АННА ГЕРМАН — ЕСКІРМЕЙТІН ЕСТЕЛІГІМІЗ

14 ақпан күні қаламыздағы тарихи-өлкетану мұражайында «Полонез» поляк тіл және мәдениет орталығы әнші Анна Германның өмірі мен шығармашылығына арналған «Біздің махаббат пен естелік» атты кеш өткізді.

Өнер иесінің кешіне «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері, облыстық этномәдени бірлестіктер, оқу орындарының, шығармашылық зиялы қауым өкілдері және т.б. қонақтар болды.

Кеш басы Жамбыл облысы немістер қоғамының төрағасы Александр Гибнер кешке қатысушыларға ұлы әншінің тағдырлы ғұмыры мен оның өмірбаянындағы қызықты деректер, мұражайға сыйға тартылған заттардың тарихын айтумен басталды.

Ары қарай қаламыздағы «Анна Герман» клубының құрылу тарихымен, клуб мүшелерінің жүргізіп жатқан орасан жұмыстары таныстырылды. Зерттеу барысында клуб мүшелері әншінің өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген фактілер және құжаттарды тапқан.

Клубтың зерттеу жұмысы барысында Наталья Гончарова, Татьяна Мартынова мен Ильяс Савельев өнер иесінің туысын тауып, оның іс-шараға қатысуын қамтамасыз еткен. Ол Тараз қаласындағы №7 мектептің директоры Юлия Фризен. Әншінің туысы кеш барысында өзінің туыстық байланысы мен клуб мүшелеріне алғысын айтты.

Іс-шара барысында Анна Германға арналған өлеңдер шырқалды. Сонымен қатар әншінің халық арасында кең таралған сүйікті әндері орындалды. Ерекше атап өтерлік жайт «Полонез» поляк тілі мен мәдениеті орталығының жетекшісі Лариса Калькованың «Польшаның Әнші періштесі» әнін орындауы болды.

Жиын соңы белсенді қатысушыларға арналған марапаттау рәсімімен аяқталды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі