Балбөбегім – бақытым, болашағым
Ағымдағы жылдың 27ақпанында Жамбыл облыстық ҚХА мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі ұйымдастыруымен Алғыс айту күніне орай және балабақшадан бастап балалармен жұмыс істеуге бағытталған «Ассамблея бөбектері» пилоттық жобасын ілгерілету мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Тараз қаласы білім бөлімінің «№17 бөбекжай-балабақшасы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі тәрбиеленушілерінің қатысуымен Алғыс айту күніне арналған «Балбөбегім – бақытым, болашағым» атты іс-шарасы өтті.
Іс-шараның мақсаты – кішкентай жас ұрпаққа «Алғыс айту күнінің маңыздылығын түсіндіру, «Ассамблея бөбектері» жобасы бойынша «достық үйі», «ассамблея», «этностар», «алғыс айту» деген ұғымдар жөнінде бүлдіршіндердің түсініктерін бекіту, бейбітшілік, достық, бірегейліктің не екенін кішкентай кездерінен саналарына сіңдіріп тәрбиелеу, оның әлеуметтік мәнділігін ұғындыру және балақайлардың түрлі іс-шараларда өз өнерлерін көрсетуі арқылы белсенділіктерін арттыру, балаларды өзін-өзі тануға, өзін құрметтеуге үйрету, өзін жеке тұлға ретінде көрсете білуге тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін қалыптастыру, халық бірлігін нығайту, этносаралық ынтымақты сақтау.
Жобаны іске асыру және Алғыс айту күнін атап өту барысында №17 бөбекжай-бақша тәрбиешілерінің дайындауымен балабақша бүлдіршіндері Алғыс айту күніне арналған «Тіл тағдыры – ел тағдыры» атты этнос балаларының арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған өлеңдерін оқып, әр мамандыққа қатысты викториналық сауалдарға қатысып, танымдық білім деңгейлерін көрсетті. Сондай-ақ, қатысушылар бүлдіршіндердің қолөнерден шеберлік сағаттарын тамашалау барысында әр тәрбиеленушінің өз ойлары, сана-сезімдерінен туындаған түрлі қолөнер шедеврлерімен танысты.
Ассамблея мен Достық үйінің қызметі жөнінде және Алғыс айту күнінің мән-мағынасы жөнінде «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері Мұратхан Шынар мен Ринат Ақәділ шағын мағлұмат беріп, балаларға өз деңгейіне сай түсінік берді. Сонымен бірге, «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімінің жетекшісі Бибігүл Утепова Қазақстан халқы Ассамблеясының осыдан 2 жыл бұрынғы кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруді, Қазақстан этностары туралы мектепке дейінгі кезеңнен бастап бүлдіршіндерге өз деңгейлеріне шақ дәріс беруді міндеттегендіктен бала-бақшадан бастап балалармен жұмыс істеуге бағытталған «Ассамблея бөбектері» республикалық пилоттық жобасын “Қоғамдық келісім” мекемесі назарға алып, өңірлер арасында ең алғашқылардың бірі болып қолға алып, осыған қатысты аталмыш бөлім үшінші жыл жұмыс жүргізіп келетіндігін атап өтті. Нәтижесінде бірнеше балабақша бүлдіршіндерінің Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ақпараттармен таныс екендігі сөз болды. Қандай этникалық топтың баласына болмасын, оларға барлық ұлт өкілдерінің салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдениеті туралы арнайы суреттермен, ұлттық киімдер, ұлттық ойындар, танымдық анимациялық мультфильмдер арқылы дәріс беру маңыздылығы айтылды.
Бұған қоса, «Балбөбек» балалар хорының орындауында «Менің Қазақстаным», «Балғын шағым», «Анама алғыс» әндері шырқалды.
Шара барысында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы, Тараз қаласының білім бөлімінің «№17бөбекжай-бақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық мекемесінің меңгерушісі Балтабаева Марфуға Рахметуллаевна ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Бұл ретте «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері де балалардың өнеріне риза боп, кішкентай бүлдіршіндер мен соларды дайындаған бала-бақша басшысы мен тәрбиешілері, психологтарына зор алғыстары мен құттықтау сөздерін жаудырды.
«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі