«ANTIKOR ORTALYGY» этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесу өткізді
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында қалалық «Antikor» қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы Достық үйінде этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесу өтті.
Атап айтқанда, «Парасат жолы» республикалық жобасының негізінде және парасаттылық құндылықтарын насихаттау мақсатында, сонымен бірге бекітілген кешенді жоспар аясында өткен жиынға облысымыздың қырғыз, татар, тәжік, грек, күрді этномәдени бірлестік жетекшілері мен мүшелері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – парасаттылық құндылықтарын ел ішінде кең көлемде насихаттау арқылы ел азаматтарының бойына адалдық қасиеттерін дәріптеу және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу.
Қатысушыларға парасаттылық – ашық, әрі адал қоғамды қалыптастыруға негіз болатын құнды қасиет екені жеткізіліп, атадан қалған асыл құндылықтарды дәріптеу арқылы әлеуметтік кесел «парақорлықтың» алдын алу–бүгінгі күннің басты талабы екені де аталып өтті.
Кездесуде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл орталығы департаментінің «Алдын алу және парасаттылық» басқармасының бас маманы Айбек Итқараұлы Әжібаев сыбайлас жемқорлықпен күресте бірқатар халықаралық тәжірибемен бөлісіп, нақты мысалдармен, мазмұнды баяндама жасады.
Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Иманжанқызы Мамедова да қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар беруге өз үлесін қосты. Жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылып жатқан барлық республикалық акциялардың маңыздылығын тілге дәйек етіп, аталмыш іс-шараның жастар үшін маңыздылығын атап өтті.
Жиын барысында қоғамда адалдық, әділдік, парасаттылық құндылықтарын қалыптастырудың маңыздылығы туралы айтылуымен қоса, «Antikor» орталығы тарапынан бейнеролик көрсетілімі ұйымдастырылды.
Сұрақ-жауаппен өткен кездесу соңында бірқатар белсенді этномәдени бірлестік өкілері мен жастары «жемқорлық» атты қоғамдық індетке қарсы тұруда өте сауатты ұсыныстарымен, тың идеяларымен бөлісті.
Жамбыл облысы әкімдігінің
ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы