БІРЛІК ПЕН ЖАСАМПАЗДЫҚ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ

Күні кеше Мемлекет басшысының «Бірлік пен жасампаздық: ҚХА-ның 30 жылдық мерейтойына арналған негізгі бастамалар» атты мақаласы шықты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз әрі мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала береді» дей келе, өзінің мақаласында 2024 жылда этносаралық келісімді нығайтуға, қақтығыстардың алдын алуға, этномедиацияны дамытуға, мамандарды даярлауға және этносаралық саладағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған кешенді шараларды іске асырғандығына тоқталып, бүгінде Қазақстанда 124-тен астам этнос өкілдерінің татулық пен келісімде өмір сүріп жатқандығын айрықша атап өтті. Олардың мемлекетіміздің толыққанды азаматтары және мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқандығын да тілге тиек етті. Сол ауқымды шаралардың бірі – 1 наурызда «Алғыс айту» күніне орай ұйымдастырылған республикалық телекөпірге аса мән берді. Әр өңірі 1-Наурыз – Алғыс айту күнін мерекелеуге қарқынды атсалысты.

Ел Президенті мақаласының басты мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі этносаралық келісім мен мәдениетті дамытудағы рөлін көрсету, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, ұлттық бірлік пен полимәдениетті қоғам мәселелерін талқылау. Сонымен қатар, жас ұрпаққа ел бірлігі мен патриотизмнің маңыздылығын түсіндіру және этносаралық татулықты нығайту жолдары жайында болды.

Сонымен бірге, 2024 жылдағы ҚХА атқарған іс-шаралар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы, оның еліміздегі қоғамдағы рөлі, сондай-ақ болашақта атқаратын маңызды міндеттері мен жүзеге асырылуы тиіс ірі жобаларға тоқталып, этносаралық татулықты сақтау мен көпмәдениетті қоғамды дамыту бағытында қабылдануы тиіс шаралар да сөз болды. Еліміздегі бірлік пен келісімді нығайту, әртүрлі этностар арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша өз толыққанды ойын білдірді.

Жалпы, бұл күн – барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған күн. Президентіміз бекіткен бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл – түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген алғыс айту күні. Өңірлер 1 наурызда «Алғыс айту» күніне орай ұйымдастырылған республикалық телекөпірге 2024 жылда да бір адамдай зор үлестерін қосса, үстіміздегі 2025 жылы да телекөпір марафонына үлкен ұйымшылдықпен, бар ықыластарымен белсенді үлес қосты. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы әр аймақтың беткеұстар, ерекше өзіндік жобаларын бүкіл республикаға паш етті. Мәселен, соның бірі – Жамбыл облысы бойынша ең алғашқылардың бірі болып, 2019 жылдан бері қолға алынған облыстық «Ассамблея бөбектері» жобасы. «Ассамблея бөбектері» жобасының мақсаты – бірлік, «достық үйі», бейбітшілік, келісім, «этнос» ұғымдары жөнінде бүлдіршіндердің түсініктерін бекіту, «жалпықазақстандық бірегейлік» деген терминді бала кездерінен саналарына сіңдіріп тәрбиелеу және бүлдіршіндерінің туған жеріне, Отанына, еліне деген патриоттық сезімдерін қалыптастырып, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыруды көздейтін шаралар өңірімізде жүйелі жүзеге асырылуда.

Осылардың ішіндегі «Әжемнің ертегісі» жобасының маңызы зор. Аймақта жалпы балалардың және этнос балаларының қиялын, сөз сөйлеу мәдениетін дамытуға, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда өзіміздің халық ауыз әдебиеті үлгілерін ұдайы пайдаланып келеміз. Ертегі естіп өскен баланың ертеңі жарқын! Ертегі – баланың ең бірінші танысатын көркем әдебиеті болғандықтан, күнделікті айтып жүрген ертегілерді түрлендіріп отырамыз.

2024 жылы өңірлік «Ассамблея бөбектері» жобасы аясында «Әжемнің ертегісі» жобасы облыстық ҚХА Аналар кеңесінің бастамасымен 2024 жылдан бері еңсеріліп келеді, бірнеше бөбекжай-балабақшалары және облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесімен «Біртұтас тәрбие», «Таза Қазақстан», «Қазақтану», «Әжемнің ертегісі», т.б. жобалары бойынша меморандум жасалды. Нәтижесінде, 2024 жылы және 2025 жылдың екі айында өңір Аналарымен «Әжемнің ертегісі» жобасы аясында Тараз қаласы мен барлық 10 ауданда 333 балабақшада – 22 245 балаға ертегі оқылды.

Ерекше атап өтейін, әулиеаталық әжелер бүгінгі айтулы мерекеде Марфуға Рахметуллақызы басқаратын Тараз қалалық №17 бөбекжай-балабақша бүлдіршіндерімен бірге «Әжемнің ертегісі» қойылымын көпшіліктің назарына ұсынды. Шараны өңіраралық телекөпір арқылы тікелей эфирде «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Данияр Әлімқұл жүргізді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы күні кеше жарияланған үндеуінде 2024 жылы ҚХА жанынан «Жомарт жан» қоғамдық орталықтары құрылғандығына зор мән берді. Жалпы, ҚХА мен қайырымдылық егіз ұғым екенін жақсы білесіздер. Ел Президенті Ассамблеяның қайырымды іс жасау бойынша 2024 жылы бірнеше волонтерлік және қайырымдылық акциялардың ұйымдастырылып, «Жүректен жүрекке» және «Мектепке жол» акцияларын өткізгендігін ерекше атап өтті. Жалпы, өткен жылы ҚХА мүшелері мұқтаж азаматтарға барлық өңірлерді қосқанда барлығы – 1,3 млрд теңге көлемінде көмек көрсетіпті. Бұл – өте игілікті іс.

Өткен жылы Жамбыл облысында да «Жомарт жан» орталығы ашылып, төрағасы болып облыстық «Ахыска» Түріктер этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Жалил Азимұлы Аббосов сайланды. Президент атап көрсеткендей орталық 4 бағыт бойынша қызмет етеді: «Мектепке жол», «Жүректен жүрекке», «Қайырымдылық керуені», «Мейірімді жүрек». Адамзатқа берер сауабы мен пайдасы аса мол Қасиетті Рамазан айының бүгінгі бірінші күнінде «Жомарт жан» орталығымен бірге жалпы өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдері аудан, ауылдарда және Тараз қаласында азық-түлік қоржындарын таратты. Қайырымдылық қоржындарын «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Хамида Турдыева бастаған ассамблея жастары әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына табыстады.

Ассамблеяның 30 жылдығында бүгінгі «Алғыс айту» күнімен тұстас келген Рамазан айының бірінші Ораза күнінде барша қазақстандықтар мен жерлестеріме, ҚХА ардагерлеріне, бір терінің пұшпағын бірге илесіп жүрген әріптестеріме, ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестіктері өкілдеріне зор алғысымды білдіре отырып, барлығына зор денсаулық, ашық аспан, мол ризық-несібе, бейбіт өмір мен тыныштық тілеймін!

Басты құндылығымыз – жалпықазақстандық бірегейлік пен этносаралық қатынастарды, бейбітшілік пен келісімді, бірлік пен жасампаздықты нығайту жолында атқарып жатқан іс-қимылдарымызға береке берсін!