«ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ МЕН ҰЛТТЫҚ БІРЛІКТІ НЫҒАЙТУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚҰРЫЛЫМДАРДЫҢ РӨЛІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЛЕКТОРИЙІ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 7 желтоқсанында аймақтағы «Достық үйінде» ҚР АҚДМ, «Қоғамдық келісім» РММ, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту саласындағы қоғамдық құрылымдардың рөлі» республикалық лекторийі өтті.

Республикалық лекторийге Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының, ҚР АҚДМ, «Қоғамдық келісім» РММ, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҚХА, Аналар кеңесі, ҚКК, «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері, қоғамдық пікір көшбасшылары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымының, депутаттық топтың өкілдері қатысты.

Жиынның мақсаты қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз етудегі Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының рөлін жандандырып, барлық азаматтарды жаңа Қазақстан мен ұлт құрылысы идеясын іске асыруға, азаматтардың жеке немесе ұжымдық қатысу арқылы мемлекетті басқаруға деген ұмтылысын, біріктіруші құндылықтарды қалыптастыру арқылы қазақстандық этностардың мәдени мұрасы мен дәстүрлерін сақтауды, қазақ халқының біріктіруші рөлін көрсетуді, мемлекеттік тілді меңгеруге деген сүйіспеншілікті нығайту болатын.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 15 қыркүйектегі № 1014 Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 11.7-тармағына сәйкес қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін танымал ету бойынша жыл сайынғы республикалық дәрісхана өткізу көзделген.

Бірыңғай күн шеңберінде барлық облыс орталықтарында жаңа Қазақстан идеясын іске асыру жолында қоғамды шоғырландыруға бағытталған дәрістер өтті.

Аталған дәріс қаламыздағы Достық үйінде де өткізілді. Пленарлық отырыстың модераторы – Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Жалел Аббозов жиын барысында іс-шара негізін түсіндіре келе, Шымкент қаласынан келген қонақтарға сөз берді.

Шым қаланың Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Икрам Хашимжанов «Орталық Азия мемлекетіндегі халықаралық қатынастардағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі» атты өзінің баяндамасында «Көпэтносты қоғамда ұлттық бірлікті сақтау-мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігінің, оның тәуелсіздігінің, әлеуметтік экономикалық және саяси дамудың стратегиялық басымдықтарын іске асырудың негізгі шарты. Әрбір құрылымдық бөлімше бейбітшілік пен келісімнің дамуына белгілі бір үлес қосады. «Дустлик» ҚР өзбектер қауымдастығының арқасында Қазақстанда Өзбекстан жылы ҚХА мен Өзбекстан Республикасы Министрлер комитеті жанындағы шет елдермен ұлтаралық қатынастар және достық байланыстар комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы бірлескен меморандумға қол қойылды. Меморандумда бейбітшілік пен келісімді сақтау, бірлескен іс-шаралар өткізу туралы айтылады»-деді.

Сондай-ақ жиын барысында «Еуразиялық медиация орталығы» ҚБ жетекшісі, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы медиация кеңесінің төрайымы Лаура Ақшегірова этномедиацияны жүзеге асырудың жолдары және Шымкент қалалық ҚХА медиаторларының жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Медиатор «Қаламызда қоғамдық келісімді сақтауда медиацияны дамыту қажет деген ортақ түсінік бар. Қалаға қарасты 4 аудан әкімдіктерінің реестріне 211 медиатордың деректері енген. Қалада кәсіби келіссөз жүргізушілер қауымдастықтары құрылып, сот органдарымен, жергілікті атқарушы билікпен, құқық қорғау құрылымдарымен және азаматтық қоғам институттарымен ықпалдастық орнатылған. Қазір қаламызда 4 медиация орталығы жұмыс жүргізеді. Ассамблея медиаторларына 15 кәсіби және қоғамдық медиаторлар еніп, этномедиация ұғымын ілгерілетуге қызмет атқаруда. Айта кету керек, дау туындаған көп жағдайларда мемлекеттік органдар, әсіресе құқық қорғау органдары істі медиативтік тәсілмен шешуге болатынын ескере бермейді. Құқық қорғау органдары, аудан әкімдіктері даулардың әбден ушығып, қоғам тұрақтылығына қауіп төндірген жағдайда ғана медиаторларды араағайындық жасауға шақырады. Бір қайнауы ішінде болған мұндай даулардың түйіні тарқамай, уақытылы шешілмеген бір дау он даумен жалғасып кете береді»-деді, өз кезегінде.

Республикалық лекторийде «Ассамблеяның ашық алаңы-қоғамдық келісім кеңесі» тақырыбында «Ынтымақ» этносаралық бірлестігінің төрағасы, Шымкент ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Гаухар Төлеповада сөз сөйледі. Шымкент қалалық ҚКК атқарған жұмыстарының нәтижесімен бөлісе келе биылғы жылы Шымкент қаласының «Достық үйінде» ашылған «Бірілік алаңының» арқалаған төрт бағытына тоқталды. Гаухар Төлепова «Бірлік алаңы» этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың қызметін ақпараттық тұрғыда қамтамасыз ету, ел бірлігін бекемдеуге бағытталған халықтық жобаларды талқылау, ассамблеяның «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасын ілгерілету және мемлекеттік тілді оқып-үйренуге ынталы жастарға тегін курс жүргізу бағыттарынды жұмыс істейді. «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында Тараздықтардың «Аспара» сән көрсетілімін негізге ала отырып заманауы этно стильдегі сән көрсетілімі аталып өтті. Сондай-ақ, «Қымыз – ұлы даланың ұлы қазынасы» атты іс-шарада бие байлап, қымыз сапыруды кәсіп еткен азаматтар өзара сайысқа түсіп, ұлттық сусынды даярлау әдісі мен тәсілдері бойынша мықтыларын анықтады. Мұндағы ерекшелік қазақтың ұлттық сусынын даярлауда тек этнос өкілдерінің мүшелері бақ сынады» -деді, өз баяндамасында.

Іс-шара аясында Жамбыл облысы ҚХА халық шығармашылығы шеберлері клубының қолданбалы өнер көрмесі тамашаланып, еркін пікірталас алаңы ұйымдастырылды.

Жиын соңында қонақтар қаланың тарихи-мәдени ескерткіштері мен көрікті орындарын тамашалап, естелік суреттерге түсті.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз орталығы