ҚАЗАҚТЫҢ АТА ЗАҢДАРЫ ТАРИХЫ ХАҚЫНДА.
С. У.Бақторазов М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
Конституция латын (constitutio) тілінен тәржімаланғанда орнату, құру деген мағынаны білдіреді екен. Кеңестік дәуірде бұл ұғым мемлекеттің негізгі Заңы ретінде танылса, одан ертеректе ен қазақ даласында (елінде) Қазақтың ата заңдары ретінде қарастырылғаны белгілі. Осы реттілікпен тарих көшіне көз жіберсек, мынадай жайттарды аңғарғандаймыз. Біріншіден, бүгінгі көзқараспен қарағанда артта қалғандай болып көрінетін қазақ жерінде Сөзге тоқтап, Заңға бас ию үрдісі орта ғасырларда-ақ қалыптасқан болатын. Халық санасында қалыптасып, әбден бекіп қалған дәстүрлі еркіндіктің, азаттықтың және көшпелі өмір салтының негізін қамтамасыз ете алатын әдет-ғұрып ережелері мен жарлық заңдар қазақ қоғамының көшпелі ел негізінде өркендеуіне әкелді. Заңдылықты сақтау, оны бекіту, ел билеу тұтқасы билер сотында болды, олар көшпенділер қоғамының құқықтық кеңестігінің төрінен орын алды. Бертіндегі, Қазақ хандығы тарихында Қасым хан заңдары, Есім хан заңдары және Тәуке хан заңдары деген атпен енген заңдар белгілі. Олардың әрқайсысы халық берген өзіндік атауға ие. Осылардың біріншісі, Қасым хан туралы айтар болсақ, оның Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Ол жер көлемі аз, бытыраңқылық сипаты басым, ортақ мемлекеттік билік әлі қалыптаса қоймаған ұлыстардың басын біріктіріп, өзінен кейінгі ұрпаққа сол кездегі (1510-1521ж.ж.) жер көлемі ең үлкен, (шамамен қазіргі Қазақстан аумағы) бірлігі мықты мемлекетті қалдырып кетті. Қасым ханның заңдарында осы тұрғыда атқарылған іс-шаралардың көрініс тапқаны белгілі. Осы заңға енген ережелерді атап айтар болсақ: 1) Мүлік заңы (жер дауы, мал, мүлік). 2) Қылмыс заңы (ұрлық, кісі өлтіру, талау, шабу). 3) Әскери заң (аламан міндеті, қосын жасау, қара-қазан, ердің құны, тұлпар ат). 4) Елшілік жоралары (майталмандық, шешендік, халықаралық қатынасында сыпайылық, әдептілік). 5) Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той –мереке үстіндегі ережелер, жасау),- болып түзіледі [1]. Сонымен қатар, оның жаза шарасы ретінде өлім жазасын шектегендігіне мән беруге болады. ХІХ ғасырда өмір сүрген атақты билердің айтуына қарағанда Қасым хан екі жағдайда ғана өлім жазасын қолдануды қалдырған. Біріншісі «қанға-қан», екіншісі керуен тонағаны үшін қолданатын «керуен соғу» деп аталатын өлім жазасы. Қасым хан сонымен қатар, Шыңғысхан ұрпақтары мен ру басыларының өзара қарым-қатынастарын реттейтін бірқатар құқықтық ережелер енгізді. Осының бәрі түптеп келгенде көшпелі қауымдағы тәртіп пен экономикалық дамуды, бірлік пен ықпалдастық мәселесін оң шеше алғаны анық болса керек [2]. «Қасқа жолдың» халық арасында кең таралуының тағы бір сыры оның хан тұсындағы билердің көкейінен шығуында еді. Өйткені би ханның пәрменін халық арасында дұрыс түсіндіруші, уағыздаушы болған. Сондықтан да бұл заң билер мен батырлардың және тағы да басқа игі-жақсылардың бас қосқан жиынында мақұлданған [3]. Енді «Есім ханның ескі жолы» заңы хақында. Есім хан 1598-1628-ші жылдары билік құрғаны белгілі. Ол өзінен бұрынғы Орыс хан, Қасым хан дәуіріндегі ежелгі қазақ заңдарына сүйене отырып, өз толықтыруларын енгізген. Есім ханның заңдары өзінің мазмұнына қарай құн дауы, жер дауы, жесір дауы, мал дауы секілді күрделі тараулардан құралады. Осы орайда кеңестік дәуірдегі коммунистік ақпарат көздері Есім хан бір өзі әкім болу, елді жуасытып бағындыру, басқа елдерге шабуыл жасау саясатын ұстанды. Сондықтан ол қанға қан, мертіктіргенді мертіктіру, кек алу, құн төлеу, барымта, құлды сату, көп әйел алу, қалың мал төлеу, әмеңгерлікті сақтау, зекет жинау, айып салу, діни өшпенділіктер сияқты патриархалдық –ұлттық ескі салтқа арқа тіреп, соны уағыздады,- дегенді айтады [4]. Әрине, ханды құбыжық, қазақи дәстүрді сақтауға байланысты қандай да болмасын қадамды ескіліктің сарынына теңеу кеңестік идеологияның жалпыға бірдей қағидасының көрінісі болатын. Әйтпесе, бұл атаудағы «ескі жол» ұғымының кертартпалық, ескішілдік дегеннен туып тұрмағанын, керісінше, сонау бағзы замандардан ата-баба ғұрпы ретінде мирас болып келе жатқан заң дегенді білдіретінін түсіну үшін оқымысты болу міндет те емес сияқты [5]. Сонымен, Есім хан бұрыннан келе жатқан жолжоралғыларды бір ретке келтіріп, заман ыңғайына қарай оның бойына жаңа нәр береді. Сондықтан да ол халық жадында «ескі жол» ретінде бекиді. Есім хан қағидасы бойынша ауыр жазаның үш негізі бар. 1) Жан жазасы. 2) Мал жазасы. 3) Ар жазасы. Біріншіге – қылмыскерді өлім жазасына кесу жатады, екіншісіне – құн төлеу жатады. Үшіншісіне елден қуу немесе бетіне күйе жағып, мойнына құрым іліп, қара есекке мінгізіп ауылды айналдырып, масқаралау жатады. Есім хан заңы бойынша шығарылған үкімдердің жалпы саны 118 екендігін де айта кету керек. Енді солардың бірнешеуіне тоқталсақ: 1. «Қанға –қан, жанға-жан». Яғни өлтірсе өлтіру, қолын сындырса қолын сындыру, көзін шығарса көзін шығару. 2. Құн. Яғни өлімді құнмен алмастыру. (Бұл үшін құнікер жағының келісімі болуы керек) Құнның мөлшері ер адам үшін 1000 қой, әйелдер үшін 500 қой. 3. Ақсүйектер құны қарапайым ер кісінің құнынынан жеті есе артық. Яғни 7000 қой. Ақсүйек әйелдер құны 3500 қой. 5. Өнер құны. Өлген кісі асқан өнер иесі болса, онда өнері үшін төленетін үстеме құн. Мөлшері 1000 қой. 17. Жүкті әйел өлім жазасына кесілмейді. 33. Қандықолды қолдап, қуаттаған ру бүкіл халық алдында жауапты, олармен қарым-қатынас үзіледі. 34. Құн дауы 50 жылда өшпейді. Атадан балаға ата кегі ауыса береді. 41. Әкесі ұлын сүндетке отырғызуға, үйлендіруге, енші беруге міндетті. 48. Қазақтар үшін 7 атаға дейін қыз алысуға тиым салынады. 58. Қылмыскерді анықтау үшін екі-үш куә болу керек. 80. Билік тұқым қуаламайды. 86. «Зекет» малдан алынады.(1/40 бөлігі) 87. 4 әйел алуға рұқсат етіледі. 109. Хан, сұлтан және билер әр жылдың мамыр айында «Кеңес» өткізіп, елдің ішкісыртқы ең түйінді мәселелерін шешіп отырсын. 111. Бұл шешімді келесі «Кеңес» не «Мәжіліске» дейін ешкімнің де бұзуға хақысы жоқ. 112. Хан қарап шешкен дау мәселесі – ең соңғы тұжырым. Оны қайта қарауға ешкімнің хақысы жоқ [6]. Есім ханның шығарған заңында жер-су мәселесіне, жайлау-қыстауға көшіп-қону барысында болып тұратын күрделі дау-жанжалдарды шешуге қатысты ережелер де бар. Заңда ата-қоныс мекеніндегі жер-су мен жайылымға иелік ету үшін талапкерге қойылатын салт-сана заңдарының белгілері көрсетілген. Олар: талапкердің ата-анасының басына қойылған құлпытасы, қазылған арық, егілген егіннің атыздары, құрылған шығырдың орыны, қырманның ізі, соғылған бөгеттің қалдығы, қазылған құдықтың орны, малдың қысқы көңі, қойдың күзгі түнегі, тұрғызылған қарақшы, үйілген омақа бекітілген ағаш, егілген бақша, салынған там, соғылған қора, салынған шеген, қазылған ошақтың орыны және тағы да басқа, осындай жәдігерлердің болуы. Жоғарыдағы аталған белгі-мұралардың қайсыбірі болса да талапкердің әкесінің, болмаса бабасының, яки туысқан –туғанының біреуінің еңбегімен істеліп, бір кездерде оның қоныстанып-мекендегені анықталса, ол жерді даулап талап етуші кейінгі иеленушіден сөзсіз қайтарып алған. Ол жерден соңғы мекендеушінің алып кете алмайтын ғимарат, қора –жай , бау –бақша салынған күрделі жайларының тұрарлық бағасы бейтарап үш кісінің кесімі бойынша істеушіге төленген. ХҮІІ ғасырдың аяғы мен ХҮІІІ ғасырдың басында хандық билік жүргізген, үш жүздің басын қосқан Тәуке хан (1680-1718) жоғарыда аталған жарғыларды дамытып, үш жүздің билері Төле, Қазыбек, Әйтекелердің және елдің басқа да білгір адамдарының қатысуымен Оңтүстік Қазақстандағы Күлтөбеде кеңес өткізіп жаңа заң қабылдаған. Бұл заң халық арасында «Жеті жарғы» аталынып кетті. «Жеті жарғы» атына сай жер дауын, жесір дауын, мал дауын, жан дауын, құн дауын, мүлік дауын және елдің мәселелері мен хандық билік мәселелерін қарайтын заңдар жиынтығы болып табылады. «Жеті жарғы» немесе Тұңғыш қазақ конституциясы аталынып кеткен «Тәуке ханның заңдары» жазбаша күйінде Қожа Ахмет Иассауи мұражайының экспозициясында сақталынып, осы жазбалардың көшірмесі жамағатқа жеткізіліп отырғандықтан, оның әрбір бабын қайта қаузау міндетті емес те шығар. Тек билік, яғни үкім шығару хақында бірер сөз айтпақшымыз. «Жеті жарғы» бойынша бірінші сот билігін билер жүзеге асырған. Хан мен сұлтандар екіншісі инстанциядағы сот ретінде ауыр қылмыстарды және азаматтық істерді, яғни дауларды қараған. Атап айтсақ, рулар мен ауылдар арасындағы дау-дамай, төрелер мен рулардың белгілі алпауыттарын өлтірген адамдардың қылмыстық істері, сұлтандар арасындағы ерегіс даулар. Аса күрделі деген істерді хан –сұлтандар халықтың және билердің қатысуымен қараған, өлім жазасын да солар кескен. Сол кезеңдегі қазақ қоғамында әділ билерге ғана барлық істерді қарауға рұқсат берілген. Билер дауды жәбірленуші мен талапкердің шағымы болған жағдайда ғана қарап отырған. Ол кезде қазіргідей тергеу, қайта тергеу деген жоқ. Сондықтан билер істі қарағанда қандай да бір шешімге келуі тиіс болған. Ол, тіпті жауапкер өзінің рубасы болса да істі қарай берген, тек іс басталмай тұрып жәбірленуші жақ қарсылық білдірсе ғана қарамаған. Екі жақтың бидің алдына қамшыларын тастауы олардың дауды қарауға қарсылықтары жоқ екендігін білдірген. Іске куәларды шақыру міндеті ол кезде талапкердің өзіне жүктелген. Егер де куә келмесе бидің өзі күштеп шақыртуға хұқылы болды. Сондай-ақ келген куәлардың жауаптары дұрыс болуы үшін оның туыстары ант-су ішкен. Әйелдер, қылмыскердің жақын туыстары, жас балалар, айып алғандар, ақыл-есі кемдер, құлдар, күңдер істе куә бола алмаған. Хан –сұлтандар, билер мен басқа да дәрежелі адамдар ант-су ішпеген. Бұл да таптық белгінің бір көрінісі болса керек. Іске 2-3, не одан да көп куә шақыртылып отырған. Ал, егер де куәлар болмаса, онда би істі қарауда екі жақтан да белгілі адамдардың антын алып отырған. Ал жауап берушіге ешкім ант-су ішпесе, ол айыпты болған. Соттың, яғни бидің үкімі әдетте ауызша шығарылатын. Қазылық еткені үшін билер мен аралық билерге істе белгіленген құнның оннан бірі тиесілі болған. Істің аяқталғаны жөніндегі ишараны бейтарап, бірақ елге белгілі адам білдіріп, жіпті қиятын болған. Мұны ала жіп кесу дейді, бұл: «егер кімде –кім осы шешімге келіспей, қайта дау тудырса, онда ол адам осылай бөлшек –бөлшек болып кесіліп тасталынады»,-делінген ұғымды білдірген. Ал, айыпты кісі бидің шешімін орындаудан бас тартса, не ауылдың ақсақалы дауды шешуден әдейі қашқақтаса, сөйтіп қылмыскерге қамқорлық жасаса, онда талапкер ауылдағы ру басының рұқсатымен өз малын барымтамен қайтарып ала алған. Бірақ, ол барымтамен әкелген малының саны талап етіп жүрген малының санына барабар келетіндігіне ру басының көзін жеткізуі тиіс болған [7]. Көшпелі қоғамдағы құқықтық қатынастарды реттеген тұңғыш қазақ конституциясын қабылдағаннан кейін қазақтарды ұлт ретінде сақтап қалуға байланысты, біздің мемлекеттілігіміздің ең күрделі кезеңі (ХҮІІІ-ХІХғ.ғ.) орын алды. Жоңғарларға қарсы жүргізілген күрес, кейіннен қоқандықтарға қарсы ұлт-азаттық бас көтерулер мен шекара маңындағы толастамаған қырқысулар қазақ хандарын Ресеймен кіріптарлық дипломатиялық байланыстар орнатуға мәжбүрлеген еді. Осылай, 1716 жылдың 13 қыркүйегінде Орта жүздің ханы Қайып хан Тобылдағы Сібір губернаторы М.Гагаринге Ресеймен бейбіт қарым –қатынаста тұруға мүмкіндік беру жөніндегі өтінішін жолдаса, сәл кейінірек 1731 жылдың 19 ақпанында Анна Иоановна патшайымның Кіші жүздің ханы Әбілқайырды Ресей бодандығына алу туралы грамотасы жарияланған болатын. 1823 жылы Ұлы жүз сұлтандары мен билері және басқа да атақты атқамінерлері Александр Павлович патшаға бодан болуға ант берген еді. Нәтижесінде 1824 жылы «Орынбор қырғыздары» туралы, кейінірек «Сібір қырғыздары» туралы ережелер қабылданып, метрополияның қазақ жеріндегі жағдайы нығая берді. 1864 жылы Ұлы жүздің қалған бөліктерін (Әулиеата, Шымкент, Түркістан) басып алғаннан кейін, Ресей патшалығы оларды өз қарамағындағы Түркістан генерал-губернаторлығына кіргізеді. Осылай, үш генерал –губернаторлыққа бөлініп, тоз-тозы шыққан қазақ жеріне ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде келімсек –мұжықтардың қаптауы жағдайды тым ауырлатып жіберген еді. Осы уақыттарда тынымсыз жүргізілген ұлт –азаттық күрес (С.Датов, К.Қасымов, Байзақ Мәмбетұлы және т.б. бастаған) 1917-ші жылғы Ресейдегі қос революцияға жалғасып, қорытындысында қазақ жеріне большевиктік билік орнаған еді. Кеңестік билік қазақ жерлерінің РКФСР құрамындағы, біртұтас республика болып бірігуіне үлкен ықпал жасады. 1920 жылдың 26 тамызында РКФСР құрамындағы Қырғыз Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы (КАКСР) құрылады. 1924 жылдың 31 қаңтарында Кеңестердің 2-ші Бүкілодақтық съезі бекіткен КСРО Конституциясы негізінде 1924 -1925 жылдары жүргізілген Орта Азиядағы межелеу нәтижесінде қазақ жерін КАКСР –і құрамына біріктіру процесі (үрдісі) аяқталған болатын. Осылай, Қазақ елі 185 жылдан кейін өзінің территориялық тұтастығы мен мемлекеттілігін қайта қалпына келтіріп, сонымен бірге 1925 жылдың 15-19-шы сәуірі аралығында Қызылордада өткен Қазақ АКСР-інің 5-ші съезінде халықтың және республиканың дұрыс аты қайтарылып, еліміз Қазақ АКСР-і болып аталынады. Оның негізін құрушы халық қазақтар деп дұрыс аталына бастады. 1936 жылдың 5 желтоқсанында Кеңестердің төтенше 8-ші Бүкілодақтық съезінде қаюылданған КСРО Конституциясы негізінде Қазақ АКСР-і одақтық статусқа ие болды. Әйтсе де унитарлық Одақтық мемлекеттің құрамында Қазақстан де-юре дербес республика саналғанымен, іс жүзінде олай болмағаны белгілі. Осыдан 40 жылдан астам уаұыттан кейін 1977-ші жылдың 7-ші қазанында КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс 7-ші сессиясында қабылданған КСРО Конституциясы Одақ көлемінде дамыған социалистік қоғам құрылды, – деп дақпырт қылғанымен, тоталитарлық жүйеге негізделген қоғамның құрдым кетіп бара жатқаны белгілі болып қалған еді. Адам бостандығын тежеген тоталитаризмнің елдің экономикалық және әлеуметтік жағдайын көтере алуы неғайбыл болатын. Мұнымен қоса әкімшіл-әміршіл жүйе ұлттық сана-сезімнің өрістеуін қатаң басып отыруға тырысты. Бұл 1986 –шы жылдың желтоқсанындағы Алматыда болған демократиялық пиғылдағы жастардың көтерілсі күштеп, аюандықпен басу кезінде анық кқрінген еді. Дегенмен, Мәскеудің бұлай басқаруына қарсы болған Бакудегі , Вильнюстегі, Тбилисидегі көтерілістердің соңы «тәуелсіздік шеруіне» ұласып, қортындысында, 1990 жылы 25 қазанда Республика Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдады. 1991-ші жылдың 10-шы желтоқсанында бүкіл халық сайлаған тұңғыш Президент қызметіне кірісті, ал 1991-ші жылдың 16-шы желтоқсанында Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының өз трриториясындағы бүкіл өкімет билігі өз қолында, ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілейтін және жүргізетін демократиялық мемлекеттің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Қазақ Кеңестік Социалистік республикасы Қазақстан Республикасы болып аталды Республика тарихында жаңа кезең басталды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993-ші жылдың 28-ші қаңтарында Қазақстан Республикасының ХІІ-ші шақырылған Жоғарғы Кеңесінің 9-шы сессиясында қабылданды [8]. Жоғарғы заңдық күші бар акт ретінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ұлттық-мемлекеттік тәуелсіздігіміздің негізін қалай алды. Дегенмен, Конституция бір жағынан нарықтық және демократиялық қайта құрулардың жүзеге асуына жағдай жасаса, екінші жағынан билік мәселесінде түсініспеушілік тудырды. Атап айтар болсақ заң шығарушы және атқарушы биліктердің арасындағы өкілеттіліктер дұрыс анықталмады. Мұның өзі – мейлі тіл мәселесі болсын, мейлі жерге жекеменшілік пен азаматтық алу мәселесі болсын, көп жағдайда екіұдай пікірлер туғызып, халықтың басым көпшілігі тарапынан түсініспеушлікке апарып соқты. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы Конституциялық соты 1994 жылдың 7 наурызында сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің өтініші бойынша 1993 жылдың желтоқсанында шақырылыған Жоғарғы Кеңестің өкілеттілігін тоқтатты. Сонымен, Жаңа Конституция құру қажет болды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының мәтіні 1995 жылдың 30 тамызында өткен референдум бойынша қабылданды [9]. Әрине, Конституция қабылданбай тұрып халықтық талқылаудан өткен еді. Жалпы , Қазақстан бойынша жобаны талқылауға 33 мың ұжым, соның ішінде 3 миллион азамат қатысыпты. Осындай талқылаулар кезінде жобаға байланысты 33 мыңнан астам ұсынысар мен ескертулер түскен. Конституцияның 55 бабына 1100 түзетулер мен толықтырулар енгізілген. Жаңа Конституция бойынша Қазақстан мемлекеттік дамудың демократиялық түрін таңдады. Ата заңымыз бойынша Қазақстан Президенттік басқару формасындағы республика болып табылады. Мемлекеттік басшы Конституцияның мызғымастығын, азаматтардың құқы мен еркіндігінің кепілі болып саналады. Дегенмен, Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі принципі болып – Қазақстандағы мемлекеттік биліктің негізгі көзі ретінде оның халқы танылатындығы белгілі. Мұның өзі жалпы алғанда халықтың, жекелей алғанда әрбір азаматтың сайлау немесе сайлану арқылы мемлекеттің кез-келген билік сатысында болуына шек келтірмейтіндігін көрсетеді. Олай болса, осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып Отанымыздың өркендеуіне саналы да сапалы түрде атсалысқанымыз абзал. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 1 Ә.Марғұлан «Қасым ханның қасқа жолы», Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясы. – Алматы: «Қазақстан», 1984. – 295 б. 2 Қазақтың Ата заңдары. Редакциясын басқарған И.Т.Тасмағанбетов. – Алматы: «Жеті жарғы», 2004. – 12 б. 3 С. Куттыкадам. Дао Алтая. – Алматы: Издательский дом «Библиотека Олжаса», 2013. – 257 б . 4 Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясы. 1-т. – Алматы: «Қазақстан» 1984. – 233 б. 5 Қ.Салғараұлы Қазақтар. – Алматы: «Өнер», 1995. – 212 б. 6 М.Мағауин. Есім хан және оның заманы. Қазақ әдебиеті. 1993, №10. 7 «Қазақстан тарихы» Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. – Алматы: «Атамұра», 2010. – 437 б. 8 Бурханов К.Н., Султанов Б.Г., Аяган Б.Г. Современная политическая история Казахстана (1985-2006 гг.). Издательский центр Иститута истории и этнологии им. Ч.Ч.Валиханова. – Алматы, 2006. – 76 с. 9 Казахстан – 10 лет независимости. Этапы развития. Центр внешней политики и анализа. – Алматы. ЦВПА, 2002. – 24 с.