«ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ» ТУРАЛЫ АНЫҒЫРАҚ АЙТҚАНДА

25 желтоқсан күні Тараз қаласында Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Қоғамдық Келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаеваның қатысуымен БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтті.

Жиын барысында Мубарак Қасымқызы этностар тығыз орналасқан елді мекендерде тұратын ауыл тұрғындарымен жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына негізделген «Достық керуені» жобасы бойынша мағлұматтармен бөлісті.

Жалпы Жамбыл облысында бүгінгі күні 84 этнос өкілдері мен 75 этномәдени бірлестік бар. Олардың ынтымағы мен бірегейлігін сақтау мақсатында түрлі шаралар өткізілуде.

Соның бірі қыркүйек айында басталған өңірлік ҚХА «Достық керуені» жобасы. Жоба Меркі, Т.Рысқұлов, Шу, Қордай, Талас, Сарысу, Байзақ, Жуалы аудандарын қамтыған. Ақсақалдар, Аналар кеңестерінің 560 адамның қатысуымен 16 отырысы өткізілсе, жас суретшілер байқауында 130 бала шығармашылығын таныстырды, «Өнерім саған Қазақстан» фестивалінің іріктеу кезендеріне 100-ден аса үміткерлер өнерлерін көрсеткен.

Ассамблея жастарының аудан жастарымен «PRO ANK» тақырыбында 18 кездесуі мен мектеп оқушыларына арналған «Менің елім, Менің Қазақстаным» атты тимбилдингіне 900 адам қатысқан.

«Достық керуені» жобасы аясында «Ғылыми-сараптамалық қолдау» бөлімінің сарапшылары Жамбыл облысындағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған аудандары мен елді-мекендерінді 394 респонденттерді қамти отырып, фокус-топтық зерттеулер мен сауалнамалар жүргізді.

Ақсақалдар, Аналар, Медиация кеңестерінің отырыстарда этносаралық қатынасты нығайту, араздық тілін болдырмау, тұрмыстық кикілжіңдердің алдын алу, радикалды діни ағымдардың ықпалына ермеу, дәріханалық есірткі, лудомания, отбасылық тәрбие, нәсілдік, тілдік, этносаралық алауыздықты тудыратын жалған ақпарат таратуға жол бермеу жөнінде түрлі мәселелер төңірегінде ақпараттық -түсіндірме жұмыстары орын алды.

Брифинг соңында М.Жинақбаева БАҚ өкілдері қойған сұрақтарға да жауап берді.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі