АҚЫН ҚҰРМЕТІНЕ АРНАЛДЫ

6 маусым – әйгілі орыс ақыны А.С.Пушкиннің туған күні. Биыл ақынның туғанына 225 жыл толуына орай өңірімізде көлемді іс-шаралар көрініс табуда.

Облыстық  «Радонеж» Орыс қауымы қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде мерекелік шара жалғасын тапты. Славян мәдениеті және жазуы күні қарсаңында өткен жиынға аймақтағы этномәдени бірлестік мүшелері мен түрлі этнос өкілдері қатысты.

Орыс әдебиетінің бастауында тұрған ақын шығармашылығы ізгілік һәм адамгершілік, достық секілді құндылықтарды дәріптейді. Мерекелік кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқандар Пушкин поэзиясын мәнерлеп оқумен қатар, ақын шығармаларына жазылған әндер мен романстарды орындады.

Сондай-ақ, әлем әдебиетінде жауһар жырларымен жарқ еткен ақынның өлмес мұралары композияциялық қойылымдарға ұласты. Рухани кеште облыстық «Радонеж»  қоғамдық бірлестігі жанынан құралған  «Калинка»  тобы, «Русский наигрыш»  орыс халық аспаптары оркестрі, «Днепро»  украин мәдени орталығының «Маричка»  халықтық вокалды ансамблі өнер көрсетіп, кеш шырайын ашты.

Сонымен қатар, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенттері, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының шәкірттері, облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығы мен «Парус» қосымша білім беру мекемесінің оқушылары вокалдық аспаптарда ән салып, би биледі.

Одан өзге облыстың талантты жастары гитара, баян, скрипка аспаптарында өнерлерін көрсетіп, келген қонақтардың ықыласына бөленді.

Өміршең шығармаларымен халықтың жадында мәңгі қалған ақынға арналған шарада қонақтар оның еңбектері әлем жұртшылығының жүрегіне жақын екендігіне тағы бір мәрте куә болып қайтты.