ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ДӘРІПТЕУ — АНАЛАРҒА МІНДЕТ
Жамбыл облысындағы этностар ынтымағын дәріптеуге бағытталған «Достық керуені» жобасы аясында Қордай ауданында өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы ұйымдастырылды.
Жиынға облыстық, аудандық Аналар кеңесі, отбасы тұрмыстық-зорлық зомбылық жөніндегі полиция департаментінің маманы, медицина қызметкерлері, аудандағы колледждер мен жалпы орта білім беретін мектептердің тәрбие (құқық) ісі жөніндегі орынбасарлары, дағдарыс орталығының психолог мамандары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Кеңес отырысын аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жүргізді. Басқосуда «Қоғамдық келісім» КММ жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева кеңес мүшелеріне ҚХА-ның «Салауатты сана» жобасы жайлы кеңірек мәлімдеме жасады.
— Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясының шешімдерін іске асыру бағытында әзірленген «Салауатты сана» жобасының мақсаты — ҚХА Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында қоғамның әлеуметтік кеселдеріне жүйелі түрде қарсы тұруды көздейді. Ұлттық тәрбиені дәріптеу арқылы ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау мақсатында қазіргі күні өңірлік Аналар кеңесі ілкімді істерді еңсеріп келеді, – деп атап өтті Аққу Қаратайқызы.
Бүгінде қоғамда Z, миллениал, альфа ұрпаққа қатысты ұғымдар жиі айтылып та, жазылып та жүр. Кездесуде олардың бір-бірінен айырмашылығы, ұрпақтар ерекшелігі туралы кеңес қатысушыларына Жамбыл облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Ришат Райф егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ, шарада аудандағы жастар жайы да назардан тыс қалмады. Келелі кеңесте Қордай аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспекторы Ынтымақ Кәден аудандағы жасөспірімдер арасындағы қылмыстың деректеріне сүйене отырып, баяндама жасады.
Бұдан өзге кездесуде ұрпақ тәрбиесінде ата-аналар институтының айрықша мәнге ие екендігі түсіндіріліп, білім беру ұйымдарының әлеуетімен жас ұрпақ бойына жаман кеселдер туралы жан-жақты түсінік қалыптастыру қажеттігі айтылды