«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» эстафетасы Байзақ ауданында жалғасын тапты

Ағымдағы жылдың наурыз айында Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы және Қоғамдык келісім КММ ұйымдастыруымен Қазақстан республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Алғыс айту күніне орай бастау алған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» эстафетасы Байзақ ауданында жалғасын тапты.

«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңын өткізудегі мақсат – Жамбыл облысы аумағындағы этностардың арасында қазақ тілін меңгергендердің санын арттыру, жастардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасын арттыру, елдегі тіл саясатын нығайтуға және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосу.

Байзақ ауданында өткен іс-шараға мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері, этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері, жастар, ауыл тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.

«Гүлсім» балабақшасының меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты Гүлсім Алиева және орыс этномәдени бірлестігінің мүшесі Евгений Кравчук «Менің қазақ тіліне жету жолым», «Қазақ тілін қалай үйрендім?», «Мемлекеттік тіл – әлеуметтік баспалдақ» тақырыптарында өз ойларын ортаға салды.

Шара соңында өнер мектебінде концерттік бағдарлама және түрлі ұлт өкілдерінің мәдени көрмесі ұйымдастырылды.

Байзақ ауданының жастары өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» эстафетасын  Жамбыл облысының Жамбыл ауданына жолдады.

Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

Бар тіршіліктің тұтқасын ұстап тұрған Аналар, мейірімді Әжелер, әдемі Арулар!

 

Сіздерді шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтай отырып, бойына мейірім, жылулық, махаббат пен ізгілікті дарыта білген Сіздерге – көктеріңізден күн, құшақтарыңыздан гүл, өмірлеріңізден күлкі кетпесін демекпін! Осындай айтулы мерекеде отбасыларыңызға амандық, саулық, бақыт пен байлық тілеймін!

 

Ізгі тілекпен:  Жамбыл облыстық «Барбанг» күрділер

 ассоциациясының төрағасы Бабаев Хано Абдуллаевич

Меркі ауданында ҚХА Аналар кеңесінің кеңейтілген көшпелі отырысы өтті

Ағымдағы жылдың наурыз айында Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен 8-Наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесінің қарсаңында Меркі ауданында  «Қазақтың дәстүрлі құндылықтары: «Отбасындағы әйелдер образы және тәрбие»  тақырыбында ҚХА Аналар кеңесінің кеңейтілген көшпелі отырысы өтті.

Іс-шараның басты мақсаты –көп балалы отбасылар мен жастарды қолдау бойынша мемлекеттік жаңа шаралардың жүзеге асуын талқылау, аудандардағы аналар кеңесінің іс тәжірибесімен таныстыру, тәрбие жұмысына өнегелі аналарды тарту, аналарды өз балаларының бейбіт және қауіпсіз болашағының негізі ретінде елдегі әлеуметтік әл-ауқат, тұрақтылық, бейбітшілік және келісім саясатын қолдауға шақыру.

Отырыс барысында этнос әйелдерінің жұмыспен қамтылуы, бюджеттен аналарға арнайы қаражат қарастыру, мектеп жанындағы қыздар жиналысын қалпына келтіру, тәрбие жұмысына өнегелі аналарды тарту, дін өкілдерімен байланыс, уақытша жұмыссыз қалған аналарға арналған әлеуметтік қор ұйымдастыру, көпбалалы аналарды тегін интернет жүйесімен қамтамассыз ету, азаматтық алу туралы мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, аудандағы этнос қыздарының арасында  тұрмысқа тым ерте шығудың алдын алу, жат ағымдарға ілеспеу, отбасындағы зорлық-зомбылық, отбасындағы әйелдердің  рөлі бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Осыған қоса, этностар жинақы тұратын елді-мекендердегі  әйелдерге әр түрлі мәселелер бойынша кеңес берілді.

Қортындысында, жалпы көтерілген 4 мәселенің 2-і  жергілікті деңгейде шешілді, қалған 2 мәселе (аудандық бюджеттен әйелдер мәселесіне байланысты қаражат қарастыру, әлеуметтік қор құру) жоғарғы органдарға ұсыныс ретінде жолданатын болады.

Жамбыл облысы әкімдігі

ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Қордайда славян этномәдени бірлестігінің 20 жылдығы аталып өтті

Ағымдағы жылдың наурыз айында Қордай аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Алғыс айту күніне орайластырылған славян этносы күні өтті. Қордай ауданының «Отечество» славян этномәдени орталығының құрылғанына 20 жыл толды.

Іс-шараға аталмыш  этномәдени орталығының және аудандық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ішкі саясат басқармасының қызметкерлері, орыс этномәдени бірлестігінің шығармашылық ұжымы және аудандық және облыстық БАҚ журналистері қатысты.

Шара  барысында аудандық Мәдениет үйінің фойесінде «Отечество» этномәдени орталығының шеберлері: Пронникова Наталья, Бабешко Лариса, Шакул Валентиналардың қатысуымен қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шара «Соседушки» халықтық ұжымының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сондай-ақ, мерекелік  құттықтау сөздерімен Қордай ауданының  ІСБ өкілі – Таңат Қабылтай, «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігінің төрағасы – Айша Идыбо, «Шаңырақ» қазақ мәдени орталығы басшысының орынбасары – Сарагүл Баденова сөз сөйледі.

Жиын соңында этномәдени бірлестік мүшелеріне мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

 

 

Жамбыл облысының ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Медиация Алғыс айту күніне арналған Ашық есік күні өтті

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ 2021 жылдың  наурызында Медиация кабинетінде Алғыс айту күніне арналған медиацияның Ашық есік күнін ұйымдастырды.

Іс-шараға облыстық соттың судьялары, облыстық прокуратураның, әділет департаментінің, адвокаттар алқасының өкілдері, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Аталған іс – шараның мақсаты – медиация бойынша заңнамадағы өзгерістер туралы азаматтарды хабардар ету.

Іс-шараның басы Медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиеваның   сөз сөйлеп, қатысушыларды Алғыс айту күнімен құттықтауынан басталды: «Біздің бұл алаңдағы кездесулер дәстүрге айналды! Біздің ортақ ісіміз – адамдарға жанжалды дауларды шешуге көмектесу және отбасылық, серіктестік және қайырымдылық қатынастарды сақтай отырып, олардан абыроймен шығу. Медиация институтын, азаматтардың құқықтық мәдениетін дамытуға және татуластыру рәсімдерін насихаттауға бірлесіп жәрдемдесе отырып,  жалпыазаматтық қағидаттар негізінде қазақстандық қоғамды дамыту арқылы елдің бірлігін нығайтамыз!

Сонымен бірге, облыстық соттың судьясы Тілепов Азамат Серікұлы да қылмыстық заңнамадағы сотқа дейінгі талқылау сатысындағы өзгерістермен бөлісті: «2020 жылы – 56 қылмыстық іс медиация араласуымен дұрыс  аяқталды. Бұл сандар қылмыстық істерді қарау кезінде медиацияның өміршеңдігін көрсетеді», – деп айрықша атап өтті ол.

Бұдан өзге,  татуластыру рәсімдері жөніндегі үйлестіруші, облыстық соттың судьясы Нұрлыбаева Динара Нечаевна азаматтық заңнамадағы өзгерістер туралы анықтап айтып берді. – «2020 жылы пандемиямен байланысты қиын кезеңдерге қарамастан, Жамбыл облысының соттары республикада  татуластыру рәсімдері бойынша үшінші орынға ие болды. Бұл бізбен  ынтымақтасатын медиаторлардың да еңбегі. Ағымдағы жылғы 1 шілдеде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) қолданысқа енгізіледі, ол істерді қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеуге арналған, онда мемлекеттік органдар екінші тарап ретінде әрекет етеді. Ерекше атап өткім келеді: ӘРПК бойынша татуластыру рәсімдері де (медиация) құпталады. Бұл жаңашылдықтар азаматтарды ынталандыруға, сотқа жүгінгенге дейін татуластыру рәсімінен өтуге бағытталған”, – деді судья.

Жамбыл облысы 2-бөлімшесінің прокуроры – Теміржанов Мақсұт Бубарханұлы сотқа дейінгі тергеу органдарымен татуластыру рәсімдеріне қатысты қолданыстағы құқықтық актілерге енгізілген өзгерістермен бөлісті.

Қатысушылар арасындағы қызу ашық алаң сотта және сотқа дейінгі дауларда медиацияны қолдану барысында туындайтын өзекті мәселелерді талқылауға ықпал етті.

Іс-шара барысында қатысушылар судьяларға, прокурорға, заңгерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға толық жауаптар мен кеңестер алды. Көбінде бұл отбасылық және азаматтық даулар бойынша, сондай-ақ, корпоративтік даулар бойынша енгізілген ұсыныстар туралы мәселелер болды.

Жамбыл облысы әкімдігі

ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

#деньблагодарности

Шекара қызметі департаметінің әскери бөлімшесінде этномәдени бірлестіктер қатысуымен «Қазақ халқына мың тағзым» мерекелік іс-шарасы өтті

Ағымдағы жылдың 26 ақпанында Қазақстан Республикасы ҰҚҚ Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің жеке құрамы мен Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесіне орай, «Қазақ халқына мың тағзым» Шекара қызметі департаметінің  әскери бөлімшесінде мерекелік іс-шара өткізілді.

Іс-шараға шекара қызметі департаментінің жеке құрамы мүшелері, облыстық ассамблеяның  этномәдени бірлестіктер өнерпаздары, облыстық және қалалық БАҚ өкілдері қатысты.

Бұл іс-шараны өткізудегі мақсат – қоғамдық санада халықты біріктіретін жалпыұлттық құндылықтарды және Қазақстанның барлық азаматтарының күш-жігерінің нәтижесі ретінде Тәуелсіздіктің мәнін күшейту, жалпыазаматтық ынтымақ, бірлік, сенім және өзара толеранттылықты бекіту.

Жиын барысында  «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Бірлік-қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы»  қоғамдық бірлестігінің төрайымы  Узденова Леля Ахматовна, «Тараз қалалық өзбек этномәдени орталығы» төрағасы Зайнуддинов Абдрахман Юлдашевичтер Алғыс айту күні тарихтың түрлі кезеңдерінде қазақ халқының бауырмалдығына бөленген түрлі этнос өкілдерінің киелі қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымының  анық белгісі,  қазақ халқы кешегі қиын заманда – көптеген ұлт өкілдерін құшағына басып, бауырына тартып, дәм-тұзымен бөліскен дана халық екендігі жөнінде баяндама жасады. Жиылған жұртқа мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және этносаралық карым-қатынастарды нығайту жөнінде сөз сөйлеп, этнос өкілдерінің  арнайы дайындаған концерттік бағдарламаларын тамашалауға шақырды.

Сондай-ақ, жиын соңына жақын сахнада этномәдени бірлестік өкілдерінің, мәселен, «Жамбыл облыстық «Манас Ата» қырғыз этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің өкілі Меңдібаев Орынбасар Ахметұлының («Жылқычы ыры»)​​​​​​​ «Жылқышы жырын», «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Үкілім-ай» би ансамблі қазақ және татар билерін, облыстық Немістер қоғамының «Поющие сердца» өнерпаздары «Тумбалалайка»  әнін, бұған қоса, облыстық «Радонеж» орыс этномәдени бірлестігінің әншісі Антонина Беляева  орыс халқының «Я люблю свою землю» әнін көрермендер назарына ұсынды.

Іс-шара соңы қалалық Әлия Молдағұлова атындағы №28-мектептің 3-сынып оқушысы Ернұр Төленалының «Мен қазақпын» әнімен аяқталды.

Жамбыл облысы әкімдігі

Ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

“Жаңғыру жолы”

Үстіміздегі жылдың 27 ақпанында 1 – наурыз Алғыс айту күніне орай, қайырымды істер марафоны аясында Жамбыл облыстық “Жаңғыру жолы” жастар қозғалысының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы әлеуеті төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілді.

Қайырымды жандар Тараз қаласындағы аз қамтылған 30 отбасыға азық-түлік себеттерін үлестірді. Атап айтсақ, 1 себетте 1 л өсімдік майы, 5 кг картоп, 5кг ұн, 5 кг күріш, 1 л сүт, шай және тәттілер, сондай-ақ макарон өнімдері, барлығы 500 мың теңге көлеміндегі азық – түлік мұқтаж жандарға табысталды.

Бұл игі істің негізгі мақсаты – жастардың арасындағы ынтымақтастық, өзара көмек және қайырымдылық сезімдерін қалыптастыру, этносаралық қарым-қатынастарды нығайту болып табылады.

Іс-шара соңында Жамбыл облысы “Жаңғыру жолы” жастар қозғалысының жетекшісі Хамида Тұрдыева ат-салысқан жастарға алғысын білдірді.

“Мұқтаж жандарға көмектесу біздің азаматтық борышымыз деп білемін. «Мейірімділік әлемді құтқарады» деген сөз бекер айтылмаған. Қайтарымын сұрамай, шын ниетпен жасалған жақсылық әрқашан да адамның алдынан шығады. Сондықтан жақсылық жасау кез келген адамның өмірлік мақсаты болуы тиіс”, – деп сөзін аяқтады ол.

Облыстық “Жаңғыру жолы” жастар қозғалысының еріктілері қайырымдылық істерін алдағы уақытта әлі де жалғастырады.

 

Жамбыл облысы әкімдігі

Ішкі саясат басқармасының

“Қоғамдық келісім” КММ

 Баспасөз қызметі орталығы.

Қордай ауданында “Ұлы даланың ұлтаралық тілі” эстафетасы басталды

Ағымдағы жылдың 26 ақпанында Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы және Қоғамдык келісім КММ ұйымдастыруымен Қордай ауданының Сортөбе ауылында Қазақстан республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Алғыс айту айтулы мерекелеріне орай “Ұлы даланың ұлтаралық тілі” эстафетасы бастау алды. Биылғы жылы ашық форматта облысымыздың ауылдық округтерінде бастау алған мемлекеттік тіл іс-шарасына облыстық ішкі саясат басқармасының өкілдері, ҚХА мүшелері, жастары, аудан тұрғындары, этномәдени бірлестіктер мүшелері және облыстық БАҚ журналистері қатысты.

”Ұлы даланың ұлтаралық тілі” ашық алаңын өткізудегі мақсат – қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру, мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және сапасы мен мәртебесін арттыруға бағытталған өзекті мәселелерді талқылау.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын ілгерілету негізінде ұйымдастырылған іс-шаралардың бәріне дерлік аянбай қатысып жүретіндердің бірегейлері – облыстық ассамблея мүшелері – этномәдени бірлестіктер жастары, ҚХА еріктілері. Оның дәлелі – Сортөбе ауылында өткен аталмыш тіл форумы. Іс- шара барысында Сортөбе ауылының дүнген, әзірбайжан, түрік, орыс, күрді, кәріс этностарының жастары қазақ тілінің рөлі мен мәртебесін асыруда баяндама жасап, басқаларға үлгі ретінде өз белсенділіктерін танытты. Атап айтар болсақ, Қордай аудандық славяндар этномәдени бірлестігі жастар қанатының мүшесі Станислав Насыров, “Саладин” күрділер этномәдени бірлестігінің төрағасы Ислам Асадов, “Ахыска” түріктер этномәдени бірлестігінің төрайымы Камила Дургалова, “Коре” корей бірлестігінің мүшесі Кирилл Ким және басқа да дүнген, орыс, әзірбайжан этностарының жастары сахнада өз өнерлерін көрсетті. Шара барысында сахнада өз ұлттарының ұлттық киімдерін киген этнос өкілдері қазақтың қара өлеңі мен әуезді әндерін, күйлерін накышына келтіріп орындап, көрерменнің көз айымына айналды. Сондай-ақ, “Вынхуа” дүнгендер қауымдастығының төрайымы Айша Идыбо, ауданның Кұрметті азаматты Төле Сүгірбай және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері жастарға мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және этносаралық карым-қатынастарды нығайту жөнінде сөз сөйлеп, этнос жастарына жол сілтеп, көрсеткен өнерлеріне ризашылығын білдіріп, ақ баталарын берді. Бұған қоса, ұлттық-мәдени көрме ұйымдастырылды. Іс-шараға қатысушылар көрмеде қойылған әр ұлттың қолөнермен ерекше жасалған ұлттық бұйымдарын тамашалады. Өзге этностардың орындауында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, қазақ прозасының майталмандары Мұкағали Мақатаев, Күләш Ахметова өлеңдері оқылған, түрлі қазақ әндері, күйлерімен өз көрермендерін сусындатқан орайлы кеш соңы “Қазақтай ел қайда” әнімен аяқталып, қорытындысында тіл эстафетасы өзге аудандарға таратылды.

 

Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы

“Қоғамдық келісім” КММ Баспасөз қызметі орталығы

Таразда «Қазақ халқына мың алғыс» мерекесі аталып өтті

Бүгін  Тараз қаласында, үстіміздегі жылдың көктемнің бірінші шуақты күнінде  «Қазақ халқына мың алғыс» монументі орналасқан алаңда Жамбыл облысы әкімдігі мен ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен және облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы,  Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйытқы болуымен «Алғыс айту» күніне орай, «Қазақ халқына мың алғыс!» атты мерекелік іс-шара аталып өтті.

Мерекелік шараға Тараз қаласының жұршылығы мен қонақтары, облыстағы этномәдени қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы жастары мен еріктілері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығының жастары және республикалық, облыстық, қалалық БАҚ өкілдері қатысты.

«Алғыс айту» күнін тойлаудағы басты мақсат – елде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, өскелең ұрпақты бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Қиын-қыстауда ата қонысынан айырылып, бас сауға іздеген түрлі ұлт өкілдеріне пана болған қазақ халқына алғыс айту, құрмет көрсету.

Сонымен бірге, биылғы жылғы 1 наурыз – Алғыс айту мерекесі ел бірлігі мен беріктігін сақтап отырған Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толу мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған сәйкес, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына және ең бастысы – Алғыс айту күніне арналып, «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.

Мерекелік іс-шараның салтанатты ашылуы облыс әкімі Сапарбаев Бердібек Мәшбекұлы мен облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестік  мүшелерінің құттықтау сөздерінен бастау алды.          Айтулы мерекеге жиылған жұртшылықты құттықтау сөзінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев былай деді: – «Баршаңызды ризашылық пен мейірімділіктің мерекесіне айналған – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Алғыс айту күні – тарихтың түрлі кезеңдерінде қазақ халқының бауырмалдығына бөленген түрлі этнос өкілдерінің киелі қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымының ашық белгісі. Қысылғанға сүйеу, қиналғанға медеу болған қазақ халқы кешегі қиын заманда – көптеген ұлт өкілдерін құшағына басып, бауырына тартып, дәм-тұзымен бөліскен дана халық. Сондықтан да, Алғыс айту күнін – қазақстандық патриотизм мен ынтымақтың, бірлік пен достықтың жарасқан күні деуге толықтай негіз бар. Баршамызға белгілі, өткен жыл біз үшін оңай жыл болған жоқ. Соған қарамастан алға қойылған мақсат-міндеттер өз қарқынымен орындалып жатты. Арандатушылардың жетегіне ермей, бірлігіміз бен ынтымағымыздың ыдырауына жол берілмесін, ағайын! Барша жамбылдықтарға және  қазақ халқына деген алғыс сезімдерін айтулы мерекеге атсалысу арқылы жеткізіп отырған татулық пен тұрақтылықтың ұйытқысына айналған облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестік мүшелеріне  рахмет айтқым келеді. Достық пен татулықты, тұрақтылық пен келісімді сақтап келе жатқан ұйымшылдығымыз нығая берсін!-деп сөзін аяқтады

Сондай-ақ, құттықтау сөздер легінің қатарында қалалық Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдрахман Зайнуддинов пен облыстық «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығының мүшесі Динара Нұралиеваның қазақ еліне деген жүрекжарды тілектері орын алды.  Бүгінгі күн түрлі этностардың ғана емес, Тәуелсіз Қазақстанды  дамыту жолында аянбай еңбек етіп, күрделі кезеңдерді бірге еңсерген  еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет көрсететін Алғыс айту күні екенін зор ықыласпен атап өткен өзбек бірлестігінің басшысы А.Зайнутдинов сөз кезегін қалалық №34-мектептің басшысы Динара Нұралиеваға берді. Д.Хатамқызы: – Мен Қазақстанда тұратынымды мақтан ететін дүнген қыздарының бірімін.  Алғыс aйту күні – бұл, ең aлдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзaрa сенімділік пен қазақ еліне деген құрметтің орнығуына негіз болған салтанатты күн. Тағдырдың сынына ұшырап, Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген тағзымның белгісі. Сондықтан да болар, Отаныма,  туған жеріме, еліме, қазақ халқына мың алғыс!-деп жылы лебізін білдірді.    

Осыдан соң «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіші   алаңынан бастап Арбат-2  бойымен арнайы тігілген  шатырларда қазақ халқы мен өзбек, поляк, әзірбайжан, дүнген, түрік, орыс,  грузин, қарашай-балқар, ұйғыр, қытай, неміс, еврей, күрді,  украин, тәжік, татар, корей тәрізді түрлі этностардың ұлттық тағамдары қойылған «Достық дастарханы» жайылды. Бұған қоса, жиылған жұрт әр этностың қолөнер бұйымдарын тамашалады.            Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің басшылары мен өз ұлттық киімдерін киген этнос өкілдері аймақ басшысы  Бердібек Сапарбаев бастаған қонақтарды қарсы алып, ұлттық тағамдарынан дәм ұсынды. Дастархан басына жақындаған қонақтарға арнау айтылып, әр этностың ұлттық аспаптарында түрлі сарындағы ауендер орындалды. Ең тамаша өнер көрсету еншісіне өзбек этномәдени бірлестігінің өнерпаздары иеленді.

Көпшілік-мәдени іс-шара соңы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен этномәдени бірлестік өкілдерінің және облыс ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы белсенділерінің ағаш отырғызу рәсімімен аяқталды. Дәстүрлі ағаш отырғызу рәсімі «Қазақ халқына мың алғыс» монументі және қалалық «Қан орталығы» аллеяларында өтті.

 

 

Жамбыл облысы әкімдігі

ішкі саясат басқармасының

 «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Алғыс айту күні құтты болсын!

Бұл мереке Елбасының «Мәңгілік ел» идеясына барша қазақстандықтарды жұмылдырып, тәуелсіз еліміздегі ұлыстар достығын одан әрі нығайта түседі. Алғыс айту күні – Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты. Елбасының дана, сарабдал саясатының нәтижесінде Қазақстанда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің бірегей үлгісі қалыптасты, оның арқауы — Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін бұл күн ерекше қуанышты мереке, себебі дәл осы 1 наурыз — Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні Алғыс айту күні болып жарияланды.

Осындай жарқын мерекеде сіздерге зор денсаулық, мол бақыт пен қажымас қайрат тілейміз! Бірлігі жарасқан тәуелсіз Қазақстан – біздің ортақ үйіміз, жасасын!

 

Уксикбаев Біржан Нұргелдіұлы

Жамбыл олбысы әкімдігі

Ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

 «Көпшілік іс-шаралар, тілдерді дамыту 

және этностар мәдениеті»

 бөлімінің жетекшісі