Ризашылықпен айтылған рахмет

2022 жылдың 22 қаңтарында Тараз қаласында әкімшілік ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарында жұмыс істейтін жұмысшылар үшін 700-ден астам адамға қайырымдылық түскі ас берілді. Атап айтқанда, Жамбыл облыстық “Ахыска” түрік этномәдени бірлестігінің өкілдері Жамбыл облысы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіріп жатқан 300 жұмысшыға түскі ас берді. Бұл жолы түскі асқа оларға салат, ыстық қуырдақ, сусындар берілді. “Ахыска” түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махмуджон Мираддинұлы Давришевтің айтуынша, қайғылы оқиғадан кейінгі түрік ағайындардың бұл алғашқы қайырымдылық акциясы емес, осы этномәдени бірлестіктің өкілдері тәртіпті қорғап, блок-бекеттерде кезекшілік жүргізгендерге де тегін, ыстық түскі ас берген.

Тәртіпсіздік орын алған күндері Жамбыл облыстық Полиция Департаментінің, қалалық басқарманың және № 1 полиция бөлімінің ғимараттары зардап шеккен болатын. Осыған орай, бүгін Тараз қалалық Өзбек этномәдени орталығының өкілдері де қайырымдылық істен қалыс қалмады. Қала имамы Орынбасар Дәуренбеков пен “Досматов Престиж”, “Тим Досматов” ЖК демеушілерінің қолдауымен жоғарыда аталған ғимараттар бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан 400-ден астам жұмысшыларға қайырымдылық түскі ас ұйымдастырды. Түскі ас мәзіріне ыстық палау, сусындар кірді. Шын ықыласпен берілген асқа құрылысшы жамағат та ризашылықпен зор алғыстарын білдірді.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің

 ІСБ Қоғамдық келісім “КММ

 Баспасөз қызметі орталығы