«Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніндегі Әз-Наурыз
Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз ежелден ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы –Ұлыстың ұлы күнінің барлық қазақстандықтар үшін жолы да, жөні де бөлек. Наурыз мейрамы күн мен түннің теңескен күні тойланады. Бірлік, бейбітшілік пен көктемгі жаңаруды бейнелейтін мереке әрбір қазақстандықтың жаңа қазақстанды дамыту бағдарында кемел жол ашады және қоғамдағы бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуда маңызды рөл атқарады. Осыған орай, бүгін, «Шахристан» этно-мәдени кешенінен басталған «Қош келдің, әз-Наурыз» мейрамы әдеттегідей жылдағы дәстүр бойынша облыс әкімінің қатысуымен көне тарихымыздан сыр шертер Тараз шаһарында ойдағыдай аталып өтті. Жиналған қауымды Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады.
Іс-шараға облыстық ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері, олардың жастар қанаты, РЖҚ филиалы «Ассамблея жастары» өкілдері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері, қала тұрғындары мен қонақтары және облыстық БАҚ өкілдері қатысты.
Мереке қонақтары концертті тамашалап, «Наурыз-көш» керуенін қарсы алды. Балалар мен жастар алтыбақанға мініп, түрлі қызықты спорттық жарыстарға қатысты. «Шахристан» орталығында жағалай, дәстүрлі түрде қалалық және облыстық маңызы ұйымдардан қаз-қатар боп, сәнділігімен көз тартар аппақ киіз үйлер тігілді.
Сонымен қатар, Жамбыл облысы ҚХА атынан ұсынылған, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ және Жамбыл облысы Автомотоспорт Федерациясының «Тараз Темір тұлпар» мотоклубымен бірлесіп тігілген «мото киіз үй Тараз» қазақ киіз үйі де «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніндегі Достық үйінің алдынан орын алды. Сан алуан ұлттық бұйымдармен жабдықталып тігілген киіз үйден жұртшылық қазақтың ұлттық тағамдары мен наурыз көжелерінен дәм татты. Сонымен бірге, жиынға келген жұрт назарына киіз үй ішінде қазақ халқының ұлттық көрмесі де ұйымдастырылды.
Мереке қонақтары Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері ұсынған ұлттық мерекелік тағамдардың экспозициясын да тамашалай алды. Біздің өңірдің этномәдени бірлестіктері – өзбек, қарашай-балқар, тәжік, әзірбайжан және т.б. Аналар кеңестерінің мүшелері өздерінің ұлттық тағамдарымен таныстырды. – Бүгін біз Наурызды тойлаймыз, – дейді «Низами» Әзірбайжан этномәдени орталығының Аналар кеңесінің төрайымы Гүлнара Мурадова. – Бұл жаңару мен жаңғыру мерекесі. Жер оянып, алғашқы көшеттерді бере бастайды, сондықтан біз, әдетте, осыған орай «Наурыз-самане» (жаңадан өсіп шыққан бидай) ұлттық тағамымызды дайындаймыз. Біз, сондай-ақ, осыған қоса, «долма», «баклава» тағамдарымызды да шет қалдырмай дайындап ала келдік.
Әр этностың жайған дастархандарындағы барлық ұлттық тағамдардың дәмі тұрмақ, түрлерінің өзі көздің жауын алып тұрды. Әсіресе, шатыр тігіп, қатар тұрған Тәжік этномәдени бірлестігі мен Өзбек, қарашай-балқар, әзірбайжан қауымдастықтарының дастархандарын айтсаңызшы?! Қазақтың киіз үйінің бейнесін сомдап жасап алып келген «Чак-чактары» мен «Наурыз құтты болсын» деп дайындап әкелген қарма нандары, ассамблея логотипін қойып жасап алып келген тәтті кондитерлік тағам өнімдері қандай десеңізші?! Неткен шеберлік?! Не деген бір-біріне құрметі адамзаттың?!
Бүгінгі іс-шараның ең шарықтау шегі деп мотобайкерлердің қатысуымен өткен Наурыз мейрамының ерекшелігін айта аламыз. Әдетте түрлі заманауи қаталдау спорттық үлгіде киінген байкерлерді, темір тұлпарлары – спорттық мотоциклдерімен жол бойында өздеріне тән түрлі трюктерін көрсетіп жүргендіктерінен, оларға жеке фанаттар мен әуесқойлар болмаса, көп жұртшылық дұрыс көзқараспен қарауы екіталай. Қауіпті спорт түрі деп санайды. «Наурыз» күнін мерекелеудегі басты мақсат – түркі халықтарының салт-дәстүрін құрмет тұту, елде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, өскелең ұрпақты бір-біріне деген құрмет пен отансүйгіштікке тәрбиелеу, этносаралық қатынастарды сақтау, қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптеу болса, қосалқы мақсат – осы аталмыш мотобайкерлер жөнінде де дұрыс түсінік, олар «бейбітшілік пен патриотизмнің жаршылары» деген заманауи логикалық көзқарас қалыптастыру еді. Наурыз мерекесін бірлесе мейрамдауға атсалысқан облысымыздың мейірімді, жанашыр ер-азаматтары – мотобайкерлерге алғысымыз шексіз!
Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шара жамбылдықтар мен қала қонақтарының көңілінен шықты деп есептейміз.
Қазақы Жаңа жылымыз – Наурыз мейрамы жаңару мен жаңғыру жолындағы Қазақстанымызға тыныштық пен құт-береке әкелсін!
Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы