Өнердің сиқырлы күші

11

Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-дегі этномәдени бірлестіктер жастарымен жұмыс жасау бойынша әдіскер Дарья Бурмакина мен «Ақ желкен» жастар лигасы, облыстық орыс драма театрында алғаш рет көрсетілген «Клетка» атты спектакльды бірге тамашалап, одан кейін оның қоюшы-режиссері Ольга Избасарова мен театрдың жас труппасын кездесуге шақырды.  Осы кездесу барысында скайп байланыс арқылы Москва қаласында тұратын, аталған пьесаның авторы, зиянды әдеттерден арылту маманы, Халықаралық психоаналитика академиясының  белді мүшесі, Халықаралық салауатты өмір салты академиясының доценті Владимир Коняевпен жүздесуге мүмкіндік алынды.

Кездесудің жүргізушісі Д.Бурмакина спектакльды қоюдағы ойымен бөлісу үшін  қоюшы–режиссер Ольга Избасароваға сөз берді. Ол: «Бұл тақырыптың қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті. Себебі қазіргі уақытта жастардың физикалық және адамгершілік тәрбиесі туралы айтып қана қоймай, олардың отбасындағы ата-ана мен баланың тәрбиесі мен қарым-қатынасы туралы да айтылады. Ата-ананың балаларына көңіл бөлмеуінен олардың арасы алшақтай түседі. Кейін осындай олқылықтардың орнын нашақорлық пен ішімдік толтырады. Пьесаны оқи бастағаннан-ақ бірден тартады, бар ойыңмен оқиға ішіне кіріп кеткендей боласың.

Аталған қойылымға қатысушылардың көбісі – театрымыздың жастары. Екі ай ұйқысыз, күлкісіз дайындықпен өткіздік десек те болады. Осы үшін автордың идеясы мен маған, өздерінің күшіне сенген жастарымызға алғысым шексіз. Сондықтан да біз осындай жеңіске жеттік. Оны  біз көрермендердің ыстық ілтипатынан байқадық. Ішімдік, нашақаорлық, темекіге әуестік, онымен қоймай ата-ананың ықыласы мен мейіріміне бөленбеу қандай да бір жаман нәрсеге әкеліп соқтыратынын көрдік.

Әңгімеге театр актерлары Анастасия Скрепкова (қойылымда өзіне өзі қол салған нашақор Игла есімді қызды орындаушы),  Виктор Майнашев (мас болып тасүккішке түсіп кеткен Бекас рөлін сомдаушы), Тимур Романюк (кейіпкерлерді сахнаға шығарушы Дауыс) және тағы басқалары араласып, өз ойларымен бөлісе отырды.

Кездесу соңында пьеса авторы Владимир Коняев: «Осы қойылымның жақсы өткеніне және резонанстың әлі көп жылдар бойы сақталатынына менің сенімім зор. Бұл үшін де театр ұжымына алғысым шексіз. «Клетка» атауын тура мағынада түсінбеу керек. Себебі қандай да болмасын жаман әдет бізді осындай торға («Клеткаға»)  қамағандай болады. Оған біз өзіміз айдап саламыз. Бірақ осы тордан шығуға болады және одан шығудың жолы өзіміздің қолымызда. Бұл тұрғыда жамбылдық театр үлкен жетістікке ие болды. Осындай қойылымды мүмкіндігінше көпшілікке көрсете берген жөн. Себебі ол біздің нашақорлық пен ішімдіктің зияны туралы түкке тұрғысыз мылжың жиналыстарымыздан әлдеқайда тиімдірек», – деп қатысушыларға алғысын білдірді.

11-2

11-3

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

 «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі.