Жамбыл ауданында ҚХА Аналар кеңесі өтті

Үстіміздегі жылдың 16 наурызында Жамбыл облысының Талас ауданы, Қаратау қаласында Аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының және “Қоғамдық келісім” КММ ұйымдастыруымен өткен іс-шараға аудандық Аналар кеңесі мүшелері, облыстық және аудандық ІСБ және “Қоғамдық келісім” мекемесінің қызметкерлері қатысты. Әдістемелік бөлімінің басшысы Аққу Қаратайқызының қатысуымен іс-шарада аудан аналары бірқатар өзекті мәселелерді алға қойды. Мәселен, орын алған қазіргі пандемия жағдайындағы әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылардың объективті төленбеуі, мектеп оқушыларының дұрыс тамақтанбауы, балалардың бір-біріне деген сыйластығының жоқтығы, яғни, балалар тәрбиесіне ата-ана тарапынан мән берілмейтіндігі, аталмыш аудан мен оның шалғай ауылдарындағы тұрғылықты елдің әлеуметтік ахуалының төмендігі сияқты т.б. жергілікті халықты толғандырып жүрген азды-көпті мәселелер талқыланды. Және де осы аталған проблемаларды қоғамдық ұйымдар қадағалауын сұрады. Осыған орай, аудандық кәрістер этномәдени орталығының өкілі, Аналар кеңесінің мүшесі Екатерина Цой: – Пандемия жағдайында дәстүрлі оқу формасындағы мектеп оқушыларын тамақпен қамтамасыз ету ұйымдастырылмады. Шалғайдағы ауыл балалары үшін буфеттер де жұмыс істемейді.

       Көпбалалы отбасылар өз балаларын намыссыздыққа, жұмыссыздыққа, салғырттыққа, қайырымсыздыққа үйретіп алмас үшін әрбір ана балаларының тәрбиесіне жіті қарағаны жөн, – деді.

Сонымен бірге, аудандық кітапхана меңгерушісі, іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Жұмабекова Шынар жастар бойындағы масылдық қасиетті жою мақсатында ауданда және ауылдық округтерде тігін цехын және қолөнер, наубайхана сияқты шағын өндіріс орындарын ашуды ұйымдастыру жөнінде де өз пікірін ортаға салды.

Сондай-ақ, «Таластың сөнбес сәулесі» ұйымының жетекшісі Ақсәуле Байболатова да орын алған карантин режимінде барлык салмақ аналарға түсетіндіктен, Жамбыл облысы психологтары дағдарыстағы аналарға көмек беру санатында арнайы инстапарақша ашуды және балалардың әлеуметтік желілерде қауіпсіздігін сақтау мақсатында 13-14 жас мектеп оқушылары арасында кибербуллинг ұйымдастыру тәрізді ойларымен бөлісті. Отырыста талқыланған мәселелер өкілетті органдар тарапынан жауапсыз қалдырылмай, шама-шарқынша қарастырылып, өз шешімін табады деген сенімдеміз.

Бибігүл Шахзада,

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ басқармасы

 «Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз хатшысы

Жамбыл облысының Талас ауданында Бірлескен қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтті

Мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, этносаралық қақтығыстардың алдын алу мақсатында Талас ауданында «Бірлік пен келісімді нығайтудағы жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды үйлестіру» тақырыбында Бірлескен қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтті. Жиында Қоғамдық кеңес мүшелері ең алымен қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау үшін идеология мен құқық қорғау органдарының жұмысы дұрыс жолға қойылу керектігін тілге тиек етті. Аудан тұрғындарының ұсыныстары негізінде кәрістер қоғамдық бірлестігінің активі

Цой Екатеринаның айтуы бойынша, орыс тілінде оқитын аудан балаларына шектеу қоймау, бұл мәселе олардың үлкен қалаларда қызмет табуына кедергі келтіретіндігін, сондай-ақ, халықтың айыппұл санкцияларына наразылығы, оның күнкөріс деңгейінен жоғарылығы да сөз болды. Осыған қоса, 2 жыл ішінде білім беру орындарына жөн-жосықсыз 70 тексеру келгендігі, қаладағы орталық саябаққа ұласқан көшелерде жарық қойылмағандығы, сол себепті ол жерлерде жастар арасында төбелес көп орын алатындығы турасындағы т.б. ауыл тұрғындары үшін біршама келелі мәселелер егжей-тегжейлі айтылып өтті. Дағдарыс орталығына 2021 жылға қаражаттың қарастырылмағаны сияқты проблемалар да көпшілікпен талқыланып, сондай-ақ,

“Флора” саяжайлық массивінде қоныстанған, мемлекет тарапынан көмек алмайтын, әлеуметтік жағдайы төмен, азаматтығы жоқ, құжатсыз жүрген 7 азаматқа көмек беру жөнінде де, т.б. ой-пікірлер ортаға салынды. Отырыс барысында Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қуанышев Сержан Сапарбайұлы әр этнос өкілдерімен сұхбаттасып, олардың талап-арыз, ұсыныстарымен бөлісті. Атап өтсек, неміс, кәріс, күрді, әзірбайжан, славян этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен отырыста олардың көкейтесті мәселелері өз деңгейінде байыбымен талқыланды. Осыған орай мәселелер назарға алынып, дұрыс шешімін табу үшін жоспар құрылып, іс-әрекет ету жұмыстары жүргізілмек.

Бибігүл Шахзада,

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ басқармасы

 «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығының баспасөз хатшысы

Мектептегі медиация-келісімге апаратын жол.

Ағымдағы жылдың наурыз айында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен ішкі саясат басқармасы “Қоғамдық келісім” КММ Талас, Мойынқұм, Т. Рысқұлов аудандарының мұғалімдеріне, психологтарына, әлеуметтік педагогтеріне арналған “Білім беру саласындағы медиация қызметі” тақырыбында ZOOM алаңында онлайн форматта конференция өткізді.

Конференция барысында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі бас маман Арын  Маржан Сейлханқызы мектептегі медиацияның маңызы жайлы пікір білдірді: «Мектептегі медиация-бұл білім беру әдісі ғана емес, сонымен бірге басқа адамды түсінуге, қабылдауға және тыңдауға негізделген дүниетаным. Оны білім беру саласындағы өткір жағдайларды шешуде қолдану керек. Жанжалды оның тікелей қатысушылары шешуі керек, өйткені олар мәселенің ең дұрыс шешімін таба алады. Бүгін біз білім беру саласының мамандарын медиацияны мектепте қолдану әдісімен таныстыру бойынша іс-шараларды аяқтаймыз. Талас, Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандарының мұғалімдері, психологтары, әлеуметтік педагогтары медиативтік дағдыларды жеткілікті дәрежеде алды».

Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы “Қоғамдық келісім” КММ Медиация кабинетінің жетекшісі Валентина Досыбиева «Мектеп медиациясы» тақырыбында таныстыру семинарын өткізді. Ол қатысушыларды медиацияның әдістемелік негіздерімен, процедурасымен, қағидаларымен және оның білім беру жүйесінде қолданылуымен таныстырды. Ғайни Көшекбаева, Динара Мелдебекова, Сая Қалабаева жоспарлау кезеңдері, Байзақ ауданында Мектеп медиациясы қызметін дамыту жолдары туралы айтып берді.  Ұсынылған мектеп медиация қызметтерін құру алгоритмі қатысушыларға оны практикалық қызметінде қолдануға көмектесері сөзсіз.

Спикерлердің барлық баяндамалары білім беру саласында медиацияны жандандыру үшін слайдтар мен ұсыныстармен сүйемелденді. Конференция барысында қатысушылар медиаторларға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға толық жауаптар мен кеңестер алды.

Сөз сөйлеушілер медиацияның маңыздылығын, балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етіп қана қоймай, қауіпсіз кеңістікті, тең мүмкіндіктер мен олардың мүдделерін қорғауға жағдай жасайтын білім беру ұйымдарындағы медиативті профилактиканың рөлін атап өтті.

Қорытындылай келе, оқытылған қызметкерлері бар мектептерде, колледждерде жанжалдарды реттеуде жолсерік болады және ондағы жанжалды жағдайлардың санын азайтады деп үміттенеміз!

Жамбыл облысының

ІСБ «Қоғамдық келісім» Баспасөз орталығы

«Бейбітшілік пен келісім» жобасы жалғасын табуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен өткен жылы республика көлемінде алғаш рет Жамбыл облысында өткізілген «Бейбітшілік пен келісім» жобасы облыс көлемінде 1 наурыздан қайта бастау алып, «Этнос және конфессияаралық келісім» тобы, «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту» тобы, «Құқық қорғау саласы» сияқты 3 жұмыс тобы құрылды.

Жоба жұмысшы топтарының негізгі мақсаттары облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, білім беру мен медициналық қызметтер сапасын жақсарту, облыс жұртшылығының діни білім деңгейін көтеру, азаматтарға арналған жылжымалы қабылдау өткізу, әлеуметтік мәселелерін шешу, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін ұйымдастыру, халыққа несие беру бойынша кеңес беру, халықтың әлеуметтік осал топтарының мәселелерін шешу, заң аясында көмектесу, бизнесті қолдау және дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу.

Өткен жылы нәтижелі аяқталған жоба қазірдің өзінде Меркі, Шу, Байзақ және Жамбыл аудандарында жемісті басталып, барлығы-430 іс-шара ұйымдастырылды. Жобаға 10400-ден аса адам тартылды. 72 қоғамдық қабылдау мен 110 кездесу өтіп, 600-ге жуық азаматтың мәселесін шешуге көмек берілді. 250-ден астам азаматқа медициналық көмек көрсетіліп, 150-ге жуық тұрғынының қайтарымсыз грант алу мәселесі шешілді. 241 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 29 жас жастар тәжірибесіне жолдама алды.

Құқық қорғау саласы тобының мүшелері 367 адам қамтылған 18 іс шара өткізіп, 89 адамға заңнамалық кеңес берді.

Жобаның жұмыс тобы құрамына облыс аумағындағы барлық құқық қорғау және мемлекеттік органдар мен қатар басқармалардың мамандары енгізілген.

Осы мақсаттағы жұмыстар қалған Талас, Сарысу және Қордай аудандарында 16-27 наурыз аралығында өтетін болады.

Бұл аудандардың тұрғындары түйінді мәселері мен көкейде жүрген сұрақтары болса ұйымдастырылатын жобаның жұмысшы тобымен кездесіп, назарларына жеткізуге мүмкіндіктері бар.

Жоба жұмысын аяқтаған соң тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша жол картасы жасақталып, орындалуы қадағаланатын болады.

Жамбыл облысы әкімдігінің

ішкі саясат басқармасы

Таразда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған көрме өтті

Бүгін Тараз қаласының Достық Үйінде ҚХА-ның “қазақстандық этностардың алуан түрлілігін рухани-мәдени дәріптеу”мәдени-ағартушылық жобасы аясында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған көрме өтті.

Көрменің негізгі мақсаты – Қазақстан этностарының мәдениетін халық арасында таныстыру және дәріптеу, қазақстандық мәдениетті заманауи әлемде ілгерілету. Сондай-ақ, патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеу, рухани-адамгершілік құндылықтарды, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру.

Көрмеде суретші және “Айнұры” Жамбыл татар-башқұрт мәдени орталығының өкілі Диана Шайхеслямова өзінің көркем туындыларын ұсынды. Диана Шайхеслямованың жеке көрмесі ҚХА-ның “қазақстандық этностардың алуан түрлілігін рухани-мәдени дәріптеу”мәдени-ағартушылық жобасы бойынша жоспарланған 10 жобаның екіншісі.

Ол «бейбітшілік пен келісімнің жол картасы”, көрмелер, конкурстар, акциялар бойынша көшпелі іс-шаралар аясында сурет салу бойынша шеберлік сыныптары мен конкурстарын өткізді. Оның қаланың жалпы білім беретін мектептерінің мұғалімдеріне арналған “Қазақ латын әліпбиіндегі Каллиграфия және летеринг” атты семинары әріптестерінің жоғары бағасына ие болды.

Көрмеге суретшінің 57 жұмысы қойылған. Диана Тимуровна графит және түрлі-түсті қарындаштар, акварель және тушь сияқты дәстүрлі көркем материалдармен, сондай-ақ,  жаңа маркерлермен, киізден жасалған қаламдармен, линнерлермен  жұмыс істейді. Ол көбінесе станоктық графика саласында Қалалық пейзаж жанрында, кітап иллюстрациясы саласында және эксперименталды “дудлинг”бағытында жұмыс істейді. Күрделі, көп жұмыс олардың ішкі қозғалысымен таң қалдырады.

Айта кетейік, көрмеге қатысушылар картиналарды тамашалаудан айтарлықтай шығармашылық шабыт алды.

 

Жамбыл ауданында ҚХА Аналар кеңесі өтті

Ағымдағы жылдың наурыз айында Жамбыл ауданында «Отбасындағы әйелдер образы және тәрбие»  тақырыбында   ҚХА    Аналар кеңесінің  отырысы өтті.

Отырысқа  ауданның  Өрнек, Шайқорық,  Аса, Қызылқайнар, Жалпақтөбе, Ақбастау, Айша бибі ауылдарының Аналар кеңесі  төрайымдары қатысып, пікірлерін ортаға салды.  Жалпақтөбе ауылының ҚХА  Аналар кеңесінің төрайымы М.Ибрагимова «Хадия» қайырымдылық орталығын ашса,  Шайқорық ауылында  аналар кеңесі қайырымдылық дүкенін ұйымдастырған. Ауылдық мәдениет үйі жанынан «Сырласу» клубы құрылып, ауылдағы барлық этнос әйелдерінің басын қосып отыр. Осыған қоса, жиналған әйелдер қауымы  отбасындағы  тәрбие,  «Қамқор болайық», «Ана мен бала»,  «Аналар тәрбиесі көпке үлгі» тақырыптарында  іс-шаралар ұйымдастырды.   «Қызыл Қайнар» аналар кеңесінің төрайымы  Сейітқасымова Клара ауыл арасындағы тұрмыстық, отбасылық жанжалдарды  ауыл ақсақалдарымен бірлесіп шешетіндерін, ел бірлігін сақтаудағы аналардың рөлін егжей-тегжейіне дейін жеткізіп айтып өтті.

Жиналғандар балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру, Аналар кеңесі құрамына жас аналарды тарту,  әлеуметтік жағдайлардың аналар агрессиясын туғызу қаупі, ауылдық жердегі интернет, бала-бақша мәселелерін көтерді.

     

Жамбыл облысының

ІСБ «Қоғамдық келісім» Баспасөз орталығы

Тараз қаласының Достық үйінде «Масленицаны» атап өтті

Бүгін «Масленицаны» радонеждықтар Тараз қаласының Достық үйінде көңілді және бұрын-соңды болмаған дәрежеде атап өтті.

Іс-шара  «Радонеж» орыс қауымдастығы, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен өтті.

Мерекелік іс-шараға «Радонеж»  орыс қауымдастығының ұжымдары, №2 жалпы орта білім беру мекемесінің мұғалімдер құрамы мен оқушылары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері – «Днипро» украин этномәдени орталығы, «Айнуры» татар-башқұрт этномәдени орталығы, Жамбыл облысының Немістер қоғамы, облыстық орыс драма театрының шығармашылық топтары, Балалар шығармашылығы орталығының би ұжымдары мен әншілері, сондай-ақ облыстық және қалалық БАҚ өкілдері қатысты.

«Масленица» іс-шарасы  Достық үйі қызыл залының сахнасында 25 нөмірден тұратын концерттік бағдарламадан басталды. Концерттік бағдарламаны №2 мектептің жас таланттары орыс халықтық әндері мен жаңылтпаш, әзіл-сықақ әндерімен (частушкалармен) ашты. Бұған қоса, театрландырылған қойылымда орыс драма театрының шығармашылық топтарының әншілері мен актерлары орыс ұлттық әндері мен частушкаларын орындап, орыс халықтық «Май аптасы» жеті күнінің мазмұнын ашты.

Концерттік бағдарламада, сондай-ақ, «Балалар шығармашылығы» орталығының би ұжымдары, облыстық ҚХА этномәдени бірлестіктерінің «Красная гвоздика» хоры, «Калинка», «Маричка»  ансамбльдері қатысты. Атап өтейік, «Радонеж» орыс қауымдастығы ұйымдастырған осы бір «Масленица» іс-шарасына жыл сайын Достық үйінің барлық ұжымдары белсене  қатысады.

Сонымен қатар, мерекеге сәйкес келетін «Широкая Масленица» театрландырылған қойылымы дайындалып, мерекеге қатысушылар мен қонақтарға дәстүрлі орыс құймақтары ұсынылды. Іс-шара орыс  эпостары мен ертегілері  кейіпкерлерінің костюмдерінде нағыз халықтық мереке болды.   Сондай-ақ, көрермендер украиндықтардың  «Маричка» вокалдық тобының, татар ансамблінің «Ляйсан тамчылары», «Поющие сердца» неміс дуэтінің өнерін өте жылы қабылдады. Осыған қоса,  іс-шара барысында Жамбыл облысы ҚХА этномәдени бірлестіктерінің көрмесі ұйымдастырылып,  тараздықтар қолөнер шеберлерінің көрмесін қызығушылықпен тамашалады.

– «Осындай қызықты мерекені бүгін бізге өз деңгейінде сыйлай білген “Радонеж” орыс қауымдастығының өкілдеріне және, осы мерекеге аянбай атсалысқандардың барлығына үлкен рахметімді айтамын.  «Масленица» мерекесі Наурыз мейрамымен тұстас келгені – кәрі, жастың бойында бір-бірінің салт-дәстүрлеріне деген сыйластығы мен құрметін оятады, саналарына бір елдің адамдарымыз деген жылулықты сіңіреді. Болашақта біз осы дәстүрлерді сақтай отырып, мерекелерді жаңа форматта өткізетіндігімізге сенімдіміз. «Масленица», «Қысты шығарып салу» славян мерекесі болғанына қарамастан, оны әртүрлі этностардың өкілдері қуанышпен атап өтеді. Мұндай іс-шаралар Тәуелсіз Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін  нығайтуда маңызды рөл атқарады, – деп өз алғысын білдірді Достық үйінің басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Иманжанқызы Мамедова. Сондай-ақ, мерекені ұйымдастырушы «Радонеж» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокин өз алғысын білдірді: – «Масленица», немесе «қысты шығарып салу» орыс дәстүрлері   – барлық жамбылдықтардың бұрыннан көңілінен шығып келе жатқан және сүйіспеншілікпен қарсы алатын мерекелерінің бірі. «Қысты шығарып салу» -бұл көктем мерекесі, мейірімділіктің нышаны. Бүгін мұнда біраз этнос өкілдерінің  жиналып, мазмұнды бағдарлама дайындауға көмектескендеріне өте қуаныштымыз», – деді Ол өз сөзінде.

Айта кету керек, биыл Масленица мерекесіне карантинге қарамастан 70-тен астам адам қатысып, қауіпсіздік шараларын сақтай білді.

Іс-шара соңында Достық үйі ғимараты маңында сабан қуыршағын салтанатты түрде өртеу рәсімі өткізіліп, ел-жұрт  бір-біріне жылы ақ-тілектерін айтып, қыспен қоштасты.

Қорытынды: этносаралық қатынастарды үйлестіру және орыс этносының мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтау, жалпы барлық этностар мен орыс мәдениетіне, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне деген қызығушылықты ояту, құрметпен қарау мақсатында өткен іс-шара ойдағыдай  аяқталды.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Тәжікстанның төтенше және өкілетті Елшісі Таразда

Үстіміздегі жылдың наурыз айында Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хайрулло Ибодзода Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуы және Наурыз мейрамы қарсаңында көне Тараз шаһарына арнайы сапармен келді.

Түркі халықтарының мерекесі қарсаңында орын алған кездесуге өңірлік ассамблеяның этномәдени бірлестік басшылары, облыстық Тәжік этномәдени бірлестігінің өкілдері, өнерпаз жастары, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері және облыстық БАҚ тілшілері қатысты.

Өз кезегінде, жиылған қауымға Жамбыл облыстық Тәжік этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен кең дастархан жайылып, тәжік халқының тарихы, мәдениеті, әдебиеті мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінен сыр шертетін үлкен көрме ұйымдастырылды. Сәндік-қолданбалы өнер көрмесінде Тәжікстанның түрлі аймақтарынан келген тәжік этносының ұлттық киімдері, кестеленген дастархан жапқыштары, шимен тоқылған қамқа кілемдері, ұлттық жәдігерлері, қыз-келіншектерге арналған зергерлік бұйымдары, жібек жіппен тігілген көрпе-жастықтары, сонымен бірге, ұлттық аспаптары да жұрттың назарын өздеріне аудармай қоймады. Сондай-ақ, тәжік халқының «Бесік жыры», «бата беру» ғұрыптары, «сумаляк», «палау» тағамдарын өзге этностардың рецептіне ұқсатпай өзіндік ерекше тәжіктік дәмін келтіріп дайындау тәрізді салт-дәстүрлері тамашаланды.

Елшіге ең бірінші болып қазақ халқының ұлттық тағамдары ұсынылды.   Ұлттық брендімізге айналған құрт, ірімшік, бауырсақ, талқан, сүзбе, жент, қатық сияқты қасиетті 7 тағам тәжік дастарханының төрінен орын алды. Сонымен қатар, Хайрулло Ибодзода бастаған делегация түркі халықтарының жаңа жылының басты нышаны болып табылатын «сумаляк» тағамынан дәм татты.

Оған қоса, аталмыш тағамнан ауыз тиген жұртқа ақ жаулықты Нилуфар әже ақ батасын берді. Тәжікстандық Елші жамбылдық тәжік бауырластарына және өңірлік ассамблеяға қарасты «Жамбыл облыстық Тәжік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен іс-шараға қатысушыларға жылы лебізін білдіре келе:

– Қазақстан Республикасы – Тәжікстанмен бауырлас ел. Сонымен бірге стратегиялық серіктес. Қазақстанда ассамблеяның бар болғаны – көңіл қуантарлық. Мұнда 140-тан астам этнос өкілдері өмір сүреді және жалпы Қазақстан бойынша әр түрлі аймақтар мен қалаларға барған кезімізде, Қазақ еліндегі барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің бірлік пен келісімде өмір сүріп жатқандығын көреміз. Бұл өзара түсінісушілік бейбітшілік пен келісімде ортақ жол тапқан мамыражай Қазақстанның әлемдік қауымдастықта жоғары беделге ие болуына негіз сала білді, -деді Ол.

Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Иманжанқызы да тәжік делегациясын бірнеше этносты бір шаңырақтың астына біріктірген Достық үйінің құрылымымен, сондай-ақ, тәжік этномәдени орталығының тыныс-тіршілігімен және бүгінгі бас қосудың ең қызықты сәті – «сумаляктан» дәм тату рәсімінен, яғни, тағамның кішігірім тарихымен таныстыра кетті: – Наурыз мейрамы – барша түркі халықтары үшін, оған қоса, Қазақстанда тұратын түркі этнос өкілдері үшін де басты мереке. Тәжік этносы үшін бұл мейрам «сумаляк» тағамын дайындаумен ерекшеленеді. Ежелгі уақытта сумаляк көктемгі егіс басталғанға дейін дайындалатын салттық тағам ретінде ұсынылған. Ол ұнтақталған бидай дәндерінен дайындалады, одан соң ұн араластырылып, қазандықтағы мақта майында 20-24 сағат бойы қайнатылады. Бұл тағам адамдарға күш-жігер беріп, рухани азықты болуға зор пайдасын тигізеді деген наным бар. Бұл енді халықтың байырғы заманнан келе жатқан сенім-ниеті, бұл да бір тәжік халқының салт-дәстүріне жатады. Атап өтейік, Тәжік этномәдени бірлестігі облыста этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға, халықтар достығын дамытуға бағытталған барлық іс-шараларға өз деңгейінде қатысатындықтан, бұл бас қосу – халықтардың достығы мен бірлігін бекітіп, серіктестікті кеңейте түсері анық. Бүгінгі іс-шараға бір адамдай атсалысып, алыстан ат арытып келген Елшіні күтіп алған тәжік бауырластарға рахметімді айтамын. Наурыз баршамызға құт-береке әкелсін! – деп өз сөзін аяқтады Достық үйі басшысы Парида Иманжанқызы.

Сондай-ақ, осы тұста айта кетейік, аталмыш тағамға дайындау сәтінде кішкене тастар қосылады екен, олар қазанның түбіндегі тағамның түбін күйдіріп алу қаупінен сақтану үшін қолданылады. Сіз егер, осындай тасты тамақтану кезінде ыдысыңыздан тауып алсаңыз, онда жасырын тілек жасауыңыз керек және ол міндетті түрде орындалады деген сенім бар тәжік халқында. Осыған қоса, «Сумалякты» дайындау барысында аталмыш асты қыз-келіншектер бір дауыста әндерін шырқай, билерін билей жүріп, бір-бірімен әзілдесе, көңілді жүріп пісіру керек деп саналады. Салқындағаннан кейін «сумаляк» толы ыдыс дастарханға қойылады. Тағамның «талабы» – қыстан аман-есен шығу, астықтың молшылығы.

Іс-шара барысында шалғайдан келген Елші мен Тәжік халқының делегациясы және өңірлік тәжік этномәдени бірлестік өкілдері және БАҚ тілшілерінің қатысуымен фотосессия жасалды. Сонымен бірге, қонақтармен жүздесуге облыстық «Тараз қаласының өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов та қатысты. Бірлестік басшысының өңірімізде қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, этнос өкілдерінің экономиканы ілгерілетуге қосып жатқан үлесі жайында кеңінен ақпарат бергенін айта кеткен жөн. Тәжікстан елшісі Хайрулло Ибодзода өз қорытынды сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ел саясатын жүзеге асыру үшін құрылған, әлемде теңдесі жоқ институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы жайында айта келе, этномәдени бірлестіктер қызметін дамытуға барлық жағдай жасалғанын тілге тиек етті.

Бұдан өзге мерекелік кездесуде тәжік халқының ұлттық аспаптары сүйемелдеуімен түрлі сарында әуендер шырқалып, «Асылжан» би ансамбльінің орындауында қазақ халқының ұлттық биі биленді.

Іс-шараның соңы этномәдени бірлестіктің төрағасы Алижон Шукурұлы бастаған бірлестіктің белсенді мүшелері мен Тәжікстан елшісінің бір-біріне естелік сыйлықтар тарту етуімен аяқталды.

Қорытынды: салт-дәстүрлері ұқсас, тілегі егіз екі елдің ынтымағы мен бейбітшілігі жалғасын табарына сеніміміз мол.

 

Жамбыл облысы әкімдігі

ІСБ «Қоғамдық келісім»КММ

Баспасөз орталығы

 

«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңы Шу ауданында жалғасты

Ағымдағы жылдың  наурыз айында облыстың Шу ауданы, Шу қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтетін  «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңы жалғасын тапты.

Іс шараның мақсаты – Жамбыл облысы аумағындағы этностардың арасында қазақ тілін меңгергендердің санын арттыру, жастардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасын арттыру, елдегі тіл саясатын нығайтуға және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосу.

Жиынға мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері, этномәдени бірлестіктер, жастар, ауыл тұрғындары және  БАҚ өкілдері қатысты.

«Менің қазақ тіліне жету жолым», «Қазақ тілін қалай үйрендім?» , «Мемлекеттік тіл – әлеуметтік баспалдақ»  тақырыбында «Ахыска» түріктер этномәдени орталығының жетешісі Тагиров Бинали Ильясович, «Насими» әзірбайжан  этномәдени бірлестігінің жетекшісі – Мухамеджанова Гульханум Насруллаевналар мемлекеттік тілдің дәрежесін көтеру мақсатында, этнос жастарының қызығушылығын танытып, үлгі ретінде өз ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ, іс-шара барысында жұрт назарына өзге ұлттардың ұлттық тағамдары қойылып,

Шара соңы этномәдени орталықтардың концерттік бағдарламасы аяқталды.

