ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ ОБЛЫСТЫҚ ҚХА АҚСАҚАЛДАР МЕН АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ БІРЛЕСКЕН ҚОРЫТЫНДЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 13 желтоқсан күні  «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Достық үйінде «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» тақырыбында Жамбыл облыстық ҚХА Ақсақалдар және Аналар кеңесінің бірлескен қорытынды отырысы өтті.

Келелі жиын Дулати халық жастар театрының «Анаға арнау» композициясымен  шымылдығын түрді. Маңызды шараға мемлекеттік уәкілеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, ҚХА Ақсақалдар, Аналар кеңесі, этномәдени бірлестік аналары, серіктес мекемелер, БАҚ өкілдері қатысты.

Қоғам ізгілігін қалыптастыру ісінде Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің алар орны ерекше. Жыл басынан бері кеңес өкілдері  «Салауатты сана» және «Адал азамат» жобалары мен бірқатар ҚХА жобаларын аймақта ілгерілету мақсатында маңызды іс-шаралар мен кездесулер ұйымдастырған болатын.

Іс-шарада Жамбыл облысы  әкімінің кеңесшісі Ұлана Сламбекқызы,  «Қоғамдық келісім»  мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева  аймақтық Ассамблеяның Ақсақалдар және Аналар кеңесінің ұлттық құндылықтары мен отбасы тәрбиесінің үздік үлгілері бағытында бірлесіп атқарған жұмыстарын ерекше  атап өтті.

Алқалы отырыста облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Абдырахман Зайнутдинов  «Адал азамат» жобасы – келісім мен рухани кемелдіктің көрінісі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, Әулиеата өңіріндегі  іргелі ұйымның жыл басынан бергі атқарған істеріне тоқталды.

Өңірлік Аналар кеңесі жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беретін, олардың бойына ұлттық құндылықтар мен ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізді тереңінен сіңіретін өзіндік мектепке айналды. Қоғамдық келісімді нығайту және отбасындағы құндылықтарды насихаттау мақсатында облыстық кеңес мүшелері ағымдағы жылы 600-ге жуық  түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырған. Қорытынды кеңес жиынында облыстық  ҚХА Аналар  кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали «ҚХА Аналар кеңесі жобаларының қоғамды ізгілендірудегі рөлі» тақырыбында әңгіме өрбітіп, аймақ аналарының толайым табыстары туралы кеңінен мәлімдеді. Баяндама барысында Эльмира Инаятқызы өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің жаңа құрамын таныстырып, алдағы уақытта кеңес жұмысының бұдан әрі жанданатынын жеткізді.

Сондай-ақ, шарада Тараз қаласы №26 орта мектебінің директоры, «Днепро» Украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Тарас Леоненко, Жамбыл облысы Полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы, «Жамбыл облысы Өзбек этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Диляфруз  Кинжеханова және Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Каримова өскелең ұрпақты дұрыс жолға бағыттау мақсатында орамды ойларын ортаға салды.

Кеңес отырысында Республикалық Аналар кеңесінің 10 жылдығына орай үлгілі жұмыстары мен қайырымдылық қызметтері үшін бірқатар Аналар кеңесінің өкілдері министрліктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясының жоғары марапаттарына ие болса, қоғамда адал еңбектің қадірін, білімді, туған жерді қадірлеуді, кішіпейілділік, адамгершілік сияқты қасиеттерді нығайтуға үлес қосқан «Адал азамат» жобасының жеңімпаздары марапат төрінен табылды. Сонымен қатар, аймақтық кеңестің ісін ілгерілетуге өзіндік үлестерін қосып жүрген бірқатар азаматтар Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының Алғыс хатымен наградталды.

Шара соңы  К.Әзірбаев атындағы Жамбыл  облыстық филармониясы өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен түйінделді.