АСТАНАДА ҚХА МЕДИАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
5 тамыз – елімізде медиация күні. Ағымдағы жылы «Медиация туралы» заңның қабылданғанына 13 жыл толып отыр. Осыған орай, күні кеше Астана қаласында өткен республикалық ҚХА медиация кеңесінің кеңейтілген отырысында бітімгерлік институтының атқаратын қызметі, қоғамдық келісімді сақтау және нығайту мәселелері төңірегінде тереңірек айтылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен шараға ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының өкілдері, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің басшылығы, Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктерінің, Бас прокуратура, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ҚР Адам құқықтары жөніндегі өкілдері, сондай-ақ республикалық және өңірлік медиация кеңестерінің мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
ҚХА-ның «Елдесу және татуласу» жобасы шеңберінде ұйымдастырылған алқа отырысына облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесіінң басшысы Мубарак Жинақбаева, «Медиация» кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева да қатысып қайтты.
Алғы сөзінде Марат Әзілханов Мемлекет басшысының ҚХА-ның ХХХІІІ сессиясында берген тапсырмасына сәйкес Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарында этномедиация саласындағы мамандардың тәжірибесі барлық өңірлердегі Ассамблеяның бүкіл ұйымдастырушылық шеңбері бойынша кеңейгенін атап өтті.
Кеңес отырысы барысында ҚХА Республикалық медиация кеңесінің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Шерзод Пулатов ҚХА Медиация кеңесі қызметінің перспективалары мен жаңа бағыттарымен таныстырса, ҚХА Төрағасының орынбасары Лугмар Буларов Қордай ауданындағы жанжалды шешудің тиімді шаралары туралы пікірімен бөлісті.