АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ — ЕЛ БІРЛІГІНІҢ КЕПІЛІ
Халықты ізгілікке үндеуде — абыз ақсақалдардың орны ерекше. ҚХА жанынан құрылған облыстық Ақсақалдар кеңесі бұл үдеден шығып та келеді. Аймақтағы этностар бірлігін бекемдеуге бағытталған «Достық керуені» жобасы аясында өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесі Қордай ауданындағы Ақсақалдар ұйымының өкілдерімен кездесіп, келелі кеңес өткізді.
Алқалы топтың жиынын Жамбыл облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан жүргізіп, Әулиеатадағы іргелі ұйымның атқарған істерін баяндады.
Сондай-ақ, отырысқа керуен құрамынан Жамбыл облыстық «Ахыска» Түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Ибрагим Зуфаров, облыстық М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің мүшесі, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Абдукаим Мусаев пен Меркі аудандық Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Гүлага Джамалов та қатысты.
Маңызды басқосуда ақсақалдар қоғамдағы бірқатар мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын қарастырды. Атап айтқанда, кеңес мүшелері жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, еңбекке баулып, адал азамат етіп өсіру, ел бірлігін нығайту, этносаралық келісім секілді мазмұнды жайларды атап, жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.
—Ақсақалдар кеңесінің маңызды міндеті — адал азаматтарды тәрбиелеу. Мемлекет басшысы айтқандай, «Адал азамат» – бұл ең үздік қасиеттерге ие, адал еңбек етіп, табысқа жетіп, адалдық пен әділеттілікті бәрінен жоғары қоятын тұлға». Аталған кеңесіміздің аясында әрбір азаматтың санасына осы құндылықтарды тыңғылықты жеткізу — біздің ең басты міндетіміз, – деп Асқарбек Ақылшаұлы ҚХА-ның «Адал азамат» жобасы жайлы көпшілікке мағлұмат беріп өтті.