Таразда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті

Бүгін, үстіміздегі жылдың 11 желтоқсанында  Мемлекет басшысының тапсырмасымен облысқа келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қатысуымен Таразда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік жиында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев жамбылдықтарды мерекемен құттықтап, Тәуелсіздікті нығайтудағы Елбасының рөліне зейінмен тоқталды. Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасампаз саясатты жемісті жалғастыруы, салиқалы сабақтастық еліміздің одан ары табысты дамуының негізі болып отырғанын жеткізді. Туған халқының сенімін арқалаған Елбасы мен Қазақстанның егіз ұғымға айналғанын айта кетіп, Нұрсұлтан Әбішұлының болашақты  болжап, келешекті көре білген көреген саясатының арқасында Тәуелсіздікпен бірге қоғамның тұтастай жаңаша ойлау жүйесі қалыптасқандығын жиналған жұртшылыққа ерекше атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы барша қазақ елінің  арманмен келген Тәуелсіздігінің құндылығын бүгінгі әрбір өскелең ұрпақ жете түсініп, бағалауы керектігін баса айтты.

Шара барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңір халқын, оның ішінде аймақтық ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдерін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, облысымыздың жетістіктерін атап өтті. Егемендік алғалы еліміздің өркендеуі жолында жамбылдықтар да аянбай атсалысып келе жатқанын жеткізіп, өңірдің экономикалық, әлеуметтік жетістіктеріне тоқталды.

Мемлекеттік хатшы да өз кезегінде салтанатты іс-шара соңында Президент Жарлығымен берілген мемлекеттік наградаларды әртүрлі салада ел мерейін асырып жүрген жамбылдықтарға тапсырды. Атап айқанда, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ҚХА мүшелері – Ғұлам Умаров, Махметғали Сарыбеков, Мұқаш Зұлқарнаев, Владимир Сорокин, Рамзан Магомадовтар және басқа да өңірдің бір топ азаматы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі, «Жамбыл  облысының Құрметті азаматы» атағы, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» атақ-белгілерімен марапатталды.

Сондай-ақ, жиында бірқатар азаматтарға «ІІI дәрежелі Барыс», «Парасат», «Құрмет», «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалдері және ҚР Құрмет грамотасы сынды мемлекеттік  белгілері табыс етілді.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы