«ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ» ЖОБАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Ағымдағы жылдың 20 желтоқсанында «Қоғамдық келісім» мекемесінде «Достық керуені» жобасы қорытындыланды.
Бүгінгі күнге дейін этностарды қоғамдық өмірге интеграциялау, этносаралық саладағы тәуекелдердің алдын алу, мәдени-спорттық байланыс орнату мақсатындағы «Достық керуені» жобасы этностар жиі орналасқан 5 ауданда және Тараз қаласында өтті.
Биыл Жамбыл облысының 85 жылдығына арналған «Достық керуені» жобасының көздегені әр аудандағы этностардың дәстүрі мен мәдениетін таныту, облыстық ассамблея құрылымдары мен аудандық құрылымдар арасында байланыс орнату және тәжірибе алмасу болатын.
Керуен жұмысында Ақсақалдар, Аналар кеңестерінің 12 отырысы өтсе, ұлттық ойындар спартакиадасына 15 команда, «Өнерім саған, Қазақстан!» фестивалінің іріктеу кезеңіне 30 үміткер қатысқан. Сонымен қатар, Ассамблея жастары «PRO ANК» тақырыбында 10 кездесу ұйымдастырылып, «Менің елім, Менің Қазақстаным!» тимбилдингіне 200 жас тартылған. Жоба негізінде «Бірлік – әралуандылықта» атты жас суретшілер мен қолөнершілер фестивалі, одан бөлек балаларға арналған алаңшалар ұйымдастырылып, облыстық филармонияның арнайы цирк өнерінің мамандары өнер көрсетті.
Жалпы «Достық керуені» жобасы аясында 38 шара өткізіліп, 5000 -ға жуық адам қамтылды.
Атаулы жобаның қорытынды жиыны аясында бірлік пен бірегейлікке, этносаралық келісім мен тұрақтылыққа, қоғамдық дамуға белсенді атсалысқан, жыл бойы жұмыла жұмыс істеген еңбектері үшін этномәдени бірлестіетердің барлығына дерлік арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жиын соңы мерекелік концерттік бағдарламамен түйінделді.