ЕРІКТІ ДОНОР

Жарық дүниеде адамзаттың өмірі мен оның денсаулығынан асқан бағалы ешнәрсе жоқ. Сын сағаты соққанда ақ халаттылармен бірге қарапайым адамдардың да өзгенің өмірін сақтап қалуға тырысатыны рас. Адамзаттың бұл саналы әрекеті – донор болу, яғни, ерікті түрде қан тапсыру деп аталады.

Жыл сайын наурыздың алғашқы күні «Алғыс күніне» арналған іс-шаралар шеңберінде өтетін осынау игілікті іске Жамбыл облысы ҚХА мүшелері, құрылымдар өкілдері, «Ассамблея жастары» РҚБ және қала жастарының белсенділері мұрындық болып келеді.

Жақсылық жасауды дәстүрге айналдырған жастар биылғы жылдың 26 ақпанында Тараз қалалық Қан орталығының қолдауы, «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Ерікті донор» акциясына қатысты.

Қан тапсырар алдында Жамбыл облыстық «Қан орталығы» МКК директоры Ғұлам Мұхтарұлы, «Қоғамдық келісім» КММ басшы орынбасары Сәуле Досымбекқызы және «Ассамблея жастары» РҚБ төрайымы Хамида Турдыева жастар бастамасына қолдау білдіріп, ел болашағы жастар қолында екенін айтты.

Әрі қарай тіркеу бөлімінен өтіп, зертханалық кабинетте талдама жасалынды. Денсаулығы жарамды деп танылған 60-қа жуық қыз-жігіттер қанға мұқтаж жандарға өз қандарын өткізіп, қайырымды іс жасады.

Мұндай жауапты әрі өте маңызды шараға жас буынның саналы түрде қатысуы қуанарлық жағдай. Аталған ізгілікке толы іс келер жылы да өз жалғасын табады деп күтілуде.

Айта кетейік, халықаралық зерттеулерге сенсек, бір рет қан өткізсеңіз, орта есеппен үш адамға көмек көрсетеді екенсіз. Сондай-ақ, мамандардың пікірінше, ұдайы қан өткізіп жүрген адам өз өмірін 5-7 жылға ұзартады.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі