«ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ МЕН ҰЛТТЫҚ БІРЛІКТІ НЫҒАЙТУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚҰРЫЛЫМДАРДЫҢ РӨЛІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЛЕКТОРИЙІ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 7 желтоқсанында аймақтағы «Достық үйінде» ҚР АҚДМ, «Қоғамдық келісім» РММ, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту саласындағы қоғамдық құрылымдардың рөлі» республикалық лекторийі өтті.

Республикалық лекторийге Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының, ҚР АҚДМ, «Қоғамдық келісім» РММ, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҚХА, Аналар кеңесі, ҚКК, «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері, қоғамдық пікір көшбасшылары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымының, депутаттық топтың өкілдері қатысты.

Жиынның мақсаты қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз етудегі Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының рөлін жандандырып, барлық азаматтарды жаңа Қазақстан мен ұлт құрылысы идеясын іске асыруға, азаматтардың жеке немесе ұжымдық қатысу арқылы мемлекетті басқаруға деген ұмтылысын, біріктіруші құндылықтарды қалыптастыру арқылы қазақстандық этностардың мәдени мұрасы мен дәстүрлерін сақтауды, қазақ халқының біріктіруші рөлін көрсетуді, мемлекеттік тілді меңгеруге деген сүйіспеншілікті нығайту болатын.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 15 қыркүйектегі № 1014 Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 11.7-тармағына сәйкес қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін танымал ету бойынша жыл сайынғы республикалық дәрісхана өткізу көзделген.

Бірыңғай күн шеңберінде барлық облыс орталықтарында жаңа Қазақстан идеясын іске асыру жолында қоғамды шоғырландыруға бағытталған дәрістер өтті.

Аталған дәріс қаламыздағы Достық үйінде де өткізілді. Пленарлық отырыстың модераторы – Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Жалел Аббозов жиын барысында іс-шара негізін түсіндіре келе, Шымкент қаласынан келген қонақтарға сөз берді.

Шым қаланың Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Икрам Хашимжанов «Орталық Азия мемлекетіндегі халықаралық қатынастардағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі» атты өзінің баяндамасында «Көпэтносты қоғамда ұлттық бірлікті сақтау-мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігінің, оның тәуелсіздігінің, әлеуметтік экономикалық және саяси дамудың стратегиялық басымдықтарын іске асырудың негізгі шарты. Әрбір құрылымдық бөлімше бейбітшілік пен келісімнің дамуына белгілі бір үлес қосады. «Дустлик» ҚР өзбектер қауымдастығының арқасында Қазақстанда Өзбекстан жылы ҚХА мен Өзбекстан Республикасы Министрлер комитеті жанындағы шет елдермен ұлтаралық қатынастар және достық байланыстар комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы бірлескен меморандумға қол қойылды. Меморандумда бейбітшілік пен келісімді сақтау, бірлескен іс-шаралар өткізу туралы айтылады»-деді.

Сондай-ақ жиын барысында «Еуразиялық медиация орталығы» ҚБ жетекшісі, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы медиация кеңесінің төрайымы Лаура Ақшегірова этномедиацияны жүзеге асырудың жолдары және Шымкент қалалық ҚХА медиаторларының жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Медиатор «Қаламызда қоғамдық келісімді сақтауда медиацияны дамыту қажет деген ортақ түсінік бар. Қалаға қарасты 4 аудан әкімдіктерінің реестріне 211 медиатордың деректері енген. Қалада кәсіби келіссөз жүргізушілер қауымдастықтары құрылып, сот органдарымен, жергілікті атқарушы билікпен, құқық қорғау құрылымдарымен және азаматтық қоғам институттарымен ықпалдастық орнатылған. Қазір қаламызда 4 медиация орталығы жұмыс жүргізеді. Ассамблея медиаторларына 15 кәсіби және қоғамдық медиаторлар еніп, этномедиация ұғымын ілгерілетуге қызмет атқаруда. Айта кету керек, дау туындаған көп жағдайларда мемлекеттік органдар, әсіресе құқық қорғау органдары істі медиативтік тәсілмен шешуге болатынын ескере бермейді. Құқық қорғау органдары, аудан әкімдіктері даулардың әбден ушығып, қоғам тұрақтылығына қауіп төндірген жағдайда ғана медиаторларды араағайындық жасауға шақырады. Бір қайнауы ішінде болған мұндай даулардың түйіні тарқамай, уақытылы шешілмеген бір дау он даумен жалғасып кете береді»-деді, өз кезегінде.

Республикалық лекторийде «Ассамблеяның ашық алаңы-қоғамдық келісім кеңесі» тақырыбында «Ынтымақ» этносаралық бірлестігінің төрағасы, Шымкент ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Гаухар Төлеповада сөз сөйледі. Шымкент қалалық ҚКК атқарған жұмыстарының нәтижесімен бөлісе келе биылғы жылы Шымкент қаласының «Достық үйінде» ашылған «Бірілік алаңының» арқалаған төрт бағытына тоқталды. Гаухар Төлепова «Бірлік алаңы» этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың қызметін ақпараттық тұрғыда қамтамасыз ету, ел бірлігін бекемдеуге бағытталған халықтық жобаларды талқылау, ассамблеяның «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасын ілгерілету және мемлекеттік тілді оқып-үйренуге ынталы жастарға тегін курс жүргізу бағыттарынды жұмыс істейді. «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында Тараздықтардың «Аспара» сән көрсетілімін негізге ала отырып заманауы этно стильдегі сән көрсетілімі аталып өтті. Сондай-ақ, «Қымыз – ұлы даланың ұлы қазынасы» атты іс-шарада бие байлап, қымыз сапыруды кәсіп еткен азаматтар өзара сайысқа түсіп, ұлттық сусынды даярлау әдісі мен тәсілдері бойынша мықтыларын анықтады. Мұндағы ерекшелік қазақтың ұлттық сусынын даярлауда тек этнос өкілдерінің мүшелері бақ сынады» -деді, өз баяндамасында.

Іс-шара аясында Жамбыл облысы ҚХА халық шығармашылығы шеберлері клубының қолданбалы өнер көрмесі тамашаланып, еркін пікірталас алаңы ұйымдастырылды.

Жиын соңында қонақтар қаланың тарихи-мәдени ескерткіштері мен көрікті орындарын тамашалап, естелік суреттерге түсті.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз орталығы

«БЕЙБІТШІЛІК ЖӘНЕ КЕЛІСІМ» ЖОБАСЫ МЕРКІ АУДАНЫНЫҢ ОЙТАЛ, ЖАМБЫЛ, АҚАРАЛ АУЫЛДАРЫНДА ЖАЛҒАСУДА

Жамбыл облысындағы «Бейбітшілік және келісім» жобасы негізіндегі кезекті кездесуі ағымдағы жылдың 5 желтоқсанында Меркі ауданының Ойтал, Жамбыл, Ақарал ауылдарында жалғасты.

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығы-этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Құдайберген Рысдәулетов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева және осы мекеме қызметкерлері ауыл ақсақалдары, ардагерлер, билер кеңесінің төрағалары, көп балалы батыр аналар, этнос өкілдерінің басшылары мен белсенділері, қандастар, жастар ресурстық орталығының өкілдерімен кездесіп, ауылдағы ағайынның ахуалымен танысты.

Кездесудің басты мақсаты облыс аймағындағы этнос өкілдері тығыз орналасқан этнокарта негізінде этносаралық жай-күйді зерделеу болатын.

Мақсатқа сәйкес жиын барысында саяси реформалардың, Жаңа Қазақстаннның идеялары мен құндылықтарының маңызы, жалпыелдік «Бірлік даму үшін!» ұранымен этносаралық келісім түсіндіріліп, округ тұрғындарының түйіткілді мәселелері тыңдалды. Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, этносаралық қақтығыстардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізу және өңірлік этнос пен конфессияаралық жағдайлар проблемалық мәселелерді анықтау, оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірленді.

Кездесу барысында жаңа Қазақстанның өзекті реформаларының, идеялары мен құндылықтарының маңызды аспектілері талқыланды. Этносаралық келісім туралы айтылды. Ауылдардағы проблемалар көтеріліп, оларды шешу жолдары ұсынылды.

Іс – шараға белсенді қатысушылардың арасында жастар да бар. Осы санат үшін «Қоғамдық келісім» КММ ҒСТ бас сарапшысы Ербол Қаншымбеков, жастар ісі жөніндегі маман Рахат Ержанұлы тимбилдинг өткізді.

Көп балалы Батыр аналар да назардан тыс қалмады. Олармен этносаралық қатынастар саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және мониторинг бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева кездесіп, мәселелері тыңдалды және шешу жолдары қарастырылды.

“Қоғамдық келісім” КММ баспасөз қызметі орталығы

«БЕЙБІТШІЛІК ЖӘНЕ КЕЛІСІМ» ЖОБАСЫ МЕРКІ АУДАНЫНДА ӨЗ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

Жамбыл облысындағы “Бейбітшілік және келісім” жобасы негізіндегі кезекті кездесуі ағымдағы жылдың 5 желтоқсанында Меркі ауданының Меркі және Сарымолдаев ауылдарында жалғасты.

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығы-этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Құдайберген Рысдәулетов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жиынақбаева және осы мекеме қызметкерлері ауыл ақсақалдары, ардагерлер, билер кеңесінің төрағалары, көп балалы батыр аналар, этнос өкілдерінің басшылары мен белсенділері, қандастар, жастар ресурстық орталығының өкілдерімен кездесіп, ауылдағы ағайынның ахуалымен танысты.

Кездесудің басты мақсаты облыс аймағындағы этнос өкілдері тығыз орналасқан этнокарта негізінде этносаралық жай-күйді зерделеу болатын. Сондай-ақ, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, этносаралық қақтығыстардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілу барысын қадағалау болатын

Мақсатқа сәйкес жиын барысында саяси реформалардың, Жаңа Қазақстаннның идеялары мен құндылықтарының маңызы, жалпыелдік «Бірлік даму үшін!» ұранымен этносаралық келісім түсіндіріліп, округ тұрғындарының түйіткілді мәселелері тыңдалды. Өңірлік этнос және конфессияаралық жағдайлар проблемалық мәселелерді анықтау, оларды шешу бойынша ұсыныстар қаралды.

Сонымен қатар, іс-шара барысында «Қоғамдық келісім» КММ ҒСТ бас сарапшысы Ербол Қаншымбеков пен жастар ісі бойынша маман Рахат Ерханұлы ауыл жастарын жинап тимбилдинг өткізді. Онда округ жастарына қазақстандық қоғамдық келісім негіздерін, патриотизм, бірлік пен бірегейлікті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Округтегі этнос өкілдері арасындағы жағдайларды зерттеу шеңберінде көп балалы аналармен «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Аққу Қаратаеваның сырлы сұқбаты еді. Батыр аналармен болған өзекті әңгіме барысында этностар жинақы тұратын елдімекендердегі әр түрлі мәселелер бойынша кеңес беріліп, аналар тәрбиесі турасында әлеуметтік мәселелер көтерілді. Бұдан өзге ерте некеге тұру, ерте жүктілік, қыз балаларды әуелі білім алуға насихаттау және т.б бірқатар мәселелердің ара жігі ажыратылды. Арасында кейбір аналардың шешімі қиын проблемалары бойынша жеке қабылдау өткізіліп, кеңес берілді.

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

«Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт»

Ағымдағы жылдың 2-желтоқсанында Тараз қаласындағы «Қоғамдық келісім» КММ-де «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында, «Ұрпақ тәрбиесі және белсенді қоғам» тақырыбында Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің жетекшісі Мухабат Миражапова «Қазіргі заманғы әйелдің жеке басын қалыптастырудағы мәдениеттің рөлі» атты тақырыпта әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, «Аналар кеңесінің» жылдық жоспарын қорытындылай келе:

-Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, материалдық және моральдық-психологиялық қолдауды қажет ететін аналар мен балаларға көмектесуге әрқашан дайын болғаны үшін Аналар кеңесінің барлық аналарына алғысымды білдіремін. Көптеген әйелдерге АӘК құжаттарын ресімдеуге, туу туралы куәлік алуға, жұмысқа орналасуға, азық-түлік көмегін көрсетуге көмек көрсетілді. Әрине, бұл біздің жұмысымыздың шағын мысалдары ғана, – деді Мухабат Сайдуллақызы.

Бұдан әрі көп балалы ана, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аналар кеңесінің төрағасы Ардақ Жантаева ұйымның жастарды әлеуметтендірудегі рөлі туралы айтып берді.

Сондай-ақ, облыстық Дағдарыс орталығының директоры Жамал Қалыбекова «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» атты баяндама жасады.

Қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көрсетілетін көмек түрлері туралы білді.

Ал полиция қызметкері, сондай – ақ көп балалы ана Диляфруз Кенжеханова іс-шараға қатысушыларды қазіргі уақытта өткізіліп жатқан «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясымен таныстырды, оның мақсаты – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Бұған қоса, қатысушылар үшін Тараз қаласының №7 мектеп – гимназиясы директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Юлия Басистюк және Жамбыл облыстық Немістер қоғамы мүшесі Евгения Кобер «Барлығы отбасынан басталады: бала және қоғам, қарым-қатынас мәдениеті» және «коммуникативтік, командалық дағдыларды дамыту» атты қызықты тренинг-практикум ұйымдастырды.

Айта кеткен жөн, биылғы жылғы облыстық Аналар кеңесінің қатары аудандардағы өзге этнос өкілдерінің жас аналарымен толықты. Олар өте белсенді және тың идеяларға бай екенін биылғы жылы атқарылған жұмыстар барысында байқатты.

Шара соңында Аналар кеңесінің төрағасы Мұхабатхон Миражапова ҚР Президентінен Құрмет грамотасымен марапатталып, кеңестің белсенді мүшелері Жамбыл облысы ІСБ басшысы Алмас Садубаевтың алғыс хатын алды.

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз орталығы

«Алаш қозғалысы» тарихының түрлі қырлары

«Алаш қозғалысы» тарихының түрлі қырлары .

Сейдахан Бақторазов- М.Х.Дулати  атындағы

Тараз өңірлік университетінің  профессоры,

Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін

зерттеу орталығының директоры

Жамбыл облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық

тобының мүшесі

 

Биыл «Алаш» қозғалысына 105 жыл толып отыр.«Тарих жеке тұлғалардан құралады»,- десек, қазіргі кезде белгілі және белгісіз түлғалардың Отандық тарихтағы  өз орнын алу мәселесінің өзекті болып табылатындығы анық.

Соның бірі «Алаштану» проблемасы. СОКП ХХ съезінен кейін ол туралы шындық сәл ашылғандай болғанымен, тез-ақ қайта жабылған құпиялық пердесі оны жамағатқа жеткізбеді. Қазіргі кезде бұл құбылысты жалпы және жалқы тұрғыда, нақтылы фактілер арқылы қарастыру  мүмкіндігі қамтамасыз етіліп отыр. Ұсынылып отырған мақаланың  зерттеу объектісі большевиктер билікке төңкеріс арқылы күшпен келген 1917 жылдың күзінен кеңес өкіметі «халық жаулары», «ұлтшылдар» деп атақ берген Алаш ардақтыларын 1937 – 1939 жылдары кең көлемде және аса қатыгездікпен соттап, атқан кезең аралығындағы  Әулиеата өңірі мен басқа да аймақтардағы қоғамдық-саяси ахуалды зерттеу болып табылады. Осы орайда, сәл шегініс жасап, бағамдар болсақ, Түркістан  өлкесінде, Кеңес  үкіметі  орнауы  алдында ішкі  күштер  санатында  Уақытша  үкіметті    қолдаушылар – негізінен  интеллигенция  өкілдері  мен  отарлық  әкімшілік  шенеуніктерінің  бір  бөлігі,  солшыл  эсерлер  партиясының  мүшелері,  сонымен  қатар  ауқатты бай – кулактар  мен  орташалар  болды.

Ұлттық  саяси  күштер  негізінен  Петербургтің,  Москваның  және  басқа  да Ресейдің  ірі  қалаларындағы  жоғарғы оқу  орындарында  білім  алған  алдыңғы  қатарлы  білімді  жастардан  тұрды. Ұлттық  саяси  интеллигенция  өзінің  іс-қимылдарын  жергілікті  халықпен  байланыстыра  отырып  жүргізуді мақсат етті. Сәйкесінше,  1916 жылдың 25-ші маусымындағы патшаның Қазақстан мен Орта Азия тұрғындарының 19 – 43 жас аралығындағы ер азаматтарын тыл жұмысына алу туралы жарлығы  бойынша «Қазақ» газетінің төңірегіне біріккен либерал-демократияшыл зиялылардың жетекшілері (А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов және басқалар) патша әкімшілігін адам алуға асықпауға, қайта әуелі дайындық шараларын жүргізуге көзін жеткізуге талай рет әрекет жасады. Сонымен бірге, олар қарусыз халық патша өкіметінің аяусыз жазалау шараларының құрбанына айналмауы үшін, «Қазақ» газетінің 1916 жылдың 11-ші тамызындағы санында Алаш (қазақ халқы – авт.) арасында бұйрықты ешқандай қарсылықсыз іске асыруды жақтады. Осы орайда, аталған қайраткерлер, егер қазақтар тыл жұмыстарына қатысса, Ресей соғыста жеңген жағдайда автономия алу мүмкіндігі арта түседі деп санады. Дәл солай болмағанымен, шындығында да 1917 жылдың ақпанындағы төңкеріс нәтижесінде патша өкіметінің құлауы Ресей мен оның ұлттық шет аймақтарындағы саяси күштердің орналасуын түбірімен өзгертті. Патша тақтан түскеннен кейін қалыптасқан қос өкіметтің бір жағында буржуазия мен буржуазияланған помещиктердің Уақытша үкіметі пайда болса, екінші жағында жұмысшы және солдат депутаттарының мүддесін көздейтін Кеңестер құрылды. Қос өкіметтің кілтипаны мынадай болды: нақты билікке ие Уақытша үкіметтің күшті әлеуметтік базасы болмады, ал Кеңестер әлеуметтік күшке ие бола тұрып, нақты билікке қол жеткізе алмады. Дегенмен, Мемлекеттік Думаның Уақытша үкіметінің, сонымен қатар, жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесінің құрылуы туралы хабар (негізінен жеделхат түрінде) Қазақстанға 1917 жылғы наурыздың 2-3-інде келіп жетті.

Осылай, Петроградтан тараған нұсқауларға сәйкес Қазақстанда да Уақытша үкіметтің жергілікті құрылымдарының атқарушы (азаматтық) комитеттері мен революциялық билік органдары – Кеңестер құрыла бастады.

Жекелеген қалаларда (Әулиеата, Орал, Верный, Ақмола, Семей) алғашқы қырғыз (қазақ) және мұсылман комитеттері құрылды. Оларды ұйымдастырудың бастамашылары Ә.Н.Бөкейханов бастаған қазақ интеллигенциясының либералдық-демократиялық көсемдерімен тығыз байланыста болды. Олар бұл кезде тыл жұмысшыларының мәселесін қарастыру үшін Минскіде жүрген болатын. Ақпан төңкерісі жеңісінің хабары жеткен бойда Белоруссиядағы 15 қайраткер Қазақстандағы өз жақтастарына үндеухат жібереді. Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Есболов, Н.Төреқұлов, Т.Жаманмұрынов, және басқалары қол қойып, барлығы Қазақстанның 25 мекенжайы бойынша жіберілген бұл үндеуде: «Қазақтарға, жаңарған Ресейдің еркін азаматтарына! Ресейдің барлық халықтары үшін еркіндіктің, теңдік пен туысқандықтың таңы атты. Жаңа құрылыс пен жаңа үкіметке қолдау көрсету үшін қазақтар ұйымдасуы қажет. Жаңа құрылысты қолдайтын барлық ұлттар тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Қазақтар Құрылтай жиналысына дайындалуға және оған лайықты кандидаттар таңдауға тиіс. Сіздерді бұрынғы қазақішілік дау-дамайды, отбасы, ошақ қасылық ұрыс-керісті тастауға, халықты – бірігу мен әділдіктің ұранын көтеруге шақырамыз! Жер мәселесін тездетіп талқыға салыңыздар. Біздің ұранымыз – «демократиялық республика», жер одан өнім өндіретін малшылар мен егіншілерге тиесілі. Құдайдан басқа ештеңеден де қорықпаңыздар!», – делінген. Құжатқа мән бере отырып,  халыққа үндеу жасап отырған қазақ зиялыларының жоғарыда айтылған Ресейдегі қос үкіметтілік жағдайында Уақытша үкіметтің тұғырнамасын қолдайтындығын аңғару қиын емес. Осы орайда, Ә.Н.Бөкейхановтың Петроградтағы Ресей конституциялық-демократиялық партиясының VII съезіне (25-28 наурыз, 1917 жыл) делегат ретінде қатысуы бұл партияның Уақытша үкіметті толығымен қолдайтындығына, «жауды толық және түпкілікті жеңіп шыққанша соғысты жалғастыра беруді» және Құрылтай жиналысының тұғырнамасында аграрлық және Ұлттық мәселелерді шешуді қалайтындығына да байланысты болса керек. Сонымен қатар, Әлихан Бөкейхановтың кадеттер партиясы ОК-нің құрамына кіруі сол кездегі жағдайға байланысты билік тетігіне ұлттық қозғалыс басшылығының қол жеткізуіне бірден жол ашты. Көп кешікпей Ә.Н.Бөкейханов Торғай облысы бойынша Уақытша үкіметтің комиссары болып тағайындалды. Сәл кейінірек М.Тынышбаев, одан соң Мұстафа Шоқай Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің құрамына енгізілді. Жанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, Жақып Ақбаев, Асфендияр Кенжин, Әзімхан Кенесарин және қазақ халқының басқа да өкілдері Қазақстан мен Түркістанның бірқатар уездері мен қалаларындағы Уақытша үкіметтің атқарушы органдарының басшылық құрамына кірді. Еске алар болсақ, Қазақ Елі патшалық Ресей бодандығы кезінде өзінің бір өкілін де империяның губерниялық, облыстық, тіпті, уезд бастығы дәрежесіндегі басшылық қызметке өткізе алмағандығы мәлім. Метрополияның әкімшілік басқару жүйесінде қазақтар болыстық қызметтен жоғары мансапқа көтерілмеген еді. Сондықтан да, Уақытша үкімет тұсындағы қазақ зиялыларының облыс басшысы болып, губерниялық билікке қатыстырылуы саяси тұрғыда оң жаңалық болды деуге негіз бар. Тиісінше, Ақпан төңкерісінен кейінгі Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі белсенділіктің артуына облыстық, уездік қазақ комитеттері үлкен әсер етті. Осылай, ұлт зиялыларының ұйымдастыруымен 1917 жылдың  көктемінде: Торғай (Орынбор қаласы, 2-8 сәуір, 300-ден астам делегат, төрағасы – А.Байтұрсынов), Жетісу (Верный қаласы, 12-13 сәуір, 81 делегат, төрағасы – И.Жайнақов), Орал (Орал қаласы, 19-22 сәуір, 800-ден астам делегат, төрағасы – Ж.Досмұхамедов), Ақмола (Омбы қаласы, 25 сәуір – 5 мамыр, 150-ге жуық делегат, төрағасы – А.Тұрлыбаев) қазақ облыстық съездері өткізілді.

Әулиеата уезінде съезд 1917 жылдың 27 желтоқсан күні өтті. Осы съезде 11 адамнан тұратын Әулиеата уездік комитетінің құрамы сайланып, барлық билік солардың қолында болатындай шешім шығады. Уездік комитеттің төрағасы болып, Әзімхан Кенесарин сайланады. Әулиеата уезінде Әулиеата уездік революциялық комитеті жеңіске жетіп, билік басына келген соң ,Алашорда үкіметінің уездік комитеті 1918 жылы желтоқсан айында өз жұмысын тоқтатады.

Ә. Кенесарин Кеңес үкіметі орнаған соң, 1921 жылы Сырдария революциялық комитетінің хатшысы болып, одан кейін Әулиеата уездік атқару комитетінің жер бөлімінің меңгерушісі, гидротехник қызметтерін атқарады. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ІІХК басқармасы «үштігінің» шешімімен 1937 жылдың  28 қарашасында сотталып ең жоғары жазаға кесілген. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ІІХК басқармасы «үштігінің» шешімімен 1937 жылдың  28 қарашасында сотталған. 1956 жылдың 31 желтоқсанында Түркістан әскери трибуналы ақтады.

Әрине , мұндай деректерді екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Ал, қолына осы тұрғысында кездейсоқ болса да кітап тисе , оның  оқылуы әбден ләзім. Олай болса қарайық:  «1916 жылдың мамыры. Уезд бастығы Суплатов келгендерге: Жұмыс, тіршілік керегі жоқ дейтіндерге жол ашық, өндірістен кетсін! Ал, қайыршыға қамқоршы болғандардың ниеттері бізге түсінікті. Олар сотталады, барыңдар!- деді. Соны естіген қала жұмысшылары түгел көтеріліп, Атшабардан төмен орналасқан уезд бастығының сарайына жиналды. Олар қамалғандардың аттарын атап: « Босатыңдар! Босатпасаңдар түрмелеріңді талқандаймыз!»- деп, тұс-тұстан дамылсыз айғай көтерді. Көп уақыт өткен жоқ, уезд гарнизоны солдаттарының сырнай-керней дауысы естілді. Екі жүзге жуық мылтықты солдаттар жиналған жұмысшыларды тіліп өтіп, алдарына шықты. Оларды бастап келгендері екі аттылы, уезд бастығының көмекшісі Кенесарин мен қала приставы Мешешков. Екеуі де қару-жарақтарын асынған, сұсты-ақ. Қыр мұрын, қияқ мұртты, өткір шегір көзді, қабақты келген, денелі қара-сұр жігіт Кенесарин қамшысын бүктей ұстаған оң қолын ат үстінде шірене тұрып көтеріп: Шуламаңдар!-деп айғай салды. Дауыстар сап тиылды.-Сендер бұл келістеріңмен бір үзім нандарыңнан, ал айтқанға көнбей қарсылық жасасаңдар өмірлеріңнен айырылғалы тұрсыңдар. Мына солдаттар тегін шақырылған жоқ. Қазірден бастап тараңдар! Тармағандарыңды қарумен күштеп апарып қамаймыз! Оған да көнбегендер атылады! Естідіңдер ғой! Қане! Тараңдар! Ешкім бұл сөзге қозғала қойған жоқ еді, Кенесарин солдаттарға: Дайындалыңдар!- деді өктем дауыспен. Солдаттар мылтықтарын кезеп-кезеп тұрақалды.  Кенесарин тағы да: Ескертіңдер!- деді айғайлап. Солдаттар аспанға гүрс-гүрс оқ атты. Жұрт жаңағыдай емес, қозғалақтап, бір-біріне жалтақтап қарай бастады. Бәріне көзін тесе шолып тұрған Кенесарин: Ақырғы рет ескертем, тараңдар!- деді. – Тарамасаңдар қазір топ-топқа бөліп, сұраймын, тыңдамағандар сол тобыңмен түрмеге айдалынасыңдар! Әр жерде тұрған большевиктік топ мүшелері жұртты ерегіспей тарауға үгіттеді. Олар бұл жолы қарсыласып табан тіреуден тек қана талай жұмысшыны қаматып, босқа айырылатындықтарын білді. » Не істеу керек? Біздіңше, тарихи әдебиеттерді мұрағат құжаттарына сай  сәйкестендірген жөн болар еді.

Съезде  ІІ жалпықазақ құрылтайына делегат болып  сайланған, кейінгі кеңестік дәуірде аудандық деңгейден Қазақстанның Халық Комиссарларының қатарына дейін көтерілген тұлғалардың бірі Әділев Дінмұхамед. 1900 жылы      Сырдария облысы Сарысу уезінде туған, қазақ. «Алаш» партиясының және Коммунистік партияның мүшесі болған. 1913 жылы Ақмола қаласындағы бастауыш училищені, 1918 жылы Омбы қаласындағы гимназияны бітірген,1919-1920 жылдары Ташкент университетінде оқыған.  1914-1917 жылдары Омбы қаласындағы «Бірлік» қоғамының мүшесі.  1917-1918 жылдары  Алашорда жағында азамат соғысына қатысқан. 1918-1920 жылдары  Ташкент қаласындағы Қазақ ағарту институтының оқытушысы, РК(б)П Семей губерниялық комитетінің жауапты қызметкері. 1920 жылдың желтоқсанынан 1921жылдың 12 қантарына дейін ҚАКСР ІІХК Халкомы қызметін уақытша атқарған. 1921 жылдың қаңтарынан  ҚАКСР ІІХК- ның  бөлім бастығы,  жазу машинкаларын есепке алу және қайта тіркеу жөніндегі комиссиясының төрағасы, Түркреспубликасының Сырдария және Әулиеата уездеріндегі ҚырОАК-нің өкілі. 1923-1925 жылдары Қазақ ағарту институтының оқытушысы, директоры, Түркреспубликасының Халық ағарту халық комиссариатында, Сырдария облыстық атқару комитетінде, губерниялық сотта ҚАКСР халық ағарту халық комиссариатында еңбек еткен. 1925-1926 жылдары Қазақ ұлттық театрын ұйымдастырушылардың бірі болған және оның директоры қызыметін атқарған. Қуғындалған. 1928 жылдың  желтоқсанында тұтқындалған,1930 жылғы  сәуірде ату жазасына кесілген. 1988 жылдың қарашасында ақталған.

Ал, осы және жоғарыда көрсетілген басқа да өңірлік съездерде ұлт азаттығы, жер, дін, мәдениет, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және басқа да мәселелер қарастырылып, осы мақсаттарға жету жолындағы іс-шаралар тізбесі айқындалды. Ұлт жетекшілері 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өткен жалпықырғыз (жалпықазақ) съезінде қырғыздардың (қазақтардың) жеке саяси партиясын құру туралы қаулы қабылдады. Партияны ата-бабаларымыздың ұраны болған «Алаш» атымен атау көпшіліктің көңілінен шықты. Ендігі жерде, «Алаш» көсемдері қазақ халқының болашақ мұраттары – еркіндік пен бірігу идеяларын кеңінен насихаттай бастады, халықты алмағайып заманның қиыншылықтарына қарамай, өз мемлекетін құруға шақырды. Ұлтымыздың осындай озық қайраткерлерінің қарымды ұмтылыстарының нəтижесінде Қазақ жерінде «Алашорда» аталатын қазақтың ұлттық үкіметі (1917 жылы 13 желтоқсанда) құрылып 1917–1920 жылдары өмір сүргені тарихтан белгілі. Алаш автономиясының құрамына сол кездегі Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарындағы, Каспий сырты облысындағы, Алтай губерниясындағы қазақтар мекендейтін аудандар енгізілді. Әрине, Қазақ хандығы мен мемлекеттік билік жүйесінің бірнеше ғасырлар бойы қалыптасып, ұлттық мүддені қорғау мен жүзеге асырудың мол тəжірибесінің жинақталуы, Алаш зиялыларына XX ғасырдың басында Ресей құрамындағы автономия ретінде өз мемлекетін құрып, Елдің ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Дегенмен, ірі империяның іргесі сөгіле бастаған кезде саяси аренаға шыққан «Алаш» билігіне күрделі де қатал өмір ағымы белсенді саяси күшке айналуына ырық бере қоймады. Сәл кейінірек басталып кеткен қым-қиғаш Азамат соғысы тұсында ол мүмкін де емес еді. Нәтижесінде, ұлт азаттығы үшін күрес арнасына түскен Қазақ елі бүкіл Ресей империясын қамтыған тап аралық соғыс кеңістігіне тартылды. Қазақ қоғамы болашақ мемлекеттік құрылыстың түрлі нұсқаларын жақтап (алаштық және кеңестік) екіге бөлініп кетті. Осылай, аз уақыт бұрын ғана отарлық езгіге қарсы күресте саяси тұтастық туын көтерген қоғам мүлдем басқа сипат алып, таптық жіктелу жолына түсуге мәжбүр болды.

Мұндай арандатудың қасіретті тұстары аз болған жоқ. Мәселен, 1917-ші жылдың тамызында Верный қаласында құрылған «Қара жұмысшылар Одағын» ұйымдастырушылардың бірі, сол жылы большевиктер қатарына өткен Тоқаш Бокин өзінің кеңестерге деген адалдығын Найденовкадағы орыс крестъяндарының деревнясын өрттен аман алып қалуға көмектесіп, оны қазақтарға: «Орыс крестъяндары сендердің дұшпандарың емес.Олардың өміріне нұқсан келтіруге болмайды. Сендердің дұшпандарың патша мен оның жендеттері»,- деп түсіндіреді. Дұрыс қой. Халықтар достығына не жетсін. Әйтсе де, қазақтардың осы жылдардағы бұл әрекеттері еріккеннің ермегі емес екендігі анық болатын. Себебі, патшаның қазақтарды тыл жұмыстарына реквизициялау туралы жарлығына қарсы шыққан көтерілісшілерге қаруын шошаңдатып ғана қоймай, қырып та салып жүретін кәззаптардың қатарында крестъяндардың барлығы жасырын емес еді. Атап айтсақ, тонау мен зорлық-зомбылықты есептемегеннің өзінде, көршілес Ново-Тройцкінің крестъяндарының қолынан Ашын болысына қарасты ауылдардан 400-дей қазақ қаза тапқан. Ал, Қожан қажының баласы Сағындық ұйымдастырған бұл істі қарусыз қазақтардың жанайқайы деп түсінсе де болатын шығар. Кейінірек, Жетісуда Кеңес билігі күш алар тұста Т.Бокин облревкомның арнайы комиссиясын басқара отырып, «Алаш» партиясының жергілікті бөлімшесін таратып, олардың барлық іс-қағаздарын жою арқылы, дүние-мүлкі мен ғимараттарын Орыс-түземдік қарым-қатынастарын реттеу Комиссариатына өткізеді. Көп ұзамай, 1918-ші жылдың 29-шы мамырынан Верный партия ұйымы мен облыстық комитеттің шешімімен байлардың малын кәмпескелеп, оны кедейлерге үлестіріп беру науқаны да басталып кетеді. Бұл іс-шараны жүзеге асырушылардың бірі Т.Бокин болады. Әрине, алашордалық И.Жайнақов, Қайсерке Тоқсанбаев пен Әбділдә Кәкеновтарға заңды белден басқан мұндай «ұр да жық» әрекеттердің ұнамағаны белгілі. Нәтижесінде, 1918-ші жылдың 19-шы қыркүйегінде Тоқаш Бокин өз қандастарының қолынан қаза табады.

Дәл осындай текетірес, 1919-шы жылдың 24-ші шілдесінде В.Лениннің қолынан Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Революциялық комитет мүшелігінің мандатын алған, атақты Әбілхайыр ханның шөбересі Бақытжан Қаратаев пен «Алаш» үкіметінің батыс бөлімшесінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтердің де арасында болғаны тарихқа белгілі.

Әйтсе де, Қазақ атты Ұлы Елде саясаттың қылбұрауынан қорықпаған Ұлы тұлғалар болды. Дәл осы ағайынды Досмұхамедовтарға, М.Тынышбаевқа, М.Әуезовке – Тұрар Рысқұлов көмектессе, Байтасов пен Бірімжановқа О.Жандосов пана бола білді. Әрине, мұның алашордашыларға қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана көмек болғандығы аян. Себебі, күннен-күнге күшейіп, дес бермей келе жатқан кеңестік репрессивтік аппарат Алаш қайраткерлерін бірінші кезекте және аяусыз жазалап отырды. Осылай, отызыншы жылдардың алғашқы жартысына жетпей-ақ  Алаш қозғалысына қатысушылардың негізгі шоғыры түгелдей дерлік жойылған еді. Бірақ бұл сталиндік жазалау жүйесіне аздық етті.

1934 жылы Ленинградта С.М.Кировқа жасалған қастандық, оның кім ұйымдастырып, кім арқылы жүзеге асқанына қарамай, қоғам назарын естен шығып кеткендей болған ішкі саяси күрестегі террор қолдану фактісіне аударды. Партия мен мемлекеттің көрнекті қайраткерлерінің бірінің қаза болуы митинг, жиналыс және т.д.б. түрдегі ұйымдасқан қоғамдық резонансқа ұласты. Қоғамдық санада, күрес жалғасып күшейе түсетіні , онда ең жоғарғы жаза қолданудан жалтару жоқ екендігі қашып құтыла алмайтын факт ретінде қалыптастырылды. 1936 жылдың  29  шілдесіндегі  БК (б) П-ның барлық партия ұйымдарына жіберілген жабық хатында « қырағылық мәселесі мен дұшпанды тани білуде» жіберілген кемшіліктерді жою өте қатқыл түрде талап етілді. 1936 жылдың 5 тамызындағы осы мәселені талқылауға арналған Қазақ өлкелік комитетінің бюросы, өз партия ұйымдарын және әсіресе жетекші кадрларды ерекше қырағылық танытуға және дұшпанды тануда  «мейлі ол жақсы қызметкермін деп мәймөңкелесе де, мейлі өзін партияның белсенді және шын берілген  мүшесі ретінде көсетуге әрекеттенсе де, – қателеспеуге міндеттеді.

Орталық лақтырған «тастың» алғашқы «дүрсілі»  ретінде  «қырағылықты күшейтудің арқасында әшкереленіп және соңынан  партиядан қуылған 43 контрреволюционер  троцкист-зиновьевшілдер мен олардың сыбайластары» туралы оқиғаны айтуға болады. Республикалық партия ұйымының 100 мыңнан аса мүшелерінің ішінде аталған ағымның бұдан да көп жанашырлары (жақтаушылары) болуы әбден  мүмкін еді. Дегенмен жазаланғандардың шын мәнінде аталған топтарға қатыстылығы  анық айқындалған жоқ. Осылай Оңтүстік Қазақстан өңірі бойынша: Шымкентте ұлтшылдар Әлмұхамедов пен Дәуірбаев өз пәтерлерінде жиналыс өткізіп, оған басқа да коммунистерді тартып, контрреволюциялық, ұлтшылдық және троцкистік үгіттер жүргізді. Мирзоян қызылша совхозында троцкист В.Нестеров троцкистік – алашордалық топ құрып, оған ұлтшылдар, Қазыбаев пен Төленов кірді;

Бұл арқылы белгіленілген немесе жасырын дұшпандар нақты таңбаланған – «ұлтшыл», «алашордашыл», «троцкист-зиновьевшіл», – деген саяси атқа ие болды. Осылай, Алашқа әйтеуір бір қатысы бар-ау делінгендер толығымен жойылып кетті. Бірді-екілі аман қалғандардың саясатта шаруасы болмады.

Кейін, уақыт өте келе «Алаш» қайраткерлері ақталды, басшылары аса білікті күрескер ретінде тарихқа енді.Тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ жұртына есімдері тарихқа беймәлім болып келген «Алаш» азаматтарының қайта оралуы халқымыздың сана сезіміне ерекше зор әсер еткені даусыз.

Page 3 of 3
1 2 3