Бүгін Тараз қаласының Достық үйінде «Жамбыл облысы неміс қоғамы» қоғамдық бірлестігі Пасха мейрамын атап өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – неміс этносының  салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеу. Сондай-ақ, шараға облыстық неміс этномәдени бірлестігінің белсенді мүшелері және өзге де этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.

Мерекеге орай жиылғандарды  Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Иманжанқызы құттықтады.  Сонымен қатар, «Жамбыл облысы неміс қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Гибнер  мерекенің мән-мағынасын түсіндіріп, оған атсалысқан барша жандарға алғыс айтты.

Пасха – бұл көктем мезгілі басталуын білдіретін дәстүрлі мереке. Неміс Пасхасыныӊ ерекше белгісі өмір мен жаӊа бастаудыӊ символын білдіретін боялған жұмыртқалар, мол өнімді білдіретін пасха қояны, әртүрлі пісірілген нан және тәттілер.

Мереке барысында ұлттық киім киген «Singende Herzen» вокалдық ансамбьлі неміс халық әндерін орындады. Этномәдени бірлестік жастары  музыкалық және вокалдық нөмірлер дайындап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.  Ал балалар жиылған көрерменге пасхалық көріністен театрландырылған  үзінділер ұсынды.

Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығы

 

Ассамблея – ынтымақтың үздік үлгісі

Қазақстандағы этносаралық келісім мен бірлікке қызмет ететін институттың сессиясы жыл сайын өтіп тұрады. Дәстүрге айналған сессия Қазақстан халқы үшін аса маңызды диалогтық алаңға айналған. Биылғы жылғы сессияда қандай шешімдер қабылданып, қандай жобалар жүзеге асатынын білуге асықпыз.

Жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясының мiндетi – халық бiрлiгiн нығайту, қазақстандық қоғамның негiзiн қалаушы құндылықтар бойынша қоғамдық келiсiмдi қолдау және дамыту, сондай-ақ, қоғамдағы экстремизм мен радикализмнiң көрiнiстерi мен адамның құқығына, бостандығына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттiк органдарға жәрдемдесу болып табылады.

Бір сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ассамблеяның тарихы – бұл біздің тұрақтылығымыздың тарихы» деген болатын. Бұл сөздің қаншалықты маңызды екені әркімге жіті түсінікті деп ойлаймын. Жеке өзімді Елбасының осынау сөзі ерекше қанаттандырады. Әрі облыстық ассамблеядағы жұмсымды шыңдау үшін жігерімді жанитындай.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма тоғызыншы сессиясы 28 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев орталығында “Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы” күн тәртібімен шақырылды.  Алдағы сессияға артар үмітім көп.

Жалпы, этно-мәдени бірлестіктер бір болып көптеген игі істерге ұйытқы болып келеміз. Не істесек те еліміз, Отанымыз Қазақстанның бекем бірлігі мен көркем тірлігі үшін.  Біздің мақсатымыз бір, мүддеміз бір, келешегіміз де, еліміз де бір. Елбасының айтқан бағдары бойынша Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамдық келісім үшін «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жұмыс істейміз. Шындығында ел еңсесі биік болып, оған титтей де болса үлес қосып жатсақ ол біз үшін зор мақтаныш.

Сондай-ақ, тағы бір өзекті мәселеге тоқталғым келіп отыр. Қазақ тілі – Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Мемлекеттік тілі.  Біз түбіміз бөлек болғанымен Отанымыз бір. Бізді тар заманда бауырына басып, соңғы нанын бөліп берген қазақ халқының тілін өз тіліміздей толық меңгеріп кетпесек те күнделікті тұрмыс-тіршілікке қажетті деңгейде білуіміз керек деп білемін. Бұл Отан алдындағы әр азаматтың борышы. Бүгінде қазақ тілінде еркін сөйлеп, оның мәртебесін көтеріп, тұғырын нығайтып жүрген өзге этнос өкілдері аз емес. Жастары болсын, қаттары болсын өз шама шарқынша сөйлеп жүр. Дегенмен осы бір мәселеге ерекше мән берсек екен. Мен елімізге деген сүйіспеншілігімді оның әрбір құндылығын жетік меңгеріп, мәдениеті мен өркениетін, тілі мен ділін жетік меңгеру арқылы дәлелдегім келеді. Меніңше мұндай сезім әр қазақстандық азаматтың бойында тулап тұруы керек.

Ассамблея арқалаған жүктің арасында осы тіл мәселесі де бар. Мемлкеттік тілді дәріптеуде түрлі жобалар жүзеге асып, көптеген ұсыныстар қаралу үстінде. Бұдан өзге біріліктің бірегей институты  өз қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады. Аталмыш бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді.

 

«Тараз қаласының өзбек этномәдени орталығы»

 қоғамдық бірлестігінің төрағасы

 Зайнутдинов Абдурахман

 

ХХІХ сессиядан күтер үмітім көп!

Бүгінде әлемнің қасіретіне айналған пандемия біздің елденде  іргесін аулақ салмады. Алпауыт індеттің тырнағы жанымызға батып тұрғаны рас. Алайда, бірлік бар жерде алынбайтын қамал бар ма? Ақпыз, қара, сарымыз деместен бір үйдің баласындай басымызға төнген қауіптің бұлтын сейілтуге мықтап ат салысудамыз. Бұл тек біздің емес әлем халықтарының басын біріктіріп күресуге шақыратын вирусқа қарсы соғыс. Әрине, саусақ арасынан сырғынған құмдай көз ілестірмей барады. Індеттен әлем болып айықпасақта аузынан ажал бүркіген аждаһаның бетін қайтарғандаймыз. Бұл да берік бірліктің, ынтымақ пен тұрақтылықтың арқасы деп білеміз.

Биылғы жылы сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев   Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев орталығында  өтетін «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» күн тәртібімен  29 сессиясына шақырды. Бұл, ел ынтымағын күзеткен бірегей институт  ширек ғасырдан астам уақыт бойы көп этносты Қазақстанның бірлігі мен келісімінің сенімді кепілі болып келеді.

Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  Егемен мемлекет ретінде,  біртұтас азаматтық қауымдастық қатарында өмір сүруіміз ел ішіндегі қауіпті жағдайларды болдырмауға байланысты дегенді түсіндіре келе, Елбасы өз баяндамасында татулықтың басты символы Ассамблеяның, бейбітшілік пен келісімнің басты формуласын егжей-тегжейлі ашып берген болатын.

Сонымен қатар, өткен жылдан бері тек Жамбыл облысында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың жетекшілігімен жүзеге асып жатқан бірегей жоба бар. Ол Жамбыл жерінде болған соңғы қақтығыстардың алын алуға арналған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы.

Өз жемісін беріп жоба аясында бүгінгі таңда, барлығы-1144 іс-шара ұйымдастырылды. Жобаға 30 мыңға жуық адам тартылды. 1919 азаматтың мәселесін шешуге көмек берілді. 709 азаматқа медициналық көмек көрсетіліп, 236 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Жоба 2021 жылы жеті ауданда 1 наурыздан басталатын болады. 1-3 наурыз Меркі, 4-6 наурыз Шу, 9-11 наурыз Байзақ, 11-13 наурыз Жамбыл, 15-17 наурыз Талас, 18-20 наурыз Сарысу және 25-27 наурыз аралығы Қордай аудандарында өткізілді.

Игі істің жұмыс тобы құрамына облыс аумағындағы барлық құқық қорғау және мемлекеттік органдар мен қатар басқармалардың мамандары енгізілді.

Келелі жобаның негізгі мақсаты облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, білім беру мен медициналық қызметтер сапасын жақсарту, діни білім деңгейін көтеру, азаматтарға арналған жылжымалы қабылдау өткізу, әлеуметтік мәселелерін шешу, үйме-үй жүру, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін ұйымдастыру, халыққа несие беру бойынша кеңес беру, халықтың әлеуметтік осал топтарының мәселелерін шешу, заң аясында көмектесу, бизнесті қолдау және дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу болатын.

Міне, Қазақстан халқы Ассамблеясының арқалап отырған жүгі аз емес. Әсілінде, ел тарихына ерекше үн қосар, халықтар достығының мызғымас  негізін қалыптастырып ымыраға келтіру, ынтымақ пен тұрақтылықты сақтау ассамблеяның айнымас сертіне айналған. Сондықтан да, әр сессияны асыға күтеміз және сеніміміз ақталады. биылғы жылғы сессияданда күтер үмітім көп.

Жамбыл облыстық «ВЫНХУА» дүнгендер

этномәдени бірлестігінің мүшесі,

 облыстық ҚХА Аналар кеңесінің өкілі

Нуралиева Динара Хаттамовна

Бейбітшілік пен ынтымақтастықтың ыстық ұясы

2021 жылдың сәуірінде ел тарихында маңызды оқиға саналатын – Қазақстан халқы Ассамблеясының дәстүрлі XXIХ сессиясы өтеді. Бейбітшіліктің бірегей институты  ширек ғасырдан астам уақыт бойы көп этносты еліміздің бірлігі мен келісімінің сенімді кепілі болып келеді.

Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  өткен жылғы XXVIIІ сессияда сөйлеген сөзінде: «Әлем ауыспалы болса да, тұрақты, іргелі құндылық – қоғам бірлігі мен ұлтаралық келісім болып қала береді. Өзгерістер мен жетістіктер дәуірі әлемді қауіпсіз ете алмағанын өкінішпен мойындау керек. Бүгінгі таңда шамамен ондаған мемлекеттер қақтығыс пен жанжалдар астында отыр. Олардың көпшілігінің себебі ішкі этносаралық және діни қайшылықтар,  бұл елемеуге болмайтын қайғылы жағдайлар..» – деген Елбасы, өз баяндамасында татулықтың басты символы Ассамблеяның әлеуметтік бірлік және қоғамды жаңғырту болып табылатын бейбітшілік пен келісімнің басты формуласын егжей-тегжейлі ашып берді.

Бейбітшілігіміз бен ынтымағымыз сынға түскен тағы бір кезең – бұл пандемия кезеңі. Біздің елімізді де дүние жүзіне кең тараған тәжді вирус айналып өтпеді. Талай халықтың қаймағына айналған тұлғалар мен қаншама қарапайым ел  індеттің салдарынан көз жұмды.  Аты шулы індетпен арпалысып, жасанды оттегі құрылғысымен жанын аман алып қалуға асыққандары қаншама. Дүбірі басылмаған алпауыт дерттің басы қайтқанымен қарқыны толқын толқын болып тығырыққа тіреуде. Қазір әлем елдері пандемиямен күрес үстінде. Бұл қиын кезеңнен өту де тек татулық пен бірлікке қатысты. Қандай жағдай болмасын, небір қилы заманда халықтың бірлігі арқылы ғана жеңіске жеткенбіз. Осы тұста ынтымағымыз ажырамаса екен, іргеміз сөгілмесе екен деген тілегімде бар!

Әрине елімізде орын алып жатқан кез-келген дүниеге халық болып үн қатамыз. Барлық іс ел Президентінің сындарлы саясаты негізінде жүзеге асатын болады. Алдымызда Қазақстан халқы Ассамблеясының дәстүрге айналған кезекті сессиясы келе жатыр. Бұл сессияға қатысушы әрбір Қазақстан азаматы өзін  зор  жауапкершілік күтіп тұрғанын  ұмытпағаны абзал. Өйткені, осы үлкен диалогтық алаңда білім деңгейі көрініп, пікір, тәжірибе алмасу, ел арасындағы түйіткілді мәселелердің шешілуі жолында тың идеялар ұсынылып, жүйелі жобалар жүзеге асады.  Өткеннің кемшіліктерінен дұрыс нәтиже шығарып, жетістіктерін пайдалана отырып, болашаққа нық қадам жасай келе, жаңа таным, жаңа көзқараспен алға ұмтылу – Қазақ елінде тұратын барлық этнос өкілдерінің өз атқарған істерінен күткен нәтижесі.

Ең бастысы, әрбір Сессия Ассамблея құрылымдарының Қазақстан бойынша өткен жылдағы атқарған жұмыстарының қорытындысын шығаруға мүмкіндік береді және соның негізінде келелі жоспарлар жобасы жасалады.

Біз барлығымыз дамудың күшті қарқынымен бірге жүретін қазіргі заманғы қазақстандық қоғамның қуатты трансформациясының куәсі болып табыламыз. Жаңа технологиялар адамзаттың дүниетанымын және адамдардың қоғамдағы қарым-қатынасын түбегейлі өзгертеді. Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуымен бірге, еліміздегі елеулі оқиға- Конституциямыздың 25 жылдығын атап өттік. Бұл барлығымыз үшін маңызды даталар болып қалады. Қазақстан халқы өмірінің осы межесіне жеткенде нағыз бірлік пен патриотизмнің, өз жеріне және халқына, оның мәдениетіне, жалпы құндылықтарына, мақсаттары мен міндеттеріне деген сүйіспеншіліктің барына нақты көз жеткіздім. Қазақстан-экономикалық және саяси табысты, бейбітті және тұрақты мемлекет.

Мен біздің халқымыз бірлік пен келісімді сақтай отырып, уақыт сынына адал жауап беріп, жаңа биіктерге жете алатынына сенімдімін.

Кабиева Айгүл

«Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығы»

 бірлестігі төрағасының орынбасары

Ассамблея – ұлттардың ұйытқысы

Тәуел­сіз Қа­зақстанда этносаралық қаты­нас­тардың қазақстандық моделін қалып­тастыру – бұл тың көзқарас. Елдегі болып жатқан түрлі жағдайға қарамастан біз бірлікті сақтаймыз. Бұл үрдіс бұған дейін де еш үзілмеген. Дәл солай әрмен қарай жалғаса беретін болады. Осы тұста еш елде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған ісі ауқымды екенін   атап өту маңызды. Осы орайда «Біздің ортақ міндетіміз қоғам­дық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау – тәуелсіз Қазақстан­ның басты әрі даусыз табыстарының бірі. Біздің ынтымағымыз одан ары нығая берсін, ал жүрегі ортақ же­тістіктер үшін мақтаныш пен алғысқа толы болсын» деген еді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Қазаұқстан халқы Ассамблеяның басты әрі негізігі міндеті – халық бір­лігін, ынтымақтастығын нығай­ту, қазақстандық қоғамның негізін қалаушы құндылықтар бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту. Сондай-ақ, қоғамдағы адамның құқығына, бостандығына қысым жасауға бағытталған әре­кеттерге қарсы тұруда мемлекет­тік органдарға жәрдемдесу болатын. Бүгінгі таңда тұрақтылық пен бейбіт өмірдің діңіне айналған ассамблея өзіне артылған міндетті айрықша орындап келеді.

Қоғамның көпэтносты, мәдениет пен тілдердің көптүрлілігі біздің артық­шы­лығымызға айналып, елдің дамуына берік негіз болғаны рас. Олай болса бізді әлем елдері арасында артық етіп көрсетіп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі күні ширек ғасырдан астам уақытты артқа тастап отыр. Ынтымақ пен бірегейліктің салтанат құрған дәуірі әрмен қарай жалғаса беретініне бек сенімдімін. Мен осы елдің азаматы, күрділер қоғамдық бірлестігінің өкілі ретінде елдегі болып жатқан қуанышты жаңалыққа қуанып, ал, қиындығына өзімше кейіп отырамын. Бұл – осы елге сіңіп, бүгінде өз Отанымыз ретінде мойындағанымыздың дәлелі. Ата-бабамыздың бізге көрсетіп кеткен үлгісі осындай. Бізді бұл үрдісті, одан әрі жалғап өз ұрпағымыздың бойына сіңдірудеміз. Қазақстан халқының мамыражай күн кешіп, ел іргесі аман, тыныш, бейбіт заман болғаны біздің де тілегіміз.

Өз этносымыздың салт-дәстүрі, мәдениеті, өркениеті болмаса түрлі әдет-ғұрыптар секілді ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, оларды болашақ ұрпақтарымызға жеткізуге немесе оларды ұмытылмастай дәріптеуге Қазақстанда ешқашан кедергі болған емес. Мұндай елдің неліктен қасиетті қастерлеп,мейрейін үстем етпеске. Керісінше, бізге осындай жағдай жасап, отырған кеңпейіл Қазаққа, ауадай қажет  ауызбіршілігімізді сақтап отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына алғыстан өзге айтарымыз жоқ.

Біз күрді халқы нәубетті жылдары қазақ жерін паналадық. Демін ішіне тартып тұрған нәубетті жылдарда қазақ жері бізден өзге сан түрлі ұлттарды бауырына басты. Міне, содан бері қаншама уақыт өтті? Бізге Қазақстан құтты қоныс, жайлы мекенге айналды. Біз үшін Қазақстаннан өзге Отан жоқ. Қоғамда өз орнын тауып, тату-тәтті өмір сүріп отырған этно­с­тар­дың басын Ассамблея біріктіріп отыр.

Мемлекеттің тұтастығы қоғамдағы ұлттардың азаматтық ынтымақтастығының арқасында десек қателеспейміз. Бүгінгі күнде отансүйгіштік, мейі­рім­ділік, төзімділік, ауызбіршілік, намысшылдық, батырлық, адалдықты өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіру — әрбір азаматтың парызы. Елбасы айтқан­дай, «Біздің бабаларымыз тірі болу үшін бір болған, біз ірі болу үшін бір болуымыз керек». Бұл дәстүр үзіл­ме­се, ғасырлар бойы көпэтносты мем­ле­кетіміздің тыныштығы тұрақты, қоғамдық тұтастығы мықты болмақ.

Айдаров Латиф Амзеевич  

Қазақстан Республикасы «Барбанг» күрділер ассоциациясының Жамбыл облысындағы республикалық филиалы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

 

 

Page 3 of 3
1 2 3