КӨҢІЛГЕ НҰР, ЖҮРЕККЕ ЖЫЛУ СЫЙЛАҒАН МЕРЕКЕ!
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай 2023 жылдың 25 мамырында Жалпақтөбе ауылындағы Ш.Қалдаяқов атындағы ауылдық клубында Жамбыл облыстық «Дүнген республикалық этномәдени орталығы» РҚБ және осы бірлестіктің Аналар кеңесінің, ауылдық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өткізілді.
Іс-шараға 60-қа жуық көпбалалы отбасының балалары, ата-аналары ,ауыл тұрғындары қатысты. Мерекеге орайластырылған іс-шара түрлі өнерпаздардың шығармашылық нөмірлерінен құралған концерттік бағдарламасымен басталды. Сондай-ақ іс-шараға қатысушы жасөспірімдердің атынан «Алға ,Қазақстан!» атты патриоттық флешмоб көпшілік назарына ұсынылды.
Мерекелік шараның екінші бөлігінде балалар арасында «Біз әлемді суреттейміз» тақырыбында арт-байқау ұйымдастырылды. Жас суретшілер асфальтқа салған суреттері арқылы өздерінің қиялдарындағы бейнелерді көрсете алды. Олармен бірге Аналар кеңесінің өкілдері де сурет салуға атсалысты. Нәтижесінде түрлі-түске боялып, ерекше бейнелерді суреттеген көріністер көздің жауын алды. Байқау соңында балаларға арнайы тәттілер таратылды.
Балалардың айтулы мерекесіне ақ аюдың костюмін киген аниматор арнайы шақырылды. Оның бүлдіршіндермен бірге «Ламбада» биін билеген көрінісі баршаға қуаныш пен шаттық сыйлай білді.
Жүздеріне шаттық,жүректеріне мейірім, көңілдеріне қуаныш орнатқан іс-шарадан ата-аналар да ерекше әсер алып, барша ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.
«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі