БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ КЕРУЕНІ ЖУАЛЫ АУДАНЫНДА

Ағымдағы жылдың 5 қарашасында Жуалы ауданында «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында «Этносаралық және конфессияаралық келісім» топ мүшелері жұмыс сапарымен барып қайтты.

Аталмыш топ құрамында Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев, «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сауле Құрманқұлова, Медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева және мекеме қызметкерлері, облыстық Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, этномедиация кеңесінің төрағасы Абдырахман Зайнутдинов және өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің өкілі Ардақ Жантаева бар.

Топ мүшелрі ауданға қарасты Нұрлыкент, Б.Момышұлы, Көлбастау, Қарасаз, Шақпақата ауылының этномәдени бірлестік өкілдерімен және тұрғындарымен кездесіп, ауылдардағы бірқатар мәселелерді алға тартты. Атап айтсақ, аудандағы Нұрлыкент, Көлбастау, Қарасаз ауылдарындағы тарихи отанына қайта оралған қандастырымыздың азаматтық алу мәселесі де толық реттелмеген екен. Осы мәселе төңірегінде тұрғындарға облыстық Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, этномедиация кеңесінің төрағасы Абдырахман Зайнутдинов тиісті жолдарын түсіндіріп өтті.

Сонымен қатар, кездесу барысында «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері Замана Исмаилова және Рианна Жалпанова тұрғындармен әлеуметтік сауалнама жүргізді.