ұжымына ыстық ықыласын білдірді. Отыз жылдан астам тарихы бар өнер өлкесінде қазіргі уақытта 1200-ге жуық шәкірт алты бағыт бойынша білім алуда.
Қолөнер көрмесіне темірден түйін түйіп, сазды сәнді бұйымға айналдырған өнер ұжымының 130-дан астам төл туындылары қойылды. №1 Балалар өнер мектебі» КММ директоры Қанат Мұратаев қонақтарды көрме жұмыстарымен таныстырып, соңғы жылдары қолданысқа енген замануи «Стимпанк» өнер бағытындағы дүниелерді ерекше атады.
Айта кетейік, өнер мектебінің жұмыстары облыстық, республикалық, халықаралық бәсі жоғары байқауларда жоғары орыннан көрініп келеді.

АССАМБЛЕЯ ЖӘНЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Жамбыл облысы ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Ғұлам Умаров БАҚ өкілдерімен баспасөз жиынын өткізді.

Брифинг барысында Ғұлам Мұхтарұлы ҚХА-ның қайырымдылық қызметі, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталған «Жүректен жүрекке» акциясы туралы мәлімдеді.

Қазіргі таңда Ассамблея қайырымдылықпен белсене айналысатын ұйымға айналды. Елімізде орын алған түрлі табиғи апаттар мен тосын жайларда ұйым мүшелері көмек қолын созудан іркіліп қалған емес. Осы орайда, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары, этномәдени бірлестік өкілдері, аудан және қала тұрғындары, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық білім және жастар саясаты мәселелері басқармалары мен кәсіпкерлер жұдырықтай жұмылып, төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға арнап гуманитарлық көмек көрсетті.

Айта кетейік, апат болған аймаққа Жамбыл облысынан барлығы

56 688 450 теңге көлемінде көмек берілді. Халық даналығында «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ҚХА тарапынан тасқын қаупі сейілгенше қайырымдылық шаралары жалғасын табатындығы айтылды.

Брифинг соңында Ғ.Умаров БАҚ өкілдерінің тарапынан туындаған сауалдарға жауап берді.

Ағымдағы жылдың 11-12 сәуірінде қоғамдық бірлік пен келісімді…

Ағымдағы жылдың 11-12 сәуірінде қоғамдық бірлік пен келісімді сақтау және нығайту мақсатында  2024 жылға арналған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында іске асырылатын іс-шаралар жоспары аясында облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері Мойынқұм ауданында кешенді шаралар өткізді.

Арнайы жұмыс тобы Мойынқұм ауданы, Мыңарал және Шығанақ ауылдарының тұрғындарына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шараға барлығы  60 адам қамтылды. Аталған жоба аясында алдағы уақытта да облыстың өзге аудандарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Республикалық «Вынхуа» Дүнгендер этномәдени орталығының» облыстық филиалы апат…

Республикалық «Вынхуа» Дүнгендер этномәдени орталығының» облыстық филиалы апат аймағына гуманитарлық көмектің кезекті легін жіберді. Азық-түлік, дәрі-дәрмек секілді қажетті тұрмыстық заттарды Қордай ауданы, Масаншы және Сортөбе ауылдарының тұрғындары 2 жүк көлігіне тиеп, жөнелтті.

ӨЗБЕК БІРЛЕСТІГІНІҢ АНАЛАРЫ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

Олыстық Өзбек этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің өкілдері Түркі халықтарына ортақ Наурыз мерекесін атап өтті.

«Сумаляк-Наурыз» атауымен ұйымдастырылған мерекелік жиында өзбек ұлтының бесікке салу, беташар секілді дәстүрлері дәріптеліп, ұлттық құндылықтары ұлықталды. Кеңестің төрайымы Дилиорум Каримова бастаған аналардың ұйытқы болуымен келген меймандарға кең дастархан жайылып, мерекенің бас тағамы бидай дәнінен сумаляк әзірленіп, қонақтарға ұсынылды.

Жиын басы қалалық Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдиновтың алғысөзімен басталды.

Мерекелік думанда «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтап, айтулы күннің маңызына тоқталды. Күллі Түркі халқын береке мен бірлікке бастайтын мерекеде Республикалық Дүнгендер этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова, облыстық Тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов және күрді этносының ардагер ақсақалы Сулейман Абдукаримов ақжарма тілектерін білдірді.

«Бақыт» вокалды-инструменталды ансамблінің жетекшісі Абдурашид Балтаходжаев қазақ, орыс, өзбек тілдерінде ән салып, кештің шырайын келтірді.

 

Page 1 of 3
1 2 3