«Достық үйі»
Ағымдағы жылдың 5 сәуірінде Тұрар Рысқұлов ауданында ұйымдастырылған іс-шара Құлан ауылдық «Достық үйі» мекемесінде жалғасын тапты. Мұнда этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері жиылды.
Басқосуға Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева қатысты.
Облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Өтегенов Серік Асанханұлы бірлестіктердің жалпы жұмыстарымен таныстырып өтті. Т.Рысқұлов аудандық Қазақ ұлттық этномәдени бірлестігінің жетекшісі Айгүл Сейсенбекқызы, Қарашай этномәдени бірлестігінің жетекшісі Эльмира Жақсыбайқызы, Неміс этномәдени орталығының жетекшісі Елизавета Шарипова, Орыс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Юлия Николаевна, Өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Жолдас Айтбаев, Татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Фатима Гогуева сөз сөйлеу барысында жуырда ашылған «Достық үйі» мекемесінің жұмысының әрі қарай жанданатындығына сенімділік білдіретіндіктерін жеткізді.
ҚХА-ның қоғамдық жұмысының жандануы мен этносаралық келісімнің нығаюына аталмыш бірлестіктің жетекшілері аянбай үлестерін қосуға дайын екендерін айтып өтті.
Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі