Таразда қырғыз этносының мәдениеті мен өнері күні өткізілді

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Тараз қаласында «Жамбыл облыстық «Манас Ата» қырғыз этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қырғыз этносының мәдениеті мен өнері күні өткізілді.
Іс-шара барысында қоғамдық бірлестік төрағасы Сағымбек Чолпоналиұлы Мырзабеков қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, мемлекеттік ұлттық бірегейлікті нығайту бағытында жұмыс жүргізу – бірлестіктің негізгі мақсаты екенін, қырғыз бен қазақтың дәстүрлеріндегі ұқсастықтар және тамырластықты сақтау жөнінде айтып өтті.
Қырғыз этносы күніне Ақсақалдар, Аналар кеңестері қатысып, бірлестіктің жастар қанаты өз өнерлерін көрсетті. Атап айтқанда, қобыз және домбыра музыкалық аспаптарының сүйемелдеуімен айтылған «Арман-ай», «Жылқычының ыры» әндері айтылып, «Манас» эпосынан үзінділер оқылды. Сондай-ақ, Қырғыз елінің жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері Шыңғыс Айтматовтың өмірбаяны мен өнері туралы сөз қозғалып, жазушының «Қош бол, Гүлсары», «Ерте қайтқан тырналар» атты шығармаларынан үзінділер көрсетілді.
Іс-шара соңында қатысушыларға белсенділік үшін алғыс хаттар мен сыйлықтар берілді.

Жамбыл облысы әкімі аппараты
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы

Жамбыл облысында «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы өтті

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында облыс әкімінің өкімімен құрылған «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы аясында Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ тиісті сала мамандары аудан тұрғындарымен кездесті.
Жоба мақсаты облыс тұрғындарының мәселелеріне нақты шешім табуға бағытталған.
Облыс аудандарында халықты толғандыратын мәселелерді анықтауға, өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған 49 іс-шара өткізіліп, оған 1685 адам қатысты, сонымен қатар әлеуметтік сауалнама алынды. Нәтижесінде тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар берілді.
Жоба аясында Шу, Меркі, Байзақ, Жамбыл және Қордай аудандарының ауылды аймақтарында жастармен кездесу және «Proдвигай себя» тақырыбында тимбилдингтер өтті.
Кездесу барысында жастар арасындағы жұмыссыздық, мамандығы бойынша жұмыс істемеуі, спорт, мәдени кешендердің жоқтығы, интернет күшінің төмендігі, азық-түлік бағасының жоғарылығы және этникалық белгісі бойынша қысым көрсету сынды мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ, аудандардағы қоғамдық келісім кеңестерінің «Қоғамдық келісім кеңесі – азаматтық қоғам мен үкімет арасындағы байланысты нығайтудың тиімді құралы» атты кеңейтілген отырыстары өтті. Аудандағы ауыл жастарының құқықтық сауатын көтеру, жастардың бойында патриоттық сезімдерін ояту, спорт алаңдарының аздығы мен қолжетімділігі, Отан алдындағы әскери борышын өтеуге тарту, діни ұйымдар жұмысына бақылау жасау, білім алуға этнос балаларының толық қамтылуы, жастардың жұмыссыздығы, этнос жастарының мемлекеттік тілді меңгеру сияқты бірқатар мәселелер көтерілді. Этнос өкілдері тығыз шоғырланған ауылдық округтерінде ұлтаралық, конфессияаралық қарым-қатынасты, ұлттар бірлігін сақтау бағытындағы шараларды жүйелеу туралы ұсыныстар да берілді.
Қорыта келгенде, аудандық, ауылдық округтердегі қоғамдық келісім кеңестерін жергілікті әкімдік жанындағы кеңестерге тарту, қоғамдық кеңес төрағасы қызметін ынталандыру шараларын қарастыру ұсынылды.
Жамбыл облыстық ҚХА өз тарапынан Қоғамдық келісім кеңестерінің сапалық деңгейін қайта қарап, бірнеше ауылдық округтердің қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыстарын біріге отырып атқаратын болады.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы

Жамбыл облысында ҚХА Аналар кеңесінің көшпелі отырысы өтті

Біздің қоғамда отбасы қашанда рухани және мәдени дәстүрдің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болып табылатыны сөзсіз.
«Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында «Отбасы құндылықтары – қоғамдық келісім мен бірлікті сақтаудың негізі» тақырыбында Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің көшпелі отырысы өтті.
Отбасы құндылығын арқау еткен жиын Меркі ауданы Сарымолдаев ауылы және Қордай ауданы Булар батыр ауылында жалғасын тапты.
Этнос әйелдер кеңесімен өткен кездесуде, Меркі ауданында отбасын құрған әйелдердің азаматтық алу, мемлекеттен жәрдемақы, халықтық қолөнер бұйымдарын жасау, ұлттық тағамдарды дайындау кәсіпкерлігімен айналысу үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алу, әйел адамдарды жұмысшы кәсіптеріне бейімдеу, жұмысқа тарту, отбасындағы зорлық-зомбылық және аналардың медициналық сақтандыру мәселелеріне алаңдаушылығы туралы мәселелер көтерілді.
Нәтижесінде, азаматтық алу мәселесі бойынша өзбек этномәдени бірлестігінің басшысы, заңгер Зайнутдинов Абдрахман құқықтық кеңес беріп, мәселені өз бақылауына алды. Мемлекеттік жәрдемақыны алу бойынша аудандық жұмыспен қамту бөлімі маманы мәселені шешуге атсалысты. Сондай-ақ, арнайы кәсіпке бейімдеу және медициналық сақтандыру бойынша туындаған мәселелер тиісті органдарға жолданды.
Қордай ауданында қазақ тілін үйрену үшін білікті кадрлардың болуы, этнос әйелдерінің қызмет орындарында хиджаб емес, дәстүрлі орамал тағуы, отбасы тәрбиесінде отаншылдыққа баулу, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларының мектеп тарапынан қыстық киімдермен қамтылуы, сондай-ақ, қазақ халқының жеті атада қыз алыспау дәстүрі түсіндіріліп, этностарда кездесетін туыстық және ерте некелесуге жол бермеу мәселелері қозғалды. Кеңеске қатысқан атқарушы орган мамандарынан жұмыспен қамтудағы этнос әйелдерінің үлесі жайлы да айтылды.
Жиын соңында көтерілген отбасы мәселелері қорытындыланып, тиісті органдарға орындалуға ұсынылды.

Жамбыл облысы «Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз орталығы қызметі орталығы

Тараз қаласында «Достық үйі – татулық пен келісім мекені» атты эссе жазу байқауы өтті

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Тараз қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығына және тілдер мерекесіне орай, өзге ұлт жастары арасында «Достық үйі – татулық пен келісім мекені» тақырыбында мемлекеттік тілде үздік эссе жазу байқауы өтті. Байқау облыс әкімі бекіткен 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес өткізілді.
Эссе байқауы Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен өтті.
Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің маңыздылығын саналы түрде сезіндіре отырып, құрметтеуге тәрбиелеу, отансүйгіштік пен еліміздің жетістігіне мақтаныш сезімдеріне тәрбиелеу, жастардың бойында жоғары әлеуметтік белсенділік пен жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту.
Байқауға Тараз қаласының колледждері мен жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысты. Қатысушылар берілген тақырып бойынша қазақ тілінде эссе жазды. Байқаудың шарттарына сай берілген тақырып бойынша байқауға қатысушылар 60 минут ішінде қазақ тілінде эссе жазу керек болатын. Эссе көлемі 250 сөзден кем болмауы тиіс және қолмен жазылуы керек. Байқауға қатысушылардың жұмыстарына бағалау критерийлеріне сай Тараз қаласының білікті ұстаздары әділқазылық етіп, тиісті бағасын берді. Жұмыс иелері өз деңгейінде марапатталды.
Нәтижесінде үздік эссе жазғаны үшін І-дәрежелі дипломмен Тараз аймақтық университетінің студенті, өзбек ұлтының өкілі Сапарова Гулистан және Тараз гуманитарлық техникалық колледжінің студенті, ұйғыр ұлтының өкілі Ясымов Азиз марапатталды. ІІ-дәрежелі дипломмен түркмен ұлтының өкілі, Тараз аймақтық университетінің студенті Какаева Лейли және өзбек ұлтының өкілі, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Ядыгарова Умида марапатталды. ІІІ-дәрежелі дипломмен орыс ұлтының өкілі, Тараз гуманитарлық колледжінің студенті Сураев Руслан мен түрік ұлтының өкілі, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенті Мурадова Милана марапатталды.
Сондай-ақ, басқа да қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары да берілді.

Жамбыл облысы әкімі аппараты
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы

Қазақ еліне мың алғыс!

Қазақ еліне мың алғыс! Дәл осындай атаумен ағымдағы жылдың қыркүйек айында Тараз қаласында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған монументтің ашылу салтанаты өтті. Бұл нысан қазақ жерін мекендейтін түрлі этностардың елімізге деген ыстық ықыласы мен шынайы алғысының көрінісі болмақ.
Монументтің ашылуының басты мәні – Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойын атап өту, ұлттар арасында достық пен бейбітшілікті сақтау және насихаттау, жастардың бойында патриоттық сезім мен өз халқының тарихына деген құрметін қалыптастыру.
Салтанатты шарада Жамбыл облысы ҚХА «Днепро» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Клименко Феодор Леонтьевич және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі Парида Мамедова сөз сөйлеп, қазақ халқына деген шынайы алғысын білдірді.
Келісім мен достықты бұрынғыдан да нығайта түскен мерекелік жиынға
Жамбыл облысы ҚХА өкілдері мен жастары қатысты.
Ибрагим Зуфаров, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы: – Облыста 35 мыңға жуық түрік этносының өкілі бар. Бәрі де өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Атап айтқанда, ауылшаруашылық, кәсіпкерлік, құрылыс, сауда саласында жемісті еңбек етіп жүргендері де жетерлік. Біз қазақ елінің қамқорлығын көп көрген халықпыз. Сондықтан да ұлттық мерекелерге, тағылымды іс-шараларға белсене қатысуды, этнос арасындағы татулықты дәріптеуді өзіме міндет санаймын.
Биіктігі 30 метрді құрайтын монументте қазақ жерінде тұратын түрлі ұлт пен ұлыстың елге деген алғысы мен ризашылығының символикалық көрінісі бейнеленген. Тасын түртсең тарихы көрінетін Жамбыл жерінде бой көтерген бұл монумент бейбітшілік пен келісімнің мызғымас айғағы екені даусыз.

Президент қойған барлық маңызды міндеттердің іске асатынына сенімім мол

Қазақстан халқына кезекті Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі міндеттерді атап өтті. Халық медицинасы да, жалпы барлық медицина жұртшылығы, қарапайым халық та Мемлекет басшысының медицина қызметкерлеріне ынталандыру үстемеақыларын төлеу туралы тапсырмасын зор ықыласпен қабылдады. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 150 миллиард теңге бөлінеді.
Президент 2023 жылы медицина қызметкерлерінің жалақысы ел бойынша орташа жалақыдан 2 есеге жуық өсетінін атап өтті. Медицина қызметкерлерінің материалдық әл-ауқатының артуы медициналық қызмет көрсету сапасына оң әсер етеді, олардың біліктілігін арттыруға деген ұмтылысын арттырады және ертеңгі күнге деген сенімін нығайтады деп үміттенеміз.
Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық облыстарында ауыр науқастарға онкологиялық көмек көрсететін 19 онкологиялық мекеме жұмыс істеуде. Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде өңірлік онкологиялық орталықтарды қажетті заманауи жабдықтармен жарақтандыру, радиологиялық аппараттарды жаңарту да көзделген.
Сонымен қатар, Қазақстанның онкологиялық қызметі жас кадрларды, онколог дәрігерлерді даярлауға, сондай-ақ жұмыс істеп жүрген медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бар күштерін салуда.
Онкологиялық науқастарды қажетті препараттармен шұғыл қамтамасыз етуге қатысты дәрі-дәрмектерді жеткізуге бұдан соң «СК-Фармация» құрылымы жауап береді. Онкологиялық науқастар дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз етіледі, оларды мемлекет есебінен сатып алады. Бірақ, өкінішке орай, кейде шетелдік, өмірлік маңызды препараттарды жеткізуде көп үзілістер болады, ал онкологияны емдеуде әр минут пациент үшін маңызды.
Президенттің Қазақстанда фармацевтикалық өндірісті дамыту туралы тапсырмасы дер кезінде берілген тапсырма болып шықты. Жақын арада онкологиялық науқастарға өмірлік маңызы бар дәрілерді ұзақ уақыт күтудің қажеті болмайды және олар ел ішінде әрдайым қолжетімді болады деп сенеміз.
Президент өз сөзінде жаңа көпсалалы ауруханалар салынатынын да атап өтті. Бұған дейін ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елордада ең озық халықаралық тәжірибе негізінде онкологиялық науқастарға жоғары тиімді медициналық көмек көрсету үшін жаңа ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың (ҰҒОО) құрылысы басталған болатын. Жақында, жаңа жабдықтармен жабдықталған ҰҒОО Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ауыр науқастарға ендігі тегін онкологиялық көмек көрсететін болады.
ҚазОРҒЗИ-да мамандардың біліктілігін арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізіледі, шетелдік мамандармен оқыту конференциялары, Tumor Board-тар, консилиумдар тыңғылықты өткізіліп тұрады. Қазақстан қатерлі ісікпен ауратын адамдар саны көбейген сайын жоғары білікті кадрларды даярлауға мүдделі.
Онкологиялық аурулармен күресте жылдам диагностика жасау, обырды емдеу, онкопациенттердің өмір сүру сапасын арттыру – Қазақстанның әлеуметтік саясаты мен денсаулық сақтаудың басым міндеттері болып табылады.
Президент қойған барлық маңызды міндеттердің іске асатынына сенімім мол.

Жамбыл облыстық
«Әулие Ата» қазақ мәдени орталығының мүшесі
Динара Орынтайқызы

Береке басы – бірлік

Дүниежүзілік бейбітшілік күніне орай облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада «Бейбітшілік пен келісім елі» атты өзге ұлт өкілдерімен кездесу өтті. Бұл кездесу достығы жарасқан өзге ұлт өкілдернің қазақ халқына деген құрметін байқатты.
Кездесуді облыс әкімдігі «Қоғамдық келісім» мекемесінің көрме залының жетекшісі Вера Андреева сөз сөйлеп ашса, аталған мекеменің көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің қызметкері Берекет Қосбергенов ұлт өкілдерінің арасындағы достық жайлы кеңінен толғанды. Мұнан соң өзбек ұлтының өкілі, І топ көз мүгедегі Мұхабат Шаюнусов өзбек халқының ұлттық аспабымен бірнеше ән шырқап берсе, қырғыз ұлтының өкілі, І топ көз мүгедегі Тұрар Мамбетбаев өзінің қазақ халқына арнаған «Ынтымақ» атты өлеңін оқып беріп жиналғандарды риза етті. Әсіресе, «Қазақ пен қырғыз бір туған, Бөлінбеген еншісі» деген жолдарға көпшілік құрметпен қол соқты. Кітапхана оқырманы Еркін Махамбетов орындаған «Бұлқынды жүрек» әні, аталған кітапхана қызметкерлері Гүлнұр Құрақбаева мен Гүлсім Серікбаева орындаған қазақ халық әндерінен поппури де көпшілік көңілінен шықты.
Іс-шара барысында «Бірлік пен бейбітшілік – ортақ мүддеміз» атты екі бөлімнен тұратын кітап көрмесі ұйымдастырылды. Атап айтқанда «Бейбітшілік – әлем тірегі» бөліміне әлем мемлекеттері туралы кітаптар қойылса, «Бірлік пен бейбітшілік жаршысы» атты екінші бөлім Қазақстан мен әлем мемлекеттерінің достық байланысын қамтып, көрмеге шолу жасалды.
Кеш соңында облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Мейіржан Әлібекұлы белгілі журналист Бейсен Құранбек жайлы «Біздің Бейсен» атты кітапты сыйға тартты. Іс-шараны аталған кітапхана директоры Жанат Айтжанова қорытындылап, келген қонақтарға алғыс білдіріп, Б.Құранбек жайлы жазылған «Біздің Бейсен» кітабы брайл жүйесіне көшіріліп, зағип оқырмандарға да ұсынылатынын айтты.

Есет Досалы
Жамбыл облыстық ҚХА
Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі

Мың жасаған шаhардың – сиқырлы асықтары

 

Ұлы Даланың қожайыны болған, Тараз шаhардың күре тамыр тереңде жатыр, әлемдік тарихқа «көшпелі өркениет» ұғымын енгізген бабаларымыздың саналы ғұмыры мал шаруашылығын жетілдіріп, оған қатысты ғұрыптарды, салт-дәстүр мен түрлі жосындарды өмірге әкелгені белгілі. Бүгінгі ұрпақтың міндеті осы бір ғасырлар бойы қалыптасқан, санамызға сіңген дүниені сақтап қалу және оны дәріптеу.
Заманның ағымы, ақпараттық технологияның өрістеуі, жаһандық даму барысында, технологияның жетістігін халық дәстүрін қайта тірілтуге пайдалану қажет. Бүгінде тарихи-этнографиялық зерттеулерде асықпен байланысты мәліметтер аса көп емес. Ғаламтор бетіндегі асықпен байланысты мәліметтер кездеседі, көбісі бір-бірін қайталаудан ары бармайды.
Осы мәселенің орнын толтыру үшін кешенді тарихи, археологиялық, этнографиялық, палеозоологиялық зерттеу нәтижелерін ғылыми айналымға енгізіп қана қоймай, түрлі ақпарат көздері арқылы халықты хабардар етіп отыру қажет.
Археологиялық зерттеулерден байқағанымыз, асықтарды белгілі бір салт-дәстүрмен және ойын түрімен байланыстырған. Бірақ археологияның трасологиялық әдістері негізінде жүргізілген зерттеулер, асықтардың тері илеу, қыш ыдыстардың сыртын тегістеу ісінде де пайдаланғанын көрсетіп отыр. Осы жөнінде белгілі Ресейлік трасолог т.ғ.к. И.В. Горащукпен пікір алмасқанда, аталған ғалым асықтарды терінің белгілі бір бөлігін беткі шелінен тазарту ісінде жиі қолданғанын айтады.
Ежелгі Тараз қалашығына 2011-2017 жылдары жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде, сүйектен жасалған бұйымдар көптеп кездесті. Қазба жұмыстары кезінде көптеген асықтар, мал сүйектері табылды. Асықты көне замандарға тән жерлеу орындарында, бөлмедегі ошақтың жанынан табылуы және асықтардың түрлі қырынан тесілген және боялған немесе бетінде әрқилы сызықты белгілердің болуы, сонымен қатар жерленген адамның жас ерекшеліктері және т.б. белгілеріне байланысты ғұрыптық мақсатта пайдаланған. Сонымен бірге асықтарды өңделуі, егелуі, тесілуі және боялуына (көбіне ортағасырларда) байланысты және асықтың түрлері мен пішіндеріне байланысты көне заманған тән ойын түрлеріне пайдаланған. Асықтарды сонымен бірге тері илеу, қыш құмыра жасаудағы жылтыратумен байланысты тұрмыстық мақсатта пайдаланған. Асықтарды пайдалану ерекшеліктеріне қатысты жоғарыда аталған пікірлерді біз, Л.А. Макарова, Ұ.Үмітқалиев, А.Ә. Нұржанов, З.Ө. Ибадуллина, Б.Сиражева және т.б. белгілі отандық және шет елдік археолог, этнограф, палеозоолог және трасолог ғалымдардың еңбектерінен кездестіре аламыз.
Жер бетіндегі тірек-қимыл жүйесі дамыған барлық жаратылыс иесінде асық кездеседі. Бірақ қазақ халқы төрт түліктің асығын, оның ішінде қой және ешкі асығын, сирек жағдайда сиыр асығын да ойынға пайдаланған. Түйе асығының анатомиялық және морфологиялық құрылымы сиырға жақын болғанымен, қолға икемсіз, пішінінде ауытқушылықтар бар, әрі өте ірі. Жылқы асығы құлан, есек асықтарымен бірдей. Бірақ қазақ жылқы асығын қолға мүлдем икемсіз болғандықтан ойын құралына қолданбаған. Бірақ археологиялық зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, бетінде әртүрлі торкөз секілді сызықты белгілері бар жылқы асықтары көршілес аймақтардан кездескен.
Асық ойынының бірнеше ондаған түрлері бар. Бірақ археологиялық зерттеулерге назар аударатын болсақ, көбіне бірнеше ойынның дамығандығын байқауға болады. Оны көбіне шік, тәйке жағы егеліп, тегістелген және шік жағы тесіліп қорғасын немесе сым-темірді бұрап кіргізген асықтардың табылуына қарап айта аламыз. Әрине дәл сол кезеңде мұндай белгісі бар асықпен қатысты ойынның қалай аталғанын айту қиын. Дегенмен, біздің ойымызша алыстан атып ойнайтын «омпа», «иірмешілік», «үштабан» секілді ойын түрлері дамыған секілді. Әсіресе жоғарыда аталған тесігі бар, егелген және қорғасынмен ауырлатылған асықтар ортағасырлық қалалардан жиі табылады. Ал ерте кезеңдерде (қола, темір дәуірлері) асықтар көбіне «мұрындықталып» тесілген, боялған секілді белгілермен кездеседі. Біздің ойымызша асықтың алғашқы функциясы оның «алты қырлы» және куб пішінінде болуына қарай – ғұрыптық жосындармен байланысты болған. Оның ішінде адам жолға шығарда бал ашу, болашағын білу секілді жорамалдар жасауға қатысты болуы әбден мүмкін.
Зерттеушілердің пікіріне тоқталсақ С.В. Сотникова қола дәуіріне тән ескерткіштердің ішінде жас балалар жерленген қабір шұңқырынан табылған асықтарды саралап, асықпен көму дәстүрін баланың жас ерекшелігіне қарай бөлінетінін айтады (Сотникова, 2015, с. 21-30).
Ұ.Ү.Үмітқалиев қола дәуіріне тән жерлеу орнынан мұрындықталып тесілген асықтардың кездесуі, түркі халықтарында кездесетін, асықты тұмар ретінде тағумен байланысты деген жорамал жасайды. Яғни мәйітті жерлеуге келген туыстары мен жақындарының топырақ салудың орнына, тұмар ретінде мойындарында жүрген асықтарын, жерлеуге барғанда жібін үзіп қимасына берген (Үмітқалиев, 2016, б. 111-116).
А.Ә.Нұржанов асықтардың латеральды немесе медиальды қырларының егелуін және дорсальды бөлігіне жасалған тесіктерді  қазақтың дәстүрлі «асық ойындарымен» байланыстырады (Нуржанов, 2014, с. 462-471).
А.И. Юдиннің ойынша ешқандай сызықтық белгілері мен өрнектері жоқ асықтар «ешқандай ғұрыптық мақсатта пайдаланылмаған, тек асықпен байланысты белгілі бір ойынға арналған», ал бетінде бедері немесе сызықты өрнектері бар асықтар жерленген адамның белгілі бір әлеуметтік мәртебесін білдіреді дейді (Юдин, 2009, с. 146-170).
Асықты пайдалану мәселесі жөнінде жоғарыдағы археологиялық зерттеулерден байқағанымыз, асықтарды белгілі бір салт-дәстүрмен және ойын түрімен байланыстырған. Бірақ археологияның трасологиялық әдістері негізінде жүргізілген зерттеулер, асықтардың тері илеу, қыш ыдыстардың сыртын тегістеу ісінде де пайдаланғанын көрсетіп отыр. Осы жөнінде белгілі Ресейлік трасолог т.ғ.к. И.В. Горащукпен пікір алмасқанда, аталған ғалым асықтарды терінің белгілі бір бөлігін беткі шелінен тазарту ісінде жиі қолданғанын айтады.
Сонымен бірге ХІХ ғасырда қазақ жеріне жүргізілген зерттеулер, халқымыздың дәстүрлі спорт ойындарымен қатар, балалар арасында асық ойындарының кең таралғанын көрсетіп отыр. Кеңестің кезеңде өкінішке орай «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар…» деген оймен, төл өнеріміздің дамуына көп көңіл бөлінбеді. Тәуелсіздіктен кейін асық ойыны біршама дамып, жетілгенін біздің бала күнгі ойындарымыз дәлелдей түседі. Бірақ соңғы он жыл көлемінде технологияны дамуы бұл жағдайды кейінге ысырып, қазақтың дәстүрлі ойындарының ұмыт болуына әкеліп соқты.
«Өткенді білмей, болшаққа қадам жасай алмайсың» – деп Әл Фараби бабамыз айтқандай, қазақтың дәстүрлі ойын түрлерін қайта жаңғыртуымыз шарт. Егер күнделікті өміріміз бір терезеге (телефон, теледидар) үңілумен өте берсе, болашақта маригиналды санаға өтіп, дайын тапсырманы орындайтын роботқа айналарымыз сөзсіз. Адам жан-жақты болуы керек. Үнемі қозғалыс, ізденіс қана – қатарыңнан озып шығуға жетелейді. Қорытынды келе асық көне заманнан бері жоғалмай келе жатқан ерекше зат. Қазақ болмысына терең сіңген, тәжірибеден туындаған дәстүр іспеттес. Қазақтың қазақ болып қалуының бір жолы атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту, асықты бүгінгі жастардың ойын құралына айналдыруда. Адамның білімі, қарым-қабілеті тәжірибеден жинақталады, соның негізінде ақыл-ой қалыптасады. Меніңше дәстүрлі ойын түрлерін күнделікті өмірге терең енгізе алсақ жастардың қазақ мәдениетіне, ұлттық ерекшеліктерімізге деген құрметі артары сөзсіз.


Пайдаланған әдебиеттер
1. Төтенаев Б. Қазақтың ұлттық ойындары. Алматы, 1996.
2. Сотникова С.В. Детские погребения с наборами астрагалов как отражение половозрастной стратификации в обществах эпохи бронзы на территории евразийских степей (по материалам памятников синташтинско-петровского, потаповского, покровского типов) // Вестник пермского университета. Выпуск 1 (28). История. Пермь: С. 21-30.
3. Ұ.Ү. Үмітқалиевтің «Асық баланың ойыны емес – бабаның мұрасы» атты мақаласынан оқи аласыздар // Қазақстанның тарихи-мəдени мұраларының өзекті мəселелері: өткені, бүгіні мен болашағы: тарих ғыл. докторы, профессоры Мадияр Елеуовтың 70 жылдық мерейтойына арналған халықар. ғыл.-тəж. конф. матер. (Алматы, 6 мамыр 2016 ж.). / Жауапты ред. А.Б. Қалыш. Алматы: Қазақ университеті, 2016. I-бөлім. 111–116-бб.
4. Нуржанов А.А. Некоторые результаты палеозоологических и палеоботанических исследований на городище Кастек // «Марғұлан оқулары – 2014»: Академик Ә. Х. Марғұланның 110-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Алматы – Павлодар: 2014. 544 с.

Жарылқапова Айжан Ғалымбекқызы
Жамбыл облыстық ҚХА ғылыми-зерттеу тобының мүшесі,
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің
«Ежелгі Тараз ескерткіштері»
тарихи-мәдени қорық-музейің тарихшысы

Дина Құлбаева Президент жолдауы туралы пікір

Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы білім күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Жыл сайын кең көлемде мыңдаған оқушылар, студенттер мен ұстаздар қауымы қатысуымен өтетін салтанатты мерекелік іс-шаралардың орнын қашықтықтан өткізілген сынып сағаттарының алмастыруы, елімізде әлемге зор қауіп төндіріп отырған пандемияға қарсы күрестің әлі де жалғасын табуда екендігін көрсетіп отыр. Осындай қиын-қыстау сәтте ел бірлігінің қаншалықты маңызды екендігіне тоқтала отырып, Президент қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу екендігін атап көрсетті.
Бұл міндеттерді жүзеге асыру барысында ең алдымен, азаматтарды алаңдатқан нақты әрі өзекті мәселелерді тиімді шешуге қауқарлы болу үшін мемлекеттік басқару саласында өзгерістер енгізу қажеттігін айтты. Мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау қажеттілігіне тоқтала отырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру ісі ары қарай жалғасын табуы тиістігін атап көрсетті. Ол үшін мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты ғана жауап беріп қоймай, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалогты қалыптастыру қажеттілігі айтылды. Азаматтардың әл-ауқатын шын мәнінде жақсарту үшін олардың өздерін осы іске белсенді түрде тарту бағытында жұмыс жасауымыз қажет дей отырып, Президент халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыру мәселесін де көтерді. Әрине мемлекет басқару ісіне араласу үлкен жауапкершілікті, білімді, біліктілікті талап етеді.
Сондықтан да халқымыздың қазіргі қалыптасқан жағдай мен ел болашағына деген көзқарастары түбегейлі өзгерісті талап етеді. Әлемді шарлаған індет пен оның зардаптары адамдардың заман талабына сай өзгерістерге үнемі дайын болып, өмірге, қоршаған ортаға, адами құндылықтарға жаңаша тұрғыдан қарау қажеттігін көрсетіп берді. Қиын-қыстау сәтте көптеген адамдар ұлтымызға тән жомарттық, бауырмалдық, жанашырлық сияқты қасиеттеріміздің озық үлгісін көрсете білді. Сонымен қатар кей тұстарда жауапсыздық пен немқұрайдылықтың салдарларының орны толмас өкінішке ұрындырғанын да білеміз. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін мемлекет басшысы ұлттық болмысымызды жаңа деңгейге көтеру қажеттігін, ал оның басында зиялы қауым өкілдері тұруы керектігін атап көрсетті. Бұл өз кезегінде еліміздің болашағы –жастарға білім мен тәрбие беру ісі сеніп тапсырылған ұстаздардан зор жауапкершілікті талап ететіні анық. Сондықтан да, біз өз тарапымыздан осы бағытта табандылықпен бар күш-қайратымызды аямастан ел сенімін ақтауға тырысамыз.

Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық

тобының мүшесі Дина Кульбаева

Сартиф Алиев Президент жолдауы туралы пікір

Бүгін Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауын жолдады. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Жолдау халықтың болашаққа деген сенімін нығайта түсері сөзсіз. Стратегиялық маңыздылықты қамтамасыз етуге және белгілі бір уақыт аралығында нақты міндеттер мен мәселелерді шешуге бағытталған Қазақстан Республикасы Президентінің жолдауы біздің елімізге қажет бірқатар күрделі мәселелерді шешуді көздейді.
Президенттің білім сапасын арттыру жөніндегі бастамалары ерекше қуантты. Егер Жолдауда көрсетілген тапсырмалар оңтайлы жүзеге асса, елдегі жұмыссыз жастар саны азаяды, ал жоғары кәсіби шеберлігі бар жастар саны арта түсері сөзсіз.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы білімнің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етудің маңыздылығы мен денсаулық сақтау саласын дамыту жайында айта келіп, отбасылық-демографиялық жағдайына және балалардың құқығы мен қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді. Мен президент жолдауын қолдаймын.

Жамбыл облыстық «Барбанг» күрділер
этномәдени бірлестігінің мүшесі
Сартиф Алиев

Page 1 of 2
1 2