ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ ПОЛЯК ЭТНОСЫНЫҢ ӘДЕБИ КЕШІ ӨТТІ

2024 жылдың 30 қарашасы күні Достық үйінде Алматы қаласындағы Польша Республикасының консульдығының қолдауымен Жамбыл облыстық «Полонез» Поляк тілі және мәдениет орталығы «Далекая отчизна» атты мәнерлеп оқу байқауын өткізді.

Әдеби сайысқа қатысушылар төрт жас санатында көркем проза мен өлеңдерді мәнерлеп оқудан шеберліктерін көрсетті. Қатысушылардың еңбегін қазылар құрамының төрағасы, филолог Татьяна Белоголовых ,өңірлік поляк орталығының жетекшісі Лариса Калькова, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкері Ольга Макарова бағалады. Байқауда үміткерлер қазақ, орыс, поляк тілдерінде поляк ақындарының әдеби шығармаларын орындады.

Байқау әдеби шығармашылық нөмірлер мен қатар концерттік бағдарламамен өрілді. Сонымен қатар, «Радонеж» Орыс қауымдастығының өкілі Антонина Беляеваның орындауында «Я люблю свою землю» әні шырқалды.

Сондай-ақ, Евгений Белоголовых тараздық ақын Владимир Краковскийдің өлеңін оқыса, қобыз аспабында Елена Прудиус поляк ақыны Густав Зелинскийдің поэтикалық өлең жолдарын нақышына келтіре орындады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды.

ҚОРДАЙДА «ТАТУЛЫҚ – ДОСТЫҚ КІЛТІ» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

«Достық керуені» жобасы этностар арасындағы достықты дәріптеумен қатар, олардың мәдениет, спорт, әлеуметтік т.б. саладағы қырларын тануға кеңінен мүмкіндік береді. Дәстүрлі жоба аясында «Татулық – достық кілті» атты облыстық фестивалі өтті.

Аудандық мәдениет үйінде өткен іріктеуге мектеп оқушылары және колледж білімгерлері және аудандағы этнос жастары қатысты.

Фестивальдің мақсаты – қазақ халқының өнері мен мәдениетін жан-жақты насихаттау, еліміздің көптүрлі мәдени ерекшеліктерін дамыту, орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру.

Аудандағы дарынды тұлғалар өнерін саралаған сайыста өзбек, түрік, славян, кәріс тағы да көптеген этностардың әні айтылып, биі көпшілік назарына ұсынылды.

Шара соңында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова және облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Ақылшаұлы ауданның этносаралық, қоғамдық-мәдени жұмыстарына өз үлестерін қосқан белсенді этномәдени бірлестік өкілдерін марапаттап, сый-сияпаттарын табыстады

ДОСТЫҚТЫ ДӘРІПТЕГЕН ДОДА

«Достық керуені» — өңірдегі этнос жастарының таланты мен талабын анықтауда үлкен мүмкіндіктер беретін бірегей жоба.

Жамбыл облысында ілгерілетіліп келе жатқан жемісті жоба Қордай ауданында жалғасын тапты.

Жоба бағдарламасына сәйкес, Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі ауданның этнос жастары арасында ұлттық ойындардан спартакиада ұйымдастырды.

Салауатты өмір салтын қалыптастырып, ұлттық спортты дамыту мақсатында өткен додаға қатысушылар «Асық ойнау», «Ләңгі тебу», «Арқан тарту», «Қол күрес», «Гір тасын көтеру» сынды ұлттық ойындардан сайысқа түсті.

Өскелең ұрпақты тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, баулитын жарыс – этнос жастары арасындағы ынтымақты нығайтатыны күмәнсіз.

Ұлттық спортты ұлықтаған дода қызу әрі тартысқа толы өтті.

Жарыс ережесіне сай жеңімпаздар мен жүлдегерлерді «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова мен Жамбыл облысы «Радонеж» Орыс қоғамдастығы бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокин марапаттады

ОБЛЫСТЫҚ «АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ» ҚБ «ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ» ЖОБАСЫМЕН ҚОРДАЙ АУДАНЫНДА

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Достық керуені» жобасы аясында өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ Қордай ауданы жастарымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында “Ассамблея жастары” РҚБ төрағасының орынбасары, өңірлік ассамблея жастары төрағасы Хамида Турдыева және бірлестік белсендісі, әрі “Барбанг” Күрділер этномәдени бірлестігі жастар қанатының төрағасы Хабиб Алиев, «Қоғамдық келісім» мекемесі «Жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс» бөлімінің жетекші сарапшысы Алмас Ақынтай жобаның мақсат-міндеттері туралы жастарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бірлестіктің белсенді жастары ҚХА құрылымдары және «Ассамблея жастары» ҚБ-нің алты бағыты және атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндады.

Жиын соңында өңірлік ассамблея белсенділері аудан жастарымен пікір алмасып, ұсыныстар мен қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Сондай-ақ, бұл күні аудандағы “Бәйтерек” балабақшасында “Қоғамдық келісім” мекемесінің ұйытқы болуымен бүлдіршіндерге арнап аниматорлар қойылымы ұсынылды.

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ДӘРІПТЕУ — АНАЛАРҒА МІНДЕТ

Жамбыл облысындағы этностар ынтымағын дәріптеуге бағытталған «Достық керуені» жобасы аясында Қордай ауданында өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы ұйымдастырылды.

Жиынға облыстық, аудандық Аналар кеңесі, отбасы тұрмыстық-зорлық зомбылық жөніндегі полиция департаментінің маманы, медицина қызметкерлері, аудандағы колледждер мен жалпы орта білім беретін мектептердің тәрбие (құқық) ісі жөніндегі орынбасарлары, дағдарыс орталығының психолог мамандары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Кеңес отырысын аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жүргізді. Басқосуда «Қоғамдық келісім» КММ жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева кеңес мүшелеріне ҚХА-ның «Салауатты сана» жобасы жайлы кеңірек мәлімдеме жасады.

— Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясының шешімдерін іске асыру бағытында әзірленген «Салауатты сана» жобасының мақсаты — ҚХА Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында қоғамның әлеуметтік кеселдеріне жүйелі түрде қарсы тұруды көздейді. Ұлттық тәрбиені дәріптеу арқылы ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау мақсатында қазіргі күні өңірлік Аналар кеңесі ілкімді істерді еңсеріп келеді, – деп атап өтті Аққу Қаратайқызы.

Бүгінде қоғамда Z, миллениал, альфа ұрпаққа қатысты ұғымдар жиі айтылып та, жазылып та жүр. Кездесуде олардың бір-бірінен айырмашылығы, ұрпақтар ерекшелігі туралы кеңес қатысушыларына Жамбыл облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Ришат Райф егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.

Сондай-ақ, шарада аудандағы жастар жайы да назардан тыс қалмады. Келелі кеңесте Қордай аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспекторы Ынтымақ Кәден аудандағы жасөспірімдер арасындағы қылмыстың деректеріне сүйене отырып, баяндама жасады.

Бұдан өзге кездесуде ұрпақ тәрбиесінде ата-аналар институтының айрықша мәнге ие екендігі түсіндіріліп, білім беру ұйымдарының әлеуетімен жас ұрпақ бойына жаман кеселдер туралы жан-жақты түсінік қалыптастыру қажеттігі айтылды

АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ — ЕЛ БІРЛІГІНІҢ КЕПІЛІ

Халықты ізгілікке үндеуде — абыз ақсақалдардың орны ерекше. ҚХА жанынан құрылған облыстық Ақсақалдар кеңесі бұл үдеден шығып та келеді. Аймақтағы этностар бірлігін бекемдеуге бағытталған «Достық керуені» жобасы аясында өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесі Қордай ауданындағы Ақсақалдар ұйымының өкілдерімен кездесіп, келелі кеңес өткізді.

Алқалы топтың жиынын Жамбыл облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан жүргізіп, Әулиеатадағы іргелі ұйымның атқарған істерін баяндады.

Сондай-ақ, отырысқа керуен құрамынан Жамбыл облыстық «Ахыска» Түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Ибрагим Зуфаров, облыстық М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің мүшесі, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Абдукаим Мусаев пен Меркі аудандық Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Гүлага Джамалов та қатысты.

Маңызды басқосуда ақсақалдар қоғамдағы бірқатар мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын қарастырды. Атап айтқанда, кеңес мүшелері жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, еңбекке баулып, адал азамат етіп өсіру, ел бірлігін нығайту, этносаралық келісім секілді мазмұнды жайларды атап, жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.

—Ақсақалдар кеңесінің маңызды міндеті — адал азаматтарды тәрбиелеу. Мемлекет басшысы айтқандай, «Адал азамат» – бұл ең үздік қасиеттерге ие, адал еңбек етіп, табысқа жетіп, адалдық пен әділеттілікті бәрінен жоғары қоятын тұлға». Аталған кеңесіміздің аясында әрбір азаматтың санасына осы құндылықтарды тыңғылықты жеткізу — біздің ең басты міндетіміз, – деп Асқарбек Ақылшаұлы ҚХА-ның «Адал азамат» жобасы жайлы көпшілікке мағлұмат беріп өтті.

ТАТУЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН «ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ» ҚОРДАЙ АУДАНЫНДА

Жамбыл облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен жүзеге асып жатқан ҚХА-ның «Достық керуені» жобасы этностар арасындағы ынтымақты дәріптеп, бірлікті бекемдеуге үлес қосып келеді.

Жамбыл облысының 85 жылдығы қарсаңында аймақтағы этностардың татулығын ту етіп жолға шыққан «Достық керуені» жобасы ағымдағы жылдың 28 қарашасында Қордай ауданына ат басын бұрды.

Кезекті керуен көшінің құрамында облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова, облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан, «Ахыска» Түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Ибрагим Зуфаров, облыстық «Радонеж» Орыс қоғамдастығы бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокин, облыстық М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің мүшесі, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Абдукаим Мусаев және аталмыш бірлестіктің мүшесі Хайриниса Ахметова, Меркі аудандық Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Гүлага Джамалов және «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының орынбасары, жамбылдық жастардың жетекшісі Хамида Турдыева мен бірлестіктің белсенділері және «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері бар.

Облыс орталығынан бет алған топты Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай қарсы алып, құрмет көрсетті.

Бағдарламаға сай, жобаның алғашқы жұмысы аудандық мәдениет үйіндегі этномәдени бірлестіктердің мәдениетімен және салт-дәстүрімен танысудан бастау алды.

Жоба аясында көпшілік назарына аудандағы мектеп оқушыларының «Еңбек пен достық – егіз ұғым» атты қолөнер бұйымдары жәрмеңкесі ұсынылып, шығармашыл жастар марапатталды

 

 

ЖАСТАР МӘСЕЛЕСІ ҚАШАНДА ӨЗЕКТІ

Ағымдағы жылдың 27 қарашасы күні «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Jastar BIR TOLQYNDA» сессиясының пленарлық отырысы өтті.

Өңірдегі жастар саясатын ілгерілетіп жүрген бірқатар ұйымдардың басын қосқан жиынға «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының орынбасары, облыстық жастардың жетекшісі Хамида Турдыева да қатысты. Аталған отырыс жастарды саяси үдерістерге қатысуға жұмылдыра отырып, оларды өз елінің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуға ынталандыруды көздеді. Бүгінде Әулиеата халқының 29,1 пайызын жастар құрайды. Ал қоғамның қозғаушы күшіне айналған жастардың мәселесі қашанда өзекті. Кеңес отырысында аймақтағы жастар саясатының дамуына үлес қосушы азаматтар өзекті мәселелерді талқылап, бірлескен шешімдерді қарастырды.

«Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Дәурен Бағжанов маңызды басқосуда жастар мәселесін әуелі зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы анықтап алу қажеттігін алға тартты.

Сондай-ақ, шарада жастар арасындағы есірткі мәселесі де айтылып, құзырлы орган өкілдері көпшілікті ортақ чат арқылы бірлесіп, граффити-жазуларды жою және сайттарды бұғаттауға атсалысуға шақырды.

Сонымен қатар, өзге де азаматтар ортақ ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Сессияда жастардың өзекті мәселелерін тыңдайтын, ұсынымдар айтылатын ортақ алаң қалыптасты.

Кездесу соңында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты өңірдегі жастар мәселесіне бей-жай қарамайтын азаматтардың пікір алмасуына, бірлесе әрекет етуіне алаң ұсынушы ретінде жастар саясатының дамуына қызмет етіп жатқан 30-ға жуық мекемемен ортақ меморандумға отырды.

ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ ЖИТС-КЕ ҚАРСЫ АКЦИЯ ӨТТІ

Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні қарсаңында Достық үйінде «Адам құқықтары жолында дұрыс жолды таңдаңыз!» тақырыбында қала тұрғындары мен студенттерге арналған кең ауқымды акция өтті.

Аталған шараны Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығы және «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен №2 қалалық емхана жанынан ашылған облыстық «Жан-Нұр» жастар денсаулық орталығы, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі бірлесіп ұйымдастырды.

Акция барысында облыстық ЖИТС орталығының эпидемиолог дәрігері Индира Досымова АИТВ-инфекциясы және алдын алу шаралары туралы айтып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Сонымен қатар, мамандар осындай акциялардың халықтың медициналық сауатын арттыру үшін маңызды екенін атап өтті. Шарада өзінің АИТВ статусын білуге ниет білдіргендер жедел тестілеуден өтті. Студенттер жедел тестілеуді экспресс әдісімен тапсыруға мүмкіндік алды.

Іс-шара соңында ЖИТС орталығының қызметкерлері ұйымдастырған флешмоб тамашаланды.

ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!!!

2024 жылғы 23 қыркүйекте Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының «Тілдік және этникалық белгілері бойынша ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлаудың кез келген нысандарына жол бермеу» жобасы аясында «Жаңа-Ру» жастар коалициясының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Мен жастарға сенемін» атты ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өлеңдерін оқудан байқау өткен болатын.

Аталмыш байқауға өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ-нің белсенді мүшесі АЯНА КИМ қатысып, жүлделі І-орынға ие болды. Сондай-ақ, ІІ-орынды Талас ауданы Күрді этномәдени бірлестігінің мүшесі НУРИ АМОЕВА иеленсе , ІІІ- орынды аталмыш ауданның Күрді этномәдени бірлестігінің үміткері ХАНУМХАС АХМЕТОВА алды.

Сонымен қатар,«Көркемсөз шебері» номинациясымен өңірлік “Ассамблея жастары” ҚБ-нің белсендісі ЭСМЕР ДУРСУНОВА марапатталды.

Байқауда жүлдеге ие болған жерлестерімізді облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұжымы және Жамбыл өңірі «Ассамблея жастары» ҚБ мүшелері атынан марапатымен құттықтаймыз!

Айта кетейік, байқауға Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары Шымкент қалаларынан 16-40 жас аралығындағы этнос өкілдерінен барлығы 50 адам қатысқан болатын.

Page 1 of 30
1 2 3 30