Дүнген этносының мәдениет күні

15

Бүгін «Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер ассоциациясының мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Дүнген этносының мәдениет күні» өткізілді. Мерекелік кешке ҚХА мүшелері, соғыс және еңбек ардагерлері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, жастар, өңіріміздегі барлық этнобірлестік мүшелері және қала қонақтары шақырылды.  Іс-шара барысында қонақтар  дүнген халқының салт-дәстүрлерімен танысты.

«Қазақстанда тұрып жатқан  елу алты мыңнан астам дүнгендер халқының кемінде отыз мыңы  Жамбыл облысында тұрады. Облысымыздағы үлкен  дүнген диаспорасы үшін бұл мерекенің мәні зор.  Бұл айтулы күнді біз қолдау көрсетіп, бізбен бірге тойлауға келген  достарымызбен қарсы аламыз. Дүнген халқы Тәуелсіз Қазақстанымызда достық қарым-қатынаста тұрып жатқан, бірлігі жарасқан  үлкен отбасының бір мүшесі десек те болады. Бұл этностың өкілдері еліміздің өсуіне, экономикасының дамуына барынша үлестерін қосып келеді.  Қазіргі заман дүнгендері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерін сақтай отырып,  қазақ халқының  және өзге де ұлттың дәстүрлерін де бойларына сіңіріп келеді,»- деді «Вынхуа» дүнгендер ассоциациясының мәдениет орталығының басшысы Руслан Исмазов.

«Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында біздің облысымызда 80-нен астам өзге ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп келеді. Елбасымыздың жалпықазақстандық «Мәңгілік ел» мен дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру туралы идеясы әрбіріміздің жүрегімізге жылулық ұялатады», – деп атап өтті өңірлік ассамблея хатшалығының меңгерушісі Маржан Қожаева.

Іс-шара барысында қонақтар  дүнген халқының салт-дәстүрлерімен танысты. Жаңа ғимараттың үлкен де кең залында  бірнеше шығармашылық топтар ұлттық билерін,  басқа да өнерлерін көрсетіп, көрермендердің зор ілтипатына бөленді.

Мерекелік іс-шара соңында ұйымдастырушылар келген қонақтарға дүнген ұлттық тағамдарын да ұсынды.