«Менің Елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы Жамбыл облысында

0_5

Қараша  айының басында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған  «Менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы Талдықорған қаласында бастау алған болатын.

Акцияның мақсаты – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен оның құндылықтарын қазақстандық қоғамда, әсіресе, жастар арасында ілгерілету, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына еліміздің барлық аймақтарындағы жастардың қосқан үлесін және жетістіктерін көрсету.

Бүгін Тараз қаласындағы Ж. Баласағұн атындағы орталық концерт залында «Менің елім – Мәңгілік Ел» жалпыреспубликалық жастар акциясы өтті.

Іс-шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Манжуов, Тараз қаласының әкімі Н.Календеров, Ассамблея мүшелері, қоғам өкілдері, студент  жастар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты .

0_51 0_52

Акция барысында Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов Риода өткен жазғы олимпиада ойындарындағы жеңісін өзінің Тәуелсіз еліне арнағанын айта келе, «Мәңгілік ел жастарының жетістіктері – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» – «Достижения молодежи «Мәңгілік Ел» к 25-летию Независимости Республики Казахстан» кітабын салтанатты түрде Қызылорда облысының белсенді  жастарына тапсырды. Республикалық жастар акциясы енді Сыр елінде жалғасын табады.

Сондай-ақ дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы, физика пәнінен өткен халықаралық олимпиадалардың 6 дүркін, республикалық олимпиадалардың 5 дүркін жеңімпазы, Швейцария мемлекетінің Цюрих қаласында өткен 47-ші Дүниежүзілік физика олимпиадасының қола медалін иеленген Айбар Абрашұлы, Тараз мемлекеттік университетінің ағылшын пәнінің оқытушысы Думан Момбекова сөз сөйлеп, жалындай жарқыраған Тәуелсіз елдің жастарын отанын сүюге, тілін құрметтеуге, «Мәңгілік Елдің» саналы ұрпағы болуға шақырды.

Акция барысында тапсырылатын «Мәңгілік ел жастарының жетістіктері – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» кітабы бір ай көлемінде еліміздің түкпір-түкпірінде болып, 1 желтоқсан  күні  Астана қаласында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа салтанатты түрде табыс етіледі.

Медиация мектебінің кезекті семинары

0_4

Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ–і медиация кабинеті жанындағы медиация мектебі Халықаралық құқық қорғау орталығымен бірігіп, облыс медиаторларымен кезекті семинар өткізді.

«Медиация рәсімдері және даулар мен келіспеушіліктерді реттеудегі медиатордың құралдары» атты семинардың басты мақсаты халық бірлігін нығайту мен қоғамдық келісімді сақтау үшін медиация институтының мүмкіндіктерін қолдану арқылы әлеуметтік өзекті мәселелерді анықтау, алдын алу және реттеудің түрлі жолдарын табумен қатар, мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы маңызды серіктестік тетігі мен диалог аумағын дамыту болып табылады.

Қазақстан медиаторлар қауымдастығының бас директоры Ж.Жақыпов семинарға қатысушыларға азаматтық, еңбек, отбасылық, этносаралық, ұжымдық, қылмыстық және әлеуметтік даулар туралы кеңінен айтып өтті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсаты –  қоғамдық келісімді нығайту, достық пен толеранттылық идеяларын насихаттау болып табылса, медиация дегеніміз, ол қоғамдағы кейбір өзекті мәселелерді, даулар мен келіспеушіліктерді медиация мүмкіндіктерін қолдану арқылы реттеу. Осы орайда, біздер қоғамдағы қарым-қатынастарды реттеу жолында жоғары нәтижеге жетуіміз керек деп ойлаймыз. Бұл ретте медиациядағы әлемдік тәжірибеге де сүйене білуіміз керек», – деп атап өтті «Қоғамдық келісім» КММ-нің медиаторлармен жұмыс істеу менеджері Валентина Досыбиева.

Семинар барысында теориялық аспектілермен қатар медиаторлардың тәжірибелерінде кездесетін мысалдар қаралды. Сонымен қатар, оқыту барысында тақырыптық рөлдік ойындар ойналып, арнайы дайындалған бейнероликтер де тамашаланды. Семинарға қатысушылар өз ойларымен бөлісіп отырды. Оқыту соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі.

«Қайырымдылық керуені» Шу ауданына келді

0_3

Еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығы бүкіл республикамыз үшін айтулы үлкен мереке. Оны атап өтуді қазақстандықтар ағымдағы жылдың басынан-ақ бастап кеткен. Расында, алып қарасаңыз, әрбір күніміз көптеген іс-шаралар мен концерттік бағдарламалармен ұштасады.  Міне, бүгін де облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Қайырымдылық керуені» Шу ауданындағы Д.Қонаев атындағы ауылға да келіп жетті. Ұлттық киімдер киген ауыл жастары ассамблея мүшелерін, ұйғыр, дүнген, неміс, еврей, корей, орыс этномәдени өкілдерін, аналар мен ақсақалдар кеңесі мен «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелерін Төле би атындағы орта мектепте құшақ жая қарсы алды. Бұл мектеп ауылдағы үлкен мектептердің бірі, онда 1200 астам оқушы білім алуда. Мектеп білім есігін сонау 1905 жылы ашқан.  Содан бері бұл білім ұясын сан мыңдаған бала бітіріп шыққан.

«Қайырымдылық керуені» ұлттық қайырымдылық науқанының мақсаты мен міндеттері туралы М. Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухаббат Тұрдыева таныстырып өтті. – Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Қазақстан Республикасы. Жоғары белестер мен биіктердің шыңына жетуіміз тек келісім мен бірегейліктің, толеранттылықтың арқасы. Оны біз ұмытпауымыз керек.  Біздің басты мақсатымыз – этносаралық келісімді нығайта отырып,  жастарымызға, ұрпақтар сабақтастығына патриоттық тәрбие беру,  халықтың қалың жігіне тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріміз туралы кеңінен баяндау.

Ассамблея мүшелері мен «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері бірнеше топтарға бөлініп, әртүрлі іс-шаралар өткізді. Ғылыми-сараптамалық топтың сарапшылары Зарина Кулиева мен Альбина Тапаева жастарға «Ауылды жерлерде қайырымдылық акциясын өткізуде жастар бірлестіктерінің рөлі» тақырыбы аясында әңгімелесті. Облыстық ҚХА жанындағы «Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы, «Вынхуа» дүнген  этномәдени бірлестігінің мүшесі Зайнуддин Махусеев ауылдық округ  жастарымен кездесіп «Еліміздің болашағы – жастар» тақырыбында әңгіме-дүкен құрды. Сонымен қатар мектептің жоғары сынып оқушылары екі командаға бөлініп, Қазақстан этностарының ұлттық ойындары спартакиадасына қатысты. Жеңімпаз командаларға естелік сыйлықтар табыс етілді. Оқушылармен қағаздардан әртүрлі бұйымдар жасаудан шеберлік сабақтарыы өткізіліп, оқушылардың шеберлігі шыңдалды.

Қонақтар Д.Қонаев атындағы ауылдың көп балалы, тұрмысы төмен бес отбасыына түрлі азық-түлік жеткізіп берді. Ауыл тұрғындары  ассамблея мүшелеріне ризашылықтарын білдіріп жатты.

Қайырымдылық керуені «Ортақ мақсатқа бірге барамыз» атты ән-би фестивалімен аяқталды. Облыс, аудан этномәдени бірлестіктері өкілдері, оқушылардың қатысуымен өткен фестиваль көпшіліктің көзайымына айналып, өнерпаздар қошеметке бөленді. Шулықтар «Қайырымдылық керуенінің» бағалы бағдарламасына ризалықтарын білдіре отырып, еліміздің Тәуелсіздіктің 25 жылдығында қол жеткен жетістерін әрі қарай нығайтуға үлестерін қосатынына сенім білдірді. Бұл дегеніміз үлкен тәрбиелік және патриоттық мәні зор іс-шаралар жалғасын табады деген сөз.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі.  

«Бірлік, ортақ іс және спорт» облыстық спартакиадасы

0_2

Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған үкіметтік емес ұйымдар арасында «Бірлік, ортақ іс және спорт» атты облыстық спартакиада өтті.

«Біздің басты мақсатымыз азаматтық қоғамдықтар өкілдері арасында салауатты өмір салты қағидаттарын орнықтыру», – деп атап өтті спартакиада ұйымдастырушылары.

Қазақстан халқы ассамблеясы медиаторлар командасы барлық спорт түрлеріне қатысып, жоғары жетістіктерге ие болды. Шахмат, жеңіл атлетика, гір көтеру, армреслинг, стол теннисында медиаторлар құрама командасы жоғары көрсеткіштер көрсете білді.

«Біздің медиаторлар командасы мұндай іс-шараларға әрдайым қатысып тұрады. Мұндай позитивті спартакиадалар әр қатысушыға көтеріңкі көңіл сыйлап қана қоймай, спорт түрлерімен шұғылдануға деген қызығушылығын оятады. Дайындықтың өзінде медиаторлар дереу ұйымдасып, жаттығулар жасап, ортақ мақсаттары – жеңіске жетуді көздейді. Бұл біздің денсаулығымызға тек оң әсерін тигізетіні сөзсіз», – деп атап өтті «Қоғамдық келісім» КММ-нің медиаторлармен жұмыс жасау менеджері Валентина Досыбиева..

Спартакиада соңында барлық қатысушыларға дипломдар мен арнайы бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Болашағы біртұтас ел

0_1

«Русский центр» Жамбыл облысы орыс этномәдени бірлестігі «Облыста этносаралық қатынастарды нығайту бойынша іс-шаралар  ұйымдастыру» тақырыбындағы  әлеуметтік жобасын қорытындылады.

«Осы жобаны іске асыра отырып, біз бірнеше іс-шараларды өткіздік. Біздің елімізде және полиэтникалық өңірімізде этносаралық қатынастарды нығайту ең басты тақырып болғандықтан  іс-шаралар тек облыс орталықтарында ғана емес, сонымен қатар аудандарда да өткізіліп тұрады.  Жобаны іске асыру аясында «Біздің күшіміз – бірлікте» атты акция Меркі, Жамбыл, Сарысу,  Байзақ және Қордай аудандарында кең көлемде аталып өтті.  Бұл аудандарда түрік, дүнген, күрді ұлттары көп шоғырланған. Акция Меркі ауданынан бастау алса Жамбыл ауданында аяқталды. Ауыл тұрғындары орталық өкілдерін құшақ жая қарсы алып, іс-шараларға атсалысты, әртүрлі этностар арасындағы достық қарым-қатынас пен олардың салт-дәстүрлері, мәдениеті мен өмірі жайында баяндады. Бұл аудандарда этникалық жағдай бірқалыпты деп атап өтсе болады. Әртүрлі этнос өкідері бейбіт өмір сүріп, бір-біріне үлкен қолдау да көрсете біледі. Қандай да болмасын мерекелерде бірігіп, бірлесіп, өзге ұлттың салт-дәстүріне құрмет көрсетеді. Орыстар орталығы өкілдерімен кездесуде өздерінің жоғары көрсеткіштерімен мақтана отырып, шаруа халықтың шынайы өмірі туралы да айтып отырды», – деп бастады өз сөзін орталықтың басшысы Елена Горбунова.

Қордай ауданының Масаншы ауылында бізге жасы егде тартқан ауыл тұрғыны Эьдар Гульзиров келіп жолықты. Біздің келген мақсатымызды біліп, өзінің көпұлтты жанұясы туралы  айтып берді.

Аталған жоба аясында әлеуметтік желіде ең үздік постер байқауы да қорытындыланды. «Біртұтас ел болашағы» атты тақырып жеті жасар баладан бастап 61 жасар қарт адамды да қызықтырмай қоймады. Әділ қазылар алқасының шешімімен ең үздік деп табылған жұмыс авторлары облыстық конференцияда мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар, іс–шара барысында «Коре» Жамбыл облысы кәрістер ассоциациясы қоғамдық бірлестігінің өкілі Надежда Ким, «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалыстың жамбылдық бөлімшесінің директоры Раиса Рыскулбекова баяндама жасады. Олар өз бірлестіктері мен  «Русский центр» қоғамдық бірлестігінің қызметтері туралы кеңінен таныстырып айтып өтті.

 

Медиаторларға арналған семинар-тренинг

-18

«Қоғамдық келісім» коммуналды мемлекеттік мекемесінде облыстық ассамблея жанындағы медиация кабинетінің медиация мектебі кәсіби емес медиаторларға арналған семинар-тренинг өткізді.

Семинар жұмысына ҚХА мүшелері,  мемлекеттік мекемелердің,  этномәдени бірлестіктердің және аудандық қоғамдық құрылымдардың өкілдері, БАҚ қатысты.

Іс-шара мақсаты –медиативті құзырлылықпен таныстырып оқыту, медиация институтының дамуына үлес қосу, әлеуметтік және құқықтық дау-дамайлардың алдын алып, шешу, сонымен қатар халықтар арасында бірегейлік пен бірлікті нығайту жолында ынтымақтастықпен жұмыс атқару.

Семинар-тренинг дәріскерлерінің бірі,  «Паритет» медиация және құқық орталығының директоры К.Данабаева өз сөзінде: «Медиация біздің елімізде ресми мәртебеге 2011 жылы ие болды. Жалпы медиация дегеніміз – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың  жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды  реттеу рәсімі, оны тараптарды өзара келістіру тәсілі немесе мәмілегер, бітімгер деп түсіну абзал»,- деді. Ол қатысушылар арасында «Кәсіби емес медиаторларға арналған оқу бағдарламасы» тақырыбында сабақ жүргізді.

Іс-шара барысында медиатордың көмегімен тараптар арасында дау-дамайды реттеудің рәсімдері аясында рөлдік ойындар ойналды. Заңгер – құқықтанушы, заң ғылымының магистрі А.Қадырқұлов медиацияны қолданудың түрлері, шарттары мен салалары туралы кеңінен таныстырып өтті.

Семинар жұмысының соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.

 

«Мәңгілік Ел» патриоттық акциясы колледжде өтті.

-17

Тараз қаласындағы медициналық колледжде өткен «Мәңгілік Ел» патриоттық акциясы тарихи мәні бар документалды кадрлардан басталды, онда Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Біз, қазақстандықтар біртұтас халықпыз! Біздің ортақ тағдырымыз – ол Мәңгілік Ел, біздің ұлы Қазақстан!» деп атап өтті.

Бұл акция Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр. Акцияға әртүрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар және басқа да қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысып отыр.

«Мәңгілік Ел» – еліміздің болашағы жолындағы жасампаз шығармашылық жоба. Ол көпұлтты халқымыздың бірігуі мен келісімі, жастарымызды патриоттық сезімде тәрбиелеу  жолындағы идеологиялық тұжырымдама. Президентіміздің сарабдал саясаты мен халқымыздың арқасында біз «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру мақсатында қолдан келгенді аямаймыз. Біздің күшіміз – бірлікте!», – деп атап өтті жиналғандар алдында Өзбек этномәдени бірлестігінің вице-президенті, ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Абдурахман Зайнутдинов.

«Елімнің азаматы ретінде «Мәңгілік Ел» идеясын мен шын жүректен қабыл алдым. Ол дегеніміз – ортақ мақсат, ортақ мүдде, жарқын болашақ»,- деді өз сөзінде «Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы Зайнуддин Махусеев. Сонымен қатар акцияға жиналғандар алдында медициналық колледждің оқытушысы Сандуғаш Шалданбаева мен студенттер кеңесінің төрағасы Ернұр Жанұзақ та сөз сөйледі.

Іс-шара мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Мейірлан Бегалиев, «Арт-Мэн» дуэті мен «Серт» триосына жиналғандар зор қошеметтерін білдірді. Патриоттық акцияның соңғы аккорды ретінде жиналғандар бірігіп «Туған жер» атты әнін орындады

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

 «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі.

«Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» патриоттық әндер байқауы

-16

М.Х.Дулаты атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған  «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» патриоттық әндер байқауы өтті. Байқауды облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды.

Іс-шараға ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері, сонымен қатар колледждер мен оқу орындардың оқушылары қатысты. Байқаудың сараптамалық комиссиясы құрамында  халықаралық фестивальдің лауреаты, Қытай этномәдени бірлестігінің төрайымы Галина Воробьева, Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нұралы Абдуллаев  және  К.Әзірбаев  атындағы арнайы сыйлықтың иегері, Республикалық байқаудың лауреаты, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Камал Нарбатыров. Байқау екі кезеңнен тұрды: бірінші ән патриоттық тақырыпта болса, екінші әнді қатысушылар өз таңдауы мен қалауы бойынша орындады.

Әділ қазылар алқасының шешімімен Сымбат Төребекова, Мөлдір Төлебекова, Аяжан Орынбасар, Делихасан Оглы Осман, Ілияс Қаһарман және Асыл Жомартов байқау жеңімпаздары атанды.

Байқаудың барлық қатысушылары мен жүлдегерлері ұйымдастыру комитетінің атынан арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Қайырымдылық керуені» Андас батыр ауылында

-15

«Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Қайырымдылық керуені» Меркі ауданы  Андас батыр ауылына келіп жетті.

 «Қайырымдылық керуенінің» қоғамымызда риясыз мейірімділік пен адамгершілікті нығайтуға бірден бір себеп екенін білеміз.  Бүгінде біз барлық қазақстандықтардың, оның ішінде бірінші кезекте балалардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, қарттардың өмір деңгейінің жақсаруына көңіл бөлуіміз керек», -деп атап өтті облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекеме басшысының орынбасары Камал Нарбатыров.

«Қайырымдылық керуенінің» бағдарламасы белсенді түрде өтті. Секцияларға бөлінген топтар өз жұмысын бірден бастап кетті. «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері жоғары сынып оқушыларымен «Жастар – еліміздің болашағы» тақырыбында,  аналар кеңесінің мүшелері мен салауатты өмір салты орталығының қызметкерлері жоғары сынып қыздарымен «Туыстық неке» тақырыптарында әңгіме өрбітті. Кездесуге қатысушылар сұрақтар қойып, өз ойларымен  бөлісті. Ассамблея мүшелері Андас батыр ауылының ақсақалдарымен де кездесті. Қайырымдылық қорын ұйымдастыру туралы жастар бірлестіктерінің өкілдерімен семинар-тренинг өткізді.

№21 орта мектептің оқушыларымен  өткен «Ұлттық нақыштар» тақырыбындағы қағаздан әртүрлі бұйымдар жасау шебер сыныптары оқушылардың қызығушылығын одан әрі арттырды. Оны «Қоғамдық келісім» КММ әдіскері Вера Майкович жүргізді. Екі сағат ішінде балалар оригами техникасын үйреніп, оны жасаудың құпияларымен сыныптастарымен бөлісті. «Мен мұндай іс-шараларға шын көңіліммен атсалысамын. Осындай іс-шаралар біздің облысымыздағы, Меркі ауданындағы ұлттар достығы мен келісімін нығайтады. Бізде қазақ, орыс, неміс, укриан, түрік, күрд және тағы басқа да ұлттардың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз оған қуаныштымыз және  олардың бірлікте  өмір сүріп жатқанын мақтан тұтамыз, – деп өз ойымен бөлісті «Родонеж» орыс қоғамдастығының мүшесі Антонина Беляева.

Іс-шара жергілікті көркемөнерпаздар ұжымдары мен облыстық ассамблея мүшелерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен аяқталды.

Андас батыр ауылындағы «Қайырымдылық керуені» барысында бірнеше отбасына азық-түліктер мен сый-сияпаттар тапсырылды. Сондай-ақ, керуен аясында ұйымдастырылған  ұлттық ойындар түрлерінен спартакиада қатысушылары да марапатталды.

Еврей этносы күндері өтті

-14

Жамбыл облысының Байзақ ауданында «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасының шеңберінде еврей мәдениетінің күндері болып өтті. Оны аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің қолдауымен «Шиват Цион» еврей мәдени орталығы ұйымдастырды. ушылар ымен Оқушыларды еврей халқының мәдениеті мен Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесмен таныстырды.

Байзақ ауданының жас жеткіншектері алдында «Шиват Цион» Жамбыл облыстық еврей мәдени орталығының төрайымы Людмила Корнилина, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Убайдуллаева мен аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің басшысы Махан Махамбетов сөз сөйлеп, берекелі елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтап қалу үшін  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі зор екенін атап өтті. Бүгінде облысымызда 100-ге жуық өзге ұлт өкілдері тұрып жатса, 74 этномәдени орталықтар жұмыс істеуде, олардың ішінде еврей этномәдени орталығы ең алдыңғылардың бірі болып құрылған деп айтуға болады.

Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Михаил Бунин қазіргі заманғы Қазақстанымыздың аумағына еврей халқының қашан және қалай келгені туралы баяндап берді. Олар орта ғасырда Ұлы Жібек жолымен саудагерлер қатарында жүріп өткен. Кейінірек 1825 жылы Семей округінде 12 адамнан тұратын «иудей діни сеніміндегі» қауым тұрақтайды. Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында КСРО-ның европалық бөлігінен Қазақстанға 100 мыңнан астам еврейлер күштеп қоныс аударылды.

Олардың көбі әр жылдары біздің еліміздің мәдениеті мен экономикасына орасан зор үлес қосты. Мысалы, Борис Гиммельфарб деген ғалым Қаратау таулы қыраттарында фосфориттік кендерді тапқан гелогиялық зерттеулердің тобын басқарды, музыкатанушы және композитор, өнертану ғылымының докторы Борис Ерзакович қазақ музыка фольклорын зерттеп жинақтаған, халық ақындары жайлы кітаптар   шығарған, қазақ музыкасының белгілі өкілі, композитор Евгений Брусиловский қазақ операсының, симфониясының, кантата, сюита, өлеңдер мен романстарының авторы ретінде танылған.

Осындай елге танымал, белгілі кісілердің қатарында біздің жерлестеріміз, көп жылдар бойы Жамбыл ГРЭС-ін басқарған Михаил Кукуйді, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР-нің ең алдыңғы қатарлы «Трудовой пахарь» (қазіргі Түймекент ауылы) колхозының төрағасы болған Александр Нахмановичті байзақтықтар жақсы біледі және әрдайым естерінде сақтайды. Тәуелсіз Қазақстанымыздың өркендеуіне бүгінгі күні жастарымыз да атсалысып келеді. «Машхана» жастар қанатының мүшелері еврей этномәдени бірлестігі мен өңірлік ассамблеяның барлық іс-шараларына белсенді түрде араласады. Бүгінгі іс-шарада олар Тараз қалалық №2 және №16 орта мектептерінің оқушыларымен бірлесіп ауыл тұрғындарына үлкен концерттік бағдарлама дайындап келді. «Хава нагила», «Атамекен», Құрманғазы күйі, хорезм биі және басқалары көрермендердің көзайымына айналып, кошеметіне бөленді.

Кездесу соңында қоғамдық бірлестіктің белді мүшелері мен оқушыларға «Қоғамдық келісім» КММ мен «Шиват Цион» еврей этномәдени орталығының атынан мақтау қағаздары табыс етілді.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі.