Ассамблеяның тарихы – мемлекеттің тарихы, халықтың тарихы

6

Жамбыл облысының «Қоғамдық келісім» КММ-де этномәдени бірлестіктер өкілдерінің, аналар кеңесі мен «Ақ желкен» жастар лигасы мүшелерінің қатысуымен «25 жұлдызды күн» жобасы аясында «Ассамблеяның тарихы – мемлекеттің тарихы, халықтың тарихы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы болып өтті.

Жамбыл облысы Аналар кеңесінің төрайымы Мұхаббат Миражапова жиналғандарға мемлекетіміздің 25 жылда жеткен келелі жетістіктері туралы кеңінен баяндап берді. – Біз, аналар, қоғамымызға аналық мейірімімізді төгіп, ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, өмірде болып жатқан қиыншылықтарға төзуге үйретеміз. Отбасында гармониялық қарым-қатынастың болуы дегеніміз, ол біздің ортақ отбасымыз, миллиондаған тұрғыны бар Қазақстанымызда этносаралық және конфессия аралық қарым-қатынасты нығайту.

Барлық этнос арасында бірлікті орнату мен одан әрі сақтап қалу жолдарына ақсақалдар кеңесінің төрағасы Идрис Юнусов тоқталып өтті. «Қоғамымызда Қазақстан халқы ассамблеясының рөлінің артуы дегеніміз ол қозғаушы күш. Бәріміз бірлесіп арманымызды жүзеге асыра аламыз» деп айтып өтті төраға.

«Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің өкілі, «Ақ желкен» жастар лигасының белді мүшесі Алихан Ахметов: «Біздер, жастарға үлкен жауапкершілік артылғанын сезінеміз. Еліміздің биік армандар мен мақсатқа бейілділігін жастар өз істерімен, жетістіктерімен  дәлелдеуі керек. Сондықтан да біздер «Ақ желкен» жастар лигасының құрамындамыз. Біздер бүгінде өтіп жатқан «25 жұлдызды күн» жобасы аясында Мемлекетіміздің Елбасы қойған мақсаттарына сәйкес біртұтас ұлт келешегінің қалыптасуына өз үлесімізді қосуымыз керек».

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі