Бүгін, ағымдағы жылдың 1 маусымында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, облыстық Махмұт Қашқари атындағы Ұйғырлар этномәдени бірлестігі, бірлестіктің төрайымы Мухабат Абдрахманқызы Турдыеваның ұйымдастыруымен үлкен іс-шара өткізді.
Іс-шараға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Кузиев Зәкіржан Пірмұхамедұлы, Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова мен қызметкерлері, Махмұт Қашқари атындағы Ұйғырлар этномәдени бірлестігінің төрайымы мен мүшелері, №34-жалпы білім беретін мектебінің директоры мен оқушылары, облыстық ҚХА «Ассамблея жастары» ҚБ төрайымы Хамида Турдыева мен белсенді жастары, қазіргі замандағы гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Фарида Нақышқызы мен білім алушылары, ҚХА төрағасының орынбасары Латиф Айдаров пен этномәдени бірлестіктер және БАҚ өкілдері қатысты.
Балаларға арналған мерекелік іс-шара мектеп директоры Динара Хатамқызы Нуралиеваның қолдауымен Жамбыл облысы «Солнечный» кентінің қалалық №34-мектебінде «Достық» жазғы лагерінің ашылу салтанатынан басталды. Жиылған жұртқа Ұйғыр бірлестігінің басшысы Мухабат Абдрахманқызы мен өңірлік ҚХА төрағасының орынбасары Латиф Амзеевич, аталмыш мектептің директоры Динара Хатамқызы алғы сөздері мен құттықтауларын айтып, іс-шараның шымылдығын ашып берді.
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Зәкіржан Кузиев мектеп оқушыларын бүгінгі мерекелерімен құттықтап, Жаңа референдум қарсаңында келген іс-сапарының мән-мағынасын түсіндіріп, облыс әкімдігіне өзінің көзі көрген аталмыш ескі мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу немесе жаңа мектептің құрылысы туралы ұсыныстары мен өз тарапынан берілер көмегі жайлы жеткізетіндігін сөз етті. Сонымен бірге, Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева мектеп директорына атаулы мерекеге орай балаларға әкелген базарлығынан жоғарғы сынып оқушыларына ұлттық желбірлі көйлектерді әдемі бас киімдерімен және төменгі сынып оқушыларына 25 доп, 25 секіргіш ойыншықтарын сыйға тапсырды.
Оған қоса, қазіргі замандағы гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Фарида Фаридқызының бастамасымен мектептің жоғарғы сынып оқушылары үшін профориентациялық дәрістер жүргізілді. Көп жағдайда мектеп бітірерде қиналтатын сауалдардың бірі –мамандық таңдау, қай оқуға бару сияқты түрлі сұрақтардың аясында құнды кеңестер беріліп, пайдалы сабақтар жүргізілді.
Бұдан соң, іс-шара арнайы дайындалған балалардың жарқын концерттік бағдарламасына ұласты. Концерттік бағдарлама қазақ халқының танымал әндеріне, жігерлі билерге, клоундардың және басқа да ертегі кейіпкерлерінің көңілді қойылымдарына толы болды. Мерекелік концерттің белсенді қатысушылары аталмыш мектептің түрлі этностан құралған талапты да талантты балалары болды. Жас әртістер “Гүлдер биі”, “Шөжелерім” хореографиялық қойылымдарын және “Тамаша”, “Мереке”әндерін нақышына келтіріп орындады. Дүнген балаларының талантына тәнті болған қонақтар мен көрермендер зор ризашылықпен тарқасты.
Сондай-ақ, мектеп кітапханасының ішінен «Coworking» – «Самғау білім» орталығының ашылу салтанаты өтіп, тұсаукесерін Мухабат Абдрахманқызы ашты. Кітапхана меңгерушісі Анар Қалиева бұл орталықтың оқушылар үшін жақсы жаңалық болғандығын, өңірде жүргізіліп жатқан «Өрлеу» жобасы шеңберінде мектеп кітапханасы енді жаңа үлгіде жұмыс жасайтындығы жөнінде анығырақ былай деді: «Орталықты ашудың басты мақсаты – кітапхананың қызмет көрсету деңгейін еуропалық тәжірибеге негіздеу мақсатында қолға алынуда. Алдағы уақытта мектеп кітапханасы компьютерлермен жабдықталып, ғаламтор желісіне қосылары жоспарланып отыр. Кітапханалар жұмысын жаңартып, іске қосу үшін көп қаржы жұмсалады. Қазір кітапханамыздың 300 ден аса кітап қоры бар, – деп кітапхана қызметкері демеушілік жасаған облыстық Ұйғыр бірлестігіне зор рахметін білдірді.
Бірнеше игі істерді қатар қамтыған балақайларға арналған бұл мерекелік іс-шара өз кезегінде жоғары деңгейде өтті.
Жамбыл облысы әкімдігінің
ішкі саясат басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы
https://www.youtube.com/watch?v=g3WT-HKl3Rk