Аналар күні тойланды
Бүгін Достық үйі – «Қоғамдық келісім» КММ ғимаратында Жамбыл облыстық Немістер қоғамы Аналар күніне орай «Muttertag» – «Бар жақсы саған, қымбаттым!» атты мерекелік концерт өткізді.
Қазақ биінен басталған іс-шара «Инфинити» тобының биіне жалғасып, түрлі концерттік әндер мен билер, өлеңге толы шығармашылық кешке ұласты.
Мамыр айы — қуанышты мерекелердің легінен болса, оған Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген Аналар мейрамы қосылды. Мамырдың екінші жексенбісінде Қазақстандағыдай Германияда да құрметті аналар мен әжелерге арналған “Muttertag” мерекесі тойланады екен. Бүгінгі концерт дәл осы мерекеге арналды.
Күллі әлемде біз қасиеттеп атайтын сөздер бар. Сол жылы да шуақты сөздердің бірі — үш-ақ әріптен тұратын «ана» сөзі.
Осынау сөзде қаншама мейірімділік, қаншама жақсылық жатыр десеңізші?!
Аталған іс-шарада «Sterne», «Juwel» вокалдық топтарының әндері шырқалып, қатысушы балалардың аналарына арнап өздері шығарған өлеңдері де оқылды. Мәселен, «Meine Mama ich liebe dich» өлеңі.
Бұған қоса, «Herz Schmerz – Singende Herzen», «Рахмет өмір», «Анамның ескі үйі», «Қазақстан, сен өркендей бер» өлеңдері тыңдалып, сондай-ақ, Татьяна Осипованың анасына арнаған өлеңі де жиналған жұртшылықтың назарына ұсынылды.
Аналар мейрамына арналған би мен ән, маржан сөздермен көмкерілген мерейге толы мерекелік концерт жоғары деңгейде өтті.