Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың асыл құндылықтарының бірі

Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың асыл құндылықтарының бірі. Республикамыз көп этносты және көп дінді қоғамнан тұрады. Қазақстан – бұл ортақ мекен, ортақ ұлт пен діннің тоғысқан жері. Жалпы бейбітшілікке, тыныш өмір сүруге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені тарихтан белгілі.

«Бірлік бар жерде – тірлік бар дейді» біздің дана халық. Дана жұрт мұны тегіннен тегін айтпаса керек. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.

Қазақстанның көп этносты халқының татулығы ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек.

Қазақстан халқы ассамблеясы – елде этносаралық қарым-қатынастарды дамыту және конфессияаралық келісімді сақтау мақсатында құрылған бірегей институт. Түбірлері әрқилы, ұлттары бөлек, діні мен дүниетанымы өзгеше халықтарды бір ту астында біріктіре алған елдің негізгі құрылымы.

Әр азаматтық айқын даралығына қарамастан, бізді ортақ ойлар мен мақсаттар біріктіреді. Ең алдымен бұл – Отанға деген махаббат. Отанымыздың іргесі биік, керегесінің берік болуына әрқайсымызға байланысты. Барлық қазақстандықтарды ұлтаралық және дінаралық келісімдерді сақтауға шақырамын. Ендеше бірлігіміз бекем, татулығымыз тұрақты болсын! Елдің бірлігін бұзуға бағытталған әлеуметтік желілердегі арандатушыларға жол бермейік.

 

Бигелді Тәжібаев,

Жамбыл облыстық ҚХА

Қоғамдық келісім кеңесінің

төрағасы