Қоғамдық келісім кеңесінің бірінші облыстық форумы

16

Тараз қаласында Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің «Қоғамдық келісім – даму мен табыс кепілі» бірінші облыстық форумы болып өтті.

Аталмыш іс-шараның басты мақсаты –  елімізде  бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы, мемлекеттік реформаларды жүзеге асырудағы қоғамдық келісім кеңесінің жұмысын бекітіп, оны әрі қарай дамыту.

Форумға ҚХА мүшелері, қоғамдық келісім кеңесі, облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалының өкілдері, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктерінің басшылары, ақсақалдар мен аналар кеңесі, «Ақжелкен» жастар лигасы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қоғамдық келісім кеңесінің бірінші облыстық форумының өткізілуі аудандағы қоғамдық кеңестердің дамуына үлкен қадам десек болады, себебі мұнда қоғамдық кеңестердің қызметі мен қағидаттары, мақсаты мен міндеттері айқындалды. Сондай-ақ, форум қатысушылары өзара пікір алмасып, аудандағы қоғамдық  кеңестердің іс-тәжірбиелерімен бөлісті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы әрқашан да еліміздің өркендеуі мен дамуына өз үлесін қосып келеді.  20 жыл ішінде облысымыздың ассамблея құрамы сапалы түрде өсті. Мәселен, 1995 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы құрамында тек 9 этномәдени бірлестік болса, қазіргі кезде өңірлік ассамблея құрамында 73 этномәдени бірлестік бар: олардың 26-сы облыс орталығында болса, 47-сі облыс аудандарында. Осы жылдар арасында өңірлік ассамблеяның құрамы  өзгеріп қана қоймай,  оған озық қоғамдық институттар: ғылыми-сараптамалық топ, ақсақалдар мен аналар кеңесі, аудан және қалалық әкімдіктер жанындағы қоғамдық келісім кеңестері, «Ақ желкен» жастар лигасы енді.  Осы уақыт аралығында өңірлік ассамблеямыз белсенділік, бастамашылдық танытты. Республика бойынша біздің облысымыз алғашқы болып ауылдар мен аудандарда Ассамблея күндерін атап өтетін болдық. Бұл идея «Бейбітшілік пен келісім жол картасы» республикалық мега-жобаға енгізілді. Аудандағы этномәдени бірлестіктерді қолдау мақсатында  ғимараттар  бөлініп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында гранттық қолдау көрсетілуде.  Өңірлік ассамблея қызметін қамтамасыз ету мақсатында «Қоғамдық келісім – общественное согласие» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, жаңа ғимарат салынды», – деп облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Шабден Тілеумурат өз баяндамасында.

Форум жұмысында қоғамдық бақылауды нығайту, қоғамдық келісім мен бірлікті  бекіту механизмі мен тұрғындардың көкейкесті мәселелерінің  шешімін табу жолдарына бағытталған  ұсыныстар әзірленді. Байзақ ауданының қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ж. Құмғанбаев, Т.Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылдық округінің қоғамдық келісім  кеңесінің хатшысы Сәуле Майлыбаева, «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Б. Көптілеуов  аудандардағы қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысы туралы өз баяндамаларын оқыды.

Форум өз жұмысын марапаттау рәсімі мен концерттік бағдарламамен аяқтады.

Дүнген этносының мәдениет күні

15

Бүгін «Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер ассоциациясының мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Дүнген этносының мәдениет күні» өткізілді. Мерекелік кешке ҚХА мүшелері, соғыс және еңбек ардагерлері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, жастар, өңіріміздегі барлық этнобірлестік мүшелері және қала қонақтары шақырылды.  Іс-шара барысында қонақтар  дүнген халқының салт-дәстүрлерімен танысты.

«Қазақстанда тұрып жатқан  елу алты мыңнан астам дүнгендер халқының кемінде отыз мыңы  Жамбыл облысында тұрады. Облысымыздағы үлкен  дүнген диаспорасы үшін бұл мерекенің мәні зор.  Бұл айтулы күнді біз қолдау көрсетіп, бізбен бірге тойлауға келген  достарымызбен қарсы аламыз. Дүнген халқы Тәуелсіз Қазақстанымызда достық қарым-қатынаста тұрып жатқан, бірлігі жарасқан  үлкен отбасының бір мүшесі десек те болады. Бұл этностың өкілдері еліміздің өсуіне, экономикасының дамуына барынша үлестерін қосып келеді.  Қазіргі заман дүнгендері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерін сақтай отырып,  қазақ халқының  және өзге де ұлттың дәстүрлерін де бойларына сіңіріп келеді,»- деді «Вынхуа» дүнгендер ассоциациясының мәдениет орталығының басшысы Руслан Исмазов.

«Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында біздің облысымызда 80-нен астам өзге ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп келеді. Елбасымыздың жалпықазақстандық «Мәңгілік ел» мен дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру туралы идеясы әрбіріміздің жүрегімізге жылулық ұялатады», – деп атап өтті өңірлік ассамблея хатшалығының меңгерушісі Маржан Қожаева.

Іс-шара барысында қонақтар  дүнген халқының салт-дәстүрлерімен танысты. Жаңа ғимараттың үлкен де кең залында  бірнеше шығармашылық топтар ұлттық билерін,  басқа да өнерлерін көрсетіп, көрермендердің зор ілтипатына бөленді.

Мерекелік іс-шара соңында ұйымдастырушылар келген қонақтарға дүнген ұлттық тағамдарын да ұсынды.

«Этносаралық жағдайдың мониторингі, бағалау және болжау» семинар-тренингі

14

«Бейбітшілік пен келісім – мемлекет дамуының кепілі» – бұл  Қазақ елінің ұстанымы.  Іс-шараны Жамбыл облысы ҚХА хатшылығы мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті ұйымдастырды. Семинардың басты мақсаты – этносаралық және конфессияаралық толеранттылықты насихаттау.

«Қазақстанның Этносаралық қарым-қатынас тақырыбын кездейсоқ алған жоқпыз. Себебі биыл Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. Яғни, осы жылдар ішінде еліміздегі бейбітшілік пен келісім мемлекет дамуының басты жолына айналды», – деді өз сөзінде  Жамбыл облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева.

Өңірдегі әлеуметтік зерттеулердің IV-тоқсан бойынша этносаралық жағдайларды бағалау нәтижесі мен өңірдегі басты этносаралық жағдайлар көрсеткіші  жайына ҚХА ғылыми-сараптамалық топ төрағасының орынбасары, М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің «ҚХА» кафедрасының меңгерушісі Парида Мамедова тоқталып өтті. Ал «Қоғамдық келісім» КММ жетекші-сарапшысы Зарина Кулиева фокус топтық зерттеулер жүргізудің таныстырылымы жайында семинар-тренинг өткізді. Бұқаралық ақпарат құралдарына контент-анализ жүргізу, әдістер және ұсынымдар туралы «Қоғамдық келісім» КММ жетекші-сарапшысы Альбина Тапаева түсіндіріп өтті.

Жиын соңында семинарға қатысушылар өзара пікір алмасты.

 

Таразда украин мәдениеті күні аталып өтті

13

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлау қарсаңында «Этностардың мәдени күндері» жобасы аясында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының қолдауымен  Украин мәдениеті күні аталып өтті. Бұл күні Тәуелсіз еліміздің  жеткен жетістіктері, көп ұлтты мемлекетте бірлікте өмірде сүріп жатқан халқымыздың ауызбіршілігі жайында айтылды.

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева жиналғандарды Республикамыздың Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтай отырып:  «Ассамблея –  үлкен отбасы, мемлекетіміздің бірлігі мен келісімінің бесігі. Біздерге халықтар арасындағы достықты, мемлекетіміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтау жауапкершілігі артылған. Федор Леонтьевич Клименко басқарып отырған «Днепро» украин этномәдени орталығы  облысымызда  өткізілетін этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға, халықтар достығын дамытуға бағытталған барлық іс-шараларға белсенді қатысып отырады. Осы орайда алғысымызды білдіре отырып, ұжым мүшелеріне зор денсаулық, творчестволық табыс тілейміз», -деді.

Биылғы жылы «Днепро» украин этномәдени бірлестігіне 20 жыл. Орталық құрылған күнінен бастап Федор Клименко басқарып келеді. Бүгінгі күнге дейін «Днепро» украин мәдениет орталығының атқарылған істері де аз емес. Мәселен, еңбекқор ұжыммен, облыстық Қазақстан  халқы ассамблеясы Кеңесінің  мүшелерімен, ақсақалдар мен аналар кеңесімен кездесіп, облыс, қала шеңберінде өтіп жатқан барлық іс-шараға белсенді қатысады. Сонымен қатар, Қазақстан халқы ассамблеясымен бірге қайырымдылық акциясы мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырып отырады.

«Маричка» фольклорлық ансамблі өзіндік ерекше шығармашылығымен бірнеше жылдан бері өз көрермендерін қуантып келеді. Бүгінгі мерекелік кеште  Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының концерт залында көрермендер педагогикалық институттың шығармашылық ұжымының, қаладағы  №9 бала-бақша тәрбиеленушілерінің, «Асыл әжелер» ансамблі мен «Днепро» украин мәдениет орталығы көркемөнерпаздарының өнерін тамашалап, қошемет көрсетті.

«Днепро» украин мәдениет орталығы мүшелерінің белсенділігі, азаматтық ұстанымы, жауапкершілігі мен Отанға деген сүйіспеншілігі үлкен құрмет тудырады.

«Кемел келешекке – кемеңгер Елбасымен!»

12

Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобы «Кемел келешекке – кемеңгер Елбасымен» атты ғылыми-тәжірибелік  конференция өткізіп, оған этномәдени бірлестіктердің белсенділері, медиаторлар, ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері қатысты. Конференция жұмысын  ғылыми-сараптамалық топ  төрағасының орынбасары, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Парида Мамедова ашып, жүргізіп отырды. Іс-шараның басты мақсаты қазақстандық  патриотизмді қалыптастыру, әсіресе жастар арасында рухани-адамгершілік, ортақ тарихи-мәдени құндылықтарды өсіру, «Мәңгілік ел» патриоттық актін қоғам санасында бекіту.

Конференцияда  облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Режеп Баярисов, бас сарапшы Лариса Лысова, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Дулатитану» орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жанна Сейтқұлова, «Архыз» қарашай-балқар этномәдени орталығының жетекшісі Леля Узденова, жетекші-сарапшы Ербол Каншимбаев  баяндама жасады.

Ғылыми-сараптамалық тобының бас сарапшысы Лариса Лысова өз баяндамасында «Бүгінде Қазақстан этносаясатында белгілі бір артықшылықтар қалыптасқан: Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында этнос пен діни көзқарасқа қарамастан, азаматтар арасындағы тең құқықтық құрылып, жүзеге асырылған, қазақстандық біртектілік пен бірлік қалыптастырып, нығайып, этностардың мүдделерінің қалыптастырылуы жоғары мемлекеттік дәрежеде»,- деп атап өтті.

Конференция соңында қатысушылар өз ойларымен бөлісе отырып,  Тәуелсіздіктің мерейтойына қарсы қабылданған жаңа мақсаттарға жол бастайтын декларацияны талқылады.

Құқық қорғау және арнайы органдар мамандарымен кездесу

11

Еліміз егемендік алған күннен бастап этносаралық және конфессияаралық  келісімді нығайтуды Қазақстан басшылығы өз қызметінде  басым міндеттердің бірі ретінде белгіледі.

«Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінде құқық қорғау және арнайы органдар мамандарының қатысуымен этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы заңдылықтар тұрғысында дөңгелек үстел отырысы болып өтті. Аталмыш жиынға облыстық  Ішкі істер департаменті, прокуратура, облыстық сот органдары мен ішкі істер саясаты, дін істері, жастар,  білім және мәдениет басқармаларының өкілдері қатысты.

Жиналғандар алдында облыстық  ІІД әкімшілік полициясы, облыстық жергілікті полициясы басшысының орынбасары, №2 Тараз қалалық сотының судьясы этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету барысы  бойынша  сөз сөйледі.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұлтаралық татулықты сақтауды қамтамасыз ететін қоғамдық-саяси институт. Бүгінгі күнде Қазақстан этносаралық және дінаралық  плюрализм мен толеранттылықтың арқасында саяси тұрақтылығын сақтап отырған бірден-бір мемлекет. Қазірде елімізде 140 өзге ұлт өкілдері мен 40-тан аса дін бар. Бейбітшілік пен татулық, азаматтық келісім, діни көзқарастарға деген төзімділік, қоғамдық өмірдегі өзге ұлт мәдениетіне тең құқықтық – Тәуелсіздік алғаннан бергі қазақ елінің ерекше саяси ұстанымы», – деп атап өтті өз сөзінде №2 қалалық соттың судьясы Нұрлан Даулыбаев.

Жиын барысында  қатысушылар арасында этносаралық және конфессияаралық қатынастар  мен мемлекеттік этносаясаттың көкейкесті мәселелері талқыланды. Әсіресе, білім беру саласы мен ғылыми ұйымдастырушылық мәселелеріне ерекше мән берілді. Дөңгелек үстел отырысын қорытындылай отырып, қатысушылар жастарды патриоттық сезімге баулуға,  этносаралық және конфессияаралық келісімдерді берік ұстануға және өзге де іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлады. Себебі этносаралық қатынастар конфессияаралық  диалогсыз мүмкін емес.

Халықаралық диалог

10

Бір жыл уақыт ішінде «Жамбыл облыстық еврей этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі «Керемет орта» сайты мен еврей ашық телеканалының өкілдері ұйымдастыруымен өтетін халықаралық диалог алаңының белсенді қатысушысы ретінде өздерін көрсетуде. Әлеуметтік желі арқылы байланысқа Израиль, Қазақстан, Ресей, Литва қалалары шықты. Отбасы құндылықтары, рухани және мәдени салт-дәстүрлер, жастар тәрбиесі тақырыптары кеңінен талқыланатын жобаның бейне жазбасы барлық каналдар мен әлеуметтік желілерде көрсетіледі. Оған Астана, Челябинск, Тараз, Красноярск және т.б. қалалардың еврей қоғамдастықтары қатысуда.

Тараз қаласының №2 орта мектебінде орналасқан студияға еврей этномәдени бірлестігі, жастар қанаты, аналар мен ақсақалдар кеңестерінің өкілдері, қала мектептерінің ұстаздары мен психологтары және қонақтар шақырылды.

Сайт модераторлары Ксения Кулагина мен Руслан Муртазин аудиторияға жаңа таныс емес тақырып – рухани әлемнің әуені туралы әңгімелесуді ұсынды. Бұл әлеммен әлі ешкім таныс емес еді.

Израиль операсының солисті, лектор Давид Гроу еврей халқының әндері мерекеде де, шаббатта да орындалатынын айтты. Бірақ оның ішінде ең бір ерекшесі – ол еврей халқының дана философы, Балль Суллам деген лақап атпен белгілі автордың әдемі әуезді әндері. Бұл ешбір әуенге  ұқсамайтын нигун әуені. «Бұл әуен сенің өне бойыңды жаулап, көп нәрсеге ой жүгіртіп, терең ойландыратын әуен», – деді өз сөзінде Давид Гроу.

Видео арқылы гитара мен фаготе дуэті орындаған «Нигун хамоль», «Кригули», «Азамер мешет» әуендерін аудитория көңіл қойып, әрекеше бір сезіммен тыңдады.

Сондай-ақ, модераторлар телекөпір қатысушыларына арнайы тренинг ұйымдастырды. Аудиториядағы атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, мұнда қатысушылар ашық телеканал мен желілік байланыс арқылы өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты,  қалжыңдасты. Санкт-Петербургтен бастап Красноярскіге дейін жалғасқан рухани меридианның қатысушылары іс-шара соңында «біздер әртүрлі болсақ та, басты құндылығымыз бірдей» деген тұжырымға келді.

Қарттар үйіндегі мерекелік концерт

9

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай, «25 жұлдызды күн» республикалық акциясы аясында Жамбыл облысының «Қоғамдық келісім» КММ мен этномәдени орталықтарының өкілдері «№2 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» үлкен мерекелік іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шараға қатысқан облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Камал Нарбатыров өз сөзінде қарттарды Тәуелсіздігіміздің 25-жылдығымен шын жүректен құттықтай отырып, оларға зор денсаулық тіледі.

Іс-шара барысында  «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің өкілі Мамедалы Аббасов, «Айнұры» татар этномәдени бірлестігінің өкілі Рузалия Ахметшина, қазақ этномәдени орталығынан Гүлсім Мәлікқызы түрлі этностардың халық әндерін орындады. Ал  Азиза Джусипова «Дала еркесі» және «Орыс халқының биі» атты хореографиялық композицияларымен көрермендердің ықыласына бөленді. Жастық шақтарын еске алған қарттар әншілерге қосылып ән шырқап, би де кетті.

«Біздің қарттарымызға осындай көтеріңкі көңіл сыйлағанның өзі бір мереке десе де болады. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, – деді Орталықтағы мәдени іс-шаралардың ұйымдастырушысы Қарлығаш Оралбекова.

Қарттар үйінде тұрып жатқан Валентина апай өз сөзінде: «Бүгін біздер үшін мейірімділік пен қуаныштың мерекесі. Осындай мерекені ұйымдастырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына көп алғыс айтамыз. Әсіресе, жастарымыз бізді қуантады. Олардың әсерлі әндерін тыңдап, билерін тамашалап отырып, өмірдегі қиын кезеңдеріңді ұмытып та кетесің. Әлі де өмір сүргің келіп кетеді», – деді. Сонымен қатар апайымыз ұйымдастырушыларға мерекелік іс-шараға жиналған көрермендер атынан алғысын білдіріп, осындай кездесулер жиі өткізсін деген ұсынысын айтты.

«Ассамблеяның кішкентай аруы» байқауы болып өтті

8

Тараз қалалық мәдениет үйінде «25 жұлдызды күн» республикалық акциясы аясында, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қазақстан халқы ассамблеясының кішкентай аруы-2016» байқауы болып өтті. Байқауды қалалық білім бөлімінің қолдауымен Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі және «Карнавал звезд» мерекелік агенттігі ұйымдастырды.

Байқауға облыс орталығындағы бала бақшалардан бес пен алты жас аралығындағы кішкентай бүлдіршіндер қатысты. Мәдениет үйінің сахнасында әр ұлттың өкілінен тұратын 12 кішкентай қыз өнерлерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Байқауға қатысушылардың артында ата-аналардан, туысқандардан, достар мен көршілерден, зал тола көрермендерден құралған үлкен қолдаушы топ тұрды. Байқаудың шарты бойынша қатысушылар әуелі өзін таныстырып, сосын өнерін көрсетуі қажет болды. Көрермендер әрбір кішкентай арудың балалық сезіммен оқыған өлеңдерін, «кордобалеттің» қолдауымен билеген биін, ханшайымның ат-арбамен келуін, «аққу» хореографиялық суреттемесін сол сиқты басқа да ғажайып номерлерін сүйсіне тамашалады. Бағдарламаға қосымша ретінде жүргізушілердің сұрақтарына да жауап бере отырып, кішкентай арулар өздерінің мектепке даярлығын тағы да бір көрсете білді.

Міне, көптен күткен  сәт те келіп жетті. Өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова осындай байқаудың бірінші рет өткізіліп отырғанын және оның осындай сәтті өтуі қуанарлық жәйт екенін атап өтті. Әділқазылар алқасының төрайымы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Музыкалық білім» кафедрасының меңгерушісі, «Ғұмырдария» республикалық балалар өнер орталығының облыстағы өкілі Жамал Баймолдаева байқаудың қорытындысымен таныстырып өтті. Байқауға қатысушылардың он екісінің әрқайсысы «Сүйкімді ару», «Күлкісі әдемі ару», «Көрерменнің көзайымы» тағы басқа да ерекшелеу атақтарына ие болып жатты. Байқаудың бас демеушісі –  Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, профессор Е.Саурықовтың атынан барлық қатысушыларға балалар жиһаздары, ал «ИП Бейсенбекованың» атынан әрбір қатысушының суреті бейнеленген түрлі-түсті буклеттер табыс етілді.

«Ассамблеяның екінші кішкентай аруы» атағын Іңкәр  Рахматулла (№41 бала-бақша), «Ассамблеяның бірінші кішкентай аруы» атағын Асылай Сәбитқызы (№33 бала-бақша) иеленсе, «Ассамблеяның кішкентай аруы – 2016» атағын Арианна Мингазова (№16 бала-бақшаның тәрбиеленушісі) иеленді.

Ал «Жыл баласы» атағын №9 бала-бақшаның тәрбиеленушісі Амиран Бақбай иеленді.