Ұлттық тағамдар этникалық мәдениеттің элементі
Әр халықтың гастрономиялық әдеттері мен ғұрыптары ғасырлар бойы қалыптасқан. Ал ұлттық тағамдар белгілі бір этнос өміріне терең еніп, мәдениеттің бір бөлігіне айналған. Әр халықтың өзіне тиесілі тағам дәмдерінен сол елдің тарихынан бастап қазіргі жай-күйлеріне дейінгі аралықтың дәмі шығатындай. Өзіндік философиясы мен мәдениеті сезілетіндей.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің Достық үйінде «Гастрономиялық дәмдер дастарханы» атты этноаспаздық фестивалі өтті.
Фестивальдің мақсаты ұлттық тағамдарды дәріптеу және облыс этностарының гастрономиясымен таныстыру, аспаздық дәстүрлерді және тағам мәдениетін сақтау, ұлттық тағамдардың өзіндік ерекшелігін жас ұрпаққа қазіргі заманғы жағдайда көрсету, этникалық тағамдарды дайындауда жаңа технологияларды қолдану.
Шараға Жамбыл облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, этностардың ұлттық тағамдарын дайындау шеберлері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, облыстың этномәдени бірлестіктерінің жас мүшелері, облыстық және қалалық БАҚ өкілдерінен құралған барлығы алпыстан астам адам қатысты.
Екі бөлімнен құралған іс-шара «Рухани жаңғыру» жобасы аясында жүзеге асуда. Фестиваль басы «Үкілім-ай» бишілер тобының «Шаттық» биімен және Жамбыл облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылығының меңгерушісі Қожаева Маржан Төреғұлқызының алғы сөзімен басталды. Фестивальдің бірінші бөлімінде аспаздар ұлттық тағамдардан шеберлік сыныптар көрсетті. Абай дәуіріндегі қазақ тағамдарынан Сихимбаева Сымбат Қалдыбекқызы «Іш май» және «Бүрме қарын» атты шеберлік сыныбын өткізді. Қарашай-балқар халқының ұлттық тағамдар пісіру бойынша Алдабаева Майса Мушукбекқызы өз тәжірибелерімен бөлісті. Тез дайындалатын тағамдардың шеберлік сыныбын Абдықахарова Лола Әбдірасулқызы өткізді. Сондай-ақ, ол тай халықтарының яғни шығыс елдерінің тағамдарын суши, баклажан және туралған көкөністерді қалай дайындау керектігі туралы да өз тәжірибелерімен бөлісті. Шеберлік сыныптың ұлттық сусындар және замауи коктейльдер дайындау бойынша соңғы сабақты Богданов Александр өткізді. Олқышқыл сүттен «Шалап» сусынын және түрлі коктейльдерді дайындауды көрсетті. Фестивальдің бірінші кезеңі аспаздық үлгіде киінген жастардың би флешмобымен аяқталды.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісі» КММ бас сарапшысы Альбина Тапаева «Қазақстан халқы өңірлік ассамблеясы жанынан жұмыс істейтін ғылыми-сараптамалық топ ұлттық ас үй мәселесіне етене жақындап, этникалық мәдениеттің бір бөлігі ретінде олардың философисын көрсетуді шештік. Сондықтан «Гастрономиялық дәмдер дастарханы» фестивалі қатысушыларға гастрономиямен таныстырумен ғана емес, әр этностың мәдени кодын сақтауға мүмкіндік береді. Бұл басқа этностардың мәдениетіне қатысты төзімділікке негізделген қазақстандық бірегейліктің негізі болып табылады. Ас үй — бұл тек тамақ тұтыну орны ғана емес, сонымен қатар этнос дүниетанымының бір бөлігі, оның дәм философиясының ошағы екенін сезіндіргіміз келеді»,-деді өз сөзінде.
Іс-шараның екінші кезеңі ұлттық асхананың тұсаукесерін, тамақтану мәдениетінде дәстүрлі ұстанымдарды сақтауды көрсетті. Шараның екінші бөлігінде қазылар алқасы мен этномәдени бірлестіктер өкілдері «Жаңғыру жолы» штабының белсенділері таныстыруымен облысты мекен ететін түрлі ұлттық асханасымен таныстырды. Достық үйінің екінші қабатында орналастырылған алаңшаларда әр ұлттың дастарханы жайылып, әуендері ойнатылып, музыкалық аспаптары жалпы ұлт ретінде ерекше айшықтайтын құндылықтары қойылған. Тау халықтары қонақтарды «Лезгинка» атты ерекше әрі атақты биімен қарсы алды.
Одан әрі барлық қатысушылар, қонақтар мен қазылар алқасы шай дайындау бойынша мастер-классқа қатысты. Онда шайдың пайда болу тарихы, қайнату тәсілдері мен түрлері туралы кеңінен мәлімет берді.
Шеберлік сабағынан кейін қатысушылар арасында марапаттау рәсімі өткізілді. Қатысушылар бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар алды. Қатысушылар ұйымдастырылған іс-шараға алғыстарын білдіріп, жыл сайын осындай іс-шаралар жиі өтсе деген ұсыныстарында білдірді. Фестиваль соңы естелік суреттерге түсіп, дайындалған тағамдардан дәм ауыс тиді.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз орталығы