ЖАҚСЫ ТӘРБИЕ –ҮЛГІЛІ ҰРПАҚ НЕГІЗІ

2023 жылдың 17 қаңтарында Тараз қаласы, «Қоғамдық келісім» КММ-де ҚР Премьер министрінің әйелдер ісі жөніндегі кеңесшісі, ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Ыдырысқызы Шанаидың өңірлік ҚХА Аналар кеңесі өкілдерімен кездесуі өтті.

Іс шарадағы негізгі мақсат – отбасы құндылығын сақтауға,жас аналардың рухани дамуына негізделген «Мәдениетті ана- мәдениетті ұлт» жобасын жүзеге асыру. Сондай-ақ бірлікті,бейбітшілік пен келісімді нығайту,жастардың бойында патриоттық сезімді арттыру, қоғамды ортақ мақсаттар үшін біріктіру. Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі өкілдері мен Облыстық әскери бөлімдері командирлерінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысушылар қатарында болды.

Жиын барысында Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббатхон Миражапова аталмыш ұйымның жыл бойы атқарған жұмыстарына тоқталды. Айтуынша, қазіргі таңда облысымызда 36 аналар кеңесі жұмыс жасайды. Кеңес мүшелерінің жалпы саны 546 адамды құрайды. Облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі 6800 адамның қамтылуымен 86 іс-шараны жүзеге асырған.

Өз кезегінде Нәзипа Ыдырысқызы жастар арасында жиі кезігетін мәселелерге тоқталып өтті. Мәселен, қазіргі жасөспірімдер жолдарында кезігетін қиындықтарға өз беттерінше төтеп бере алмайтындығын алға тартты. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде аналардың атқаратын рөлінің зор екендігін айта келе, белең алып жатқан отбасылық зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсатында атқарылуы қажет тиісті шараларға да тоқталды.

Келесі кезекте ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Орынбасарқызы кәмелетке толмағандар арасында тарап кеткен «дәріханалық есірткі» жайлы ақпарат берді. Дәріханаларда дәрігердің нұсқауынсыз жасөспірімдерге дәрі ұсынбау жөнінде меморандум құрылуына байланысты жұмыстар атқаратындықтарын және аналарға балаларының қауіпсіздігіне мән беру керектігін ерекше атап өтті.

Іс-шара соңында қонақтар «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасының «Ұлы дала қазынасы» жобасын жүзеге асыратын “Белсенді ұзақ өмір сүру”орталығындағы шеберлер клубының киіз басу бойынша шеберлік сыныбында жасалған қолөнерлер туындыларымен танысты.

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

ӨЗ ҚОЛЫҢЫЗБЕН КИІЗДЕН ЭТНО-АЯҚ КИІМ

Жамбыл облысы ҚХА Халық шығармашылығы шеберлері клубының өкілдері Тараз қаласының аяқ киім өнеркәсібінің орталығы ретінде жандандырып, қолөнер саласының тың жақтарын дамытуда. Қазіргі уақытта көптеген сәнқой жандар киізден жасалған аяқ киімді жақсы көреді, өйткені олар оның тек жылы және ыңғайлы аяқ киім ғана емес, сонымен қатар әдемі де жайлы екенін және басқа аяқ киімдерге ұқсамайтын ерекшелігін де біледі. Өндірістің құпияларын біліп, оны өз қалауынша өрнек салып, этностильді пайдаланып түрлі қалыпта өзі қолдан жасауды үйренгісі келетіндер саны жетіп артылады.

Осы негізде, 2023 жылдың 12- қаңтарында ҚХА халық шығармашылығы шеберлері клубында аяқ киімді киіз басу арқылы дайындау шеберлік сағаттары өтті. Іс-шара Жамбыл облысының «Өшпес мұра» атты қолөнершілер қауымдастығы және «Жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар» бірлестігімен бірлесіп өткізілді.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында осы ұйыммен ынтымақтастық туралы өзара меморандум жасалған болатын. Халық шығармашылығының шеберлік класының шеберлері Гүлжазира Құдайбергенова мен Сталина Хе шеберлік сағаттарынан құнды дәріс берді. Біздің өңірдің түрлі этномәдени бірлестіктерінен 15 қолөнерші киізден аяқ киім жасауды үйренуде. Қатысушылар осы үрдістің барлық кезеңдерін егжей-тегжейлі талдауға, тәжірибе алуға және киіз басып, одан аяқ киімді өз бетінше жасауға толық мүмкіндік алды.

 

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

БІРЛІК – ӘРТҮРЛІЛІКТЕ

Елімізде өмір сүретін барлық этнос өкілдері тұтас бір ұлыс. Қазақ елі – бірлік пен татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің,достықтың Отаны. Мемлекет басшысы  баршамызды тонның ішкі бауындай жақындықта өмір сүріп қана қоймай, «Бірлік – әртүрлілікте» деген ұранды ұстануға шақырған болатын.

Қазақ халқына тән қасиеттер–кеңпейілділік,қонақжайлылық,өзге халықтар мен өркениеттерге құрметпен қарау.Бұл айтылғандарға «Қазақстан Республикасы күрдтері» Барбанг қауымдастығы» өңірлік қоғамдық  бірлестігі филиалының төрағасы ретінде нық сеніммен қосыламын. Қазақ халқы атын атап,түсін түстеп бірде-бір ұлт өкілін бөлектемейді.

Сонымен қатар, облысымызда өмір сүріп жатқан өзге де этнос өкілдерімен татулықта,ұйымшылдықта өмір сүріп келеміз.Күні кеше барша облыстағы этнос өкілдері жиылып Тараз қаласының «Баласағұн» Орталық концерттік  залында көрермендерді нағыз сиқырлы қысқы ертегіге баурап алған дәстүрлі «Рождество» мерекесін бір отбасыдай атап өттік.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін  1 наурыз- Алғыс айту күнін,1 мамыр  – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекелерін  жан аянбай барша ұлт өкілдері бірігіп,жұмыла атқарып шығамыз. Бұл мерекелерде біздердің арамыздағы сыйластық пен татулықты анық көруге болады. Қоғамдық бірлестіктер ұлтаралық келісімді сақтау-күнделікті жұмыс екенін біледі. Татулық,сыйластық және қонақжайлылық – бұл құндылықтарды өңірде тұратын барлық этностар бір-бірінен шын пейілмен қабылдайды.Ұлттық мәдени орталықтардың,қоғамдық бірлестіктердің және бейбіт,гүлденген елде өмір сүргісі келетін әділ қазақстандықтардың сан алуандығына қарап,біз орасан зор күшпіз десек те болады.Қазақ еліне әрбіріміздің алғысымыз шексіз!

Қорытындылай келе,бұдан әрі де бірлікте,ынтымақтастықта,татулықта өмір сүрейік дегім келеді.

«Қазақстан Республикасы күрдтері» Барбанг қауымдастығы» өңірлік қоғамдық  бірлестігі филиалының төрағасы

Сартиф Алиев

Жыл сайын елімізде 12-қаңтарда Қазақстан тарихына ірі мемлекет және саяси қайраткер

Жыл сайын елімізде 12-қаңтарда Қазақстан тарихына ірі мемлекет және саяси қайраткер, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы, Кеңес өкіметінің саяси комитетінің КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері және Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі ретінде енген Дінмұхамед Қонаевтың туған күні атап өтіледі. Атқарған лауазымдарында бұл кісі республикамыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан адам.

Осыған орай, бүгін, Тараз қаласында жылдағы дәстүр бойынша Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Іс-шараға мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері және тағы басқалар қатысты. Көрнекті тұлғаға Құрмет көрсетуге келгендердің қатарында Облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы, «Қоғамдық келісім» мекемесі қызметкерлері, сондай-ақ, ҚХА мүшелері мен Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері де болды.

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!!!

2023 жылдың 12-қаңтарында бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған белсенді қоғамдық қызметі үшін облыстық «Ахыска» Түріктер этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының басшысы Давришев Махмұтжон Мираддинович Д.А.Қонаев

Халықаралық қорының «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа 110 жыл» мерейтойлық орденімен марапатталды.

Ерекше атап өтейік, бұл марапат Қор президенті Эльдар Асқарұлы Қонаевтан М.Давришевке Дінмұхамед Қонаевтың туған күнінде табысталды.

Құрметті Махмұтжон Мираддинович!

Сізді шын жүректен лайықты марапатыңызбен құттықтаймыз! Дінмұхамед Ахметұлы қазақ халқының тарихында орасан зор орын алады және осындай атаулы марапатқа ие болу сіз үшін үлкен мәртебе.

Сізге денсаулық, амандық, сарқылмас күш-қуат, бейбітшілік, бірлік, келісімді дамыту жолында ұзақ мерзімді табысты қызмет ете беруіңізге тілектеспіз!

Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Қоғамдық келісім» КММ

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ТАПТЫРМАС ҚАСИЕТ

Адам өміріндегі игі істің бірі – мұқтаж жандарға көмек көрсету. Осы тұрғыда этносаралық қатынасты нығайту, бейбітшілік пен келісім жобасын іске асыру және өскелең ұрпаққа үлгі көрсету мақсатында Жамбыл облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, ҚХА меценаты Аббосов Жалил Азимович ағымдағы жылдың қаңтар айында Тараз қаласында орналасқан ерекше балаларға арналған арнайы мектептің тәрбиеленушілеріне тәттілер, ойыншықтар сыйға тартты.

Аталмыш іс-шараның ең басты мақсаты- арнайы мектепте тәрбиеленіп отырған ерекше балалардың қажеттіліктерін өтеу.

Атап айтқанда, атаулы мекемеге балалардың денсаулығын жақсартуға қажетті тұрмыстық техникалар табысталды. Алдағы уақытта да мұндай қайырымды істер өз жалғасын табады.

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

Әрбір қайырымдылық игі іс біреуді бақытты етсе, бір адамдардың жүрегіне үміт пен сенім нұрын ұялатады

Әрбір қайырымдылық игі іс біреуді бақытты етсе, бір адамдардың жүрегіне үміт пен сенім нұрын ұялатады. Жаңа жылдық мереке маусымында Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қайырымдылық шараларын ұйымдастыра отырып, әлеуметтік жағдайы қиын жандарға сыйлықтар беріп, қуаныш сыйлайды.

Осыған қатысты 2023 жылдың 8-қаңтарында Тараз қаласының Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының “Балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектебінде” жаңа жылдық қайырымдылық акциясы өткізілді.

Бұл іс-шараның мақсаты-мұқтаж балаларға көмек және қолдау көрсету.

Аталған тәрбиеленушілерге «Қарашай және балқар – Бірлік» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Архыз» Жамбыл облысы филиалының өкілдері жаңа жылдық жылы лебіздерін білдіріп, сонымен қатар оқушыларға 20-дан астам тәтті-дәмді сыйлықтар берді.

 

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

ТІЛЕУІ ЖАҚСЫ РОЖДЕСТВО

Бүгін, 2023 жылдың 8-қаңтарында Тараз қаласының «Баласағұн» Орталық концерттік залында көрермендерді нағыз сиқырлы қысқы ертегіге баурап алған дәстүрлі мерекелік рождестволық концерт өтті.

Ауқымды іс-шараны бірлестіктің төрағасы Владимир Сорокиннің жетекшілігімен Жамбыл облыстық «Радонеж» Орыс қауымдастығы ұйымдастырды.

Айта кету керек, биыл бұл қоғамдық бірлестік 30 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Көздің жауын алатын қызылды-жасылды, түрлі-түсті ұлттық жарасымды көйлектерін киген орыстың қыз-келіншектері қызықты әндері, түрлі қойылымдарымен о бастан сахнаның сәнін келтіріп жіберді.

Дәстүр бойынша, іс-шараның басында «Құдай Анасының жамылғысы» шіркеуінің ғибадатханашысы Димитрий әке жиылған жұртты христиан мерекесімен құттықтап, қанағат, бірлік туралы уағызын айтып, сөз сөйледі.

Бұдан соң, көрермендерді Жамбыл облыстық орыс драма театрының үздік вокалистері мен бишілері, әртістері өз көз тұндырар тамаша өнерлерімен қуантты.

Сахнада өнер көрсетушілер арасында «Днепро» этномәдени бірлестігі сияқты т.б.көптеген қоғамдық бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары мен әртістері, сондай-ақ, халық шығармашылығымен айналысатын Қордай аудандық «Соседушки» фольклорлық ұжымы, «Наигрыш» орыс халық аспаптар оркестрі, қалалық орыс, украиндердің «Калинка», «Маричка» вокалдық топтары, «Веснушки» қасықшылар ансамбльдері өнер көрсетті.

Концерттік бағдарламада С.Рахманинов, И.Дунаевский сияқты композиторлардың шығармалары Виктор Зориннің (фортепиано), Санжар Серікбайдың (гитара) аспаптық орындауларында көрерменнің көзайымына айналды.

Мерекелік кештің сән-салтанаты ерекше қойылымдар және өңірлік «Юг» әскери үрмелі оркестрінің дирижеры Нұрсұлтан Смағұловтың сүйемелдеуімен орындалған «Марш», «Славянканың қоштасуы» композициялары, Полина Воротникова, Александр Загребельнийдің поэтикалық шығармаларды оқуларымен толықтырылды.

Сонымен қатар, вокалистер Лилия Новичкова, Бахром Муминов, Диас Әбілеков және Уәлихан Сағынханов, Елена Шинкаренко,  «Красная гвоздика» ардагерлер хоры, сондай-ақ, «Жас дәурен» үлгілі хореографиялық ансамблі және басқалар көрермендерді өз концерттік нөмірлерімен жалғастырды.

Көңілді кештің қатысушыларын осы тұспа-тұс келген атаулы даталар – 30 жылдық мерейтой және Рождество қос мерекесімен кеш қонақтары құттықтады.

Кешке арнайы келген өңірлік ҚХА атынан «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбәрак Қасымқызы орыс қауымдастығына құттықтау сөздерін арнап, «Орыс самаурынын» сыйлады. Құттықтаушылар қатарына облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамзан Магомадов, орыс қауымдастығының бұрынғы басшысы Светлана Чаутина да қосылып, жүрекжарды тілектерін білдірді.

Кештің соңғы аккорды Диляра Сорокинаның «Рождество түні» әнін орындауымен аяқталды. Концерттік залға лық толған халық үйлеріне жақсы әсер, көтеріңкі көңіл-күй, әрі ризашылықпен тарқасты.

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ҒАЖАЙЫПТАР ЖАЛҒАСУДА

Жаңа жыл уақыты жарқын оқиғаларға толы мезгіл. Осыған сәйкес айналадағы түрлі-түсті шамдармен безендірілген шыршалар да оған сән беріп ғажайып шақты толықтырып тұр. Мұндай уақытта барлық адамзатты бақытты қалыптарында көргің келеді, әсіресе, балақайлардың балбұл жайнаған жүздерінен ерекше қуаныш көру – зор ғанибет. Бәлкім, сондықтан да болар, жаңа жылдық қайырымдылық іс-шараларын өткізу де Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктері үшін игілікті дәстүрге айналған.

Мәселен, 2023 жылғы 5-желтоқсанда Тараз қаласында, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне арналып, «Grand Royal» мейрамханасында дәстүрлі жаңа жылдық қайырымдылық мерекесі өтті.

Оны Жамбыл облыстық «Ахыска» түрік этномәдени орталығы ҚБ ұйымдастырды.

Іс-шараға 80-нен астам кішкентай қатысушылар шақырылып, балалар уақыттарының бір бөлігін көтеріңкі жаңажылдық көңіл-күйде өткізуге арнады. Аталған мейрамханада жас қонақтар үшін Аяз Ата мен Ақшақардың қатысуымен жарқын және қызықты ойындарға бай бағдарлама дайындалды. Бұған қоса, оларға ертегілерден көз тартар қызықты қойылымдар ұсынылып, сиқыр мен ертегі сияқты таңғажайып көңілді әлемге еніп, әр бала бір сәтке өздерін сол әлемнің кейіпкері сезінуіне мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, мерекеге келгендер би билеп, ән айтып, өлең оқыды. Мерекелік іс-шара мол дастарханға ұласты. Іс-шараға қатысушылар дәмді тағамдар мен тәттілерге, жемістерге қарқ болды.

Іс-шара соңында балаларға жаңа жылдық сыйлықтар таратылды.

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Page 30 of 30
1 28 29 30