Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қоғамның ұйымдасуына, халықаралық бірліктің нығаюына күш -жігеріңізді салдыңыз, Сіз басқарып келген еліңіз өркениетті, әлемге әйгілі, дүние жүзінде теңдесі жоқ, бұл Сіздің еңбегіңіз. Бүгінгі күні Сіздің сауығып кетуіңізді ақ жаулықты Жамбыл облысының ҚХА жанындағы Аналар Кеңесінің мүшелері атынан тілейміз!
Қиындықтарды жеңіп, жарқын жақсылықтарға толы өміріңіз ұзақ болсын! Көшбасшылық қасиетіңізбен қатар қарапайымдылығыңыз, мейірімділігіңіз біздер үшін үлгі тұтар, көздеген мақсаттарыңыз орындалсын! Ауырмаңыз, тез сауығып кетіңіз! Біз біргеміз!

Тілек білдіруші Жамбыл облысы
ҚХА жанындағы аналар Кеңесінің мүшелері

Аса құрметті Елбасы, Тұңғыш Президентіміз, қадірменді көшбасшымыз!

Жамбыл облысының ҚХА Ақсақалдар кеңесі және Қоғамдық келісім кеңесі мүшелері  Сізге Жаратушыдан шапағат сұрап, Сіздің тез сауығып кетуіңізге ізгі тілектерін жолдап отыр.

Өзге этностарды бір  шаңырақтың астында талай жылдар бейбітшіліктің астында уыздай ұйытып ұстап келдіңіз, сізге деген құрметіміз, ризашылығымыз шексіз! Қазақстанымыздың өзге елдермен де одақ¬тастық пен стратегиялық қарым-қатынастарды нығайтып, өзара дұрыс мәмілеге келуі де, осы тұрғыда қауіпсіздік туралы шарттар жасасқаныңыз да халықаралық құ¬ры¬лымдар аясындағы өзара табысты шешімдеріңіздің жемісі!
Сіздің ерен еңбегіңіздің арқасында Қазақстан халқы өзге елдердің алдында еңсесі көтеріліп, алыс-жақынды шет елдердің   құрметіне бөленіп, халықаралық деңгейде жоғары беделге ие болды. Сондай-ақ, тұшымды идеяларыңыз мемлекетіміздің әлеуметтік-эко¬но¬микалық дамуына, Еуразия құр¬лығындағы тұрақтылық пен қауіп¬сіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізіп, дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді. Сіздің жасампаз және жан-жақты қызметіңіз Қазақстанды қуатты әрі тәуелсіз елге айналдырды, ал сындарлы да көреген саясатыңыз халық¬аралық деңгейде кең қолдауға ие болды.
Шын жүректен Сізге зор ден¬саулық, бақ-береке, сергектік, күш-қуат, амандық тілейміз!!

Жамбыл облысы ҚХА Ақсақалдар
 және Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері

Белсенділік жолымның биігі деп білемін

Қадыралиев Айбек Амансейітұлы – Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы,  Жамбыл облыстық ҚХА мүшесі  

 2015 жылдың наурызы. Студенттік кезімнің соңғы жылдары. Ауылдан келген қара баланың талпынысы мен талабын одан ары қаланың тыныс-тіршілігі баурап алып, қоғам өмірінің дамуына қолдан келгенше жастар атынан үлесін қосып, есесіне сол бір белсенділік пен шығармашылықтың арқасында Тараз қалалық «Жастар орталығында» еріктілер ұйымының жетекшісі болып жүрген шақ.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде  мерекелеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан еді. Облыс әкімдігіне жылдам келуге қоңырау түсті. Тіпті, қызметтік көлікте жіберіп қойыпты. Ойымда ештеңе жоқ, абыр-сабыр болып, бір шетінен қобалжу мен уайым басым. Үшінші қабатқа кіріп, 30 адамның 29 ы болып тіркелдім. Облысқа белгілі саяси тұлғалар, өнер, білім, ғылым және басқа да түрлі жетістіктерге жеткен тұлғаларды облыс әкімі К.Көкрекбаев қабылдап жатыр екен. Басты тақырып Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына Елбасымыз арнайы келіп қатысатын республикалық жастар форумы екен. Бар ынта мен күш-жігерді жиып, дайындалып отырдым. Кезегім келді. Мен Елбасымын, жастар атынан не айтасың деген сұрақ келді. Жастар алдында сөйлеп, жалын мен жаңаша бастамаларға бастау алып жүрген жастың бірі ретінде ойыма оралған оңды сөздерді жаудырып, азды-көпті өлең шумақтарымен жалғастырып жібердім. Облыс жастарының атынан сен сөйлейсің деген сөзді естіген сәттегі әсерді айтып жеткізу мүмкін емес. Дайындықтар, күндегі кездесулер, сөйлейтін сөздерді сараптау, барлығы мерекелік күн болатын уақытта дайын болды. Елбасымен кездесетін уақыт. Бойдағы тербеліс сәт. Қобалжу, қорқу, барлығында Елбасымыдың алдына шығып, амандасқанымнан ақ ұмытып, алдыға қарай сайрай түстім. 5000 адам жиналған Тараз Арена спорт кешенінің көрінісі тіптен бөлек. Елбасыма егемендік жолдағы ерен істері үшін, өз алғысымды шынайы білдіріп, ары қарай өркендеп өсу жолында өлеңіммен өрілген алғысымды білдірдім. Сөз аяғы келгенде шапалақпен шабыт берген көрермендерге қосылып, Елбасымыздың өзі де орнынан тұрып қошеметтеп тұрғаны да үлкен әсерге бөледі. Белсенділігімнің осы бір сәт ең үлкен жемісі, жеңісі , биігі деп білемін. Сондай-ақ, «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі болып жүріп, Астана қаласында өтетін «Жас Отан» жастар қанатының сьездеріне де бірнеше рет Елбасымыз қатысатын әр түрлі жиындардың да қатысушысы болдым. Elbasymen #birgemiz

 

Көк туымыз әлемдік аренада әлі талай биікке шығады

2012 жылдың 12 тамызы мен үшін ғана емес, Қазақстан үшін де ерекше күн болып есте қалды.  Лондон олимпиадасында  еркін күрестен қола медаль иегері атандым. Жарыс аяқталып, елге оралғанымызда, 2012 жылдың  тамыз айының 25 жұлдызында Елбасымыз олимпиада ойындарында орын алған спортшыларды қабылдады. Кездесу алдында «Елбасының алдында сөйлеуге жүрексінесін, қорқыныш болады»  деген пікірлерді естіген болатынмын. Керісінше, жылы лебізбен қарсы алған Елбасыға біз де алғысымызды айтып, толқыныстың барлығы сейіліп кетті.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев барлық спортшыларды құшақ жая қарсы алып, жеңісімізбен шын жүректен құттықтады. Дүние жүзі бойынша Лондондағы олимпиадалық ойындардың медальдік есебінде 12-орынға көтерілгенімізге Тұңғыш Президентіміз ерекше қуанды десем қателеспеймін. Қазақстанның әр облысынан бір олимпиада жеңімпазы тәрбиеленіп шығатын болса, бұдан артық жеңістің жоқ екендігін айтқан Елбасымыздың сөзі әлі есімде.

Президенттің әрбір сөзінен елдің келешегінің кемелдігін көріп, күш-жігер ала білдім. Халқымызда «Жүзі жылыдан түңілме!» дегендей, Нұрсұлтан Әбішұлы өте жайдары жан. Сол кездесуде мен алғаш рет дұрыс жолда келе жатқаныма көзім жетті және болашағыма дұрыс бағдар ала білдім.

Елбасы өскелең ұрпаққа нағыз үлгі бола білген тұлға. Сындарлы саясаты бүгінде еліміздің барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай білді.

Көк туымыздың әлемдік аренада әлі талай биікке шығарына кәміл сенімдімін!

Таңатаров Ақжүрек Достықұлы,

Грек-рим күресінен спорт шебері

 

«Бейбітшілік және келісім керуені» қайырымдылық акциясы

2020 жылдың 10 маусымында  Сарысу  және Талас аудандарында «Қайырымдылық керуені» ұлттық қайырымдылық компаниясы аясында облыстық  ҚХА қоғамдық келісім кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жиынды облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ әдістемелік бөлімінің әдіскері Кенжебек Өмірбеков ашты. Қайырымдылық акциясы 4 бағыт бойынша өткізілді. Бірінші оқу аудиториясында  «Бейбітшілік  және келісім керуені» қайырымдылық акциясы аясында  аудандарда жергілікті атқарушы билік органдары қоғамдық келісім кеңесінің қоғамдық бірлік пен келісімді нығайтудағы өзара іс-қимылы» тақырыбында, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің аймақтық кеңейтілген отырысы, «Отбасындағы әйелдер образы және тәрбие» тақырыбында сонымен қатар, облыстық  Қазақстан халқы ассамблеясы  Аналар кеңесінің  аймақтық кеңейтілген отырысы,  «Қазақстан өңірлеріндегі этносаралық жағдай» тақырыбындағы ғылыми сараптама қолдау бөлімі фокус-топқа арналған ГАЙД және  «Еріктілер қызметінің жұмысы»тақырыбында жастармен кездесулер өткізілді .

«Қазақстан өңірлеріндегі этносаралық жағдай» тақырыбындағы ғылыми сараптама қолдау бөлімі фокус-топқа арналған ГАЙДта ғылыми сараптама қолдау бөлімінің басшысы Альбина Тапаева жиналғандармен өңірдегі этносаралық ақуал, этноәлеуметтік жағдай және мемлекеттік этносаясат, өңірдегі этноконфессиялық жағдай тақырыптарында сауалнамалар жүргізіп, қорытындысында өңірдің этноэлеуметтік жағдайына ықпалы бар қандай факторлар назардан тыс қалғандығын, аталған жағдайларды жақсарту мақсатында қандай ұсыныс тілектері болатынын атап өтті.

ҚХА  «Қайырымдылық керуені» ұлттық қайырымдылық компаниясы аясында облыстық  ҚХА аналар кеңесі отырыста аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің мамандарын тарта отырып, жергілікті этнос әйелдеріне қыз баланы оқыту, белгілі бір кәсіпке бейімдеу, халықтық қолөнер бұйымдарын жаңғырту арқылы кәсіпкерлікпен айналысу, мемлекеттік қайтарымсыз грант алу мәселелері  түсіндірілді. Қатысушылар  халықтың ұлттық қолөнерінің ұмытылып бара жатқанын айтып, күрді ұлтының нан пісіру, тоқыма өнерін жаңғыртуға қолдау көрсетуін өтінді.

«Еріктілер қызметінің жұмысы»тақырыбында жастармен кездесуде «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жетекшісі Тұрдиева Хамида еріктілердің жыл басынан бері атқарған жұмыстарына жан жақты талдау жасап жастарды әрі қарай осы жұмысқа белсене қатысуға шақырды. Жиын соңында елді мекенде тұратын 12  тұрмысы төмен отбасына жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 320 мың тенгенің азық түлік себеттерінен қайырымдылық шарасы жасалды. Іс-шараға барлығы 60 жуық адам қатысты.

Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің тағлымы ұрпақ жадында мәңгі сақталады

Отырарлық ұлы ғалым, ойшыл, кемеңгер Әбу Насыр әл-Фарабидің  туғанына биыл 1150 жыл толды. Әл-Фараби Аристотельден кейінгі дүние жүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист  ғалым, астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғаттану, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия ғылымдарын меңгеріп, көптеген трактаттардың авторы. Өкінішке орай, оның мол мұрасы мен рухани туындылары көбісі жоғалып, біздің заманымызға тек 40 шақты еңбегі ғана жеткен. Азияның ұлы ғалымдары мен ойшылдары Әбу Әли ибн Сина, Беруни, Бозжани, Омар Хайям және т.б. өздерін Әбу Насыр әл-Фарабидің шәкірттеріміз деп есептеген. Әбу Әли ибн Сина: «Бұрын еш түсіне алмай жүрген грек метафизикасын толығымен осы әл-Фарабидің кітабын оқып түсіндім»  деген екен.

Әл-Фараби «Данышпандықтың інжу-маржаны», «Ақылдың мәні туралы трактат», «Ғылымдардың шығуы», «Аристотель еңбектеріне түсіндірме» тектес трактаттары арқылы ғаламдық ойдың дамуына өзінің қомақты үлесін қосты. Сондықтан да халық оны «Шығыстың Аристотелі» атап кеткен. Ол ежелгі заман ойшылдары Аристотель, Платон, Гален шығармаларына терең талдаулар, түсініктемелер жазды. Білімінің осыншама молдығына таң қалған бір кісі Әл-Фарабиден: «Сіз көп білесіз бе, әлде Аристотель көп біле ме?» – деп сұрағанда, данышпан: «Онымен замандас болған жағдайда мен оның ең мықты шәкірті болар едім», – деген екен.

Ғылым, білім іздеп, жер жерді аралаған ойшыл парсы, түрік, араб тілдерінен бөлек грек, қытай, латын, санскрит және басқа тілдерді меңгерген. Сол заманда дамыған барлық ғылым салалары мен өнер түрлерін жетік меңгеріп, оның дамуына өз үлесін қосады. Осылайша, кейінгі ұрпаққа мол мәдени асыл мұра қалдырды.

Білім-ғылымды үйретумен қатар шығармалар жазды. Әл-Фарабидің тәрбиелік мәнге зор шығармалары бүгінгі ұрпақ жадында мәңгі сақталары анық. Білім мен тәрбиені ұштастыра білген ғұлама ғалым «адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі» деп тәрбиеге аса қатты көңіл бөлу керектігін айтып кеткен. Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзінің абзал қасиеттерін тани алмайтыны бесенеден белгілі.

Кейінгі ұрпақ үшін ғұламаның білім-ілімі өшпес мұра болып қала бермек.

Жамбыл облысы әкімі аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығының тілшісі

Ажар Жұмағұл

Қазақстан Президенті Қасымжомарт Тоқаев Ресейлік «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбаты

Қазақстан Президенті Қасымжомарт Тоқаев Ресейлік «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатын оқығаннан кейін өзімнің Қазақстан азаматы екендігімді бұрынғыдан да мықтырақ мақтан тұтамын. Президент  елде тұратын 3,5 миллионнан астам орыстың «біздің халқымыздың ажырамас бөлігі»  болып табылатындығын, және олардың барлық құқықтарды пайдаланатынын атап өтті. Ол Ресейдің Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі зор және ұмытылмайтынын және қазақстандықтардың этникалық шығу тегіне қарамастан өзін біртұтас халық, біртұтас ұлт деп есептейтінін атап өтті: – «Этносаралық келісім-ішкі саяси тұрақтылықтың маңызды факторы, онсыз елдің тұрақты дамуы мүмкін емес. Қазақстан, Ресей сияқты-көпұлтты мемлекет. Бұл үлкен стратегиялық плюс деп есептеймін, біз «Әралуандықтағы бірлік» қағидатын негізге аламыз».     Шын мәнінде, қазақстандықтар, олардың этникалық шығу тегіне қарамастан, өзін біртұтас халық, біртұтас ұлт деп санайды. Қазақстанда «ұлттық азшылық» ұғымы жоқ.     «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығы» этномәдени бірлестігінің мүшесі бола отырып, мен біздің президентімізбен  толық келісемін. Біз Ұлы қазақ жерінде өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтамыз, ал біздің Отанымыз – көптеген ұлттардың ортақ үйі. Көп ұлтты және қоғамдық келісім – Қазақстанның қазынасының бірі. Біз әртүрлі ұлттардың өкілдеріміз, бір-бірімізсіз өмір сүре алмаймыз, бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, бір-бірімізден үйреніп, өмірлік тәжірибемізбен бөлісіп, бір-бірімізді толықтырамыз. Бір халық болып Отанымыздың дамуына үлес қосамыз және біз ортақ Отанымыздың мүддесі үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.      Ешқашан, ешқандай байлық үшін, Отанымызды басқа мемлекетке ауыстырмаймыз. Менің Отаным-киелі қазақ жері. Қазақстан-менің туған елім, туған жерім!

«Вынхуа» дүнгендер қауымдастығы» ҚБ мүшесі

Динара Хаттамқызы

Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған..

 (Абай Құнанбайұлы шығармаларының  менің өмірімдегі рөлі)

 «Халқымыздың  рухани  өміріндегі  қайталанбас  ерекше  құбылыс  – Абай.  Абай  ілімі, Абай  табиғаты,  Абай  үні – мүлдем  ерекше. Бабамыздың:  «Атаңның   баласы  болма, адамның  баласы бол»  немесе «Біріңді  қазақ  бірің  дос, көрмесең істің бәрі бос» деген  қасиетті де, құдіретті   сөздері қай  заман, қай  қоғамда  болмасын  барша  адамзат  баласының  ортақ  тағылымы іспеттес. Абай – әлемдік  ойшылдардың  қатарындағы ғажайып  тұлға.  Абайдың  әр  сөзі мен  үшін   өмірімнің  өрнегі,  тіршілігімнің  тынысы. Ұлы Абайдың шығармалары менің өмірімде маңызды рөл атқарады. Мен өмірімнің қай кезеңінде болмас едім, қай салада жұмыс жасамасам да, әрдайым ақынның сөздерін ұстанамын.
Мен ана ретінде балаларды ұлы ақынның ұстанымына, адамгершілік пен еңбекқорлық қағидаттарына сәйкес тәрбиелеймін.

Ұлылығы  жер-әлемге  тараған,

Қасиетіне  басын  иген  адам  бар.

Абай  атам-  мақтанышы  қазақтың,

Бар  өмірін  өлең  -жырға  арнаған! Абайдың  әрбір  сөзі  даналыққа    толы.  Кез  келген  адам  Абайдың  өлеңі  мен  нақыл   сөздерін   оқығанда «Шіркін,  мен де  сондай  болсам ғой?!»- деп  армандайтыны  шындық. Абай  ел  ішіндегі  күншілдік,  өтірік,  өсек,  жалқаулық  сияқты  ұнамсыз   жайларды  сынады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы  болып саналады.

Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай Отанымыздың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады.
Абай әрдайым жаңа, прогрессивті болуға ұмтылды және халқының болашағына алаңдап, оны өркениетті даму жолына түсуге шақырды. Білімді адам бола отырып, ол бірінші кезекте білім, мәдениет, озық идеялар мен ғылым – қоғамның негізгі қозғаушы күші болатындығына сенімді болды. Олар өз кезегінде барлық халықтар үшін қоғамда бейбітшілік пен өзара түсіністік болған кезде ғана дами алады. Сонымен қатар, Абай Құнанбаевтың қай шығармасын алсақ та, еңбексіз қоғамға байлық пен молшылыққа жету мүмкін емес екенін: «Көктен жақсылық күтпеңдер, еңбектен жақсылық іздеңдер!» деп үнемі ұрандата отырып санаға құйып келді.       Абайдың айтқан және жеке мысалмен көрсеткені ұлттық санадағы өзгерістерді қамтитын рухани модернизацияның негізгі бағыттарына сәйкес келеді.  Бұл сананың ашықтығы, бұл өзгертуге дайын болуды және Абайдың одан әрі дамуына мүмкіндік бермейтін өткен элементтерден бас тарту мүмкіндігін білдіреді. Әрине, білімге табыну, өйткені білімді адамдар барлық уақытта бағаланады, ал бүгінгі таңда жоғары білімді болу – заман талабы. Абай: «Білімге, ғылымға ұмтыл, адам болуды үйрен, халқыңа пайдалы іс жаса!» деп жастарға өз ілімін тастап кетті.

 

Әлемде қандай да бір жетістікке, өзі  таңдаған мұратқа адам өзі жеткілікті қайрат пен жігер жұмсамай жетуі қиын екенін әлдеқайда айтып кеткен. Ғылым және білімді оқуы, өзінше ізденуі — қайрат-жігерін дұрыс пайдалана білгендігі ғой ғұлама Абайдың?!

Абайдың қайратты қарасөздері оның сөзге деген өнерінің көркемдік күшін, даналығын көрсеткен прозалық шығармалар болып табылады. Ұлы ақынның терең мағыналы,санаға қозғау салып, ойды шымырлата түсетін тәрбиелік мәні зор  қара сөздеріне тоқталсам. Абайдың қарасөздерінің жалпылық саны 45 бөліктен  тұрады. Олар тақырып нысанынан бірғана бағытта жазылмады, олар әр алуан болды. Абайдың 6 ,7-нші қарасөздері қысқалау болса, кейбіреулері тақырып және мағынасы жағынан ауқымды болды. Абай өз қарасөздерінде туындының көркіне ғана емес, сонымен бірге оның ауқымдылығы мен мағынасына назар аударған.

Кемеңгер бірінші қара сөзінде өмірінің ендігі кезін қалай, нені кәсіп қылып өткізетіндігі туралы жазған. Ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып, дін бағу, балаларды бағу сияқты амалдардың ешқайсысын ермек қыла алмайтындығын жазған. Ақыры ойлай келе ақ қағаз мен қара сияны ермек қылып, өз ойына келген нәрселерді жазуды жөн көрді. Өзінен кейінгі ұрпаққа өсиет қалдырды: «Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ»,-деп аяқтады.

Дара ақынның әрбір қара сөзі тұнып тұрған білім, тәрбие, өнеге. Соның бірі он жетінші қара сөзі. Бұл қара сөз Ғылым, Ақыл, Қайрат, Жүректің диалогінен құралған. Қайрат, ақыл, жүрек адам баласы үшін өздерінің маңыздылығын, атқаратын жұмысын айтып, әрқайсысы бірінші орынға таласып, ғылымға төрелікке келеді.  Сонда ғылым үшеуінің сөзін тыңдап әрбірінің жақсылығын-жамандығын, пайдасын-залалын айтып, жүректің билік еткенін жөн көреді. Ақылды жақсы да, жаман да жақсы көретінін, жүректің жақсылық айтқан ақылға жаны құмар екенін, қуанышпен қарайтынын, ал  жаманшылықтан жиіркенетінін айтқан. Жүректі тыңдар болсаңдар қайратыңды, яғни күш жігеріңді жақсы әрекет етуіңе атсалысады, орынсыз істерге жолатпайтынын мәлімдеген. Ғұлама осы үшеуі де адам бойында бірдей табылатын болса, содан артық қасиетті адам болмайтыны жайында айтқан.

Дана ақынның он тоғызыншы қара сөзі де жақсылардан үйреніп, жамандардан жиренуге үйретеді. Оған дәлел ақынның мына сөзі: «Ей жүрегімнің қуаты перзентлері! Сіздерге адам ұғымының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар қалдырайын. Адам ата-анадан туғанда есті болмайды естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы , сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады», – дейді. Адамдар білімді есті кісілердің сөздерін ескеріп, ойына түйіп, сол түйгенінен жақсы нәрсе шығарса, жамандықтан аулақ болса, сонда ғана сол –  адам болады делінген. Егер де  жақсы сөз айтылып қаперіне құймаса, атқан сөз айтылған жерінде қалып жатса, ондай адамнан шошқаның өзі артық екенін айтқан. Осыны айта келе ақын оқырмандары білімді, естілерді тыңдап өскенін қалады.

Қорыта келе айтқанда, кемеңгердің әр қара сөзін оқып  мағынасын түсіне білген адамға таптырмас рухани азық. Кез келген қара сөзі тұнып тұрған білім, терең мағына, адамды еңбекқор болуға, ақылды, талапты, сауаттылыққа, діни білімді болуға шақырады.  Халықтың кемшіл,жаман тұстарын талдап, сол қасиеттерден аулақ болуды өсиет еткен. Ұлы ақынның қара сөздері әрбіріміз үшін бойымызға тәрбие, білім нәрімен сусындататын таптырмас асыл қазына. Әр  сөзі- өмірдің   өрнегі,  тіршіліктің  тынысы  бола  білді. Кейінгі  жас  ұрпақ   өнегелі   сөздермен  нәр  алып,  тәлім  алып, өсе  берсін    демекшімін. Дара ақын артына өшпес мұра қалдырды.

Абайдың  сөзін  қоспай  ешкім де,  ешнәрсе  де  айта  алмайды.Бұл, әрине  мәңгілік  өлмейтіндігінің  дәлелі.  «Ол –  біздің  әрқашан  ұлттық  ұранымыз.  Ол  арқылы  біз  Қазақстанды  әлемге  танытамыз!»  деп ойымды Елбасымыздың   сөзімен  қорытындылағым  келеді.

 

 

Нуралиева Динара Хаттамовна

 «Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің

№34 орта мектебі»КММ директоры

Жамбыл облыстық «Вынхуа»

дүнгендер қауымдастығы» ҚБ-нің мүшесі

«Болашақ үшін естелік» тақырыбында тарихи-танымдық онлайн конференциясы өтті

Ағымдағы жылдың 30 мамырында облыстық ҚХА және Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Тараз қаласының Достық үйінде «31 мамыр – қуғын -сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күніне орай, «Болашақ үшін естелік» тақырыбында тарихи-танымдық онлайн конференциясы өтті.

Іс- шараның мақсаты: Жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыру, жалпы тарих пен жалпыұлттық идея негізінде қазақстандық біртек-тілікті нығайту, болашақ ұрпақ үшін тарихи жадыны сақтау жолында азаматтық қоғамды біріктіру болып табылады.

Онлайн конференцияның модераторы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық тобы төрағасының орынбасары, философия ғылымдарының кандидатыМамедова Парида Иманжанқызы жүргізді.

Алғашқы баяндамашы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Философия және саясаттану» кафедрасының аға оқытушысы, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Баярисов Режеп Оразбайұлы 1932-1933 жылдары «Қазақстанда орын алған ашаршылық және оның саяси себептері мен салдарлары» тақырыбында баяндама жасап, өз сөзінде «Қазақ үшін қайғы-қасіретті, тарих бетінде өз таңбасы қалған бұл жылдарды еш ұрпақ ұмытпақ емес.Біздің борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбан болған азаматтарының есімдерін ұмытпай, мәңгі есте сақтап, жас ұрпақ санасына бабалар аңсаған тәуелсіздікті, Қазақстанымыздың көркейіп, гүлдене түсуіне өз үлестерін қоса отырып, бейбіт өмірді бағалай білуге тәрбиелеу» – деп сөзін аяқтады.

Сонымен қатар,аталған оқу орнының оқытушылары (тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі)Бақторазов Сейдахан Уәлиұлы «Әулие ата өңіріндегі саяси қуғын-сүргін: Ақиқат пен қауесет» тақырыбында, («Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі)Сейтқұлова Жанна Мамбетқызы «Жамбыл облысына депортацияланған этностар», (Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, төраға орынбасары)Исмайл Хаджимуратов«Өмірін ұлын күтумен өткізген Шекер әже жайлы толғау»тақырыптарында баяндамаларын жасады. Конференцияның соңында басқа да қатысушылар тарапынан пікірлер айтылып, өз ойларын ортаға салды.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім»КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Қасіретті жылдар ұмытылмайды

Зұлмат жылдар. Зобалаң уақыт. Алапат аштық. Айтуға ауыр, естелігінің өзі есіңді алған тарихтың қиын-қыстау кезеңі. Осыны ұмытпау үшін бүгінгі ұрпақ 31 мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алады. Бұл күн қазақ тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлермен қатар, тар жол тайғақ кешкен қасіретті кезеңдердің де аз болмағанын көрсетеді. Сонау қасіретті жылдардағы қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шеккен  қайраткерлерді еске алып, рухына тағзым ету – болашақ ұрпақтың парызы. Тарихтан тағылым алып, биік мақсатқа бет алған ұлы халықтың  ұлағаты осындай болса керек.

Еліміз тәуелсіздік алғалы құпия тақырыптарға түрен салынып, өзінің тарихи бағасын алып жатыр. Деректерге көз жүгіртсек, сонау 1928-1953 жылдар аралығында Кеңес одағында 4 миллионға жуық азамат репрессиядан жапа шеккен екен. Ал Қазақстан 103 мың адамынан айрылып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілген. Негізгі тарихшылар саяси қуғын-сүргін үш кезеңге бөліп қарастырады. Алғашқысы 1928 жылғы Алаш қозғалысы өкілдеріне құрық салынған кезден бастау алады. Алды жер аударылды, кейінгі 44 адам тұтқындалып, оның үшеуі атылып кетті. Олардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов тағы басқа көптеген азаматтар болды. Оларға жалған айып тағылды.

Кеңестік кезеңде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қатарында «өзгеше ойлайтын» «Халық жауларынан» басқа, туған жерден жыраққа күштеп көшірілген өзге ұлттың өкілдері де болды. Еліміздің орталық мұрағатының 1937-қорының 70-бумасындағы құжатта 1941 жылдың 2 қазанына дейінгі мəліметте Қазақстанға барлығы 24258 адам жер аударылса, Əулиеата өңіріне 2019 түрлі ұлт өкілі қоныстандырылған екен. Олардың арасында орыстар, украиндар, беларус, еврейлер, поляктар, немістер, латыштар, литвалықтар мен эстондықтар болған. Сол жылғы 18 қарашадағы мəлімет бойынша қазақ жеріне 159 944 адам жер аударылса, оның 10759-ы облысымызға қоныстанған. Ал осыдан он күннен кейінгі деректе жер аударылғандардың саны 306 376 адамға жетіп, Жамбыл жеріне табан тірегендер саны 18000-ды құрапты. Осы деректің өзі қазақ жеріне өзге ұлт өкілдерін қоныстандыру аса қауырт жəне жедел түрде жүзеге асырылғанын көрсетеді. «Бұдан кейін де Ұлы Отан соғысының барлық жылдарында еліміз сияқты өңірге жер аударылғандар қатары күн санап арта түсті» деп жазған өз зерттеулерінде журналист, өлкетанушы, мұрағатшы Мақұлбек Рысдəулет. Мақұлбек ағамыздың «Жамбыл облысы – 75. Жылнама-шежіре» атты тарихи-танымдық кітабында көптеген құнды деректер топтастырылған. Елімізге алғаш болып поляктар 1936 жылдан бастап көшіріле бастағаны және оның көптеген себептері бар екені анық көрсетілген. Ұзақ жылдар бойы беймəлім, құпия болып келген құжат Қазақстан Республикасы орталық мұрағатының 1137-қорында сақтаулы.

Депортацияланған халықтар ауыр жағдайларды бастан кешті. Қыстың қақаған аязынан ауру-сырқау, өлім-жітім көбейді. Бір түнде ешқандай себебін түсіндірместен жылы төсектен тұрғызып, аш-жалаңаш суық вагонға тоғытып, бұрын естіп-білмеген елге үдере көшіріп жібергенде бір-бірінен көз жазып қалғандар, жолай ауру-сырқаудан көз жұмып, бірі жесір, бірі жетім қалғандар қаншама.

Біз бұл күні саяси қуғын-сүргін құрбандарымен бірге ашаршылықта көз жұмғандарды да еске аламыз. Жүгірген аң, ұшқан құсты аулап азық ете алмай сансыраған жұрттың санасы тұманданып, адамды адам жеген алмағайып заман болды. Осылайша тұтастай бір ұрпақтың өсімі үзіліп қалды. Аштықты тереңдете түскен тәркілеу науқаны да халқымызға ауыр тиді. 1928-1929 жылдары «аша тұяқ қалмасын» деп ұрандатқандардың асқан қатыгездікпен жүзеге асырған дүрбелеңі еді бұл. Ресми деректердегі аштықтан қырылғандардың санын айтудың өзі ауыр. Ғасырлар бойы елдік пен ерлікті ту еткен қазақ зұлмат жылдардан аман шыққан ұлт үшін ол кезең тарихтың ақтаңдақтары болып қала берері анық.

Кейінгі ұрпақ бұл кезеңге «Ғасыр зұлматы» деген атау берді. Келесі жылы осы ғасыр зұлматына 100 жыл толады. Қалай десек те, зұлматты жылдардың зобалаңы ұмытылмайды!

 

 

Жамбыл облысы ҚХА мүшесі,

 Әулие-Ата қазақ мәдени орталығының өкілі

Айгүл Кабиева