«Ассамблеяның кішкентай аруы» байқауы болып өтті
Тараз қалалық мәдениет үйінде «25 жұлдызды күн» республикалық акциясы аясында, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қазақстан халқы ассамблеясының кішкентай аруы-2016» байқауы болып өтті. Байқауды қалалық білім бөлімінің қолдауымен Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі және «Карнавал звезд» мерекелік агенттігі ұйымдастырды.
Байқауға облыс орталығындағы бала бақшалардан бес пен алты жас аралығындағы кішкентай бүлдіршіндер қатысты. Мәдениет үйінің сахнасында әр ұлттың өкілінен тұратын 12 кішкентай қыз өнерлерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Байқауға қатысушылардың артында ата-аналардан, туысқандардан, достар мен көршілерден, зал тола көрермендерден құралған үлкен қолдаушы топ тұрды. Байқаудың шарты бойынша қатысушылар әуелі өзін таныстырып, сосын өнерін көрсетуі қажет болды. Көрермендер әрбір кішкентай арудың балалық сезіммен оқыған өлеңдерін, «кордобалеттің» қолдауымен билеген биін, ханшайымның ат-арбамен келуін, «аққу» хореографиялық суреттемесін сол сиқты басқа да ғажайып номерлерін сүйсіне тамашалады. Бағдарламаға қосымша ретінде жүргізушілердің сұрақтарына да жауап бере отырып, кішкентай арулар өздерінің мектепке даярлығын тағы да бір көрсете білді.
Міне, көптен күткен сәт те келіп жетті. Өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова осындай байқаудың бірінші рет өткізіліп отырғанын және оның осындай сәтті өтуі қуанарлық жәйт екенін атап өтті. Әділқазылар алқасының төрайымы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Музыкалық білім» кафедрасының меңгерушісі, «Ғұмырдария» республикалық балалар өнер орталығының облыстағы өкілі Жамал Баймолдаева байқаудың қорытындысымен таныстырып өтті. Байқауға қатысушылардың он екісінің әрқайсысы «Сүйкімді ару», «Күлкісі әдемі ару», «Көрерменнің көзайымы» тағы басқа да ерекшелеу атақтарына ие болып жатты. Байқаудың бас демеушісі – Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, профессор Е.Саурықовтың атынан барлық қатысушыларға балалар жиһаздары, ал «ИП Бейсенбекованың» атынан әрбір қатысушының суреті бейнеленген түрлі-түсті буклеттер табыс етілді.
«Ассамблеяның екінші кішкентай аруы» атағын Іңкәр Рахматулла (№41 бала-бақша), «Ассамблеяның бірінші кішкентай аруы» атағын Асылай Сәбитқызы (№33 бала-бақша) иеленсе, «Ассамблеяның кішкентай аруы – 2016» атағын Арианна Мингазова (№16 бала-бақшаның тәрбиеленушісі) иеленді.
Ал «Жыл баласы» атағын №9 бала-бақшаның тәрбиеленушісі Амиран Бақбай иеленді.