Жамбыл облысы әкімдігі

Ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Тараз қаласының Достық үйіне жаңа басшы тағайындалды

Ағымдағы жылдың 9 наурызында Қазақстан Республикасы Президент әкімшілігінің тапсырмасы негізінде, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының бұйрығымен және Жамбыл облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Бердібек Сапарбаевтың шешімімен Парида Иманжанқызы Мамедова Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы қызметіне тағайындалды.
Жиынға «Қоғамдық келісім» КММ ұжымы, этномәдени бірлестік өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері және қалалық, облыстық БАҚ тілшілері қатысты.
Жаңа басшы Парида Мамедованы Достық үйінде өткен басқосуда облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев таныстырды. Ол өз сөзінде өңірімізде орын алған келеңсіз жағдайларға байланысты қазіргі қоғамның ел бірлігін сақтау, тұрақтылықты, ұлтаралық татулықты нығайтуды, осы бағытта жаңаша бағытта, жаңа көзқараста жұмыс жүргізуді талап етіп отырғандығына тоқталып, ҚР Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облыс әкімдігі аппаратынан, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасына өткендігі жөнінде егжей-тегжейлі айтып өтті. Сондай-ақ, аталмыш мекеменің құрылымы мен кейбір бағыттарының қайта қаралып, бірқатар жұмыстар мен міндеттерді жүргізу қолға алынғандығы жөнінде де зерделеді.
Сонымен бірге, нәтижесінде өткен жылы облыстық ассамблеяның атқарған жұмыстары жөнінде атқарылып, бірқатар ірі жобалар жүзеге асты. Атқарылған жұмыстардың нәтижелі болуына «Қоғамдық келісім» мекемесі ұжымының, әрбір этномәдени бірлестік мүшелерінің қосқан үлесі зор. Алдағы уақытта өңірдің әр елді мекеніндегі халықтың тыныс-тіршілігін саралау, тұрғындарды қандай мәселелер толғандыратынын саралайтын жұмыстарға кеңінен тоқталды. – Осы уақытқа дейін сіздермен қоян-қолтық жұмыс істеген Рано Убайдуллаеваға айтар алғысымыз шексіз. Енді осы қызметке облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының бұйрығымен Парида Иманжанқызы тағайындалды. Жаңа басшы сенімдеріңізден шығатынына сенімдімін, – деді Ержан Жұматұлы. Осы тұста айта кетейік, аталған мекеменің бұрынғы басшысы Убайдуллаева Рано Махсұдқызы облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары болып тағайындалды.
Сонымен бірге, облыс әкімінің орынбасары ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасын жүзеге асырудың маңыздылығын да атап өтті. Аталған жоба аясында қоғамдық-саяси ахуалды мониторингілеудің, жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерді анықтаудың және шешудің мәні зор екенін тілге тиек етіп, алда атқарылар бірқатар өзге де шаруаларға қысқаша тоқталды. Сондай-ақ, Парида Мамедова да артылған жауапкершілік жүгін өз деңгейінде көтеріп, мойнындағы міндеттін абыроймен атқару мақсатында ұжыммен жұмыла жұмыс істейтінін жеткізді.
Жалпы, еске сала кетейік, П.Мамедова М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Философия және саясаттану» кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.
– Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топ төрағасының орынбасары, «Жастар зерттеу» өңір жастарының мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, Қазақстан саясаттанушылар конгресінің Жамбыл филиалының директоры ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына уақытында белсене араластым. Бұл салада бірқатар жайттарды зерделеп, көптеген жұмыстардың атқарылуына өз үлесімді қостым. Десе де бір өзім ештеңе тындыра алмайтыным анық. Сондықтан ұжымды бірлесе еңбек етіп, жүктелген міндетті бірге еңсеру үшін күш салуға шақырамын. Маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамын, – деді П.Мамедова.
Жиын барысында аталған мекеменің ұжымы мен этномәдени бірлестік өз-ой пікірлерін білдіріп, кейбір мәселелерге қатысты талап-тілектерін жеткізді.

Жамбыл облысы әкімдігі
Ішкі саясат басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы