Ақпыз,қара,сарымыз- ағайынбыз бәріміз!
Еліміздің тәуелсіздік алған уақытынан бері қазақ халқы өзге ұлт өкілдерімен саяси тұрақты және ұлтаралық келісімде өмір сүруде. Бұл ширек ғасырға жуық уақыт аралығында этносаралық қарым-қатынастың Қазақстандық үлгісінің қалыптасқандығын байқатады. Ал, елдегі азаматтардың ортақ Отан сүйгіштігі мен ұлтаралық келісімі, ол бейбіт және тату өмір сүрудің нәтижесінде қалыптасатындығы сөзсіз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жарқын оқиғаның бірі республиканың қоғамдық-саяси аренасында этносаралық қатынастың жаңа институты – Қазақстан халықы Ассамблеясы құрылуы болды.
Ассамблея өз жұмысын бастағаннан кейін, этникалық азшылықтың көптеген ұлттық-мәдени орталықтары алғаш рет өздерінің тілін, дәстүрлерін жаңғыртуға және оны мемлекеттің қолдауымен жүзеге асыруға мүмкіндік алды.
Этносаралық келісім мәселесі бойынша Қазақстан посткеңестік мемлекеттер арасындағы бірегей мемлекет деп айтуға біздің құқығымыз бар, бұлай деп айту – асыра айтқандық емес.
Қорыта келе, Тәуелсіздік күні қарсаңында барша Қазақ елін мерекемен құттықтай отырып, ұлтаралық, дінаралық келісімдер арқасында тәуелсіз Қазақстан Республикасы қоғамдық жаңғырудың жаңа белесіне кәрі-жас, орыс-қазақ немесе басқа ұлт деп бөлінбей, мұсылман, я басқа дін өкілі деп ірге ажыратпай, ортақ үйіміз Қазақстанды жаңғыртудың келелі де кешенді шараларына барлығы бірлесе үн қосып, болашаққа бірге аяқ басайық, жолымыз бір болсын, ағайын! Сондай-ақ, бүгінде достық, бірлік белгісі – Ассамблеяның құрылғанына 25 жыл толып отыр. «Ақпыз,қара,сарымыз- ағайынбыз бәріміз!» деп қол ұстасып, бұл үлкен сынды атап өттік. Жасасын достықты жақтаған Қазақ елі!
Даврушев Наим Газиевич – Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, жеке кәсіпкер,
«Ахыска» түрік этно-мәдени орталығының мүшесі