«Бизнестің жол картасы» бағдарламасының тиімділігі
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы ғимаратында Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру мақсатында облыстық Кәсіпкерлер палатасының Байзақ аудандық филиалының директоры, облыстық ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Нұрбек Жаманқұлов аудан кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Кәсіпкерлер арасында өзге ұлт өкілдері де боды.
Жиын барысында Президенттің биылғы жылғы кезекті Жолдауындағы «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы» тәрізді т.б. бағдарламаларының мерзімі ұзартылатыны талқыланып, Ел басшысына сенім артқан шаруашылық қауым қуаныштарын жасырмады.
Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Нұрбек Жаманқұлов: – Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму» бөлімінде орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды жүйелеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың ұлттық жоспары және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі қабылданғанын атап өткен еді. Пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды, – деп атап көрсете келе, Ел Президентінің 70 мың жұмыс орнының ашылғандығы, өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болғандығы жөнінде көрсеткен сараптамаларына қатысты талқылауға келіп отырған кәсіпкерлердің де ой-пікірлерін тыңдады. Оның айтуынша «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапқан және ол 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізген.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының жалпы еліміздің экономикалық дамуында оң үрдіс бар екеніне тоқталғандығы, сонымен бірге, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының мерзімін 2022 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдағандығы және де бұл мақсатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі кемінде бір триллион теңге болатындықтан аталмыш бағдарламаның өте тиімді екенін палата басшысы Н.Жаманқұлов жиынға қатысушыларға саралап айтып берді. Түсінікті де ұғынықты тұрғыда сәтті өткен Жолдау талқылауы аудандық кәсіпкерлердің өз бизнес-кәсіпкерлігіне деген сенімдерін одан ары нығайта түсті.
Естеріңізге сала кетейік, әскери бөлімде орын алған жарылыстан Байзақ ауданының 11 бизнес нысаны зардап шеккен болатын. Олардың ішінде дәмхана, дүкендер, автожанармай құю станциясы және автокемпинг бар. Осыған байланысты Жамбыл облысы ӨКП (Өңірлік кәсіпкерлер палатасы) директоры Еркін Атымтаев Жамбыл облысы әкімінің төрағалығымен штабқа кіріп, бизнес-кәсіптері зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек берілетіндігін айтқан. Нәтижесінде, бизнес нысандарын жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Жамбыл облысы әкімдігінің
ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы