Таразда Қазақстан Халқының бірлігі күні атап өтілді
Бүгін Жамбыл облысының ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, Жамбыл облысы әкімдігі, облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы, облыс әкімдігінің ІСБ “Қоғамдық келісім” КММ қызметкерлері 1 мамыр-Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге арналған “Бірлігі жарасқан жаңарған Қазақстан!”атты мерекелік іс-шараны ойдағыдай атап өтті.
Іс-шара қаламыздың “Жастар” аллеясында өтті. Аталмыш іс-шараға қонақ ретінде Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков және басқа да ресми тұлғалар келді. Қонақтарды этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері өздерінің этникалық костюмдерімен қарсы алды. Қарсыалушылар қатарында “Барбанг” облыстық күрд этномәдени бірлестігі өзінің шығармашылық ұжымымен бірінші болып облыс әкімін аса ыждаһаттылықпен қарсы алды. Оған қоса облыстық Өзбек этномәдени бірлестігі мен «Радонеж» орыс қауымдастығы да жайдары көңіл-күймен қарсы алып, облыстың жаңа басшысына деген өздерінің ілтипаттарын көрсетті.
Шара барысында халық аспаптарында орындалатын музыка, ұлттық билер шырқалды. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов баршаны мерекемен құттықтап, одан әрі марапаттау рәсімі өтті. Марапатталғандардың арасында ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен өкілдері аз болған жоқ. Сондай-ақ, жиынның қонақтары мен қатысушылары этнос шеберлерінің көрмесінде ұсынылған, қарасаң көзтартар түрлі экспонаттармен танысты. Өз жұмыстарын ҚХА шеберлері клубының мүшелері де көрсетті. Кәдесыйлар, керамика, тоқылған бұйымдар мен моншақтардан жасалған қолөнер шеберлерінің жұмыстары, сондай-ақ, Раиса Науменконың (“Днипро”оқу-жаттығу орталығы) салған суреттері мен ғажайып картиналарын тамашалауға болды. Осыған қоса, жиналған спорт сүйер қауым қазақ күресі, гір көтеру спорты, армрестлинг, асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту, лянга, мас-рестлинг бойынша қызықты сайыстарды көріп бір рахаттанды.
Бұдан бөлек этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары мен Жамбыл облыстық филармониясы әртістерінің қорытынды концерттік бағдарламасы жарқын аккорд болды. Іс-шараның нағыз шарықтау шегі – Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның халық-аспаптық, вокалдық және хореографиялық нөмірлері саналды.
Сонымен бірге, өнер көрсетушілердің арасында қала тұрғындарының көзайымына айналып, сүйіспеншілігіне бөленген орындаушылар – “Барбанг” күрділер этномәдени бірлестігінің, “Днепро” украин мәдени орталығының, “Маричка” халықтық ансамблі, “Радонеж” орыс қауымдастығының “Веснушки” қасықшылар ансамблі, «Калинка» вокалдық тобы және басқалардың шығармашылық ұжымдары жарқын нөмірлермен есте қалды.
Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ
«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы