№12-бөбекжай-бақшасы бүлдіршіндері “Достық үйіне саяхат жасады”
Биыл, қараша айында Тараз қаласының “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл толуы қарсаңында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Тараз қаласының білім бөлімінің “№12-бөбекжай-бақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының
“Туған жерім туған елім” атты танымдық экскурсиясы өтті.
Іс-шараның мақсаты –
балалардың туған ел, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, этностар, ассамблея, достық үйі, достық, татулық жөнінде дүниетанымын ояту, тіл байлығын дамыту, қоршаған орта және ондағы оларға беймәлім дүниелер мен құбылыстарға білімін ашу.
Аталмыш бала-бақша басшысы Балтабаева Марфуға Рахматуллаевна жетекшілігімен кішкентай бүлдіршіндеріміз бен тәрбиеші, әдіскерлер дәл осы мақсат-міндетпен Достық үйіне саяхат жасаган еді.
Әр ұлттың ұлттық киімін киіп, арнайы дайындықпен келген өңірлік ассамблеяның ең сыйлы кішкентай қонақтары күмбезді Достық үйінің әр қабатымен танысып, көрме суреттерін тамашалады. Абай атамыз өзінің 19-қара сөзінде “Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, “анау немене, мынау немене?” деп дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады” дегені бар. Осылай демекші, бүлдіршіндер әр сурет-картиналарды, ұлттық аспаптар мен әр ұлттың нақышына келтіріліп жасалған сувенирлік заттарын қолымен ұстап көріп, өзара таңыркасып жатты. Баланың жан-жақты дамуы оның қоршаған ортамен белсенді қарым-қатынасы негізнде қалыптасады. Бұл тұрғыда «Сезіну –танып білу –жүзеге асыру»-осы үш бағытта жұмыс ұйымдастырылу керек.
Баланың танымдық дамуы ойын барысында, табиғи нысандар мен мен құбылыстарға бақылау жасау, заттарды қарап зерттеу, бақылау нәтижелерін айта білу және басқа да әрекеттер барысында жүзеге асады. Мектепке дейінгі балалық шақ кезеңінде баланың танымдық дамуы эмоционалдық қарым – қатынастар арқылы қалыптасып, саналарында тез сақталады екен. Осыған орай,
биылғы караша айында Ел Президенті Қ. К. Тоқаевтың қатысуымен өткен ҚХА Кеңесінде “Балапан” телеарнасының жұмыс жүйесіне түрлі танымдық, тәрбиелік мәні бар ұлттық, этностық аннимациялар арқылы балаларға арналған сан-қырлы телебағдарламаларды ұйымдастыру көзделіп отырғаны біршама ата-аналарды қуантқан болатын. Қай арнаны ашсаң да, шетелдік мультфильмдердің көрсетілуі басым екені рас. Сондықтан да, аталмыш телеарнаға жаңашылдық кіргізу жөніндегі телеарна басшысы Сандуғаш Кенжебаеваның анимациялық өндірісті дамытуға қатысты Президентке жоспар- ұсынысы өте орынды деп саналды. Осы тұста айта кетейік, ҚХА Аналар кеңесімен бірлесе жұмыс істеу арқылы ұлттық арналар жаңадан құрақ жайып өсіп келе жатқан сәбилеріміздің “Достық үйі”, “ассамблея”, “этностар” деген ұғымдарды кішкентайынан санасына сіңдіріп, таңқалушылықпен карамай, қалыпты түсінік ретінде қабылдауға тәрбиелету жөнінде де сөз болған.
Міне, бұл үрдіс осы №12-бөбекжай-бақшасы бүлдіршіндерінің қаламыздың Достық ғимаратына алғашқы қадамдарымен басталды десек те болады. Бала-бақша, одан мектеп қабырғасында да жалғастырылса деген ой жүзеге асуда. Бұған осыған дейін екі қалалық, бір ауылдық үш мектеп бастауыш сынып оқушылары мен оқытушыларының өз қалауларымен қызығушылық танытып, ассамблеяға саяхат жасауы дәлел.
Сондай-ақ, бала-бақша балалары экскурсия барысында әр ұлттың әрқайсысы туралы біраз мағлұмат алды. Мұнда жиналған әр этностың өмірі мен рухани құрамын бейнелейтін экспонаттармен де танысты.
Бүгінде Достық үйінің есігі бейбітшілік, достық, ұлтаралық келісім, Қазақстан халқының ұлттық бірлігі ұғымдарын бағалайтындардың барлығына ашық.
Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ Баспасөз қызметі орталығы басшысы Бибігүл Шахзада