Таразда «Мәміле» клубы ашылды

Ағымдағы жылдың ақпанында ҚХА мен Тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы», МКҚК арасында «Мәміле» жобасының тұжырымдамасы әзірленді. «Мәміле» клубы тілді үйренгісі келетіндер мен оған көмек көрсететін, сондай-ақ тілді меңгерген еріктілерге арналған диалог алаңы болып табылады.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясында қазақ тілін, мәдениетін, тарихын, философиясын, қазақ елінің құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру жөнінде тапсырмасы екендігін атап өтті. «Қазақтану» жобасының басты міндеттері – қазақстандық этностар арасында қазақ халқының гуманитарлық және адамгершілік қағидаттарын қалыптастыру, Қазақстан халқының бірлігі мен достық дәстүрлерін ұрпақтан ұрпаққа беру мен сабақтастық тетігін құру.      «Мәміле» клубындағы барлық азаматтарға қазақ тілі арқылы қазақ халқының тасын түртсе тарихы көрінетін әрбір салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары, олардың тереңдігі мен шынайы мағынасы түсіндіріледі. Сондай-ақ, күнделікті өмірде қолданылатын стереотипті тілдік шаблондарды меңгереді.

Клубтың негізгі мақсаты – қазақ халқының тарихи және мәдени мұрасын, салт-дәстүрлерін, менталитетін және өмірлік құндылықтар жүйесін зерделеу арқылы мемлекеттік тілді үйрену, ортақ мақсаттарға бірлесіп қол жеткізуге ынталандыру, ұлттық интеллигенцияның бейресми беделін арттыру, әр түрлі жағдайларда конструктивті диалог дағдыларын қалыптастыру, ұйымшылдық сезімін күшейту, «БІЗ» деген тұрақты сезімді қалыптастыру болып табылады.

Клубтың ашылу салтанатына жиылған жұртшылықтың алдында алғашқы болып сөз сөйлеген Жамбыл облысы әкімдігінің  тілдерді дамыту басқармасының басшысы Құрманбекова Сұлушаш Сәтбекқызы: «Қазақтану» жобасы бойынша халық Ассамблеясы қарқынды жұмыс істеуде. Қазақтағы «ата тегі», «жеті ата», «бата-тілек» т.б.    сияқты жоралғыларды сонау ата-бабамыздан бері мұра ретінде сақтап келеміз. «Қазақтану» оқуларында тіл үйренумен бірге салт-дәстүр, әдет-ғұрыптардың да терең  мағынасы түсіндіріледі. «Мәміле» дегеніміз – келісім, бітім деген мағынаны білдіреді. Ассамблеямыздың жұмыстарының да негізгі мақсаты – қоғамдық келісім болғандықтан, мәміле, келісімдердің біз үшін  маңызы өте зор»,-дей келе, жиылған жұртты «Мәміле» клубының атқаратын бірқатар міндеттері мен мақсаттарымен таныстыра кетті.

Жиын барысында сөз алған Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Қожаева Маржан Төреғұлқызы да биылғы жылдан бастау алып отырған игі бастаманың мән-жайын көпшілікке ұғынықты етіп түсіндіріп берді: «Сонау шағатай тілінен бері қазақ тіліне дейін тілдік қорымыз бай халықпыз. Қазақ тілі арқылы ұлттық құндылықтар, ұлы мұраларды қайта жаңғыртуға болады. «Мәміле – өз халқының болашағын ойлайтын әрбір азаматтың көкейкесті арманы мен қазақ тілін үйрену арқылы  Қазақстан жеріндегі бүкіл халықтың бірлігі мен берекесін арттыруға негізделген тың дүние. Аталған жоба еліміздің рухани құндылықтарын, ата-бабаларымыздың даналықтарын қазақ тілі арқылы насихаттау болып табылады».

Клубтың ашылуына тілдің кәсіби оқытушылары, креативті және жарқын спикерлер де келіп қатысып, аталған жоба төңірегінде өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Өте қызықты өткен іс-шараның соңында «Мәміле» клубында өткізілетін қазақ тілінде сөйлеу өрнектері, ұлттық мақал-мәтелдер, фразеологизмдері тақырыптары тұрғысында түрлі мысалдар келтіріліп, сонымен бірге дәріске қатысушылардың сөйлеуге деген ынта-жігерін арттыру, қызықтыру мәселелері талқыланды. Ұйымшылдық, ынтымақтық сезімдерді ояту сабақтарының алғашқы дәрісі ойдағыдай қорытындыланды.

 

 

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі