ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ІС-ШАРА ӨТТІ

Домбыра – көнеден қалған асыл мұра, көзіміздің қарашығы әрі ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды бабаларымыздан мирас болып қалған күй өнерін жандандыруда Ұлттық домбыра күнінің алар орны ерекше. Алпыс екі тамырды идіріп, ет жүректі елжіреткен қоңыр домбыраның киелі үні кез келген жан баласын таңқалдырмай қоймас?!

Аталған мерекеге орай, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Көрме залының меңгерушісі Вера Майковичтің және домбырашы Рүстем Малдыбаевтың қатысуымен Жасөркен ауылындағы «Болашақ» лагерінде іс-шара өтті.

ҚР мәдениет қайраткері, күйші, сазгер және «Көне Тараз» күйінің авторы Аман Малдыбаевтың ізін жалғаушы, іс-шара қонағы, домбырашы Р.Малдыбаев лагерь қатысушыларына әйгілі «Балбырауын», «Әлқисса», «Шаттанамын» күйлерінің шығу тарихына тоқталып, нақышына келтіріп орындап берді.

Өз кезегінде В.Майкович жасөспірімдердің арасынан жас суретшілерді іріктеп, «Ұлттық домбыра күні» мерекесіне орай «Домбыра» тақырыбында сурет салуды тапсырды. Сондай-ақ, қатысушыларға бағыт-бағдар беріп, бірге сурет салуға атсалысты.

Нәтижесінде, екі топқа бөлінген жас суретшілердің қолынан таңғажайып туынды пайда болды. Іс-шара соңында В.Майкович суретшілерге арнайы сыйлықтар табыс етті.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі