Біз соғыссыз әлемді қолдаймыз!
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» манифесін ілгерілетуді қамтамасыз ету негізінде ең алғаш Қазақстан халқы Ассамблеясы осы «Ақ oрамал» республикалық акциясын өткізуге бастама жасаған болатын. Осылайша, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін жаңғырту және бейбітшілікті қолдау мақсатында «Ақ орамал» акциясы пайда болды.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың қоғамның барлық мүшесінің және әрбір азаматының бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуына бірдей жауапкершілігін сезінуі, жаппай қырып-жоятын ядролық және басқа да қару-жарақ түрлерінен бас тарту, баянды бейбітшілік әлемін қалыптастыру, өмірлік іс-әрекет әдісі ретінде соғыс атаулыны түбірімен жою сияқты ұсыныстарын іске асыруға бағытталып, қайта жаңғырып жатқан бұл іс-шараға негізгі қатысушылар Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, жас аналар мен жас жұбайлардан тұрады.
Акция неге «ақ орамал» деп аталады? Себебі, ақ орамалдың қазақ тарихында философиялық мағынасы тереңде жатыр. Мәселен, әйел ана басындағы орамалын шешіп, жауласушылардың ортасына тастау арқылы жанжалды тоқтата алған. «Қазақфильм» студиясы түсірген «Қыз Жібек» фильмі естеріңізде ме?! Өзінің ғашығы Төлеген мен жоңғарға қарсы күресте батыр атанған Бекежанның арасындағы жанжалды тарқату үшін араша боп Жібек-қыз ақ орамалын найзаға байлап, екі батырды бір мәмлеге шақырған болатын.
Акцияның нақты басты мақсаты – елдің барша азаматтарын «Ақ орамал» акциясына қатыстыру арқылы олардың этносына, әлеуметтік, діни және басқа да ерекшеліктеріне қарамай, бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру. Сондай-ақ, халқымыздың ежелгі дәстүрі – татуластыру салтын жаңғырту.
Осыған орай, ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап, күні бүгінге дейін «Біз соғыссыз әлемді қолдаймыз!» деген тақырыппен облысымыздың Жамбыл, Қордай, Шу, Талас, Мойынқұм, Жуалы аудандарында және олардың ауылдық округтерінде аталмыш іс-шара ойдағыдай өткізілді. Жас жұбайларға, жастарға үлгілі тәлім-тәрбие беру мен келер ұрпаққа ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында жарияланған акция аудандарда жоғары дәрежеде өтті. Әр аудандағы, тіпті шалғай жатқан ауылдарындағы жас отбасылары мен батыр аналарға ақ ормалдар тарту етіліп, бейбітшілік пен тұрақтылық әспеттелді. Қай ауданды алып қарасақ та, бейбіт бастамаларды қолдап, әйелдер қауымы ақ ниеттің символы ретінде ақ орамалды ерекше қастерлеуді өсиет етіп, өскелең ұрпаққа әлем тыныштығы жайлы ойлары мен тәлім-тәрбиелерін ортаға салды.
Сонымен бірге, акция аясында отбасылы жұптар мен перзентханада жатқан аналарға ақ орамал тағылды. Акцияға қатысушы қала және аудан аналары «21 ғасыр – бейбітшілік ғасыры. Өміріміз тек қана бейбітшілікпен үндесуі қажет, соғысқа, лаңкестікке қарсымыз, біз балаларымыздың болашағына жауаптымыз, сондықтан оларды соғыс туралы ештеңе білмейтіндей етіп, тәрбиелейміз!» деген ұранды ұстанды.
Мәселен, осы акцияға қатысты Қордай ауданында жалпыадамзаттық құндылықтарды, ортақ тарихи сананы нығайтуға және Қазақстандағы барлық этностардың тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен дамытуға бағытталған іс-шара ұйымдастырылса, Жамбыл ауданында «Ақ орамал» акциясына арқау болған «Жер – бейбітшілік планетасы», «ядролық, химиялық, биологиялық немесе кез-келген басқа да қарусыз әлем үшін», «біз лаңкестікке қарсымыз», «адамзаттың санасында соғыс жойылсын», «соғыстар мен қақтығыстар вирусы жойылсын!», «болашақ ұрпақтың жүрегінде тек ізгілік болсын!» тәрізді тақырыптардың рухани және терең философиялық мәні түсіндірілді. Сондай-ақ, Шу ауданында жалпықазақстандық бірегейлікті нығайтудың маңыздылығы әспеттелсе, Талас ауданында соғыс батырларына, қуғын-сүргін және ашаршылықтан зардап шеккендерге, лаңкестік құрбандарына қойылған ескерткіштерге тағзым ету дәріптелді. Бұған қоса, Жуалы, Мойынқұм аудандарында отбасылық мерекелер (некені тіркеу, отбасылық алтын және күміс тойлар, сәбиді перзентханадан шығару және т.б.) кезінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл тұрғыда елімізге танымал және облысымыздың беткеұстар аналары, Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлының келіні – Зейнеп Ахметова, қазақ тілінің жанашыры Асылы Османқызы, облыс ақыны Үміт Битенова, сондай-ақ, Аналар кеңесінің белсенді мүшелерінің ізгі істері паш етіліп, жалпыұлттық дүниетанымдық құндылықтар мен жалпықазақстандық бірегейлікті нығайтудың маңыздылығы да сөз болды.
Облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапованың айтуынша, ақ түс – пәктіктің белгісі, адамның ойы мен жан-дүниесінің кіршіксіз тазалығын білдіреді. Абыройдың, ізгіліктің, аманатқа адалдықтың белгісі. – Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін жұмылдыру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқан кейіп көрсету әлемдік апатпен барабар. Адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ,– деп кеңес басшысы өз ойын білдірді.
Жамбыл облысы әкімдігінің
ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы