АҚТАУДА «КОНСТИТУЦИЯ – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ БІРЛІГІНІҢ КЕПІЛІ» ЖАЛПЫРЕСУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

0

21 қараша Ақтау қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясындағы  «Конституция – Қазақстан халқы бірлігінің кепілі» жалпыреспубликалық акциясы бойынша дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара ұйымдастырушылары Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблея хатшылығы, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Дөңгелек үстел жұмысына ҚХА мүшелері, Маңғыстау облыстық соты, облыстық әділет басқармасы, облыстық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, білім беру саласы мен денсаулық сақтау салаларының жас мамандары, жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарының студенттері мен жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.

«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде тәуелсіз мемлекет құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына жеткен азаматтық қоғам деп жарияладық.  Енді бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарында лайықты орын алуды мақсат етеміз», – деді өз сөзінде  Маңғыстау облыстық Әділет департаментінің өкілі, нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің басшысы Әуес Көшкінбаева.

Іс-шара барысында дөңгелек үстелге қатысушылар жиналған жастар қауымына Конституция туралы мағлұмат беріп, мәні мен маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ, арнайы жасалған Конституция туралы кітапшалар таратылды. Белсенді жастар тарапынан сауалдар қойылып, сұрақ-жауап ұйымдастырылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын арналған ауқымды акция еліміздің барлық өңірлерінде өтуде.