АҚСАҚАЛДАР МЕН АНАЛАР ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІН ҚАУЗАДЫ
Талас ауданында өтіп жатқан «Достық керуені» жобасы аясында ҚХА Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің бірлескен отырысы ұйымдастырылды.
Облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, өңірлік ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Асқарбек Ақылшаұлы модераторлық еткен шараға аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Абдибекова, аудандық уәкілетті органдар, облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева, өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төраға орынбасары, медиатор Абдырахман Зайнутдинов, облыстық Тәжік этномәдени орталығының төрағасы Махкам Орифов, облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Пайза Куненова және аудандық ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
Келелі кеңесте ҚХА-ның «Салауатты сана», «Адал азамат» атты арнайы жобалары аясында ұйым мүшелері негізгі мәселелерге кеңірек тоқталды.
Атап айтсақ, бүгінгі таңда отбасы тәрбиесіне көңіл бөлу, ұлағатты ұрпақ өсіруде аналардың рөлі және оларды қорғап, қолдау мәселелері талқыланды. Ақылы дария ақсақалдар мен аналар жастар тәрбиесі бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды дамыту қажеттігін айтты. Өскелең ұрпақты Абай жолының қара сөзімен сусындатып, өмірдің құндылығын ұғындыру нәтижелі болатынын алға тартты. Отырыс барысында Аналар кеңесінің жұмысын ауыл-аймақтарда жандандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
Сондай-ақ, өзге де маңызды әлеуметтік мәселелердің алдын алып, оларды шешу жолдарын қарастырды. Отырыстың көздегені де сол болатын.
Сонымен қатар, Талас ауданы полиция бөлімінің жедел тергеу криминалист орынбасары, полиция майоры Қадыржан Махамбетов аудандағы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық мәселесі туралы баяндады.