Қордайлықтар «Қайырымдылық керуенін» қарсы алды

0_6

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Қайырымдылық керуені» тағы да жолға шықты. Бүгінде ол Қордай ауданының Ауқатты ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылына келді. Мұнда 800 ден астам ауыл адамдары тұрады.

Ассамблея мүшелерін, қазақ, ұйғұр, дүнген, неміс, корей, еврей, орыс этномәдени бірлестіктерінің өкілдерін, салауатты өмір салты орталығының қызметкерлерін, аналар мен ақсақалдар кеңесінің, сонымен қатар «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелерін Бәйтерек ауылының тұрғындары мен ондағы №45 орта мектептің оқушылары қарсы алды.

Облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Рано Убайдуллаева керуеннің басты мақсаты мен міндеттері туралы ауыл тұрғындарына кеңінен айтып берді.  Ол өз сөзінде: «Біздің басты мақсатымыз этносаралық келісімді нығайту, жастарымызға патриоттық тәрбие беру, халықымызға  еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері туралы кеңінен баяндау. Сол жолда біз жұмыла жұмыс атқаруымыз керек», –   деді.

Іс-шара барысында қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, түрлі жұмыстар өткізді. Ғылыми-сараптамалық топтың сарапшылары жастарға «Ауылды жерлерде қайырымдылық акциясын өткізуде жастар бірлестіктерінің рөлі» тақырыбы аясында, ал «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері «Еліміздің болашағы – жастар» тақырыбында әңгіме-дүкен құрды.

Мектептің спорт алаңында  жоғары сынып оқушылары екі топқа бөлініп, Қазақстан этностары ұлттық ойындарының спартакиадасына қатысты. Іс-шара соңында қатысушы командаларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Керуен қатысушылары Бәйтерек ауылының көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларына азық-түлік себетін таратып берді. Өз кезегінде ауыл тұрғындары  ассамблея мүшелеріне үлкен алғыстарын білдірді.

Іс-шара  ән-би фестивалімен аяқталды.

«Менің Елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы Жамбыл облысында

0_5

Қараша  айының басында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған  «Менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы Талдықорған қаласында бастау алған болатын.

Акцияның мақсаты – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен оның құндылықтарын қазақстандық қоғамда, әсіресе, жастар арасында ілгерілету, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына еліміздің барлық аймақтарындағы жастардың қосқан үлесін және жетістіктерін көрсету.

Бүгін Тараз қаласындағы Ж. Баласағұн атындағы орталық концерт залында «Менің елім – Мәңгілік Ел» жалпыреспубликалық жастар акциясы өтті.

Іс-шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Манжуов, Тараз қаласының әкімі Н.Календеров, Ассамблея мүшелері, қоғам өкілдері, студент  жастар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты .

0_51 0_52

Акция барысында Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов Риода өткен жазғы олимпиада ойындарындағы жеңісін өзінің Тәуелсіз еліне арнағанын айта келе, «Мәңгілік ел жастарының жетістіктері – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» – «Достижения молодежи «Мәңгілік Ел» к 25-летию Независимости Республики Казахстан» кітабын салтанатты түрде Қызылорда облысының белсенді  жастарына тапсырды. Республикалық жастар акциясы енді Сыр елінде жалғасын табады.

Сондай-ақ дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы, физика пәнінен өткен халықаралық олимпиадалардың 6 дүркін, республикалық олимпиадалардың 5 дүркін жеңімпазы, Швейцария мемлекетінің Цюрих қаласында өткен 47-ші Дүниежүзілік физика олимпиадасының қола медалін иеленген Айбар Абрашұлы, Тараз мемлекеттік университетінің ағылшын пәнінің оқытушысы Думан Момбекова сөз сөйлеп, жалындай жарқыраған Тәуелсіз елдің жастарын отанын сүюге, тілін құрметтеуге, «Мәңгілік Елдің» саналы ұрпағы болуға шақырды.

Акция барысында тапсырылатын «Мәңгілік ел жастарының жетістіктері – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» кітабы бір ай көлемінде еліміздің түкпір-түкпірінде болып, 1 желтоқсан  күні  Астана қаласында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа салтанатты түрде табыс етіледі.

Медиация мектебінің кезекті семинары

0_4

Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ–і медиация кабинеті жанындағы медиация мектебі Халықаралық құқық қорғау орталығымен бірігіп, облыс медиаторларымен кезекті семинар өткізді.

«Медиация рәсімдері және даулар мен келіспеушіліктерді реттеудегі медиатордың құралдары» атты семинардың басты мақсаты халық бірлігін нығайту мен қоғамдық келісімді сақтау үшін медиация институтының мүмкіндіктерін қолдану арқылы әлеуметтік өзекті мәселелерді анықтау, алдын алу және реттеудің түрлі жолдарын табумен қатар, мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы маңызды серіктестік тетігі мен диалог аумағын дамыту болып табылады.

Қазақстан медиаторлар қауымдастығының бас директоры Ж.Жақыпов семинарға қатысушыларға азаматтық, еңбек, отбасылық, этносаралық, ұжымдық, қылмыстық және әлеуметтік даулар туралы кеңінен айтып өтті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсаты –  қоғамдық келісімді нығайту, достық пен толеранттылық идеяларын насихаттау болып табылса, медиация дегеніміз, ол қоғамдағы кейбір өзекті мәселелерді, даулар мен келіспеушіліктерді медиация мүмкіндіктерін қолдану арқылы реттеу. Осы орайда, біздер қоғамдағы қарым-қатынастарды реттеу жолында жоғары нәтижеге жетуіміз керек деп ойлаймыз. Бұл ретте медиациядағы әлемдік тәжірибеге де сүйене білуіміз керек», – деп атап өтті «Қоғамдық келісім» КММ-нің медиаторлармен жұмыс істеу менеджері Валентина Досыбиева.

Семинар барысында теориялық аспектілермен қатар медиаторлардың тәжірибелерінде кездесетін мысалдар қаралды. Сонымен қатар, оқыту барысында тақырыптық рөлдік ойындар ойналып, арнайы дайындалған бейнероликтер де тамашаланды. Семинарға қатысушылар өз ойларымен бөлісіп отырды. Оқыту соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі.

«Қайырымдылық керуені» Шу ауданына келді

0_3

Еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығы бүкіл республикамыз үшін айтулы үлкен мереке. Оны атап өтуді қазақстандықтар ағымдағы жылдың басынан-ақ бастап кеткен. Расында, алып қарасаңыз, әрбір күніміз көптеген іс-шаралар мен концерттік бағдарламалармен ұштасады.  Міне, бүгін де облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Қайырымдылық керуені» Шу ауданындағы Д.Қонаев атындағы ауылға да келіп жетті. Ұлттық киімдер киген ауыл жастары ассамблея мүшелерін, ұйғыр, дүнген, неміс, еврей, корей, орыс этномәдени өкілдерін, аналар мен ақсақалдар кеңесі мен «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелерін Төле би атындағы орта мектепте құшақ жая қарсы алды. Бұл мектеп ауылдағы үлкен мектептердің бірі, онда 1200 астам оқушы білім алуда. Мектеп білім есігін сонау 1905 жылы ашқан.  Содан бері бұл білім ұясын сан мыңдаған бала бітіріп шыққан.

«Қайырымдылық керуені» ұлттық қайырымдылық науқанының мақсаты мен міндеттері туралы М. Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухаббат Тұрдыева таныстырып өтті. – Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Қазақстан Республикасы. Жоғары белестер мен биіктердің шыңына жетуіміз тек келісім мен бірегейліктің, толеранттылықтың арқасы. Оны біз ұмытпауымыз керек.  Біздің басты мақсатымыз – этносаралық келісімді нығайта отырып,  жастарымызға, ұрпақтар сабақтастығына патриоттық тәрбие беру,  халықтың қалың жігіне тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріміз туралы кеңінен баяндау.

Ассамблея мүшелері мен «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері бірнеше топтарға бөлініп, әртүрлі іс-шаралар өткізді. Ғылыми-сараптамалық топтың сарапшылары Зарина Кулиева мен Альбина Тапаева жастарға «Ауылды жерлерде қайырымдылық акциясын өткізуде жастар бірлестіктерінің рөлі» тақырыбы аясында әңгімелесті. Облыстық ҚХА жанындағы «Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы, «Вынхуа» дүнген  этномәдени бірлестігінің мүшесі Зайнуддин Махусеев ауылдық округ  жастарымен кездесіп «Еліміздің болашағы – жастар» тақырыбында әңгіме-дүкен құрды. Сонымен қатар мектептің жоғары сынып оқушылары екі командаға бөлініп, Қазақстан этностарының ұлттық ойындары спартакиадасына қатысты. Жеңімпаз командаларға естелік сыйлықтар табыс етілді. Оқушылармен қағаздардан әртүрлі бұйымдар жасаудан шеберлік сабақтарыы өткізіліп, оқушылардың шеберлігі шыңдалды.

Қонақтар Д.Қонаев атындағы ауылдың көп балалы, тұрмысы төмен бес отбасыына түрлі азық-түлік жеткізіп берді. Ауыл тұрғындары  ассамблея мүшелеріне ризашылықтарын білдіріп жатты.

Қайырымдылық керуені «Ортақ мақсатқа бірге барамыз» атты ән-би фестивалімен аяқталды. Облыс, аудан этномәдени бірлестіктері өкілдері, оқушылардың қатысуымен өткен фестиваль көпшіліктің көзайымына айналып, өнерпаздар қошеметке бөленді. Шулықтар «Қайырымдылық керуенінің» бағалы бағдарламасына ризалықтарын білдіре отырып, еліміздің Тәуелсіздіктің 25 жылдығында қол жеткен жетістерін әрі қарай нығайтуға үлестерін қосатынына сенім білдірді. Бұл дегеніміз үлкен тәрбиелік және патриоттық мәні зор іс-шаралар жалғасын табады деген сөз.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі.  

«Бірлік, ортақ іс және спорт» облыстық спартакиадасы

0_2

Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған үкіметтік емес ұйымдар арасында «Бірлік, ортақ іс және спорт» атты облыстық спартакиада өтті.

«Біздің басты мақсатымыз азаматтық қоғамдықтар өкілдері арасында салауатты өмір салты қағидаттарын орнықтыру», – деп атап өтті спартакиада ұйымдастырушылары.

Қазақстан халқы ассамблеясы медиаторлар командасы барлық спорт түрлеріне қатысып, жоғары жетістіктерге ие болды. Шахмат, жеңіл атлетика, гір көтеру, армреслинг, стол теннисында медиаторлар құрама командасы жоғары көрсеткіштер көрсете білді.

«Біздің медиаторлар командасы мұндай іс-шараларға әрдайым қатысып тұрады. Мұндай позитивті спартакиадалар әр қатысушыға көтеріңкі көңіл сыйлап қана қоймай, спорт түрлерімен шұғылдануға деген қызығушылығын оятады. Дайындықтың өзінде медиаторлар дереу ұйымдасып, жаттығулар жасап, ортақ мақсаттары – жеңіске жетуді көздейді. Бұл біздің денсаулығымызға тек оң әсерін тигізетіні сөзсіз», – деп атап өтті «Қоғамдық келісім» КММ-нің медиаторлармен жұмыс жасау менеджері Валентина Досыбиева..

Спартакиада соңында барлық қатысушыларға дипломдар мен арнайы бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Болашағы біртұтас ел

0_1

«Русский центр» Жамбыл облысы орыс этномәдени бірлестігі «Облыста этносаралық қатынастарды нығайту бойынша іс-шаралар  ұйымдастыру» тақырыбындағы  әлеуметтік жобасын қорытындылады.

«Осы жобаны іске асыра отырып, біз бірнеше іс-шараларды өткіздік. Біздің елімізде және полиэтникалық өңірімізде этносаралық қатынастарды нығайту ең басты тақырып болғандықтан  іс-шаралар тек облыс орталықтарында ғана емес, сонымен қатар аудандарда да өткізіліп тұрады.  Жобаны іске асыру аясында «Біздің күшіміз – бірлікте» атты акция Меркі, Жамбыл, Сарысу,  Байзақ және Қордай аудандарында кең көлемде аталып өтті.  Бұл аудандарда түрік, дүнген, күрді ұлттары көп шоғырланған. Акция Меркі ауданынан бастау алса Жамбыл ауданында аяқталды. Ауыл тұрғындары орталық өкілдерін құшақ жая қарсы алып, іс-шараларға атсалысты, әртүрлі этностар арасындағы достық қарым-қатынас пен олардың салт-дәстүрлері, мәдениеті мен өмірі жайында баяндады. Бұл аудандарда этникалық жағдай бірқалыпты деп атап өтсе болады. Әртүрлі этнос өкідері бейбіт өмір сүріп, бір-біріне үлкен қолдау да көрсете біледі. Қандай да болмасын мерекелерде бірігіп, бірлесіп, өзге ұлттың салт-дәстүріне құрмет көрсетеді. Орыстар орталығы өкілдерімен кездесуде өздерінің жоғары көрсеткіштерімен мақтана отырып, шаруа халықтың шынайы өмірі туралы да айтып отырды», – деп бастады өз сөзін орталықтың басшысы Елена Горбунова.

Қордай ауданының Масаншы ауылында бізге жасы егде тартқан ауыл тұрғыны Эьдар Гульзиров келіп жолықты. Біздің келген мақсатымызды біліп, өзінің көпұлтты жанұясы туралы  айтып берді.

Аталған жоба аясында әлеуметтік желіде ең үздік постер байқауы да қорытындыланды. «Біртұтас ел болашағы» атты тақырып жеті жасар баладан бастап 61 жасар қарт адамды да қызықтырмай қоймады. Әділ қазылар алқасының шешімімен ең үздік деп табылған жұмыс авторлары облыстық конференцияда мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар, іс–шара барысында «Коре» Жамбыл облысы кәрістер ассоциациясы қоғамдық бірлестігінің өкілі Надежда Ким, «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалыстың жамбылдық бөлімшесінің директоры Раиса Рыскулбекова баяндама жасады. Олар өз бірлестіктері мен  «Русский центр» қоғамдық бірлестігінің қызметтері туралы кеңінен таныстырып айтып өтті.

 

Page 2 of 2
1 2